Профессор, Нұрша ОРАЗАҚЫНОВА: Біздің мақсат – Алаш арыстары армандаған мектеп қалыптастыру

5
5102

 

– Нұрша Алжамбайқызы, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының негізін қалаушы ретінде ең әуелі осы жүйенің міндеті мен мақсатына тоқталып өтсеңіз…

– Сатылай кешенді оқыту технологиясының мақсаты – ­ қазақ тілінде ойын жеткізе алатын, өз ана тілінде дітін орындата алатын, қазақтың тарихы мен мәдениетін меңгерген жан-жақты білімді, мәдени ұлттық тұлға тәрбиелеу. Әр пәннің мазмұнын ғылыми негізде меңгертіп, әр сөздің ішкі мағынасы мен қолданыстағы ерекшелігін жан-жақты түсіндіре отырып, сөз сырына бойлату арқылы оқушының танымдық дүниесін, өзіндік көзқарасын  қалыптастыру. Пәндердің мазмұнын,  ішкі мағынасы мен қолданыстағы ерекшелігін және тақырып мазмұнын ашу арқылы ғылыми түсініктерін кеңейту және жазба жұмыстарын сауатты, жоғары деңгейде, шығармашылықпен орындай білуге төселдіру. Сонымен қатар, интерактивті тақта, компьютермен талдау жұмыстарын жүргізу арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып,  әр оқушының жазу сауаттылығымен қатар  ақпараттық-коммуникациялық   сауаттылығын жетілдіру. Оқушылардың логикалық ойлау жүйесін дамыту мақсатында түрлі сөзжұмбақтар, танымдық, ұлттық ойын үлгілерін кеңінен қолдану және ондай ойындарды олардың өзіне құрастырып, жасауына бағыт-бағдар беру.

– «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының  он деңгейі бар екенінен хабардармыз. Жалпы бұл технология деңгейлер бойынша қалай жүзеге асады?

– «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының  он деңгейін зейін қоя отырып рет-ретімен жүйелі үйреніп,   талдаудың түрлі амал-тәсілдерін саналы меңгерген оқушының сапалы білімге қол жеткізетіні анық. Оқушы «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының  алғашқы деңейі бойыншатеориялық материалдарды толық жазылым бойынша сатылай кешенді талдау жүргізуге бейімделеді. Негізінен деңгейлердің басым бөлігі талдау арқылы жүзеге асады. Барлық деңгейді меңгеру барысында оқушы сатылай кешенді талдау арқылы меңгерген теориялық білімдерін жатқа жаздырады, әрі білімді бағалау мақсатында тест тапсырады. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының соңғы сатысы бойынша осы уақытқа дейінгі алған білімдерін басшылыққа ала отырып әр пәннің мазмұнына сәйкес түрлі шығармашылық жұмыстар жасауға бейімделеді.

– Бұл технологиясының мұғалім құзіреттілігін қалыптастырудағы рөлі қандай?

– Әрбір мемлекеттің өсіп өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы ұстаз берген біліммен бағаланады. Сондықтан мұғалімдер өздерінің кәсіби шеберлігін шыңдауда ұлт ұстаздарының ой-тұжырымына сүйенгені абзал. Мәселен, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов мектепке белгіленген бағдарламаның қажеттілігінәу баста айтқан. Негізінен шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін мұғалімдерге жаңадан ешнәрсе ойлап табудың да қажеті жоқ. Өйткені, Жүсіпбек, Міржақып, Ахмет сынды ұлт ұстаздары бүгінгі жас ұрпаққа қажет дүниенің барлығын қиын-қыстау заманда-ақ қолданысқа енгізіп, бізге мұра етіп қалдырып кеткен. Бізге тек бабалар салған сара жолды жалғастырып, бүгінгі жас ұрпақтың санасына жеткізе білсек болғаны… «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының бүгінгі таңда мектеп компонентіне негізделіп 34 сағатқа арналып жасалған бірнеше пәннен бағдарлама, оқу кешендерінің біраз нұсқалары жазылып, қолданысқа енгізілді, себебі бүгінгі күнге дейін мектеп компоненті мен оқушы компонентінің сағаттары өз мақсатын толығымен орындап отырған жоқ.  Мұғалімдер мүмкіндігіне қарай өздігінен құрастырып, оқу кешендерін жасап, сабақ өткізген болып жүр. Сондықтан, мектеп компоненті мен оқушы компонентіндегі сағаттар толығымен өз мақсатында жүзеге асырылып жүр деп айту қиын. Бүгінгі таңда осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталып жазылған «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының оқу кешендерінің мақсаты мен міндеті айқын, сол арқылы берілетін білімнің сапасы  да жоғары. Сауат ашу, қазақ, орыс, ағылшын тілдері, математика, әдебиеттік оқу, дүниетану, тарих, география, биология, химия сияқты пәндер бойынша кешендер жарық көріп келеді. Мұның өзінде жеткілікті деп айта алмаймыз, әлі де толықтыруды, жан-жақты жетілдіруді қажет етеді. Осылайша «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы мұғалімнің біліктілігін  қалыптастыруға өз дәрежесінде ықпал етуде.

– Нұрша Алжамбайқызы, Алаш зиялыларының білім саласындағы ой-тұжырымы мен «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының арасында қандай сабақтастық бар?

– Жүсіпбек Аймауытов  балаға сапалы білім беруде мұғалімге мынадай шарт қояды: «Мұғалімнің басқасын кешуге болса да, баланы болжыратып, еңсесі түсіп оқытқанын кешуге болмайды. Жігерлі болу мұғалімнің сүйегіне біткен сипаты. Туыста жігерсіз, отсыз мұғалім сыртқы түрінде қандай оңтай, қандай әдіс қолданып оқуын түрлендірем дегенмен мәз береке шықпайды. Әйтсе де, оқытудың әдістерін  дұрыс қолданса, сабақты едәуір ширатуға болады. Сондықтан мұғалім сөзін де, сыртқы әдістерін де сабақты қыздыру жағына орайлау тиіс. Мұғалімнің есінде болатын нәрсе, өтінумен, жалынумен яки күшпен баланың мінезін тәрбиелеу мүмкін емес. Баланың ақылы, сезімі, қайраты мұғалімнің жігерлі ықпалы арқасында ғана жетіледі. Мұғалім балаларына салақ, селқос қараса, олардың жан қуаттарын жетілдіріп, тәрбие де бере алмайды», – дейді. Енді Алаш зиялыларының осы айтқандарын «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен сабақтастыра отырып қарастырып көрелік. Қазақ халқының рухани көсемдері баланы оқытуға, тәрбие беруге бастауыш сыныпта аса жауапкершілікпен қарауда өз заманында  ең алдымен мұғалімдердің педагогика, психология, әдістеме саласынан білімдерінің жеткілікті болуына, сабақтарында әдіс-тәсілдерді түрлендіріп қолданумен қатар, қызықты етіп өткізуге баса назар аударады.Сондай-ақ, білім жүйесінде педагогикалық технологияларды басшылыққа алып, жан-жақты дамыған, өз елінің болашағына  қызмет ететін, ұлтының, елінің өркендеуіне өз үлесін қосатын құзыретті тұлға қалыптастыруды балабақшаның мектепалды дайындық тобынан бастау тиімді  болмақ. Осындай бағытты ұстанған, бірнеше жылдардан бері білім үрдісінде қолданыста жүрген  технологиялардың бірі – «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы. Бұл технологияны бүгінгі таңда еліміздегі көптеген алдыңғы қатарлы теориялық білімдері жетік, еңбекқор, жаңашыл ұстаздар мен тәрбиешілер балабақшадан бастап өз тәжірибесіне енгізіп, нәтижелі жұмыс істеуде. Оған қоғамдық негізде ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен және ҚР Кіші ғылым академиясы мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан мұғалімдердің форумы мен оқушылардың республикалық ауызша командалық олимпиадасы куә. Өткізілген форумдарда  қозғалатын тақырыптар Елбасының жылдағы халыққа Жолдауында көтерілетін білім саласындағы негізгі мәселелерден туындап отырады.

– Жалпы бүгінгі күнге дейін Қазақстан бойынша қанша ұстаз жаңа жүйе бойынша дәріс алды?

