БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ҒЫЛЫМИ АТАҚТАРДЫ САУДАЛАУҒА НЕЛІКТЕН ЖОЛ БЕРЕДІ?
2014 ж. 10 желтоқсан
5626
10
Ғылым мен техниканың қарыштап дамуы егемен ел ретінде еңсемізді тіктеп, дамудың даңғыл жолына түсу барысында елеулі рөл атқаратындығы сөзсіз. Әйтсе де еліміздегі бүгінгі ғылым саласын үздіксіз даму үстінде деп айту қиынырақ.
Кезінде постиндустриалдық қоғамның негізін салушы теоретиктердің бірі О.Тоффлердің «білім күшті, білім билейді дегеннің дәуірі өтті, енді жаңа заманға білім туралы білім керек» деп білімділерден қауіптенуінің астарында қандай құпия жатқанын ұғыну қиын емес. Осы сөзден-ақ, олардың қоғамның негізгі бөлігін күнделікті тіршіліктің қамымен ғана жүретін орта деңгейлі адамдардың құрауын көксегендігі көрініп тұр. Осындай мақсаттармен қоғамдық өмірдің барлық салаларында дерлік халықаралық стандарттар енгізілуде. Солардың бірі –әлемдік білім беру саласын бір ізге, яғни Батыстық қалыпқа түсіруді көздейтін Болон жүйесі.Осы жүйеге сәйкес еліміздегі жоғары оқу орындарында білім беру жүйесі бакалавриат, магистратура, докторантура сияқты негізгі үш сатыдан тұратындығы белгілі.Біздің айтпағымыз ең жоғарғы ғылыми саты (Рhd) докторантура хақында. Магистрлік білімі барларға тек қана академиялық дәреже берілетіндіктен, бүгінде көпшілігі 3 жыл докторантурада оқып, ғалым атануға ниетті. Бұрынғы жүйе бойынша ғалым атанамын дегендерге жоғары оқу орнына ізденуші ретінде тіркеліп, атқарып жүрген қызметімен бірге ғылымды қатар алып жүруге мүмкіндік берілетін. Бұрындары ізденушілер өз елімізде жүріп-ақ, я болмаса жақын шетелдерге барып ғылыми дәрежесін қорғауға мүмкіндік алатын. Ал қазір докторанттар да 3 жыл күндізгі бөлімде күнделікті оқуға міндетті. Сондай-ақ, докторантураны оқу тек қана мемлекеттік білім грантын жеңіп алған магистрлерге ғана бұйырады. Яғни, ақылы негізде оқып білім алып, профессор атануға жол жоқ. Сонымен қатар, докторанттарға өз елімізден және шетелден екі бірдей жетекші тағайындалады. Ғылыми атақты қорғау барысында міндетті түрде екі жетекшінің де пікірі маңызды рөлді атқарады.Бәрін айт та, бірін айт мұндағы ең бір қатаң талаптың бірі – докторант атанғысы келетіндер «Thomson Reuters» («ISI web of Knowledge») компаниясының ақпараттық базасының деректері бойынша нөлдік емес импакт-факторы бар халықаралық ғылыми журналдарға кемінде екі ғылыми еңбегі жариялануы міндетті. Яғни, мұндай атағы жер жарған халықаралық журналдарға жарияланатын мақала міндетті түрде ағылшын тілінде жазылуы керек.
Бұл талап ғылымның жаратылыстану бағытындағы физика, математика, химия, биология сияқты пәндер үшін құптауға тұрарлық дүние болуы мүмкін. Ал, қазақтың тілі мен әдебиеті, қазақстан тарихы сынды ұлттық сипаты бар қоғамдық ғылымдарды дамытуға келтіріп отырған кедергісі орасан зор. Осы жүйенің негізінде жүзеге асып жатқан ғылым саласындағы қатаң талапшылдық отандық тарих ғылымдарының зерттеу мәселелерін тарылтып, ұлттық қадір-қасиетімізді айшықтайтын қазақтың тілі мен әдебиетінің ғылым ретінде құлашын кеңге жаюына тосқауыл болып тұр. Негізінен ұлттық ғылымдарымыздың көсегесінің көгермеуіне – еліміздің Білім және ғылым министрлігінің «халықаралық стандартқа сәйкестендіреміз» деп аттандауы себеп болып отырғандығын атап айтуымыз кререк.
Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті саласы бойынша қорғалып жатқан докторлық ғылыми диссертациялардың санаулы ғана екендігі осының көрінісі болса керек. Міне, осы сияқты толып жатқан себептердің салдарынан қазір тіпті кейбір жоғары оқу орындарында кафедра басшысы ретінде сайлайтын ғылым докторлары түгілі ғылым кандидаттарын табудың өзі қиындық туғызуда.
