ҚАЗАҚТЫҢ ХИМИЯСЫ ҚИНАЛЫП ТҰР
2014 ж. 06 мамыр
2283
0
Биылғы жыл «Отандық импорт алмастырғыш химия өндірісін мемлекеттік қолдау туралы» бағдарлама мәресіне жетпек. Осыдан бес жыл бұрын бағдарлама қабылданған тұста «елімізде химия өнеркәсібінің мызғымайтын негізін қалауға мүмкіндік ашылды» деп кеуде керек кең тыныстағанбыз. Әйтсе де, қазірде химиктеріміздің өндіріске сұранып тұрған жаңалықтары қалтарыста қалып, өзге елден тасымалданатын импорттың қасында, отандық импорт алмастырғыш тауарларымыз өгей баланың күйін кешіп жүргені жасырын емес. Кезінде Кремльдің өзін тамсандырып, Мәскеудің азулы ғалымдарымен текетіреске түскен химик мамандарымыздың еңбегі бұл күні елеусіз-ескерусіз жүрген жайы бар. Алаш айнасы осы мәселенің түйінін тарқатып көруді жөн көрді.
Бір айта кетерлігі, әу баста жоғарыда аталған бағдарламаны «іске асырамыз» деп құлшынған тиісті орындар қазір керісінше, «әркім ашқан ғылыми жаңалығының бағын өзі аспандатуы қажет» деген қағиданы берік ұстанатын көрінеді. Деректерге жүгінсек... Егер дерегіне жүгінсек, біздегі химия өнеркәсібі өндірісінің көлемі биыл 38,5 пайызға жетіпті. Сарапшылардың бағамдауынша, бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда екі есе төмен. Ал химия өнеркәсібін жандандыруда көршілес елдеріміздің ішінде Қытай мен Ресей әлемдік сауда-саттықта өзіндік бедел де жинап үлгеріпті. Мәселен өткен жылы Қытайдан Қазақстанға тасымалданған химия өндірісінің өнімдері 22 пайыздан асып жығылса, Ресейден тасымалданатын өнімдер 42,8 пайыздың мөлшерін құрапты. Болашақта аталмыш елдер сауда айналымын екі есеге дейін арттыруды жоспарлап отырған көрінеді. Байыптасақ, химия өнеркәсібін дамыту тауар өндірісін молайтудың көзі екенін бағамдайсың. Қазір елге сырттан келіп жатқан импорттар көші өзге елдің химия саласын дамытқаннан кейінгі жеткен жетістігі екені де мәлім. Күні ертең біз де бәсекеге қабілетті елдермен иық тірестіреміз деп отырмыз. «Демек бізге де қам жасау қажет» деседі мамандар. Хакім Суербаев, химия ғылымының докторы, профессор: - Бізде сырттан келетін импортты өзіміздің отандық импорт алмастырғышпен алмастыруға қарым да, қабілет те бар. Әйтсе де отандық химия өнеркәсібінің жыл сайын үлестік пайызы артып, дамудың үстіне кері кетіп бара жатқаны рас. Жалпы, біздің химиктерде ізденіс жоқ емес, бар. Бірақ оларды қолдау жоқ. Үкімет үнемі отандық импорт алмастырғыш өндірісті қолдап-қолпаштау қажеттігін қаузайды. Ал біздегі бақылаушы органдар керісінше, шеттен келетін импортқа иек артқанды жөн санайды. Өзгенің импортына қызығамыз деп жүріп, өзіміздің отандық өндірісті, назардан тыс қалдырып алдық. Өз басым тіпті «отандық өнім жасауға қаншама қаржы шығындағанша, сол қаржыға шетелден дайын өнім сатып алсақ қайтеді» деген ұсыныстарды да құлағым шалды. Міне, осы жайт елдегі химия өнеркәсібінің ақсауына әкеліп соқтырды. Импортқа салықты өсіру керек Негізінен, «Қазақстанның іргесіне қағылатын шегесі де отандық болуы керек» дескен ғалымдарымыз нақ қазір қоғамға ауадай қажет деген жаңалықтарды қолдау жоқтығын; қаншама жыл ізденіп; сол ізденісінің жемісін көрмейтін мамандар жетіп артылатынын алға тартуда. «Қазір бізде ғылыми жаңалықты өндіріске пайдалану механизмі жоқ. Осыдан барып біз химия өнеркәсібіне жан бітіре алмай отырмыз» деген ғалымдар болашақта елімізге енетін импортқа салықты көбейткен жөн екенін құлаққағыс жасауда. Бұған қатысты экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов: - Бізге жетістіктерді өндіріске бағыттап, жарнамалап отыратын ғылыми менеджерлер керек. Сондай-ақ бұл салаға бөлінетін инвестиция көлемін арттыру қажет. Бұдан соң сырттан келетін импортқа бақылауды белгілі мөлшерде қатаң қадағалағанымыз жөн. Импортқа салынатын салық мөлшерін бақылауға алып тіпті заңдық тұрғыда импортқа салықты көбейтсек отандық өндіріске дем берген болар едік. Негізінен сыртқа тасымалданатын экспорттың көлемін арттырса, көршілес елдермен сауда-саттық байланыс молаятынын ұғынатын кез жетті. Сондықтан химия өнеркәсібіндегі үлесті арттырып, ақырғы өнімге дейін жұмыс істеуді үйренген абзал,- деді. Мұнай химиясына мән берілмеуде Жалпы, отандық мамандардың қайсыбірінің пайымдауынша, қазір әлем елдерінің басым бөлігі мұнайдан тұрмысқа қажетті заттар алудың шеберіне айналып жатыр. Мұнай химиясын жетік меңгерген елдер шикі мұнайды терең деңгейде ұқсатып отыр. Ал біз шикі мұнайды сыртқа сатқанымызға ғана мақтана аламыз. Бүкіл әлем қазірде мұнай шикізатынан алынатын өнім көрсеткішін 92-94 пайызға дейін жеткізуге талпынып жатыр. Біз керісінше, өндіретін мұнайдың 90 пайызын шикі күйінше экспорттап мұнай шикізатының аз ғана бөлігін мотор отындары мен дизельді отын ретінде қолданып жатырмыз. Оның өзінде отандық тұтынушыларды аталмыш өнімдермен толықтай қамтамасыз етуге қабілетіміз жеткіліксіз. Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы: - Қазір бірқатар әлем елдері моторлы отындарға қатысты Еуро-5 стан-дартына еніп кетті. Өкінішке қарай, Қазақстан бұл межеде әлі Еуро-2 стандартына иек артып отыр. Мұның өзі біздегі химия өнеркәсібі саласының кенжелеп қалғандығын айғақтап тұр. Негізінен, дамушы және дамыған елдерде мұнай өңдеу зауыттарының қасында міндетті түрде мұнай химия өндірісі болады. Осы өндіріс орындары арқылы олар мұнай-дан қосалқы өнім алады. Ал біздегі Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттары тек қана мотор отындарын шығарғанның өзінде халықты сапалы жанар-жағармаймен, дизельді отынмен қамтамасыз ете алмай отырған жоқ па? Меніңше, осындай жайттардан кейін қазақ химиясының неліктен қиналып тұрғанын бағамдауға болатын тәрізді. Нақты мемлекеттік қолдау болмай, химия өндірісін аяқтан тұрғызу қиын. Сондықтан қолдау және ол қолдауды бақылау болуы керек. Бақылау келіспесе химиямыздың аяқ алысы кібіртіктей береді.Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы
http://www.alashainasy.kz/