– Институттың соңғы жылдағы елеулі жетістіктерінен бастасаңыз...
– Үлкен жетістігіміздің бірі, көптеген БАҚ беттерінде де жазылды – өткен жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Бабалар сөзінің» жүзінші томы жарық көрді. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында орындалған 100 томнан тұратын осынау құнды еңбекті дайындаған – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты болып табылады. Негізгі жұмысты атқарған «Қолжазба» бөлімінің қызметкерлері, солардың табандылығының арқасында осындай іргелі ғылыми еңбек жүйеленіп, баспадан жарық көрді.
Бұл бірегей басылымның маңыздылығы – қазақ мәдениетінің рухани-зияткерлік, көркемдік таңғажайып мұрасының ғылыми айналымға түсіп, ауыз әдебиетінің жауһарларымен жұртшылықтың кеңінен танысуына жол ашады.
Осы жерде айта кетейін, біздің еліміз рухани қазынамызды бір жерге топтап, жүйелеп, ғылыми шарт негізінде текстологиялық жұмыс жүргізіп, академиялық басылым ретінде 100 том етіп жарыққа шығарған жалғыз мемлекет болып табылады.
Топтама ғылыми басылымдардың жүйесінде дайындалғандықтан, жинақтарда негізінен шағатай, қадім, төте араб жазулары мен латын әрпінде хатқа түскен мәтіндер қамтылды. Халық эпосының «Хикаялық дастандар» (13 т.), «Діни дастандар» (7 т.), «Ғашықтық дастандар» (11 т.), «Тарихи жырлар» (11 т.), «Батырлар жыры» (20 т.) секілді түрлері мен фольклордың «Мақал-мәтелдер» (5 т.), «Қара өлең» (2 т.), «Шежірелік жыр-аңыздар» (3 т.), «Ертегілер» (5 т.), «Тарихи аңыздар» (4 т.), «Ауызекі әңгімелер» (3 т.), «Моңғолия қазақтарының фольклоры» сияқты т.б. жанрлары текстологиялық сараптаулардан өтіп, әр томның ғылыми қосымшасында түсініктемелер, қолжазбалар туралы мәліметтер, мәтіндерде кездесетін тарихи, діни есімдер, мәтіндердегі түсініксіз ұғымдардың сөздігі, жер-су атаулары т.б. жазылды.
Ендігі міндетіміз осындай жақсы дүниемізді көздің қарашығындай сақтап, қалың жұртшылыққа насихаттап, ұлтымыздың мәртебесін арттыру.
– Институттың бүгінде кадрлық құрамы мен атқарылып отырған жұмыстарына тоқтала кетсеңіз...
– Институтта жүзден астам қызметкер еңбек етуде, оның жетпістен астамы – ғылыми қызметкер, екеуі ҚР ҰҒА-ның академигі, екеуі ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, он екі ғылым докторы, жиырма тоғыз ғылым кандидаты бар, сонымен қатар, төрт PhD доктор мен он бес магистр білім алуда. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары ғылым саласына жастар көптеп келуде. Институттың 59 %-ы
45 жасқа дейінгі ғылыми мамандар құрап отырғанын да
айта кеткім келеді.
Институтта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің іргелі зерттеулер бағдарламасы бойынша жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда. Ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында қазақ фольклорының шынайы да толық тарихы қалпына келтіріліп, қазақ әдебиетінің ежелгі және орта ғасырлардағы қалыптасу кезеңдері, XIX ғасыр мен XX ғасырдың бас кезіндегі көрнекті ақындар мен жазушылардың шығармашылық сабақтастығы мәселелері зерттелуде. М.Әуезовтің бай мұрасы жан-жақты талданып, жаңа көзқарастар тұрғысында пайымдалуда. Қазақстан бейнелеу өнері мен көркем мәдениеті дамуының маңызды кезендерін жүйелеп, ғылыми саралау ісі қолға алынып, ежелгі заманнан XXI ғасырға дейінгі ұлттық музыка өнерінің түрлі проблемалары қарастырылуда. Қазақ театр өнерінің негізгі даму кезеңдері мен заңдылықтары жаңаша пайымдалып, халықаралық әдеби байланыстардың қазіргі ғаламдану жағдайындағы даму ерекшеліктері зерделену үстінде деп топшылауға болады.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұжымы 2012-2014 жылдар аралығына «Қазақстан халықтарының фольклоры, әдебиеттануы, өнері», «Шетелдердегі қазақтардың фольклоры, әдебиеттануы, өнері» атты
іргелі жобаларды орындау барысында Ресейдің, Қытайдың, Монғолияның, Өзбекстанның, Қарақалпақстанның қазақтар тығыз қоныстанған аумақтарына экспедициялар ұйымдастырып, оған фольклортанушы, әдебиеттанушы, өнертанушы мамандар барып қайтты. Соның негізінде қомақты материалдар жиналып, ғылыми монографиялар жарық көру үстінде.
Осы жылы «Ғылыми қазына» бағдарламасы аясында жарыққа шыққан 34 томдық «Классикалық зерттеулер» сериясының және «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша «Абай», «»Жамбыл», «Құрманғазы», «Ә.Қастеев», «Күләш» кітаптары жарық көргенін де айта кеткім келеді.
Жылда Республикалық, Халықаралық деңгейдегі ғылыми-практикалық-теориялық конференциялар, ғылыми семинарлар, шығармашылық кездесулер мен тұсаукесерлер өткізіліп келеді. Атап айтар болсақ, өткен жылы академик Зәки Ахметовтың туғанына 85 жыл толуына арналған «Академик Зәки Ахметов және қазіргі қазақ әдебиеттануының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы мен М.О.Әуезов үй-мұражайының 50-жылдығына арналған салтанатты мәжілісті ерекше атап өтуге болады. Аталған жиынға отандық және шетелдік (Ұлыбритания, Ресей, Қырғызстан, Татарстан) белгілі ғалымдар қатысты. Осы осы жылдың маусым айында Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына 120 жылдығына, Әдебиет және өнер институты үстіміздегі жылы Т.Шевченконың 200 жылдығын мемлекетаралық деңгейде атап өтуге институт бастамашы болды. Қазақтың көрнекті ақыны әрі әдебиеттанушы ғалымы Әбділда Тәжібаевтың туғанына 105 жыл толуы мен әдебиеттанушы-ғалым, сыншы Айқын Нұрқатовтың туғанына 85 жыл толуына арналған «Айқын Нұрқатов әлемі» атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияларға алыс-жақын жерлерден ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Осы орайда сұрай кетейін, биылдан бастап ЖОО-мен бірлесе отырып, ғылыми кадрлар дайындауды қолға алған екенсіздер...
– Иә, оныңыз рас, осы жылдан бастап Ғылым ордасында Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты ғылыми-зерттеу институттарында PhD докторантура мен магистратураны эксперименталды оқыту бағдарламасы қолға алынған болатын. Отандық ғалымдар жасаған жаңа бағдарлама бойынша ғылым мен білім берудің заманауи стандарты ұштастырылып, академиялық және ғылыми дәрежені алудың бірегей мүмкіндігі деп ойлаймын.
Биыл еліміздің ғылыми-зерттеу институттары мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасында ғылым мен білімнің интеграциясы туралы келісімге қол қойылған болатын. Осы құжат негізінде бүгінгі күні М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының төрт докторанты мен он магистранты «Қазіргі Қазақстан әдебиеті», «Текстология», «Фольклортану», «Теория және әдеби сын», «Қазақ фольклоры мен ежелгі әдебиет» сынды мамандықтары бойынша және институт базасынан тыс Ұлттық университеттерде оқып жүрген бес магистрантымыз мемлекеттік грант негізінде білім алуда. Сондай-ақ, ғылым саласы шетелде білім алуды қажет ететіндіктен, министрліктің арнайы бағдарламасы бойынша магистранттар мен докторанттарымыз екі апта, бір семестр көлемінде шетелдің ЖОО-да ақысыз ғылыми тәжірибе алмасып келуде. Міне, осы жоба Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі А.Б.Сәрінжіповтің тікелей қолдауымен жүзеге асырылып отырғанын айтқан ләзім.
– Осы жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қабылдауында болдыңыз. Нендей мәселелерді сөз еттіңіздер?
– Елбасының қабылдауында болу – бұл мен үшін үлкен мәртебе деп есептеймін. Елбасымен кездесу барысында еліміздегі гуманитарлық ғылымның жай-күйі және зиялы қауымның қазіргі замандағы рөлі жайында әңгіме өрбіді.
Президентіміз интеллигенция өркендеген қуатты мемлекет құру үшін қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға ерекше үлес қосуға тиіс екенін атап өтті.
Сонымен бірге, иституттың қазіргі қызметі мен алдағы кезеңге арналған жоспарларын, оның ішінде, Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасын зерттеуге және насихаттауға бағытталған жұмыстар, сондай-ақ қазақ әдебиетінің тарихы саласындағы зерттеулер жөнінде де әңгімеледім.
Келесі жылы қазақтың кемеңгер классик ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толады. Кезінде М.Әуезов: «Қазақ деген халық Абайға белшеден қарыздар» деп талай ескерткені бар. 1995 жылы ұлы ақынның 150 жылдық тойын тойлау кезінде еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: «Абай – қазақ халқының рухани көсемі» деп атап айтқан болатын. Бұл дүбірлі мерейтойды да институт халықаралық деңгейде атап өтуге дайындық жасау үстінде. Сондай-ақ халық ақыны Ж.Жабаевтың туғанына 170 жыл толмақ. Оған «Жамбыл» энциклопедиясын шығарамыз ба деп отырмыз.
2015 жылы атақты суырып салма ақын, қайраткер Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толғалы отыр. Осыған орай ақынның академиялық екі томдығын шығаруды да көздеп отырмыз.
– Шетелдік ұйымдармен байланыс жағы қалай болып жатыр?
– Институт алыс-жақын шетелдегі жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу институттарымен бірлестікте ғылыми жобаларды орындаймыз. Ресей, Украина, Румыния, Беларусь, Германия, Әзербайжан, Түркия, Иран, Корей Республикасы, Қырғызстан, Өзбекстан, ҚХР елдерінің басылымдарында институт қызметкерлерінің мақалалары жарияланып тұрады. Сонымен қатар, бірлескен конференциялар өткізіліп, ұжымдық монографияларымыз да жарық көріп отырады.
2013 жылдың өзінде әлемнің бірқатар ірі ғылыми орталықтарымен: Молдава Республикасы Ғылым академиясының Филология институтымен (Кишинев); Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтымен (Бішкек); KazakhArtsAcademy (Амстердам); Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік әдебиет музейімен (Омбы); Украина Ұлттық ғылым академиясының Т.Г.Шевченко атындағы Әдебиет институтымен (Киев); Ресей ғылым академиясының А.М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтымен (Мәскеу) бірлесе жұмыс жасау жөнінде келісімшарттарға қол қойылды.
Институтта 2005 жылдан бастап, «Керуен» атты ғылыми-көпшілік және әдеби-көркем журнал жарыққа шығып келеді. Журнал беттерінде шет ел әдебиетшілері мен өнертанушыларының ғылыми мақалалары жарияланып тұрады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан,
Айнұр АХМЕТОВА