Даму көкжиегін кеңейткен орталық

  1               Көшірме ғылымға тоқтам салынды Қазіргі таңда «ҰҒТАО» АҚ республикалық ғылыми-техникалық кітапхана мен ҚР Патент қорын және еліміздің 10 облысындағы филиалының басын біріктіріп, отандық ғылымның дамуына сүбелі үлес қосуда. Орталық ТМД елдері арасында әлемдік ғылыми ақпараттық ресурсты реттеп, сараптайтын бірден-бір ғылыми мекеме болып тұр. «ҰҒТАО» АҚ мемлекеттік ғылыми-тех­ни­калық бағдарламалар қорын жасақтау, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкциялау жұмыстарын реттеу, еліміз бойынша қорғалған диссертациялық жұмыстарды жинақтау, отандық ғалымдар мен білікті мамандардың ғылыми мақалаларына сарап­та­малық өңдеу жұмыстарын жүр­гізу, Қазақстандағы иннова­ция­лық қызметті қажетті ақ­па­ратпен қамтамасыз ету, көп­салалы ғылым бойынша са­раптамалық-ақпараттық қор құру (жариялауға жатпайтын құжаттар, Қазақстан мен шетелдік ғалымдардың мақалалары және статистикалық мәліметтер), еліміз үшін ғылыми-техникалық және әлеуметтік-экономикалық бағыттарды айқындау, әлемдік ғылыми кеңістікте халықаралық ықпалдастықтықты кеңейтіп, отандық ғалымдардың ғылыми жұмыстарын халықаралық журналдарда жариялауын қамтамасыз ету сынды маңызды міндеттерді жүзеге асырып келеді. Бұдан басқа орталық қызметкерлері Біртұтас электронды кітапхана жобасын дайындап, қазақстандық ғалымдардың ғылыми еңбектерін жүйелеуге ден қойғанын да айтуға тиіспіз. Соңғы жылдары ғылым саласында «жиендік жасау» ісі өріс алғаны жасырын емес. Көшіру, өзгенің ақыл-ойын иемдену арқылы ғылыми атаққа қол жеткізу жақсылықтың нышаны емес. Бұл ретте орталық электронды жүйеде еліміздегі ғылыми жұмыстарды топтастырып, «Антиплагиат» жобасын жүзеге асырып, ғылымдағы «ұрлыққа» түбегейлі тосқауыл қойғанын мақтанышпен айтуға болады. Шынайы, сапалы ғылым ғана экономиканың дамуына септесетіні анық. Ал дайын ғылыми-зерттеу жұмыстарын көшіріп алу, ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасамау ғылыми этикаға жатпайтын қылық. Мұндай жұмыстар ғылымның дамуына, экономиканың алға басуына ешқандай үлес қоспасы анық. Ғылыми-зерттеу жұмысын жазу барысында қолданылған әдебиеттерін дұрыс жазбайтын ізденушілер кездесіп жатады. Бүгінде ғылыми жұмысты қалай жазудың тәртібі қалыптасқан. Мұны кез келген ізденуші білуі шарт. Ғылым жолына түскен жастарды жұмыстарын сапалы, қалыптасқан ережеге сай жазуы маңызды. Бүгінде плагиат ғылым мен білім саласындағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Сондықтан оған бей-жай қарауға болмайды. Өз кезегінде «ҰҒТАО» АҚ президенті Әділ Ыбыраев бұл мәселемен орталық қызметкерлері жан-жақты күресіп келе жатқанын алға тартқан болатын. Қазіргі таңда ғылымдағы плагиат жайында көп жазылып, көп айтылып жүргені белгілі. Көп жағдайда бұл кандидаттық және докторлық диссертациялармен бірге студенттердің ғылыми жұмыстарына қатысты болып тұр. – «ҰҒТАО» АҚ автордың ғылыми еңбегіне сілтеме көрсетпей пайдалануды және пайдаланған дереккөздерін тексеруді 2010 жылдан бері жүргізіп келеді. 2010-2014 жылдар аралығында «Антиплагиат» жүйесі арқылы орталық қызметкерлері 5721 ғылыми жұмысты тексеруден өткізді. Орталық елеміздегі диссертациялық жұмыстарға тексеру жүргізетін үлкен әлеуетке ие. Айталық, 1994 жылдан бері «ҰҒТАО» АҚ еліміздегі ғы­лымның барлық саласы бойынша толықмәтінді ғылыми-зерттеу жұмыстарын тіркеуді жүзеге асырып келеді. Осы 20 жылға кезеңде 42 мыңнан астам диссертация­лық жұмыстар мен ғылыми-зерттеу әдістемелерінің есебін жинақтадық. Осы мәліметтер қорына сүйене отырып, «Антиплагиат» жүйесін қалыптастыру мүмкін болды. Қазіргі таңда бұл жүйені ғылыми ізденушілерден бастап, студенттерге дейін еркін пайдалануда, – деді «ҰҒТАО» АҚ президенті Әділ Ыбыраев. Ғылыми ынтымақтастықты кеңейту маңызды міндет Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы жүзеге асырған жобалардың арасынан тұңғыш рет Қазақстанның базалық сілтемесін қалыптастырудың маңызы зор болды. Қазақстанның базалық сілтемесі отандық ғалымдардың жұмысын бағалау, сараптау және библиометриялық көрсеткіштерін анықтауға барынша жәрдемдесті. Орталық негізін қалап, іске асырған жаңа жүйе отандық ғылымның мүмкіндігін, жекелеген ғалымдардың ізденісін әділ бағалауға барынша септесуде. Қазір ғылыми-зерттеу орталықтары мен жоғарғы оқу орындарындағы ғалымдардың халықаралық журналдарға қандай ғылыми мақалалар жариялағанын және ғылыми ортада оның сілтемелік көрсеткіштері қаншалықты жоғары екенін білудің ешқандай қиындығы жоқ. Осылайша Қазақстанның базалық сілтемесі отандық ғалымдар мен еліміздегі ғылыми мекемелердің жұмысында серпіліс туғызып, мөлдірлікті қамтамасыз етті. Мұндай ашықтық ғылымның жан-жақты дамып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын сапалы жүргізуге әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Бүгінде «ҰҒТАО» АҚ еліміз үшін маңызды бағыттар болып саналатын жаратылыстану және техника саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде бағдаршам қызметін атқаруда. Бұдан басқа орталық отандық және шетелдік ғылыми-техникалық әдебиеттер мен жариялауға жатпайтын маңызды құжаттарды шашау шығармай жинап, қазақстандық ғалымдардың ғылыми базасын жасақтауда. Осылайша ғылыми мекеме Қазақстанның ғылыми-техникалық және өндірістік саясатын кешенді түрде ақпараттық-сараптамалық материалдармен қамтамасыз етуді жолға қойды. Жаһандасу дәуірінде ғылыми ықпалдастықты кеңейту маңызды міндеттердің біріне айналып отырғанын әңгіме басында айттық. Қазір Қазақстан ғылымын халықаралық кеңістікке шығару Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының негізгі жұмыстарының біріне айналған. Бұл бағытта орталық өзге елдердегі ғылыми мекемелермен тең құқықтық дәрежеде әріптестік қарым-қатынас орнатып, халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесіне айналды. Сондай-ақ, дамыған елдердегі бірқатар ғылыми мекемелермен ұзақ мерзімді келісімшарттарға қол қойып, отандық ғылымды интеграциялауға өз үлесін қоса бастады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «ҰҒТАО» АҚ 2011 жылдың қазанында дүниежүзіндегі ең ірі «Thomson Reuters» ғылыми базалық мәлімет қорының «Web of Knowledge» электронды ғылыми-зерттеу платформасымен келісімге келгенін үлкен жетістік деп бағалауға болады. Ал 2012 жылдың сәуір айында орталық «Elsevier B.V.» компаниясының «SciVerse® ScienceDirect» толық мәтінді базалық мәлімет қорын қазақ ғалымдарының еркін пайдалануына жол ашты. Халықаралық мәліметтер базасына шыққалы бері қа­зақстандық ғалымдар мен мамандардың ғылыми мақала жариялау белсенділігі айтарлықтай өсті. Айталық, «Web of Science (Thomson Reuters)» базалық мәліметтер қорына 2011 жылы 380 ғылыми мақала жарияланса, 2012 жылы 648, ал 2013 жылы 678 мақала жарияланған. Бұдан басқа «Scopus (Elsevier)» базасында да қазақ ғалымдары ғылыми мақалаларын көптеп шыға бастады. Мәселен, 2011 жылы 536 мақала жарияланса, 2012 жылы оның саны 785-ке жеткен. Ал 2013 жылы отандық ғалымдар 1398 мақала жариялағанын айрықша атап айтуға болады. Бұл не үшін қажет? «Web of Science (Thomson Reuters)» және «Scopus (Elsevier)» сынды шетелдің базалық сілтемелер қорына ғалымдардың қолжетімділігін арттыру арқылы біздер еліміздегі ғылымның даму деңгейін, әлемдік ғылымның қай бағытқа бет алғанын күні бұрын біліп отырамыз. Ең бастысы, мәліметтер базасына қазақ ғалымдарының ғылыми жұмыстарын жариялап, әлемдік ғылымның даму көшіне ілесетін боламыз. Атқарылған жұмыстар қазірдің өзінде оң нәтижесін бере бастады. Біздер ірі ғылыми мәліметтер қорына қол жеткізіп, отандық ғылымның тиімді бағытта дамуына қатысты библиометриялық сараптама жасап, ғылымның қай салаларын дамыту керектігін бағамдап үлгердік. Сараптаманың қорытындысы арқылы ғалымдарымыздың рейтингісін анықтаудың жүйесін қалыптастыруда. Рейтингте ғалымдардың беделді халықара­лық ғылыми басылымдарға жариялаған мақалаларының саны, оған жасалған сілтемелер мен ғылыми журналдардың импакт-факторлық көрсеткіштері негізінде түзіледі. Қазақстан ғалымдарының жалпы әлемдік ғылыми ақпараттық кеңістікке кірігуі еліміз үшін маңызды бағыт болып саналады. Халықаралық қауымдастық қандай да бір бағыттар бойынша ақпарат іздеген кезде олардың алдынан қазақ ғалымдарының еңбегінің шығатыны белгілі. Мұндай жағдайда Қазақстанда өмірге келген ғылыми жаңалық пен жаңа технологияларды кең көлемде трансферттеуге жол ашылады. Сөз соңында Ұлттық техни­калық-ақпарат орталығы­ның тағы бір маңызды жобасы жайында айта кетуді жөн санап отырмын. «Қазақстан Республикасы ғылымының картасы» деп аталатын жобамыз ғылымдар мен ғылыми мекемелер үшін мәні зор дүние болайын деп тұр. Электронды форматта жұмыс істейтін жобаға енген ғалымдар мен ғылыми мекемелерге қатысты мәліметтерді үнемі жаңартып тұрады. «Ғылым картасынан» елімізде қолға алынған зерттеу жұмыстарының қорытындысы және ғылыми-зерттеу жұмыс­тарының белсенділігі жайындағы статистикалық мәліметтерді, сараптамалық материалдар барысын, Қазақстандағы ғылыми-зерттеу жұмыстардың үрдісі жайында жан-жақты ақпарат алуға болады. Жаңа жоба ғылым саласында қабылданған басқару шешімдерін, ғылым мен білім беру саласын бақылау қағидаттары мен мемлекет басшысының «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы маңызды бағыттарды басшылыққа алып жұмыс істейді. Нұрлан ЖҰМАХАН, «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ, Қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі