ТҮРКИЯ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ НЕСІМЕН ЕРЕКШЕ?
2016 ж. 10 ақпан
7532
5
ЖУРНАЛИСТ ТЕК АҚПАРАТ ЖИНАЙДЫ, ЖАРНАМА ЖИНАМАЙДЫ
Журналистер жарыса жазған, «Шеврон» компаниясы демеп, «Түркітілдес журналистер қоғамдық қоры» ұйымдастырған семинар да өтті, бірақ әлі қызуы басылмай тұр, берері бар оттың жылуы секілді. Мұныма семинарға қатысқан журналистердің тренерлер сөзін өздеріне афоризм етіп әлі де ауыздан тастамай жүргені-ақ дәлел бола алады. Әр қатысушы өзінше баға берді, менің көзіммен қарағыңыз келсе, айтайын: семинар халықаралық масштабта өтті. Тренерлердің Англия мен Түркиядан келгенін былай қойғанда, қас-қағым сәтте әлемге тікелей толқынмен семинардан үзінді тарата алғандығында еді. Өзгеге қарап қана өзіңді бағамдайсың, қазақ журналистері елде ғана емес, әлемде өз орнын айқындай алу үшін көзі ашық болу керектігін көздеген семинар бір мақсатына жете алды. Ол – шетел журналистикасы мен журналисінің тіршілігімен танысу, тәжірибесін алу, керегін іске жарату. Осы тұста семинарға қатыса алмай қалған әріптестер үшін Түркия журналистикасы мен журналисінің жай күйі туралы айтылған ХЕДИЕ ЕРОҒЛҰ ханымның ойларын қаз-қалпында беруді құп көрдім, мархаббат!
БІЗДІҢ ЖУРНАЛИСТЕР – ҚЫЗУҚАНДЫ
(журналистің жағдайы)
- Журналистің міндеті – дінге, ұлтқа, жынысқа бөлінбеу;
- Түркияда журналистер үшін сөз бостандығы шекті, демокриятиялық құндылықтарды насихаттаймыз;
- Түркия журналистерінің әр күні қарбаласпен өтеді, біз түріктер - қызуқанды халық болғандықтан, журналистеріміздің жұмысы, репортажы, мақаласы да қызуқанды;
- Түркия журналистерінде сары карточка болады, оны алу кез келгенге бұйырмайды, ол үшін 2 жыл журналистикада жұмыс жасау керек, қол үзбу керек, оны сақтандыруға қалтасынан ақы төлеп отырады. Осы карточка журналст жұмысына көп жеңілдік жасайды;
- Мәжілістегі 550 депутаттың ұялы байланысы бар, кез келген уақытта біз сұрағымызды қойып, мазалай аламыз;
- Билік журналистермен толық санасады, бізде Заңды түрде 4-ші билік саналады;
- 59 журналист жаңа жылды абақтыда қарсы алды, Түркияда сотталған журналист білікті деп саналады. Осы себепті қазірде саясатқа бет бұрып, журналистердің құқығын қорғап, депутаттық қызметті қолға алған журналистер саны артуда;
- Түркиядағы журналистердің ақуалына қатысты Заң жобасы жасалып, ұсынылды.
ЖУРНАЛИСТ ТЕК АҚПАРАТ ЖИНАЙДЫ, ЖАРНАМА ЖИНАМАЙДЫ
(қаржылық ақуалы, жарнама, таралым мәселесі)
- Біздің елде жазылымды үкімет шешпейді, ол өткен ғасырда қалды, бәсекелестік бар, жазылым жылдың басында, қаңтар-ақпан айларында жүргізіледі;
- Түркияда жарнама мен сатылымға түскен ақшаның 18 пайызын салыққа төлейді, ал жазылушылардан түскен пайданың 1 пайызын ғана төлейді, бұл жазылуды көбейту үшін жасалған;
- 8-12 беттік басылымдардың соңғы түрлі-түсті беті жарнамаға арналады, жарнаманың орналасатын орнын жарнама беруші өзі таңдайды, жарнама үшін ақша төлейді бірақ бізді билемейді, 1 шаршы метрі теңгемен 90 мың;
- Жаңадан қабылданған Заң бойынша телеарналарда міндетті түрде 43 минуттан кейін ғана үлкен жарнама беріледі, ал экрнанның төрттен бір бөлігін алатын жарнамалар 5 минут сайын ғана беріледі. Жарнама болса, «RE» деген белгі шығады, сол үшін салық төленеді;
- Ақшасы болғанның өзінде бас тартатын жарнамалар болады, жүзеге асырылмаған жайлар немесе халыққа қажетсіз болса;
- Журналист тек ақпарат жинайды, жарнама жинамайды;
- Халықтың жайын, проблемаларды, кемшіліктерді жеткізуге әсіресе сайлау кезінде қомақты қаржы бөлінеді;
- Сіздердегідей қазпошталық тарату жүйесі жоқ, таратумен арнайы фирмалар айналысады, таңғы сағат үште шығып, таң боз бергенше жазылушылардың бәріне таратып шығады;
- Басылым неғұрлым көп сатылса, соғұрлым тәуелсіз болады. Журналистер де сол үшін жұмыс жасайды, мысалы, Бурсаның өзінде 40-50 мың газет сатылған кез болды;
- Басылымдар 10 мың АҚШ долларын тек хабарландырудан алады, бізде Ресми хабарландырулардан ақша түседі, себебі Заң бойынша аймақтық мемлекеттік орындардың өз хабарландыруын тек сол жергілікті басылымға беруге міндетті.
90 ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІ БАР
(кәсібилік)
- Диплом әрине керек, дегенмен қабілетке қарайды;
- Білікті журналист үш жас журналисті тәжірибеден өткізеді;
- Фотожурналистика алдыңғы орында, әр журналистің жеке мұрағаты болады, бір сурет екінші рет қолданылмайды, ол оның кәсібилігін көрсетеді;
- 90 журналистика факультеті бар, жылына 10 мыңға жуығы бтіріп шығады, бәрі әрине журналист болмайды;
- Түркия журналистерінің біліктілігі жан-жақтылығымен өлшенеді, ол – журналист, ол – фотограф, ол – дизайнер, ол – оператор, ол – режиссер, ол – керек болса бәрі.
СПОРТ ЖУРНАЛЫ ЖОҚ
(журналдар жайы)
- Салалық журналдар көп, бірақ спорт журналы жоқ;
- Біздегі журналдарда 2-ші бетке созылатын мақала жоқ;
- Журналдардың беттері мейлінше ойнайды, көзге жарқ ететіндей етіп жасалады;
- Соңғы бет жарнама;
- Мемлекеттен қаржылық қолдау жоқ;
- Журнал ашу үшін кемі 1 адам тіркеуде және сотталмаған болу керек;
КҮНІНЕ КЕМІ 500 СТУДЕНТКЕ ГАЗЕТ ТЕГІН ТАРАТЫЛАДЫ
(газет)
- Жергілікті басылым халық жайын жазуға міндетті, мысалы, бір байқағаным, сіздердің журналистер шетелдің жайын жазуға құмар екен, әлде сіздің елде проблема жоқ па? Жасалмаған жол, тартылмаған инвестиция жоқ па? Түркия журналистері өз жерінің жанайқайын жеткізуге жауапты;
- Денсаулық пен спорт актуалды тақырып;
- Бас мақаладан соң екінші бас мақала кетеді, 1-беті тек аңдатпадан тұрады, бір үлкен бас тақырыптың аңдатпасында 5-6 ұқсас не кіші мақалалардың аңдатпасы жүре береді. Ал біздегі тақырыптар 4 сөзден аспайды, суретте жарнама болмау керек;
- Логотиптен тақырып үлкен болуы мүмкін, логотипке сурет шығып кетуі мүмкін, логотиптің қатып қалған орны жоқ, логотип ойнайды, ал Қазақстанда ішкі саясаттан логотиптің орны ауысқаны үшін ішкі саясат прокоратураға шағымданып, салдарынан 19780 теңге салық төлеуге мәжбүр болған екен;
- Бір облыста 2000-нан астам басылым бар;
- Жастар көп оқиды, күніне кемі 500 студентке газет тегін таратылады;
- Түркия басылымдарында міндетті түрде сарапшы болады, ол кім көрінген болмайды, сонымен бірге, әр редакцияда инфографика жасайтын маман болады. Ал мұндағы ақпаратты редактор жауапты хатшымен бірігіп бекітеді;
- 1 жылда 3 рет қана газетті шығармауға құқы бар.
ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІЛЕРДІ ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРЫП ЖІБЕРУ ОҢАЙ
(теле-радио)
- Телевизиялық хабарлар аз, қоғамдық ортадан, көшеден алынатын сауалнамалар көп, соларға сәйкес жауап беретін саясаткерлер, органдар, мемлекеттік қызметкерлер студия қонақтары болып келеді;
- Ақылы бағдарламалар көп, бірақ өзімізге қызықты бағдарламаларды тегін жасаймыз. Ал бағдарламалар 45 минут, не 1 сағаттан ұзақ болмайды;
- Спутник арқылы тарату қиын, сонымен қатар техника қымбат, жаңалау керек, сондықтан тікелей эфирден гөрі монтаждалған бағдарламалар жиі болады.
- Спорт шараларын тікелей көрсету үшін алдымен сатып алады;
- Телерадиода негізгі бағдарламаларды баспада жұмыс жасап көрген, тәжірибелі, білікті журналистер жүргізеді, ал ойын-сауық, шоу бағдарламаларды кәсіби емес тележүргізушілер жүргізеді. Сондықтан, журналистерге қарағанда тележүргізушілерді жұмыстан шығарып жіберу оңай.
- Радиодағы проблема – авторлық құқық. Авторлық құқықты сақтамай, рұқсатынсыз берені үшін бір радиожурналист сотталған. Ән берілу үшін алдын ала ақшасы авторға төленуі керек;
- Мемлекеттен қаржы болмағандықтан теле-радиоларда кез-келген адам қожайын.
Хедие Ероғлұ ханымнның тәжірибесінен түйгенім: журналистикада тиіп-қашқандар емес, сүйіп қосқандар ғана өмір сүре алады. Себебі, журналистика – жүректің мамандығы.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ, арнайы «qazaquni.kz» сайтының оқырмандары үшін.