Кеше еліміздің барлық мектептерінде "соңғы қоңырау" соғылды
2014 ж. 26 мамыр
5306
0
Кеше, 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде салтанатты түрде дәстүрлі "Соңғы қоңырау" шаралары өтті.
Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов 2014 жылы мектепті тәмамдаған еліміздің түлектеріне арнайы құттықтауын жолдады.
"Мерекелеріңіз құтты болсын! Мектеп бітіру - адам өміріндегі ең үлкен, ең жауапты қадам. Осы қадамдарыңыз сәтті болсын! Ұлттық бірыңғай тестілеуді жақсы тапсырып, өздеріңіз қалаған оқу орнына түсіп, ел игілігі үшін қызмет ететін маман болуларыңызға тілектеспін! Соңғы қоңырау - алғашқы ірі жетістікке жеткізсін! Сәттілік пен жақсылық тілеймін!", - дейді министр өз құттықтауында. Атап айтқанда, биыл Қазақстанда 134 648 оқушы мектеп бітіреді. Министрлік мәліметінше, ҰБТ өткізуге арналған 154 пункт дайындалуда. Бұл жерлерде сынақты ұйымдастыру және өткізу бойынша мемлекеттік комиссиялар құрылды. "Оқушылардың 72 пайызы ҰБТ-ға қатысады деп болжануда, бұл шамамен 92 077 түлек", - делінген ҚР БҒМ хабарламасында. ҰБТ форматы өзгеріссіз қалып отыр. Қазіргі уақытта барлық аймақтарда оқытушылар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ақпараттандыру жұмыстары қалалық және ауылдық мектептердің қатысуымен онлайн режімінде ұйымдастырылуда. 2014 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу 2-9 маусымда өткізіліп, ал 9-15 маусым аралығында апелляциялық шағымдану кезеңі жүргізіледі.Қазақпарат