Қазақтың ұлттық университеті - темірқазығымыз

e3b631 Алматы десе, көзімізге Медеу шатқалдары мен Шымбұлақ елестейтіні секілді, осынау ару қала төрінен ойып тұрып орын алған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де еске түсері даусыз. Алматыда өскен немесе осынау арман мекенді көруге ынтыққан өзге де өңірлердегі көпшілік жас түлек, шіркін, ҚазҰУ-де оқысам деп қиялдайтындығы да анық. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ еліндегі ең беделдi, мәртебесі биiк, білікті мамандар ордасы деп айтсақ артық болмас. Қазіргі уақытта мемлекеттегі аса ірі білім және ғылыми орталығы болып табылады. Өзім аталмыш университеттің Экономика және бизнес жоғары мектебінің бітіруші түлегімін және соны лайықты мақтан тұтамын! Осы сәтті пайдаланып, ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов мырзаға, ЭжБЖМ факультетінің деканы Б.Ермекбаеваға және Г.Садыханованың басшылы­ғындағы «Экономика» кафедрасы­ның ұстаздар қауымына алғыс айтқым келеді. Бұл кең ауқымды қалашықта оқып жүріп түйген ойым: ҚазҰУ – мәртебесі биiк, жүйесі орныққан, өзіндік заңы мен тәртібі бар, білікті мамандар ордасы. Студенттердің жан-жақты, терең білім алуына ғана емес, сергiп, демалулары үшiн әрбiр түлектiң есiнде қалар саябақтары бар, сондай-ақ, өнерлерін, талаптарын шыңдауға, өздерiн шығармашылық қырынан көрсетуге барлық жағдай жасалған, үздік, көп салалы жоғары оқу орны. Ең бастысы – қазақтың небір көр­некті мемлекет және қоғам қайраткерлері түлеп ұшқан, зиялы, сауатты тұлға, кәсіпқой маман дайындайтын, 80 жылдан аса ғұмыры мен тарихы бар білім ордасы. Университетте тек еліміздің ғана емес, сонымен қатар алыс та, жақын шетелден келген студенттер де білім алады. Көптеген түлектері Қазақстанның және оның аумағынан тыс жерлердегі өндірістің барлық салаларында табысты еңбек етуде. Бүгінгі күні университетте 20 000-ға жуық студент білім алып, 1500 астам оқытушы-профессорлар құ­рамы, оның ішінде: жиырма жеті ҰҒА академигі, алты Халықара­лық жоғары мектеп академиясының академигі, үш жүз профессормен ғылым докторы, жеті жүзден ас­там кандидаттар мен доценттер, жетпіске жуық мемлекеттік және жастар сыйлығының иегер­лері қызмет атқарады. ҚазҰУ қабырғасында Қазақстан ғылы­мының бетке ұстар элитасы шоғыр­ланған. Мұның бәрі, сайып келгенде, зор мақтаныш, биік мерей.

Р. Дуламбаева, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, А.Кенжетай, ҚазҰУ-дың 4-курс студенті