Дос Көшім, саясаткер: Гуманитарлық пәндерді тестілеу – үлкен қателік

Дос кошим- БҮГІНГІ БІЛІМ САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ Өкінішке орай, соңғы уақытта «Қазіргі білім жүйесіне көңілім толады» деген жанды сирек кездестіремін. Білім саласы – тығыз сабақтастыққа негізделген кешенді жүйе, сондықтан «Кемшін тұстары – мына жерлері, ал мына салалары өте жақсы дамыған» деп, бөліп-жарып айтуға да болмайды. Мектептегі «басты ауру» – білімді жинап қойып, өліп-өшіп тестке дайындалу болса, жоғарғы оқу орындарындағы індет – жемқорлық, білімнің бағасын ақшаға сатып алу. Ең қорқыныштысы, бұған бәріміздің етіміз үйреніп кеткені соншалықты, шектен шыққан сұмдық әділетсіздік екенін түсінбейтін дәрежеге жеттік. Ал дәріс беруші ұстаздардың мектепте болсын, жоғарғы оқу орындарында болсын «бас ауруы» – қу тіршіліктің жыртығын жамауға келмейтін мардымсыз жалақы, жұмыстан шығып қалмаймын ба деп, бастықтың қас-қабағына қарау, содан туатын құлдық мінез... Бұны көрген балаларымыз қалайша жеке көзқарасы, өр мінезі бар, арлы азамат болып шығады? Қазақстандағы білім жүйесі көз алдымызда күйреді, сондықтан бұған бәріміз кінәліміз. Әр министр өзінің ойындағы реформалармен бұл жүйені дұрыстауға да күш салды, бірақ «ауру» меңдеп кеткен сияқты. Қазір мектеп жүйесі – жарытпас жалақыны місе тұтып жүрген жанқияр мұғалімдердің күшімен ғана тұр, ал жоғарғы білім жүйесі – жастардың нарықтық жағдайдағы маман ретінде кажетсіздігіне қарамастан, қайткенде дипломға деген ұмтылысы арқасында әупірім­деп жұмыс істеуде. ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ ЖӨНІНДЕ Меніңше, ҰБТ жүйесінде үш мәселені шешу керек. Біріншісі – барлық пәндердің (ғылымдардың) тест жүйесіне келмейтінін түсіну қажет. Тарихтан белгілі бір соғыстың қай жылы басталып, қай жылы аяқталғанын білу ғана емес, сол соғысқа алып келген саяси-қоғамдық жағдайлар, оның мәні мен тарихтағы алатын орны деген сияқты жеке пікірлерді жарыққа шығаратын және сол пікірлерді дәлелдейтін білім негіздерін таразыға салу шарт. Оны төрт жауаптың бірін таңдап алумен анықтау мүмкін емес. Егер талапкер не студент маған «Абай жақсы ақын емес» десе, мен оған екі қоюға асықпаймын. «Өте қызық пікір екен, енді осы ойыңды дәлелдеп көрші» деймін. Егер ол Абай өлеңдерін жан-жақты талдап, буын санын көрсетіп, бунақтар мен шумақтарын сынап, «мына жердегі метафорасы әлсіз» деп, қысқасы, поэзияның теориясының майын шағып берсе, «бәрекелді» дейсің. Пушкин де Гетені «батпақтағы бақылдаған бақа» дегені бар, сондықтан әр ақынға түрлі көзқарастың болуы мүмкін, бірақ менің қабылдап жатқан талапке­ріме қойылатын баға оның Абай өлеңдерін ұнату не ұнатпауында емес, әдебиеттен хабары болуына ғана негізделеді. Оқушылардың осындай шығармашылық бағыттағы деңгейлерін тест сұрақтары ешқашан анықтай алмайды. Дәл ғылымдарды меңгеру деңгейін «мына жауаптың қайсысы дұрыс» деген тест сұрақтарымен білуге болатын да шығар, бірақ гуманитарлық бағыттағы пәндердің тестілеуге түсуі – үлкен қателік. Екіншіден, мектептердегі «тестілеуге дайындық» деген «арпалыс пен қарбалас» науқанын тоқтату қажет. Бұл тек көзбояушылық қана емес, оқушылардың балғын жүйкесіне түсетін ауыр салмақ, психологиялық қысым. Тест – он бір жылдағы алған және миыңның қыртысында қалған білімнің көрсеткіші ғана. Бізде ол мектептердің көрсеткіші, аудандағы білім басқармаларының, қала берді облыстардағы білім берудің көрсеткішіне айналған сияқты. Бейшара мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі сол он бір жылдық білімнің қорын бір жылдың ішінде балалардың басына тықпалап, өздері де жүйкелерін тоздырады, оқушылардың да үрейін алады. Кейбір нашар оқитын оқушылардың ата-аналарын үгіттеп, ҰБТ-ны тапсырудан мәжбүрлеп бас тартқызу – адам құқығын бұзатын, нақты қылмыстық жазаға алып келетін ауыр қылмыспен бірдей әрекет. Бұл бір жылдық «стресс» босқа кетпейді, ертең ол оқушылардың денсаулығына да әсер етеді, қоғамда да көзбояушылық тудырады. Үшіншіден, емтихан жүйесіне міндетті түрде, қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтайтын талап қажет. Еліміздегі барлық мектептердің бітірушілері қазақ тілінен сынақ тапсыратыны белгілі. Бірақ қазақ тіліне қажеттілік тудыру үшін сол емтиханның бағасы міндетті түрде жалпы баллға енуі шарт. Айта кету керек, бұл ұсыныс – орыстілді ата-аналардың талабы. «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде білім алатын жастарға екі ғана талап қойылуы шарт. Біріншісі, қазақ тілін жан-жақты және терең меңгеру талабы, ал екіншісі – оқу үлгерімінің жоғары болуы. Әрине, «Болашақты» бітірген жастардың ішінде де әртүрлі адамдар бар. Біреулері қазақ еліне қызмет етіп, қоғамнан орнын тапса, енді біреулері шетелдерде қалуда. Меніңше, егер ақшаны өзі төлесе, ол адамның да өз еркі өзінде. Ал мемлекеттің қаржысына (ол біздің, әрқайсымыздың үкіметке берген салығымыздан тұратын ақшамыз) оқыған жандар елімізге қызмет етуі керек. Өз басым, басқа жақтан оқып келгендер Қазақ елін қатырады, жетістіреді деп санамаймын. Әрине, біздің жоғарғы оқу орындарында кейбір мамандықтар жоқ. Ол мамандық елімізге қажет болғанда жастарды шетелге жіберіп оқытамыз. Бұның бәрі тек қажеттілікпен өлшенуі қерек. «Болашақ» деп босқа шапқылап, бекерге ақша шашудың қажеті шамалы. ЖЕМҚОРЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ ЖАЙЫНДА Меніңше, оқу орындарын­дағы пара алушылықтың өзіндік ерекшелігі бар. Оны – мәжбүрлеу деп те атаған жөн шығар. Бұл жерде оқытушы не сабақты жақсы білетін студентті әдейі, әділетсіз «құлатып», ақша беруге мәжбүрлейді немесе сабақты меңгере алмаған дым білмес студент сынақтан, емтиханнан өту үшін ақша беруге мәжбүр болады. Біздер оқыған уақытта да кейбір қырсық оқытушылар болды, олар да ұнатпаған студенттерді қайта-қайта құлатып, сенделтіп қоятын. Бірақ ондай жағдайда студенттерден тәуелсіз комиссия құрғызып, солардың көзінше тапсыруға құқықтары бар болатын. Меніңше, тоталитарлық кезеңдегі бұндай құқық қазіргі демократия кезінде де болатын шығар. Қысқасы, білетін адам ешкімге ақша беріп, білімді сатып алмайды. Демек, біз жоғарғы оқу орындарындағы парақорлықтың бар екендігін мойындасақ, студенттердің басым көпшілігінің дым білместер қатарында екендігін де мойындауымыз керек. Мұндай «мамандардың» ертең біздің балаларымызды оқытып, тәрбиелеп, ауырып қалғанда, біздерге операция жасайтындарын есіме алсам, денем түршігеді. Мүмкін, олардың көпшілігі тек қана диплом алу үшін оқитын болар. Бірақ қоғамға осындай маман керек пе? Жоғарғы оқу орындарындағы жемқорлықты ұстау – мақсат қойған мамандарға, бақылау органдарына ешқандай да қиын­дық келтірмейді. Студенттердің арасында кімнің ақша алатыны, қанша алатыны және қалай алатыны ешқандай құпия емес, эстафета сияқты біріне бірі берілетін ақпарат. Ұсталған ұстаздарды қатаң жазалап, дүние-мүліктерін тәркілеп, өздерін түрмеге отырғызғанда ғана басқалар аяқтарын тартады. Бірақ жемқорлық жайлаған сот жүйесі тұрғанда олардың ертең-ақ өлең айтып, миығынан күліп, бостандықта жүретіндігіне шек келтірмеймін. 12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ТУРАЛЫ Ұмытпасам, осыдан үш жыл бұрын, дәл осы тақырып «Қазақстан» телеарнасындағы «Көкпар» бағдарламасында талқыға түсті. Білім және ғылым министрлігі жіберген қызметкерлер 12 жылдық білім беру жүйесін қолдап шықса, мен мінбеге бұл мәселеге қарсы жақ болып шықтым. Мүмкін, менің дәлелдерім салмақты болған шығар, бұл жүйеге көшу, сол уақытта үш жылға шегерілген болатын. Біздің заңымыз бойынша 16 жастағы азаматтар мен азаматшалар әке-шешелерінің рұқсатымен отау құра алады. Енді біз көз алдымызға 12 сыныпта, партада отырған екі жасты және олардың мектеп ауласында еңбектеп, ойнап жүрген екі баласын елестетейік. Ал Еуропа елдерінің көпшілігінде және АҚШ-та 21 жастан асқанда ғана кәмелетке толған болып саналады. Біз көзімізді жұмып, Батыс елдерінің дәстүріне желімдей жабыса бергеніміз дұрыс емес. Екіншіден, экономика мәселесін ескеруіміз керек. Қазынаның қалтасы жұқарып тұрған кезеңде, мұғалімдер жалақымыз қашан көтеріледі деп мемлекетке қарап жаутаңдап жүрген уақытта, көптеген өңірлерде стандартты мектеп жетпей жатқанда күрделі реформа жасауға қаржылық мүмкіндігіміз жетер ме? Батысқа көзді жұмып еліктеуден бұрын ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, көрпемізге қарай көсілгеніміз дұрыс шығар. Мәселе оқудың уақытын созуда емес, білімнің сапасын көтеріп, мазмұнын өзгертуде жатыр. МЕКТЕПТЕГІ ТІЛ МӘСЕЛЕСІ ХАҚЫНДА Басқа елдердің тәжірибесіне қарасақ, шет тілдері 12 жастан бастап оқытыла бастайды екен. Біз басқалардан ерекше ел емеспіз, бірақ Президенттің бірауыз сөзін ұран етіп, «ертеңіне іске асыруға көшетін» жарамсақ елміз бе деп қорқамын. Менің білуімше, «Үш тұғырлы тіл», заң ретінде қабылданған жоқ, Президенттің бір Жолдауында ғана айтылды. Онда да қазақ тіліне, орыс тіліне баға бере отырып, ағылшын тілінің пайдасы, қазіргі замандағы қажеттілігі ғана айтылды. Бірақ оның осы сөзін төмендегі жандайшаптар іліп алып, «үш тілді» білу керек деген заңсыз талап ойлап тапты. Меніңше, адамға 100 тілді білсе де, артықтық етпейді. Ертең тағы бір президент келіп, «бес тілді білу керек» десе, ешкім де қарсы шықпайды, тағы да оның сөзін аузынан шықпай жатып іліп алып «іске асыруға» кіріседі. Бірақ оны міндеттеу, мемлекеттік талапқа айналдыру – ақымақтың ісі. Ғылым мен білім жақсы дамыған Американың жастарында, соңғы жылдары екінші тілді меңгеру – сәнге айналды. Олардың бірі қытай тілін үйренсе, енді бірі испан тілін меңгеріп алуға тырысады. Қазақ тілін үйренушілерді де талай кездестірдім. Кейбіреулері өздерінің мамандықтарына қарай сол тілді үйренуге күш салса, енді біреулері сол тілдегі халықты, елді танығысы келеді, сондықтан сол елдің тілін үйренеді. Таңдау – азаматтардың өзінде. Бізде бәрі басқаша – қытай тілін үйреніп, кейін қытайлармен жұмыс істегісі келетіндер де, француз мәдениетімен сусындағысы келетіндер де, араб тілін меңгеріп, келешекте дінтанушы болуды мансұқ ететіндер де орыс және ағыл­шын тілін үйренулері шарт. Біз бұл арқылы өркениетті елдермен бәсекеге түсіп, ғаламдық мәде­ниетпен сусындай аламыз ба, ол жағын білмеймін. Ал күні өтіп, қолданыс ауқымы тарылып бара жатқан орыс тілін міндеттеуді қалай түсінеміз? Әлде қазақ мектебінің төбесін көрмеген, орыс тілінде тәрбиеленіп, орыс тілін ғана білетін ақсүйектердің балаларының шүлдірін түсіну үшін бе? Меніңше, мемлекеттік тілді білу – міндетті, ал басқа тілдерді үйренуге мүмкіндік жасалса да жеткілікті. Ең қызығы, «үш тұғырлы тілге» еліміздегі орыстілді азаматтар да қарсы екен. Олардың бірі: «Мемлекет бұл «үш тілділікті» біздерді қаңғыртып жіберу үшін ойлап тапқан. Қазақтардың барлығы дерлік екі тілді жақсы меңгерген, енді үшінші тілді үйрену оларға пәлендей қиындық келтірмейді. Ал біздің балаларымыз бір ғана орыс тілін біледі, оларға енді екі тілді – қазақ және ағылшын тілін меңгерулері керек. Қиналатын біз боламыз» деп мұңын айтқаны бар. Оларды да түсінуге болады. Сондықтан қанша тіл игеру мәселесін әркім өзі шешуі керек. Жазып алған Гүлмира САДЫҚ