Қазақстандық оқушы Билл Гейтстің грантына ие болды
2016 ж. 13 сәуір
2339
0
Қарағандылық оқушы Дарья Андрейченко Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтстің грантын иеленген алғашқы қазақстандық атанды. Енді ол әлемдегі ең үздік университеттердің бірі - Дьюкте білім алады, - деп хабарлайды "Хабар" телеарнасы.
Оқушының айтуынша, ол ҰБТ-ның америкалық аналогы - САТ-қа өз бетімен дайындалып, ағылшын тілінен емтиханды сәтті тапсырған. Сонымен қатар, онлайн-сұхбаттан да сәтті өтіпті. Нәтижесінде ол әлемдегі үздік оқу орындарынан шақырту алады. Дарья болса Дьюк университетін таңдаған. "Бұл университетке 32 мың адамның 1700-і ғана түсе алады. Ал бұл шәкіртақы әлем бойынша сегіз адамға ғана беріледі. Маған университетке түсіп қана қоймай, осы шәкіртақы финалисі атанғаным жазылған хат келген кезде таңырқағаным соншалық, оларға: "Бұл қалжың ба?" деп жауап жазып жібердім", - дейді ол.
ҰБТ нәтижесі оқушының өміріне әсер етпесе де, Дарья қазір сыныптастарымен бірге осы сынаққа дайындалып жатыр. Сонымен қатар, ол мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан мен Ресей чемпионаттарында бірнеше рет жеңімпаз атанған екен.
"Екі жыл бұрын біз осыны армандай бастаған кезде барлығы маған нашар ана екенімді, жай ғана қазақстандық қыздың ешкімге қажеті жоқ екенін айтты. Ал біз қызымыз екеуміз алға қарай қадам баса бердік. Біздің арманымыз орындалды", - деді Дарьяның анасы Марина Андрейченко.
Дерек көзі: "Хабар"