Жастардың жыныстық тәрбиесі алдыңғы орында болуы тиіс

af7d8d5c5f40259498fd15b8d91304ebМәжілістен шу шықты. Кеше Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында жастар мен жасөспірімдердің репродукциялық денсаулық бойынша ақпаратқа және медициналық қызметтерге қолжетімділік мәселесі талқыланған еді. Дәл осы проблемаға келгенде комитет ішіндегі депутаттар пікірі екіге жарылды. Бастамашыл топ «адамгершілік-жыныстық тәрбие мәселесін мектеп жасынан енгізелік», «бұл туралы ақпарат алу мен медициналық қызметке жүгіну жасын төмендетелік» десе, екінші тарап бұған қос қолдап қарсы. Қызды-қыздымен «некеге тұру жасын да төмендетелік» деген ұсыныстар да айтылып қалды.  Басынан бастайық. Надежда Петухова атты депутат бар. Сол ханым түрлі әлеуметтік зерттеу­лер­ге, қала берді, мектеп жа­сын­дағылардың ахуал-жағ­дайына алаңдаушылық біл­діре­ді. Әлбетте, мәселе де жоқ емес. Мектеп жасындағы­лар­дың соңғы уақытта «жыныс­тық есеюі» көптеп тіркеле баста­ған. Былтырлары ойнақтап жүріп от басқан, сөйтіп, оң жақта отырып-ақ жүкті болған 15 және 17 жас аралығындағы 5 мыңға тарта қыз бала тіркеліпті. Бұған қоса кәмелетке толмағандар ара­сындағы түсік жасату көрсет­кіші артып отырған сыңай бар, 2012 жылы бұл шамамен мектеп жасындағы 3 мың жасөспірімді құраған. Осындай мәліметтерді алға тартқан депутат Петухова Мәжілісте қаралып жатқан «Халық денсаулығы және ден­сау­лық сақтау туралы» кодекске жыныстық және репродукция­лық денсаулықты қорғау бойын­ша ақпараттарға қолжетімділік нормасын енгізудің реті келіп тұр деп санайды. Тағы да тарқатып айтсақ, депутат екі мәселені алға тартады. Оның біріншісі – ата-аналардың келісімінсіз-ақ реп­ро­дукциялық денсаулық бо­йынша ақпарат алу мен ме­ди­­циналық қызметке жүгіну­дің жасын 18-ден 16-ға дейін тө­мендету. Байқаға­ны­мыз, біздің қолданыстағы заң бо­йын­ша гинекологтердің реп­ро­дук­­циялық мәселе жөніндегі ме­ди­циналық қызметіне ақпараттық келі­сім беру жасы 18-ден баста­лады. 16 жастағы жасөспірімдер тек ата-аналарының немесе қам­қор­шыларының келісімімен осын­дай қадамға барады. «Ал өр­кениеттілерде бұл жас біз­дікінен төмен», – дейді депу­тат Пе­тухо­ва. Екінші мәселе – жасөспірімдер мен жас­­тарға қатысты жыныстық тәрбие. Әл­бет­­те, қоғамның қызу талқысын тудыратын дү­ние бұл. Өйткені көпшіліктің бір бөлігі үшін жыныстық тәрбие деген «табу» не­месе мүлдем «жабық тақырып». Ендігі бі­реулер жыныстық қатынас әрбір адам өмірінің ажырамас бөлігі екенін, ондай тәрбиеге көз жұма қарау түрлі трагедияға әкеп соғатынын алға тартады. Сосын батыстық тәжірибелерге де жүгінетіндер бар­шылық. «Бұл туралы үндемей қою – қате, тіпті қылмыс. Дамыған елдердің тә­жі­рибесіне жүгінсек, Америка мен Гер­манияда бұл туралы оқыту бес жастағы ба­лабақшадан басталады, кейін мектепте жал­ғасып, онда маңызды отбасы құн­ды­лық­тарымен сабақталады. Оқушылар тіпті дұ­рыс жыныстық ориентация ұстанады, та­залыққа, жыныстық жұқпалардан сақ­та­нуға үйренеді», – дейді депутат Петухова. Сөй­­тіп, депутат Батыстың тәжірибесін ай­тып, біздегі келеңсіз статистиканы тірке­ме­лейді. Оның сөзіне қарағанда, жыл са­йын жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің 22 мыңға тарта оқиғасы орын алады. ВИЧ-тің жастар арасындағы жағдайы 43,5 пайызға жеткен. Мерезбен ауыратын жас­өс­пірімдер дамыған елдерге қара­ған­да, бізде 10 есеге дейін көп екен. Осындай оңдырмайтын фактілерді алға тартқан депутат Петухова төркіндете келіп білім беру мекемелерінің бағдарламаларына ре­продукциялық денсаулық мәселелері мен жыныстық тәрбиені қосудың қажет­тілігін алға тартады. Халық қалаулысының па­йымын қоғамдық ұйымдар, халық­ара­лық қорлар өкілдері де жақтап шықты. «Бұл жастар үшін ұят болудан қалатын ашық мәселе болуы керек» дейді олар. Алайда мұндай мәселенің тым нәзік­тігін, кей тұстары қазақы менталитетке ке­реғар, жат екенін алға тартушылар бар. «Сіз­дердің айтып отырған ақыл­да­рыңыздың бәрі қазақ топырағынан шық­қан дүние емес. Батыстың ана елінен бір, мына елінен тағы бірін көшіріп алып, со­нымен, қазақ менталитетін ескермей, ба­лабақшадан бастап, мектеп пен қоғамға тықпалағыңыз келеді. Сананы улайсыздар. Бұ­дан түк те шықпайды. Сіздер айтқан көр­­сеткіш – сол тықпалаудың нәтижесі. «Ата-анамыз қарсы» дейсіз, сауалнамада «оңтүстіктің мұғалімдері бұған тіпті дұрыс қарамады» деп қорытасыздар, сонда сіз қайдан шықтыңыз өзі, сол кісілерге ақыл айтатындай? Сіздің бойыңызда ұлттық тәрбие бар ма, өзі?» – деп төтесінен кетті депутат Алдан Смайыл. Бұл ретте депутат бір кездері валеология пәні елімізде он шақты жыл бойы оқытылғанын, соның нә­тижесі бүгінгі кері көрсеткіштерге ұлас­қа­нын алға тартады. Тоқтала кететін жайт – дәл осы Алдан Смайыл бастаған депу­тат­тар тобы валеология пәніне осыдан үш жыл бұрын тоқсауыл қойылған болатын. Депутаттың пікірінше, әлгі валеология пәні жыныстық қатынастардан жастарды сақтандырудың орнына керісінше соған итермеледі. Өз кезегінде депутат Жұматай Әлиев те жыныстық тәрбиеге қатысты ақпараттық қол­жетімділікті 16-жасқа дейін төмен­де­туге қарсылық танытты. «Оны 16-ға төмендету үшін алдымен неке жасын да 16-ға дейін, тіпті 14 жасқа дейін тө­мен­де­телік. Сонда ғана келісуге болады. Сонда ға­на біз жыныстық тәрбие туралы айтуға барамыз. Әйтпесе бірін көтеріп, екіншісін төмендету тіпті ақылға қонымсыз. Өз қолымызбен жыныстық тәрбиеге жол беріп, оның нәтижесінен қағатын біз кімбіз сонда?», – дейді ол. Алдан СМАЙЫЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: – Қазақтың ұлттық тәрбиесін мектеп жа­сынан, балабақшадан бастап дұрыс сі­ңіре оқытсақ, бізге валеология да, басқа пән­нің де түкке қажеті жоқ. Халықтың діңі бо­латын дәстүрді неге зерттемейміз, Ба­тыстың тәсіліне мойын соза бергенше. Ел­дің өзегін түсінбей тұрып, басқа жұрттың тә­жірибесін сіңіру – ұрпақ алдындағы қыл­мыс. Мектепте мұндайға жол беруге бол­майды. Қоғамдағы кері көрсеткішке кінә­нің бәрін жыныстық тәрбиенің бол­ма­уына тіреу – түбірімен қате. Валеология се­кілді пәнді мектепке қайта апарудың түк­ке қажеті жоқ. Ондайды енгізу үшін бұны ,ең алдымен, ұлттық тәрбиемен, ұлттық мен­талитетпен, ұлттық педагогикамен бай­ланыстыру керек. Жалаң еуропалық фор­маны қазақ арасына себудің залалы зор. Сондықтан мұны тоқтатыңыздар.  Жұматай ӘЛИЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: – Қытай «бір отбасы – бір бала» сая­са­тынан бас тартып жатыр. Испания түсік жа­сатуға мүлдем тыйым салатын заң жо­ба­лау­да. Ал бізде ше? Тәуелсіз ақпараттар бо­йынша 3 млн әйел түсік жасатады. Жа­рай­ды, жасатсын, ал одан кейінгі әйелдің бала туу қабілеті сақтала ма? Мәселе – сон­да. Ал біз мынадай дүние енгізсек, түсік жасатудың көкесін сонда көреміз. Оңтүстік Қазақстан облысында ата-аналар да, мұ­ға­лімдер де қарсы деп мына халықаралық сарапшылар өздері айтады. Ал біз бұны қабылдасақ, оларға қай бетімізбен қараймыз? Мен де мүлдем қарсымын.  Гүлмира ИСІМБАЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: – Кеше дінтанудың сағатын арттырайық де­дік, бүгін жыныстық тәрбиені ұсынып отырмыз. Бәлкім, мен бұл мәселелерді жүрегіме жақын қабылдайтын шығармын, дегенмен кейде «мектептен аулағырақ жү­ріңіздерші» деп айтқым келеді. Мектепке ен­гізсек, бәрі түзеліп кетеді деген көзқарас қай­дан пайда болды, өзі? Ол енгізген дү­ниені кім жүргізеді, онымен кім ай­на­лы­сады? Мұнда ешкімнің шаруасы да жоқ. Мен бір кездері дінтану пәнін енгізуге түбегейлі қарсы болдым. Өйткені бізде дінтанудан бірде-бір маман болған жоқ еді. Ал біз аса нәзік мәселені еш да­йын­дық­сыз мұғалімдердің мойнына жүктедік. Ал мынадай тәрбиені балаларға кім тәп­тіш­теп, кім санаға дұрыс сіңіріп айтып бере алады. Мүлдем бұлыңғыр. Бұл мәселемен айналысатын маман болмай, оны енгізудің еш қажеттілігі жоқ. Ақыр аяғы оқушының миын ботқаға айналдырып, соған сынақ жасауды доғарайықшы.

"Алаш айнасы"