– «Сатылай кешенді оқыту» жүйесі бойынша бүгінгі күнге дейін ұзын-ырғасы 8 772 мұғалім дәріс алыпты. Олардың арасында Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыратын республикалық институттардың 500 мұғалімі, Моңғол Халық Республикасынан 30 мұғалім дәріс алды. Еліміз бойынша  Шығыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарынан басқа өңірлердің барлықұстаздары қамтылды, ал жаңашыл ұстаздар жаңа жүйені жатсынбай қабылдады. «Сатылай кешенді оқыту» жүйесі бойынша жаңа әдіс-тәсілдер арқылыбілімін жетілдіріп, жас ұрпақтың бойына сіңіретін мұғалімдеріміз күннен-күнге артады деген сенімдеміз. Сондай-ақ, аталмыш жүйенің аясында айрықша белсенділік танытып келе жатқан Астана қаласындағы №71 «Мөлдір» балабақшасы, №4 мектеп-гимназиясы, №8 жалпы білім беретін орта мектеп, №66 мектеп лицейін ерекше атап өтуге болады.

– Нұрша апай, қазақ тілінің маманы ретінде айтыңызшы, туған тілімізді тұғырына қондырудың қандай жолдары бар?

– Әрине, қазақ тілінің мемлекеттік дәрежедегі биігіне көтеріле алмай келе жатқандығы қоғамның бір мүшесі ретінде бәрімізді де алаңдатады. Әйте де, қабілет-қарымымыз жеткенше, өз мамандығымызға сәйкес қазақ тілінің дамуына атсалысып келе жатқан жайымыз бар. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының бір мақсаты –оқушыларды кез келген шаршы топта өз ойын шешен де шебер жеткізе білуге машықтандыру. Сол  арқылы әр оқушының өз ана тілінің құдіретін басқаларға танытуға, бағалай білуге баулу.

Туған тіліміз тиісті тұғырына қону үшін біз болашақтың қожасы жастар екендігін ескеріп, бүгінгі өскелең ұрпаққа қазақ тілін толық меңгеретіндей мүмкіндік жасауымыз керек. Шындығын айту керек, бүгінгі балалар  қазақ тілінің уызына жарып жатқан жоқ. Үш тілділікті желеу етіп, балғындарымызға балабақшадан бастап, ағылшын тілін үйрету, бізге ешбір пайдасын тигізбейді.

Елбасымыз «ағылшын тілін үйретуді балабақшадан немесе бастауыш сыныптан бастаңдар» деп бұйырған жоқ. Білім саласының тізгінін ұстап тұрған басшылар осы мәселені ескеруі тиіс. Кез-келген нәрсені қолданысқа енгізбес бұрын алдымен сараптап алғанымыз жөн  еді. Ал, бізде ешбір экспримент жүргізілмей-ақ, бағдарламаның барлығы қолданысқа бірден еніп кетеді.Негізінен орыс тілін 4-сыныптан, ағылшын тілін 5- сыныптан бастап оқытуды қолға алсақ, оқушының тіл үйренуі кезең-кезеңімен жүзеге асатын еді.Бала кез-келген екінші немесе үшінші тілді меңгеруі үшін өзінің ана тілінің негізіне сүйенуі керек. Өкініштісі сол, бізде ана тілінің негізі бастауыштан бастап дұрыс қаланбайды.

Елбасымыздың «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүзеге асырудың ең тиімді тәсілі – мемлекттік тіліміз қазақ тілінің негізінде екінші, үшінші тілдерді меңгеруге жол ашу. Бұған «Сатылай кешенді оқыту» жүйесі арқылы білім алған Астана қаласындағы көптеген мектеп оқушыларының үш тілде қатар сайрап отырғандығы нақты мысал бола алады.

– «Сатылай кешенді оқыту» технологиясын іске асыру барысында кездесіп жатқан қиындықтарды атап өтсеңіз…

– «Сатылай кешенді оқыту» технологиясын жүзеге асыру жолындағы ең басты қиындық – оқулық мәселесі. Елімізде оқулық тапшылығы өз алдына бір мәселе болса, бар оқулықтардың сапасы да сын көтермейді.

Сараптама жасау арқылы мектеп оқулықтарының көпшілігінде балалардың жас ерекшелігі ескерілмегендігіне көз жеткіздім. Сондай-ақ, кітаптарда баланың ойлау қабілетін, танымын, жалпы сөздік қорын байытатын дүниелер де жоқтың қасы. Өкінішке орай, оқулық авторлары басқа да өрескел қателіктерге жол берген. Мұның барлығы өз кезегінде ғалымдарымыздың көпшілігінің мектептің тыныс-тіршілігінен бейхабар екендігін көрсетсе керек. Бүгінгі таңда тағы да жаңа оқулықтар жазылып жатыр. Өкінішке орай авторлары – тағы да сол мектептің бетін көрмеген ғалымдар. Мұндай шалажансар сауатты кітаптарды оқып отырған шәкірттер қалай сауатты болмақ? Бізді осы жағы алаңдатады. Мектеп оқулықтарына немқұрайдылықпен қарауға болмайтынын ескеретін кез жеткен сияқты.

Екінші мәселе – ата-аналардың көп нәрсеге атүсті қарайтындығында. Шындығын айту керек, кейбір ата-аналар баласының білімін бағамен өлшеп, бестік алса болғаны мәселенің барлығы шешілді деп ойлайды. Өз кезегінде біз де ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу арқылы бестіктің оңайлықпен келмейтіндігін түсіндірдік.

Үшіншіден, Республикалық «Оқулық» орталығының біздің оқулықтарымызға да қолдау көрсетуге құлық танытпай отырғандығын айта кеткеніміз жөн. Әйтсе де, біз қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Мектептерде «Сатылай кешенді оқыту» жүйесін эксперимент ретінде жүзеге асыруға тырысып келеміз. Ол үшін де мұғалімдердің қолында кешенді бағдарламамен қатар оның оқулығы, дәптері, әдістемесі болуға тиіс. Жаңа жүйенің әдістемесі биылғы жылы жасалды. Әйтсе де, оны жетілдіруге мүмкіндігіміз болмай отырғандығын жасырмаймыз.

Төртіншіден, мемлекет тарапынан білім жолында бар күш жігерін сарп етіп жатқан мұғалімдердің еңбегі еленсе екен деймін. Сондай-ақ, ұстаздардың әлеуметтік жағдайының дұрысталуына да көмек көрсетілсе, мұғалімдердің шығармашылықпен айналысуға мүмкіндігі болар еді. Мұның барлығы еліміздің болашағы болып табылатын білімді ұрпақты тәрбиелеуге септігін тигізетіндігі сөзсіз.

Айта кететін тағы бір мәселе – бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде телеарнаның көрерменге әсер ету мүмкіншілігі мол екендігін ескере отырып, мағынасыз сұхбаттардың берілмеуін қадағалау қажет сияқты. Өйткені, әншілеріміздің көпшілігі көгілдір экран арқылы күндіз-түні  «мектепте математиканы, физиканы, химияны жек көретінмін», «үнемі  сабақтан қашып кететінмін» деген сияқты қыршаңқы әңгімелерді жиі айтады. Мұның барлығы экранның арғы жағында отырған оқушының психологиясына кері әсерін тигізіп жатады. Сондықтан, әншілердің құлағына «алтын сырға», олар осындай мәнсіз әңгімелерді айтудан аулақ болғаны абзал. Мұны жаңа жүйені қолданысқа енгізу барысындағы қиындық ретінде емес, ұстаз болғандықтан кейбір өнер адамдарының қисынсыз әңгімелері, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбегімізге өз кедергісін келтірмесе екен деген ниеттемін.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болса, болашақта «Сатылай кешенді оқыту» технологиясын жүзеге асыратын орталық құрсақ деген ойымыз бар. Жоспарымыз жүзеге асар болса, орталық үш тағанның аясында жұмыс жасамақ. Бірінші таған бойынша аталған технологияның мазмұнын мұғалімдерге толық меңгертіп, олар сапалы білім игерту үшін мемлекет тарапынан арнайы курстар ұйымдастырылса, екінші тағанның аясында эксперимент жүргізетін мектептерімізде осы технологиямен жұмыс жүргізетін мұғалімдеріміз болуы тиіс. Сондай-ақ, үшінші тағанның негізінде ұстаздардың жазған еңбектері жарық көретін арнайы басылым болуы керек. Біз жоспарлаған орталық өз кезегінде осы мәселелерді жүзеге асырады деген ойдамын.

– Сонда «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша жұмыс істейтін мектептің түпкі мақсаты қандай болмақ?

