Депутаттар еліміздегі жұмысшы мамандығының мәселесін көтерді

photo_90457Жұмысшы мамандығы бойынша еңбек өтілі бар азаматтарға ЖОО-да білім алуына мемлекеттік грант бөлу қажет. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутаттар осындай ұсыныс білдірді, деп хабарлайды 24.kz Мамандардың айтуынша, дәл осы жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары. Ал осы салада 2-3 жылдан астам еңбек етіп жүрген азаматтардың білім алуына жағдай жасасақ, кәсіби мамандардың қатары артады. "Қазір жұмысшы мамандықтары сән емес деп, азаматтар темір ұстасы, электрші болғысы келмейді. Кеңес үкіметі кезінде жастар мектепті бітіргеннен кейін 2-3 жыл көлемінде кез келген жұмысты істейтін еді. Кейін олардың Жоғары оқу орнында білім алуына мүмкіндік берілетін", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева. "Сондықтан қазір біз мемлекеттік грант берудің осындай жолдарын қарастыруымыз керек", - деп атап өтті депутат Назарбаева. Халық қалаулылары Жоғары оқу орындарының 80%-ы студенттерді жатақханамен қамтамасыз етпесе, оларға білім беру лицензиясын бермеу керектігін алға тартты. Осылайша қордаланып қалған мәселенің шешімі табылмақ. Ал университет оқытушыларының жалақысын әр оқу орнына ақылы бөлімдер есебінен көтеруді тапсырып отыр. Айта кетейік, ҚР Білім және ғылым министрлігінің есебінше, Жоғары оқу орындары оқытушыларының орташа еңбекақысы 80 мың теңгені құрайды. Бұл аздық еткендіктен, мамандар қосымша өзге де мекемелерде қызмет етіп, табыс табуға мәжбүр. Білім және ғылым министрі орынбасары Такир Балықбаев білім берудің сапасы соның салдарынан ақсап жатыр дейді. "Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде мемлекет тарапынан ЖІӨ-нің 2-2,5 пайызы жоғары оқу орындарындағы білім беруге жұмсалады. Біздің республикамызда мемлекет тарапынан қаржы бөлу 0,4 пайызды құрайды. Бұл жеткіліксіз", - дейді ҚР Білім және Ғылым министрінің орынбасары Такир Балықбаев.

24kz