Кезінде Англияның премьер-министрі Уинстон Черчильдің «Ең бастысы, ағылшын тілді халықтардың мүддесін қорғауымыз керек. Олар бірігіп, бүкіл әлемді уысында ұстаулары керек» деген сөзіне мән беретін болсақ, білім кеңістігінде халықаралық стандарт дегенді желеу етіп, өзгенің уысына өзіміз барып түскелі жатырмыз.
Сол сияқты екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі АҚШ-тың, Батыстың стратегиялық даму жолын бүге-шүгесіне дейін айқындап берген буржуазиялық идеолог А.Даллес: «Соғыс аяқталды. Тіршілік біртіндеп түзелуге бет алып, дүние тыныштала бастады. Осындай кезде біз қолымыздағының бәрін, яғни, алтынымызды, басқа да байлығымызды, бар күшімізді басқаларды ақымақ, мәңгүрт етуге жұмсауға тиіспіз. Адам миы, санасы өзгеруге бейім. Дүниені алақұйын етіп, басқалардың асылын жасанды жасыққа айналдыруға және де олардың сол жасанды жасығын «асылым» деп қабылдауға мәжбүр етуіміз керек» дейді. Бір сәт ойланып қарайтын болсақ, еліміздің ғылым саласын шынында да «Thomson Reuters» («ISI web of Knowledge») компаниясының ақпараттық базасының деректері бойынша нөлдік емес импакт-факторы бар халықаралық ғылыми журналдарға апарып бағынышты етіп қойғанымыз, өзгенің жасығын асылға балап отырғанымыз емес пе?! Әйтпесе, өз елімізден жарық көретін ұлттық университеттердің «Хабаршылары», «Қазақстан жоғары мектебі» сияқты ғылыми журналдардың дәрежесін көтеріп, білікті ғалымдардан ақылдастар алқасын құрып, жоғары дәрежедегі журнал шығару қолымыздан келмегені ме? Әрине, келеді. Бірақ тағы сол қатып қалған халықаралық стандартқа сай бола алмай қаламыз ба деп қорқамыз, соларға жалтақтаймыз. Ол үшін ең бастысы, еліміздің Білім және ғылым министрлігінің ғылыми атақ пен ғылыми дәреже алу ережелерінің кейбір баптарына өзгерту енгізуі қажет. Әсіресе, ғылыми атақты қорғауға жеткізбей құрдымға кетіріп жатқан осы импакт-факторы жоғары шетелдік басылымдарда мақала жариялату міндеттемесін алып тастап, оның орнына өз елімізден халықаралық дәрежедегі ғылыми журнал шығаруды қолға алсақ, ұлттық ғылымдарымыздың ұпайы түгенделген болар еді.
Неге десеңіз, біріншіден, аты дардай, талабы жоғары шетелдік журналдарға мақала жариялату үшін қаржыңыз болуы керек. Редакцияның қойған талабы бойынша мақала бір емес, бірнеше рет түзетіледі. Одан қалса, кезегі жетіп жарияланамын дегенше, жарты жылға жуық уақыт өтеді. Түптеп келгенде, сол ғылыми еңбекті зерттеу жүргізіп, жазып щығудан гөрі жариялату қиын. Араға қанша уақыт салып күтіп жүргенде, сіз мақалаңызды жолдаған журналыңыз импакт-факторы жоғары басылымдардың қатарынан сызылып қалуы да ғажап емес.Қазір ондай жағдайлар жиі кездесуде. Осындай күрделі мәселелердің күрмеуін тарқатамын деп жүргенде, диссертацияны қорғау уақытына үлгере алмай сабылып жүрген ғалымдар біздің елімізде көптеп саналады. Яғни, бір сөзбен айтқанда, өзгеге қараған күніміз «кісінің кілті аспанданың» керін кигендіктен де кері кетіп тұр...
Дәл осы мәселеге қатысты әлеуметтік желілерде түрлі көзқарастар айтылып жүр. Мәселен, 2004 жылы Білім және ғылым министрлігі жоғарғы аттестациялық комитетінің шешімімен доценттік ғылыми атақ алған ғалым Қуандық Шамахайұлы профессорлық ғылыми атақ алу үшін еліміздің ғылыми атақтарды беру ережесіндегі осы пункттің кедергі келтіріп тұрғандығын айтады. «Оның мәні мынада: шетелдік «Thomson Reuters» секілді нөлдік импакт-факторы бар журналға мақала жариялату. Бұл – мен үшін ешқандай қиындығы жоқ дүние. Мәселе, мақалада емес, оған төлейтін ақшада болып тұр. Мақаламды жариялатуым үшін 400 мың бірдеме, тіпті, жарты миллионға жуық қаржы төлеуім керек екен. Оның не үшін қажет екенін түсінбей қойдым. Мақала өзімдікі, маған аудармашының да қажеті жоқ. Мұндай сорақылықты бұрын-соңды естіген емеспін» – дейді ғалым.
