ҰБТ кезінде тексерушілер түлектерді тыржалаңаш шешіндірмек болған

information_items_17584 Ұлттық бірыңғай тестің басталғанына төртінші күн өтсе де, оның дауы күннен күнге өршіп барады. Қарағандының Жаңаарқа ауданының оқушылары ұйымдастырушыларды бізді тыржалаңаш шешіндіруге сәл қалды деп айыптады. Аудан орталығына жиналған оқушылардың айтуынша, олардың шаштарынан жұлған, кейбірі тіпті талып қалған. Ал, уақыт тым аз қалған кезде оларға "қалай болса, солай белгілей сал" деген көрінеді. Мектеп түлегі Ақжарқын Серік он бір жыл бойы оқуда озат болған. 125 сұрақтың тек жиырма тоғызына ғана дұрыс жауап берген ол "тисе терекке тимесе бұтаққа" деп белгіледім дейді. Өйткені, комиссия мүшелері олардың ойлануларына шектеу қойып, кез келген нұсқаны белгілеулеріне мәжбүрлеген, айтуларынша. Наразы халық комиссия мүшелерінің дөрекілік танытқандарын айтады. Мектеп бітірушілерін бір сағат бойы өткізбеген олар кейбірін ұруға дейін барған көрінеді. Бұл аз болғандай, есінен танғандардың үстінен аттаған мамандар тіпті оқушыларды қарғап та жіберген. Ал төрт күн бойы әділдіктің соңынан қуған ата-аналар басшылықтан бар болғаны тестілеуді қайта өткізуін сұрайды. Балаларының төмен балл жинағанына олар сынақ кезінде қысым жасаған мамандарды кінәлап отыр. Ал халқы үшін алаңдағанның кейпін киген аудан әкімі бұл жәйтті "комиссия мүшелерінің өз міндеттерін сәл асырған" деп түсіндірді. Түйедей мәселені түймедейге теңеп тұрған басшы, сынақты қайта өткізбейміз деп баса айтты. Жаңаарқа ауданының әкімі Ғабдірахман Омаровтың айтуынша, олар түлектерге екі алған балалар да кәдімгі аттестат ала алатынын түсіндіріп айтқан. Сонымен қатар ол межеден төмен балл ала алмаған балалардың колледжге түсе алатынын бас айтты. Ал, жоғары оқу орынның табалдырығын аттау арман болып қалған оқушылар қайтсе де әділдікті орнатуға барымызды салуға дайынбыз дейді. Қалай десек те, тестілеуді қайта өткізуді заңсыз деп санаған аудан басшылығы шағымданғандарға тек аппелляцияға беруді ұсынып отыр. NUR.KZ