Жыл сайын мемлекет еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау үшін арнайы гранттар бөледі. Тестілеуден тәуір ұпай алғандар өздеріне ұнаған мамандық таңдап, мемлекет бөлген оқу гранттарының иесі атананатыны белгілі. Бірақ мемлекеттік тапсырыс бойынша еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алуға талпынушылар арасында Қызылжардың жастары жылдан жылға азайып барады. Оған себеп, Қызылжар ғана емес, Ресеймен шекаралас өзге де облыстардың білімді оқушыларын көрші мемлекеттің университеттері іріктеп әкетіп жатқандығы. Ал оқуын бітірген соң олардың елге оралатындары тым сирек, көбі көрші елде түпкілікті тұрақтап қалады екен.
Солтүстік Қазақстан облысындағы орта мектептерді өткен жылы төрт жарым мыңдай оқушы тамамдап шықты. Ал жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін ҰБТ-ны тапсырғандар солардың 58 пайызы ғана. Бұл республика бойынша тестілеуге қатысушылардың ең төменгі көрсеткіші. Кейбір облыстарда 80-90 пайызына дейін кіргені белгілі. Ал қызылжарлық оқушылардың жартысына жуығының тест тапсырудан бас тартуына не себеп болды екен? Әдетте мұғалімдер мектептің көрсеткіштерін төмендетіп жібереді деп үлгерімі нашар оқушыларды қатыстырмауға тырысады. Бірақ білім саласын бақылау департаменттері жер-жерлерде білім ошақтарының басшылары мен мұғалімдері тарапынан тестіге қатыстырмау фактілерін болдырмау мақсатында бақылау жүргізді. Яғни түлектің таңдауына ешкім де кедергі келтіре алмады. Бұған қарамастан Қызылжарда екі мыңға жуық бала жоғары білімді маман атануға мүмкіндік беретін ҰБТ-дан бас тартты. Білім басқармасы мамандарының айтуынша, тестілеуден халықаралық білім байқаулары мен олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Білім және ғылым министрінің бұйрығымен босатылған екен. Дегенмен ондай дарындардың саны мұнда аса көп емес.
Тестілеуден теріс айналып жүрген бір топ бар және кей өңірлерде қарасы қалың, олар – шет елдерде білім алуды қалаған жастар. Шекарадан асқан соң біздің ҰБТ-ның нәтижесі ескерілмейтіндіктен, олар аттестат алу үшін дәстүрлі емтихан тапсыратыны белгілі. Әрине, жастарымыздың шетелдің алдыңғы қатарлы университеттерінде оқығаны құптарлық жайт. Елбасының өзі бастамашы болып қабылданған «Болашақ» бағдарламасының бүгінде жемісін көре бастадық. Дегенмен «Болашақ» арқылы мемлекеттің ақшасына білім алып, кейін туған жеріне қайтудан бас тартқандар да бар екені жасырын емес. Қаперіңізде жүрсін, 1994 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елдердегі университеттерде білім алуға 9250 стипендия беріліпті. Солтүстік Қазақстан облысынан барғандар саны 120 адам ғана.
Қазақстандағы орта білім беру жүйесі шетте жоғары бағаланатыны айтылып та, жазылып та жүр. Сондықтан да болар шетелдік оқу орындары Қазақстанның мектептерінде әртүрлі байқаулар ұйымдастырып, білімділерін ерте бастан іріктеп алып, тегін оқуға мүмкіндік беретін сертификаттар табыстап қояды. Баласының шетте оқитынына бірінші кезекте ата-ана мәз, ұзтаздары да еңбегінің ақталғанына қуанышты, мемлекет те шығын шығармай жастарымызды оқытып аламыз деп ойлайды. Соңғы жылдары Ресейдің жоғары оқу орындары солтүстік облыстардың мектеп оқушыларын іріктеп, дарындыларын алып кетуді әдетке айналдырған. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Сайран Есетовпен осы мәселе жөнінде сөйлескен едік. Оның айтуынша, бүгінде әлем елдері білімді жастарға таласатын болған.
– Жастар – мемлекеттің болашағы. Бүгінде осы жастардың «миына» талас басталды. Біздің облыстың көптеген жастары көрші елге кетіп жатыр. Олардың жоғары оқу орындары біздердікі сияқты оқуға кім келер екен деп күтіп отырған жоқ. Күзден бастап біздің мектептерде 11 сынып оқушылары арасында байқаулар өткізіп, әсіресе физика, химия, биология сияқты нақты ғылымдарға бейімді балаларды іріктеп алып, оларды тегін оқуға шақырады. Ал сол шетте оқығандардың диплом алған соң оралып жатқандары сирек, – дейді ол.
Милы жастарымыздың шетке кетіп жатқаны шындық. Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының берген мәліметіне қарасақ, 2011 жылы 5428 оқушы мектеп бітірген, соның 472-сі Ресейдің университеттеріне түскен, ал 2012 жылы 656 адам оқуға кетіпті. 2013 жылы да ҰБТ-ға қатыспаушылардың көптігіне қарап, көрші мемлекетке кеткендер аз болмағанын болжауға болады. Бұл бір облыстың ғана жағдайы, ал өзге өңірлерді қоссаңыз, кетіп жатқандар көрсеткіші көбейе түсері даусыз. Қазақ жастарының ішінен үздіктерін түріктер де әкетіп жатқаны белгілі.
Жастардың көбі кетерде туған жерге қайтып оралатынын айтып жатады. Алайда қаншама ақша жұмсап оқытқан маманды қай мемлекет кері жібере қояр дейсіз. Көбіне оқу бітірген соң белгілікті бір уақыт сол елде қызмет ету шартын жасатады. Ал шарт мерзімі біткенге дейін отбасын құрып, сол ортаға бейімделіп те кететіні белгілі.
Бұл жерде біздің жоғары оқу орындарының мемлекеттік мүдде үшін жұмыс істемейтіндігін көреміз. Олар білімді жасты тегін оқытқаннан гөрі, ақшасы бар ата-ананың баласына білім беруді мақсат тұта ма деп қаласың. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен жекеменшік университеттерді былай қойғанда мемлекеттік жоғары оқу орындарының өзі дарынды жастарды іздеуді дағдыға айналдырмаған. Егер жоғары білім саласында оң өзгеріс болмаса, қазақ жастарының «миы» түгел дерлік шетел асып кетуі де мүмкін.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