Талап қатаң болса да, бұл тығырықтан түрлі жолдар арқылы шығып жүрген көрінеді бүгінгі ғалымдар. Шетелдік журналға ғылыми мақала шығару үшін жарты миллион теңге қажет болатын болса, мұндай көлемді қаржыны табу бір ғалымға ауыр болатындықтан, 6-7 автор бірлесіп, бұл қаржыны бөліп төлей салады екен. Шындап іздесеңіз, 500 мың теңгесін төлейтін болсаңыз, ғылыми мақаланы өздері жазып, өздері жариялатып, журналды қолыңызға әкеліп беретіндер де табылады екен. Осылайша ғылыми атақты саудаға салып қойып Білім және ғылым министрлігі ай қарап отырғаны ма?
Еліміздегі жоғары оқу орындарын жемқорлық жайлағаны туралы газетіміздің бетінде бірнеше рет көтерген болатынбыз. Хош делік, жоғары оқу орындарында оқуға ынтасы болмаған студенттердің бірқатары, балалықтан, бәлкім шалалықтан, пара беріп, бара беруге бейім тұратын шығар. Ал енді, ғылымның биік шыңына жетуге жақындататын, ғылыми атақтың ең жоғарғысы саналатын профессорлық атақты саудаға салу – барып тұрған сорақылық емес пе? Осындай адамның санасына сыймайтын ережелерді бекіту арқылы білім министрлігі қазақ ғылымының тамырына өз қолдарымен өздері балта шауып жатқанын сезіне ме екен? Алдағы уақытта еліміздің Білім және ғылым министрлігі қазақ ғылымын дамудың даңғыл жолына түсіру үшін отандық ғалымдарымыздың тауының шағылуына ықпал етіп отырған ғылыми атақтарды беру ережесін тағы да бір жұртшылықтың талқысына салып, бүгінгі күннің талаптары тұрғысынан оң өзгерістер мен толықтырулар енгізеді деген үміттеміз...
Ұлжарқын ӘБДІҒАППАРОВА,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Педагогика және психология мамандықтары кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
БИІКТІ ТЕК БІЛІМДІЛЕР ҒАНА БАҒЫНДЫРАДЫ
Қазіргі әлемдік білім беру кеңістігіне ену жағдайында еліміздің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру сатысында бірқатар өзгерістер орын алғаны белгілі. Соның бірі – мамандықтарға сәйкес магистр, PhD докторларын даярлау. Осы үдерістің ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, магистр, PhD докторларын даярлау тек күндізгі бөлімде оқыту арқылы ғана жүзеге асырылады, ол біріншіден, екіншіден, магистранттар мен докторанттардың ғылыми тағылымдамадан, соның ішінде шетелдік жоғары оқу орындарынан тағылымдамадан өтуі, докторанттардың шетелдік ғылыми кеңесшісінің болуы және оның докторант білім алатын қазақстандық университетке келіп дәріс беруі міндетті саналады. Үшіншіден, докторанттардың PhD докторы ғылыми дәрежесін алу үшін «Thomson Reuters» («ISI web of Knowledge») компаниясының ақпараттық базасына немесе «Скопус («Scopus»)» базасына енетін нөлдік емес импакт-факторы бар журналдарда мақалалары жариялануы керек. Ал бұл болса, бір жағынан қазақстандық ғылыми дәрежеге ізденушілердің әлемдік деңгейдегі басылымдар арқылы шетелге танылуына, әлемдік аренаға шығуына мол мүмкіндік болса, екінші жағынан шетелдіктердің еліміздің ғылыми-зерттеу проблемаларымен танысуына мүмкіндіктер береді.
Әрине, «Thomson Reuters», «Scopus» базаларына енетін әлемдік деңгейдегі журналдарға мақала жариялауда бірқатар қиындықтар бар. Соның бірі ғылыми мақаланың ағылшын тілінде жазылу қажеттілігі болып табылады. Өйткені, отандық зерттеушілер проблеманы тыңғылықты зерттеп, ғылыми жаңалығын, нәтижесін мемлекеттік тілде жоғары деңгейде жеткізуі мүмкін. Бірақ аудармашы мақала жазылған саланың маманы болмаса, ой басқаша берілуі мүмкін. Сондықтан мақала кейде сараптамадан қайтып, қайта қаралып, қайта аударылып жататын жағдайлар болма-
ды деп айта алмаймыз. Бірақ
осындай әлемдік деңгейдегі талаптарды да еңсеріп жатырмыз деп айтуға болады. Оған осы деңгейде жарық көрген еңбектеріміз айғақ болады.
Қазіргі таңда Қазақстанда ғылыммен айналысамын деген адамға барлық мүмкіндіктер жасалған. PhD докторларын даярлауға бөлініп жатқан мемлекеттік білім гранттары да аз емес. Ғылыми ізденушілердің шетелге барып арнайы тағылымдамадан өту шығындары да мемлекет тарапынан қарастырылған. Меніңше, шынайы ғылыммен айналысқысы келетін адам кез келген қиындықты еңсере біледі. Оның үстіне бүгінгі қоғамда биікті тек білімділердің бағындыратынын да естен шығармауымыз керек.
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,
С.Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор:
ҚАЗАҚТЫҢ ҒЫЛЫМЫН ҚАЗАҚТАН АРТЫҚ ЕШКІМ БІЛМЕЙДІ
Бүгінгі таңда ғылым саласында ғылыми дәрежені көтеру үшін нөлдік емес импакт-факторы бар халықаралық ғылыми журналдардағы ғылыми еңбегін ағылшын тілінде жариялауды міндеттеп қойғандығы белгілі. Мұның өзі – дүниежүзінде біртілділік саясатының жүргізіліп жатқандығының айқын көрінісі. Қазақ ғылымында қазақтың тілі маңызды рөлді ойнамайтын болса, онда оның мемлекеттік мәртебесінің қайда қалғаны?! Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, ол қазақстандықтар үшін тек қана сөйлеу құралы емес, сонымен бірге, ол қазақ ғылымының да тілі болуы керек. Өйткені, егеменді елдің мемлекеттік тілі атқаруға тиісті аса маңызды функцияларының бірі – оның ғылым тілі болуы. Ғылым тілі бола алмаса, онда қазақ тілі қалай мемлекеттік тіл болып жүр? Осы жерде кішкене ойлану керек сияқты. Ғылым тіліне ағылшын тілін алу арқылы біз қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін заңды түрде жоққа шығарып жатқан жоқпыз ба?
Ғылыми атақты беруге байланысты айта кетерлік тағы бір өзекті мәселе – докторанттарға екі жетекшінің, оның бірі міндетті түрде шетелдік болуы керектігі. Бұл талап жаратылыстану пәндеріне келеді. Ал ұлттық сипаты бар қоғамдық ғылымдарға келгенде, көптеген проблемалар туындайды. Қазақтың тілін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын, этнографиясын, философиясын, педагогикасын, психологиясын қанша мықты, қаншама ғұлама болғанымен де шетелде қазақтың ғалымынан артық білетін адам жоқ. Меніңше, қазақ ғалымдарының қазақтың тілі, әдебиеті, тарихы сияқты ұлттық сипаты басым қоғамдық ғылымдар бойынша қорғалатын ғылыми жұмыстарға шетелдік ғалымдарды қатыстырудың түкке де қажеті жоқ. Өйткені, қазақ тілінің иісі мұрнына бармайтын шетелдік ғалымдарды қазақтың тарихы мен тілі турасында маңызды бірдеңе біледі деу қисынға келмейді. Шындығына келгенде, қазақтың көзімен, дүниетанымымен, мүддесімен жазылған қазақтың тарихы мен әдебиетіне, қоғамдық ғылымдарына шетелдіктердің дұрыс баға бере алуы да екіталай. Қазір Қазақстанның жоғары оқу орындары шетелдік ғалымдардың жемтігіне айналды. Оларға Қазақстанның ғалымдарына қарағанда бірнеше есе көп ақша төленеді. Біздіңше, өзін ақтамайтын, шетелге босқа кетіп жатқан осыншама мол қаржыны қазақ ғылымының толып жатқан басқа қажеттіліктеріне жұмсаған жөн. Бұл үрдіске алдағы уақыттарда тоқтам қойылуы керек. Әйтпесе, мұның өзі егеменді ел қазақтың ұлттық құндылықтарын зерттеп жүрген ғалымдарымыздың еңбектерін жоққа шығару арқылы еуроцентризмнің табанына салып беру, сөйтіп, «мәңгілік ел» бағытындағы ұлттың ұмтылысын жоққа шығару, тәуелсіздігімізді мансұқтау сияқты келеңсіз жолдарға бастайтыны көрініп тұр.
Гүлмира САДЫҚ