– Түптеп келгенде қазақ ұлтын сақтап қалатын – қазақша ойлайтын, қазақша білетін қазақтың ұрпағы. Қазіргі таңда елімізде кәдімгі орта мектептермен қатар, дарынды балалар ғана оқуға мүмкіндік алатын Қазақ-түрік лицейлері, ағылшын тілінде оқытатын мектептер бар. Қарап отырсақ, кейбір ата-аналар балаларының осындай мектептерде оқып жатқанын мақтан көретін сияқты. Әйтсе де, аталған білім ордаларының ділі қазақ тілі емес екендігін ескерген жөн. Қазақ еліндегі кез-келген мектепте ең бірінші қазақтың тілі тұруы керек. Біздің арманымыз – жоғары дәрежедегі мектептермен бәсекелесе алатын шынайы қазақ мектебін қалыптастыру.Елімізде Алаш арыстарының идеясын жүзеге асыруды мақсат тұтқан нағыз қазақ мектептерінің негізін бүгіннен бастап қалауымыз керек. Ондай оқу ордасы болса, еселеп еңбек етуге де әзірміз.

Тағы бір айта кетерлік мәселе  осы уақытқа дейін Алаш арыстарының тарихшы, тілші, әдебиетші, қоғам қайраткері, ғалым екендігі жан-жақты зерттеліп, зерделеніп келгенмен, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек сынды ұлт ұстаздарының педагогикасы, психологиясы жабулы күйінде тұрғаны жасырын емес. Ал, Алаш арыстарын ардақ тұтар мектептер болса, жоғарыда аталған мәселелердің барлығы зерттеліп, бір жүйеге келген болар еді. Әрі бүгінгі ұрпақ Алаш зиялыларының сара жолымен білім алуға қол жеткізер еді. Ең болмағанда, 2017 жылға дейін ұлт жанды тұлға қалыптастыратын, ұлттық тұрғыда білім беруді мақсат тұтқан бір мектепті Алаш деп ұрандатқан ата-бабаларымыз аңсаған дәрежеге жеткізсек, Алаш арыстарының арманының орындалғаны деп білемін.

– Мәнді де, мағыналы әңгімеңіз үшін рахмет!

 

                                                              Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ

 

         ПІКІР:

Гүлжан Сүлеева, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ғылыми істер жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

«Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша «Шеберлік сыныпта» грамматикалық материалдарды сатылай талдау, тілдік мысалдар арқылы ойды дәлелдеу кезеңдері кешенді түрде жүргізілді. Бұл әдістеменің ерекшелегі бір грамматикалық материалдар топтан екінші топқа өткенде алғашқысын ұмыт қалдыру емес, кейінгі өтілген материалды алдыңғысымен байланыстыра, сабақтастыра, қатар алып жүру, толықтырып отыру, сол арқылы тіл білімі салаларын жаттап алмай түсіне талдау жағдайлары қалыптасады. Мысалы, өзім қатысқан семинар ақпараттарын консерватория студенттерінің қазақ топтарын оқытуда кеңінен қолдана алдым деп айтуға болады. Бұл студенттердің өз ойларын жүйелі жеткізуге, жылдам ой қорыта білуге, сонымен қатар шапшаңдыққа, тілдік материалдарды дұрыс таңдай білуге, талғампаздықпен сөйлей білуге жол ашты. Аталған жайттар «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының өміршеңдігі мен бүгінгі заман талабына сай әдістеме екенін айқын көрсетеді. «Сатылай кешенді оқытумен» жұмыс жасаған оқытушы, мұғалім онымен білім алған шәкірттер шығармашылық жетістікке жетіп жүр. Қорыта келе, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бүгінгі өскелең ұрпақ пен рухы биік, тілдік дағдыны еркін меңгерген, ұлт қазынасын сақтай алатын ұлт тұлғасын  тәрбиелеуде маңызды орын алады. Аталған төл технология практикасымен білім алған оқушы мен студент жоғары деңгейлі биіктерден көріне алады дегім келеді.

 

 

5 ПІКІРЛЕР

  1. Мұғалім мырзалардың пікірлері қайда? Маған ұнаған жері: «орыс тілін 4-сыныптан, ағылшын тілін 5- сыныптан бастап оқытуды қолға алсақ»

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз