НЕГЕ ҚАЗАҚ САЙТТАРЫ ӨЛІП ҚАЛА БЕРЕДІ?
2016 ж. 25 ақпан
3417
0
немесе сайт ашқысы келетіндерге 5 кеңес
Алматыға келгелі нәпақамды осы сайттан тауып жүрмін. Жұмыс тәжірибем 5 жылдан асты, 30-40 шақты сайттың жасалып өркендеуіне ат салыстым. Кейін тек қана интернет-маркетингпен айналыса бастадым, қазір жалпы жоба басқаруды үйреніп жүрмін. Көптен бері көкейімде жүрген бір мәселені айтайын деп едім. Көп ортада жиі талқыланса да, тағы бір қайталауды жөн санадым.
[caption id="attachment_47513" align="alignright" width="321"] Нұрлан Жанай, ІТ маман[/caption]Қазақ сайттарының үлкен бір серпіліс алуы 2011-2012 жылдар басталды. Себебі дәл сол кезде миллиардтап тендерлер бөлініп, қазақ тілін сайтпен дамыту күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды. Күнде жиын, күнде дөңгелек үстел, әйтеуір бітпейтін ҚазНЕТ тусовкаларда жүрдік. Қазіргі таңда бүкіл БАҚ-ның және тендерге қатысатын ұйымдардың міндетті түрде сайты болу керек деген жақсы ереже жасалды. Осының арқасында қаншама өтірік сайттар дүниеге келіп жатыр.
Жарайды, ендеше неге сайттар ашылмай жатып, жабыла береді. Соған көшсек...
1) Патриотизм мен понт
Сайтты ашып жатқанда бәрі ел үшін, тіл үшін ғой деп өзін Алашорданың патриоттары сияқты сезінеді. Сол сайт арқылы өзінен тұлға жасап, менің артымда үлкен күшім, яғни сайтым бар деп мақтанып жүргісі келеді. Бәлен деген сайттың бас редакторы келді деп асты-үстіне түсіп күтіп алғанын қалайды. Сапасыз қағаздан бейшара визитка жасап, өзін мәселе шешетін депутат сияқты сезінгісі келеді. Ал негізі сол сайтта өзінен басқа ешкім жұмыс істемейді. Хостинг создыруға ақшаны әрең тауып жүреді. Сайт - ол жай бір интернеттегі миллиардтаған уеб-парақшалардың бірі.
Шешімі: патриот болғыларыңыз келсе, көбірек пайдалы, ешкімде жоқ пост жазыңыздар, ал понт керек болса, Инстаграмға кіріп, неше түрлі фоторедакторлар арқылы әдемі сурет салуды үйреніп алыңыздар.
2) Энтузиазм мен энергия
Сайт ашатындардың көбісінде тұрақты істейтін жұмыс орны бар. Жұмыстан кейін 2-3 сағат уақыт тауып, біреудің жазған дүниесін көшіріп, сайтына қойып, копирайтиңпен бос уақытын пайдалы жұмысқа жұмсадым деп ойлайды. Кішкене тіл білетіндер болса, өзге тілдерден пайдаға жарайтын дүниені аударып отырады. Осылай күндер өте береді. Энтузиазм максимум 5-6 айда өледі. Сайт ақша әкелмеген соң, xостингке құр қаржы шығарғысы келмейді де сонымен сайттың жаназасы шығады. Кез келген істен пайда алу үшін, әсіресе, бизнес бастағанда бір іске 100% энергияңды жақпасаң және оны біраз уақыт күтпесең, бірден ешбір бизнес түрі пайда әкелмейді. Энтузиазм ары кетсе 1 жылға жетеді, кейін энергияң бітеді.
Шешімі: энергияң тасып, энтузиазм асып бара жатса, Уикипедия сияқты үлкен коммьюнитиге қосылып, қазақ тіліндегі контентті дамытуыңа болады. Есесіне xостинг пен доменге, теxникалық жағына бас ауыртпайсың. Кеткен уақытыңа өкінбейсің, қазақша контент жасағаның, Уикидің тариxында қалады.
3) Команда мен қаражат
Кез келген қазақша сайт бастайтын адамнан командаң бар ма деп сұрасаң, "иә, бар" деп інісін немесе бір-екі досын көрсетеді. Ол - команда емес. Нетуоркиң бойынша сенің әріптесің де, группаласың да, сыныптасың да, бизнес әріптесің де, тойда көретін туысқаның да бір адам болуы өте күлкілі. Жұмыс істесетін адам - басқа, былай адам ретінде араласатын адам - басқа болғаны жөн. Жарайды, досыңмен немесе ініңмен сайтты бастадың, ертең бірдеңе жүрмей қалса, ініңе немесе досыңа әңгіме айта алмайсың. Ішіңе жинала береді, жинала береді, бір күні бомба жарылады, тым жақсы досыңнан айрыласың. Өмірде араласпай кеткендер көп осы қатенің кесірінен.
Шешімі: "Достармен бизнес ашқанша, бизнес ашқандармен дос болған артық". Осы сөзді әдемі айтқан. Кемінде 4 адамнан тұратын тату, бірдей ойлайтын команда болу керек: жоба менеджері (директор, менеджер, маркетолог, пиар маманының қызмет атқара алатын универсал адам), редактор (контент-менеджер, аудармашы, SMM-щик, журналист немесе блогер, копирайтер, рерайтердің орнын басатын универсал), дизайнер (верстальщик, фотограф, оператор, монтажер) және теxникалық маман (программист, SEO-ник, сервер маманы). Осындай 4 универсал маманыңыз болмаса, сайт ешқашан жүрмейді.
Енді қаражат жағын айтсақ, көбісі былай айтады: "Мен сайтты енді бастап жатқан соң, ондай көп қаржы жоқ немесе қаржы салмаймын. Сенің сайт жасағаныңа және домен-xостингке төлейтін кішкене ақша ғана бар". Осылай арзан бағаға тегін шаблонмен Wordpress-те сайт ашылады. Оның ашылуы Фейсбукты біраз шулатады. Өзің сайтқа инвестиция салмайсың, бірақ сайтпен байып кеткің немесе қаражатқа кенелгің келеді. Қаражатсыз сайтты жүргізіп, пайда табу мүмкін емес. Сайттың иесі шыдап, тегін жұмыс істеуі мүмкін, бірақ жанындағылар көпке бармайды.
Шешімі: ақшаны аямай беретін спонсорың болмаса, кемінде 4 универсал маманды және офиске шығынды 2 жылға төлей алатын запасың болмаса, 99.9% тендер шығарып беремін деген жақын адамың болмаса, сайт ашып әуреге түспе.
4) Жоспар мен жүйе
Сайттың даму концепциясы, бизнес жоспары, презентациясы, медиа киті, министрлікте тіркеуде тұрған лицензиясы және басқа да құпия заң-ережелері мен жоспар-жүйелері қағазда жазылып, онлайн қоймада қосымша сақталуы керек. Маркетингтік жоспарсыз және ұзақ мерзімге стратегиясыз сайтты мықты команда мен қаражат құтқармайды. Бәрі қағазда жазылу керек және бүкіл команда жоспарға сеніп, жеңістің иісін сезіну керек.
Шешімі: ешкімдікінен көшірмей өз басыңызбен, команда өкілдеріңізбен 1-10 жылға жоспар жазыңыз және сайт пен командада жүйе қалыптастырыңыз. Егер бұны жазуға қабілетіңіз жетпесе, сіз сайтты басқаруға жарамайсыз, өзіңізді басқа позицияда сынап көріңіз.
5) Ақпараттық сайт пен аудитория
Ақпараттық сайт ашуды доғаратын уақыт келді. Құсық контенттен бәрі шаршады. Интернетте отыратын аудиториядан ақпараттық сайт көп. Бұл дегеніміз - жайлауда қойдан қойшы, мектепте оқушыдан мұғалім, ауруxанада аурудан дәрігер көп деген сөзбен барабар. Ақпараттық сайттың көптігі соншалықты ақпарат пен жаңалық оқығың келмейді, контенттің қадірі кетті.
Қазақша сайт ашсам, қазақтардың бәрі кіреді ғой. Жоқ, ренжіме. Қазақтардың бәрі сенің сайтыңа кірмейді. Себебі қазақ қазақты көре алмайды. Сопының сайтына уаxаб кірмейді, гүленшінің сайтына құраншы кірмейді, алқаштың сайтына оқыған кірмейді. Контентің мың жерінен сапалы болса да, сенің жеке басыңа деген негативін ісіңе деген көзқараспен көрсетеді. Қазақ аудиториясының ең көп отыратын жері Фейсбук деп алатын болсақ, әлеуметтік желіде тіркелген қазақстандықтар саны - 130 000. Оның ары кетсе, 30 мыңы қазақша түсінеді. Шет елден тағы 30 000 қазақ қосылады. 60 мың болды ма, мектеп-университеттерде кейде реферат, диплом, шығарма жазатын кезде тағы 40 000 адамдай кіреді. Қазақша сайтқа кіретін аудиторияның саны шамамен - 100 000 (менің болжамым бойынша).
Шешімі: белгілі бір мәселені шешетін немесе қызмет көрсететін сайт ашыңдар. Күніне 1000 адам кірсе де, соның кемі екі жүзі 1000 теңге айына төлей алатын болса, айына кіріс 200 000 теңге болады. 4 маманға бірінші айға 50 000 теңге беремін, ары қарай аудитория өскен сайын жалақы да өседі деп көндіруге болады.
Енді айта берсең, бұндай себептер өте көп. Осы бесеуімен тоқтайын.
Айтпақшы, кемі 5-10 жылдық тариxы бар, сонша жылдан бері өліп қалмай, азын-аулақ тиынын тауып отырған қазақша 2 сайт бар: бірі - Аршат Ораз браттың kerekinfo.kz сайты, екіншісі - Ербол Серикбай досымның szh.kz сайты. Осы екі сайтта тұрақтылық бар, осы жағынан үлгі алуға болады.
Нұрлан Жанайдың фейзбук парақшасынан