БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ҚИСЫНСЫЗ ЭКСПЕРИМЕНТТЕРДІ ҚАШАН ТОҚТАТАДЫ?
2016 ж. 03 мамыр
4954
16
«Мектептерде үш тілде білім беру жүйесін енгізудің негізгі мәні қазақ тілінде болып отыр». ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев дәп осындай маңызды мәлімдеме жасады. Мұны естігендер бірден елең етіп, алғашқыда қазақ тілінің көкжиегі кеңейетін болды ғой деп қуанып қалған-ды. Бірақ, министрдің одан арғы ойына бар ынтасымен құлақ түргендер тағы да сол бұрынғы айта-айта жауыр болған ескі әуенді естіді.«Қазіргі күні орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілі оқытылғанымен, оны бітіріп шыққан орыс, қазақ және басқа ұлт өкілдерінің ешқайсысы да қазақша сөйлеп кеткен жоқ. Бұны жасырудың қажеті де жоқ. Көбісі қазақ тілінде сөйлемек түгілі оны түсінбейді де. Сондықтан да, біз міндетті бағдарламалардың жоспарында Қазақстан тарихы мен әдебиеті қазақ тілінде өтетін болады. Бұл Қазақстанның барлық мектептерінде де осылай жүреді», – деді Е. Сағадиев.Бұл маңызды мәлімдемесінің алдында, министр мырза елімізде үш тілді білім беруге көшуде еш кедергі болмауы керек деп айтқан-ды. «Біз 2019 жылға дейін жоғары сыныптарды осы жүйеге көшіретін боламыз. Бір айта кететіні, мектепте жоғары сыныптарға техникалық мамандықтар пәнін ағылшын тілінде өткізе отырып, оқушының әлемдік оқудағы үдерістерге ықпалдасуына жағдай жасаймыз. Бұндай ықпалдасу оқушы үшін міндетті. Осылайша, ол жоғары оқу орындарында да ағылшын тілінде оқытылатын техникалық пәндерге бейімделе бастайды», – деген болатын министр Е. Сағадиев.Қазақта «айтып сөз, ұрып таяқ өтпейді» деген ұғым бар. Бұл сөз дәп осы Білім және ғылым министрлігіне арналып айтылған секілді. Жыл сайын болатын өзгерістен есеңгіреп қалған мектептегі ұстаздар мен оқушыларды айтпаған күннің өзінде білім саласына жасалған реформалардың есебін былайғы жұрттың өзі шығарып бере алмасы анық. Мектепті он екі жылдыққа көшіру, жыры бір таусылмайтын ҰБТ, анау пәнді кіргізу, мынау пәнді қысқарту, ағылшыншаға көшу, тағы да шетелден алып келген көптеген бағдарламалар... қазір олардың бәрін жіпке тізіп берудің өзі мүмкін емес. Жиырма бес жылға жуық уақытта ауысқан 14-15 министрлердің аты-жөні де ұмытылып қалды. Реформалар мен министрлер саны бойынша біздің бұл министрлік Гиннестің рекордтар кітабына сөзсіз еніп тұр, тек соған ұсынатын адам табылмай жатыр. Әрине, сала жұмысын жақсы жолға қойып, жеткіншектеріміздің білімді болып шығуына ықпал еткен басшы болса жөні бөлек. Халық оны аузынан тастамай айта жүретін еді. Өкінішке орай, бұл салада ондай бірде-бір министр болмапты. «Біздің ұстаздарымыз бен оқушыларымыздың маңдайының соры бес елі» дейді ата-аналар бір ауыздан. Айтса айтарлықтай-ақ бар, олардың есімін қазір еске алудың өзінен қорқады көпшілік. Міне, біздің «жаңашыл» министрлеріміз халыққа жасаған жақсылығы осындай. Реформашыл сала басшылығының кемшілігі туралы аз айтылып, кем сыналған жоқ. Ол туралы ата-аналар да, ұстаздар да, білім салсының білікті мамандары да талай айтты. Бүкіл қазақстандық БАҚ жарыса жазып, телеарналар арқылы қателерін бетіне басты. Бірақ, одан нәтиже көрмедік. Рас, халықтың наразылығынан соң кезекті министр креслосынан кетіп, жаңасы келеді. Одан да жеңілдік болмады. Басында моп-момақан министр бір ай өткенде алдындағы әріптесінің айнымаған көшірмесі болып шыға келеді. Келе сала тағы да реформадан бастайды қызметін. Осылайша он бес министрдің «тепкісін» көрген ұстаздар мен оқушылар енді Құдайынан «Ештеңе істемейтін, кеңсесіне келіп тып-тыныш отыратын министр бере көр!» деп тілейтіндей күйге жетті.«Қазіргі күні орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілі оқытылғанымен, оны бітіріп шыққан орыс, қазақ және басқа ұлт өкілдерінің ешқайсысы да қазақша сөйлеп кеткен жоқ. Бұны жасырудың қажеті де жоқ. Көбісі қазақ тілінде сөйлемек түгілі оны түсінбейді де...» деген Сағадиевтың өзінің соңғы осы сөзін қалай түсінуге болады? Министр мырза «Бәрібір оқушылар қазақша білмейді сондықтын қазақ тілін оқытып керегі жоқ» дегені ме? Бұл сөзін сараласақ, қазақ тіліне немқұрайды қарау жағынан Сағадиев алдындағы әріптестерін орта жолға тастап кетіп отыр. Анығын айтсақ, алдындағы министрлердің «әләулайынан» мына министрдің «хәләулайы» асып түсті. Әлде қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенін министр білмей ме? Білмесе есіне сала кетейік, мемлекеттік тілді оның тұрғындары білуге міндетті. Соның ішінде Білім және ғылым министрлігінде істейтіндер де. Қазақ тіліне осылайша кедергі қоя берсеңіздер, ертеңгі күні қазақша сөйлейтін адам таппай қалуымыз мүмкін. Қазақ тілінде небары үш-ақ пән оқытылса оның ауылы алыс емес. Бұл бүтін бір ұлтты құрту деген сөз. Өйткені тілдің жоғалғаны – ұлттың өлгені. Осыған ұрпақтар алдында кім жауапты болады? Турасын айтсақ, «қазақ тілін бәрібір үйренбейді» деп айтуға министр екі беті қызарып, ұялу керек-ті. Қарамағындағы мектептер оқушыларға мектеп бағдарламасында белгіленгендей қазақ тілін игерте алмағаны мақтаныш емес, керісінше масқара емес пе? «Балаларға неге дұрыс білім бермейсіңдер! Тым болмаса ана тіліміздің өзін дұрыстап оқыта алмаған неғылған министрліксіңдер?» деп сұрақ қоюға кез келген ата-ана құқылы. Қарапайым осы бір бағдарламаны іске асыра алмай отырып, неге екінші бір жаңа жобаны ұсынып, әрбір гүлдің басын бір шалған арадай үнемі жаңалық ашқысы келіп тұрады министрліктің? Бұл әлде тап осы министрлікке келген дерт пе? Біздің балаларымыз тынымсыз тәжірибе жасайтын қоян немесе тышқан емес қой. Осының бәрі олардың жүйкесіне салмақ салып, денсаулығына зиян келтіретінін білмейсіздер ме?– Мектептегі білім беру саласында, соның ішінде бес күндікке, үштілділікке өту бастамалары үлкен талқылауларға түрткі болды. Егер біз балаларымыз бен бүкіл еліміздің болашағын ойлайтын болсақ, мұндай өзгерістер білім беру сапасын арттыру үшін қажет. Бірақ, бәрі де тиянақты қарастырылғаннан кейін қабылдануға тиіс. Мектеп мәселесі әр отбасыға қатысты, сондықтан барлық пікір ескерілуі тиіс, мұнда жөнсіз сынақ жасауға болмайды. Жалпы, бұл ақпараттық жұмыстағы олқылықты көрсетеді. Халыққа реформаның мәні жете түсіндірілмеген, – деді Мемлекет басшысы. Мектептегі білім беру саласында, соның ішінде бес күндікке, үштілділікке өту бастамалары үлкен талқылауларға түрткі болды. Егер біз балаларымыз бен бүкіл еліміздің болашағын ойлайтын болсақ, мұндай өзгерістер білім беру сапасын арттыру үшін қажет. Бірақ бәрі де тиянақты қарастырылғаннан кейін қабылдануға тиіс. Мектеп мәселесі әр отбасыға қатысты, сондықтан барлық пікір ескерілуі тиіс, мұнда жөнсіз сынақ жасауға болмайды. Жалпы, бұл ақпараттық жұмыстағы олқылықты көрсетеді. Халыққа реформаның мәні жете түсіндірілмеген, – деді жақында ғана өткен Қазақстан халықтарының Ассамблеясының XXIV сессиясына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысының қазақ тілінің қолданысын кеңейту туралы айтқан ұсыныстарын келтірмей-ақ қоялық, оны өздеріңіз де білуге тиістісіздер. Бұл жерде Елбасының ескертуі тегін айтылып отырмағаны белгілі. Негізсіз реформаларды күштеп енгізуге қарсы халықтың ой-пікірлері ескеріліп барып айтылып отыр. Осы ескертуді ең реформашыл министрлік құлағына ілер ме екен? Әлде бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан шығып кете ме?..Тақырыпқа орайМӘСЕЛЕ МИНИСТРДЕ ЕМЕС...Жыл сайын министрі ауысып, мектепте болып жатқан реформалардан мезі болып біткен балаларына жаны ашыған ата-аналары ақылдаса келіп, балгерге баруды ұйғарады. Алаңдаушылық білдіріп келген ата-аналарды тыңдап болған балгер қасиетті құмалағын ашып жіберіп, үнсіз қалады. Құмалақшының кейпінен шошынған ата-аналар:– Не болды, министр ауыса ма?– Тағы да реформа бола ма?– ҰБТ-ше?- деп шулап қоя береді.– Жоқ, – дейді балгер бір уақытта. – Мәселе министрде емес, оның отырған кабинетін аластап, тазалау керек.
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті