Сырттай бөлімде оқитын қазақстандық студенттер пара беруден ығыр болған
2014 ж. 16 мамыр
2744
3
Дәл қазір емтихан тапсырып, диплом қорғап жатқан сырттай оқу бөлімінің студенттері парақорлықтан шаршағандарын айтады. Оқу орындары ондай фактілер ресми түрде тіркелмегенін алға тартады.
Алматыдағы Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясында сырттай бөлімде оқитын қызылордалық Арман (есімі өзгертілді) жақында ғана аяқталған сессия кезінде емтиханнан өту үшін оқытушыларға 50 мың теңге пара бергенін айтады.
"Жылына оқуымның ақшасынан бөлек, сессияларымды ақшамен жабамын. Онсыз болмайды. Ақшаны бірден тіке сұрайтын мұғалімдер де бар. Кейбіріне өзіміз береміз. Әйтеуір ақшадан ешкім бас тартпайды. Бір пәннен "5" деген баға алу үшін 10 мың теңге, "4" алу үшін 6 мың теңгеге келісуге болады. Ал "3" деген баға 3 мың теңгедей болады", - дейді Арман.
"НЕ АҚША БЕРЕМІЗ, НЕ ЖҰМЫСЫН ІСТЕЙМІЗ"
"Сессияны парамен жабамын" дейтіндердің енді бірі – жеке меншік колледждердің бірінде сырттай бөлімде оқитын өскемендік Дана. Ол сессия кезінде "ақша бермесе, мұғалімдер сандалтып, шаршатады" деп шағынады.
"Тақырыпты біліп, өз күшіңе сенсең де ақша беру керек. Ол заңдылыққа айналып кеткен. "Сессияны өз күшіммен тапсырамын" десең, емтиханнан құлатады. Сондықтан ақша береміз. Жалпы Қазақстанда "сырттай оқысаң, сессияны ақшамен тапсыруың керек" деген пікір қалыптасқан", - дейді өскемендік студент.
Біздің колледжде сессияның бағасы – 10-20 мың теңгенің арасында. Старостаға қандай баға керектігін айтып, ставкасын соған береміз. Ол бағаны қойдырып береді.
Алматыдағы колледждің бірінде сырттай бөлімде оқитын С. есімді студент "басқа сабақ түгілі дене шынықтыру пәнінен баға алу үшін ақша беретінін" айтады. Оның сөзінше, сессиядан ақша бермей өтудің басқа амалдары да бар. "Кейде мұғалімге керекті заттарын алып береміз, не үйінің жұмыстарын істеп береміз", - дейді студент Азаттыққа.
"СЕССИЯНЫ КУРАТОРҒА ТАПСЫРЫП ҚОЯМ"
Сырттай бөлімде оқитын студенттердің кейбірі қысқы және жазғы сессияда ғана емес, оқу бітіретін кезде тапсыратын мемлекеттік емтихан мен диплом қорғау шарасынан да парамен өтуге болатынын айтады. Солардың бірі – Шымкенттегі Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің сырттай оқу бөлімін бітіріп жатқан Е. есімді студент (аты-жөнін айтпауды өтінді – ред.).
"Мемлекеттік емтихан тапсыру мен диплом қорғауға бармадым. Есесіне 100 мың теңге бердім. Енді диплом алуға барамын. Колледжден кейін екі жыл оқыдым, екі жылда да сессияны ақшаға жаптым. Кураторға беремін, бәрін өзі шешіп қояды. Өзім жұмыста жүремін", - дейді сұхбаттасымыз.
Жоғарыда аталған оқу орындарына хабарласып, мұндай арыз-шағымдар мен пара алу фактілері туралы сұраған тілшіге университеттер мен колледждердің өкілдері бір ауыздан "бізде ондай фактілер жоқ, анықталған жағдайда мұғалім жұмыстан, студент оқудан шығады" деп мәлімдеді.
Қазақстанның қылмыстық кодексінің 311, 312 және 313-баптары бойынша қандай да бір пара алушы лауазым иесі де, оған пара беруші де, және екеуінің арасында делдал болушы да қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Қазақстандағы жоғары оқу орындарының сырттай бөлімдеріндегі білім сапасы үкіметтік деңгейде де ауық-ауық сөз болады. Бұл жағдай былтыр мәжілістегі үкімет сағатында да талқыланған.
Сол жиынға келген білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов сырттай оқу бөлімдерінде білім беру сапасы нашар екенін мойындаған. Ол үш жылда сырттай бөлімде оқитындар саны төрт жарым есеге азайғанын, бірақ елде сырттай білім беру жүйесі жабылмайтынын мәлімдеген.
Қазақстан статистика агенттігінің, білім және ғылым министрлігінің дерегінше, қазір 580 мыңнан астам студенттің 160 мыңға жуығы сырттай оқиды. Елде медициналық мамандықтардан өзге кәсіптің бәрінің сырттай оқыту бөлімдері бар.
Азаттық радиосы