Жастардың жыныстық тәрбиесі алдыңғы орында болуы тиіс
2013 ж. 12 желтоқсан
8155
2
Мәжілістен шу шықты. Кеше Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында жастар мен жасөспірімдердің репродукциялық денсаулық бойынша ақпаратқа және медициналық қызметтерге қолжетімділік мәселесі талқыланған еді. Дәл осы проблемаға келгенде комитет ішіндегі депутаттар пікірі екіге жарылды. Бастамашыл топ «адамгершілік-жыныстық тәрбие мәселесін мектеп жасынан енгізелік», «бұл туралы ақпарат алу мен медициналық қызметке жүгіну жасын төмендетелік» десе, екінші тарап бұған қос қолдап қарсы. Қызды-қыздымен «некеге тұру жасын да төмендетелік» деген ұсыныстар да айтылып қалды.
Басынан бастайық. Надежда Петухова атты депутат бар. Сол ханым түрлі әлеуметтік зерттеулерге, қала берді, мектеп жасындағылардың ахуал-жағдайына алаңдаушылық білдіреді. Әлбетте, мәселе де жоқ емес. Мектеп жасындағылардың соңғы уақытта «жыныстық есеюі» көптеп тіркеле бастаған. Былтырлары ойнақтап жүріп от басқан, сөйтіп, оң жақта отырып-ақ жүкті болған 15 және 17 жас аралығындағы 5 мыңға тарта қыз бала тіркеліпті. Бұған қоса кәмелетке толмағандар арасындағы түсік жасату көрсеткіші артып отырған сыңай бар, 2012 жылы бұл шамамен мектеп жасындағы 3 мың жасөспірімді құраған. Осындай мәліметтерді алға тартқан депутат Петухова Мәжілісте қаралып жатқан «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау туралы» кодекске жыныстық және репродукциялық денсаулықты қорғау бойынша ақпараттарға қолжетімділік нормасын енгізудің реті келіп тұр деп санайды. Тағы да тарқатып айтсақ, депутат екі мәселені алға тартады. Оның біріншісі – ата-аналардың келісімінсіз-ақ репродукциялық денсаулық бойынша ақпарат алу мен медициналық қызметке жүгінудің жасын 18-ден 16-ға дейін төмендету. Байқағанымыз, біздің қолданыстағы заң бойынша гинекологтердің репродукциялық мәселе жөніндегі медициналық қызметіне ақпараттық келісім беру жасы 18-ден басталады. 16 жастағы жасөспірімдер тек ата-аналарының немесе қамқоршыларының келісімімен осындай қадамға барады. «Ал өркениеттілерде бұл жас біздікінен төмен», – дейді депутат Петухова.
Екінші мәселе – жасөспірімдер мен жастарға қатысты жыныстық тәрбие. Әлбетте, қоғамның қызу талқысын тудыратын дүние бұл. Өйткені көпшіліктің бір бөлігі үшін жыныстық тәрбие деген «табу» немесе мүлдем «жабық тақырып». Ендігі біреулер жыныстық қатынас әрбір адам өмірінің ажырамас бөлігі екенін, ондай тәрбиеге көз жұма қарау түрлі трагедияға әкеп соғатынын алға тартады. Сосын батыстық тәжірибелерге де жүгінетіндер баршылық. «Бұл туралы үндемей қою – қате, тіпті қылмыс. Дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінсек, Америка мен Германияда бұл туралы оқыту бес жастағы балабақшадан басталады, кейін мектепте жалғасып, онда маңызды отбасы құндылықтарымен сабақталады. Оқушылар тіпті дұрыс жыныстық ориентация ұстанады, тазалыққа, жыныстық жұқпалардан сақтануға үйренеді», – дейді депутат Петухова. Сөйтіп, депутат Батыстың тәжірибесін айтып, біздегі келеңсіз статистиканы тіркемелейді. Оның сөзіне қарағанда, жыл сайын жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің 22 мыңға тарта оқиғасы орын алады. ВИЧ-тің жастар арасындағы жағдайы 43,5 пайызға жеткен. Мерезбен ауыратын жасөспірімдер дамыған елдерге қарағанда, бізде 10 есеге дейін көп екен. Осындай оңдырмайтын фактілерді алға тартқан депутат Петухова төркіндете келіп білім беру мекемелерінің бағдарламаларына репродукциялық денсаулық мәселелері мен жыныстық тәрбиені қосудың қажеттілігін алға тартады. Халық қалаулысының пайымын қоғамдық ұйымдар, халықаралық қорлар өкілдері де жақтап шықты. «Бұл жастар үшін ұят болудан қалатын ашық мәселе болуы керек» дейді олар.
Алайда мұндай мәселенің тым нәзіктігін, кей тұстары қазақы менталитетке кереғар, жат екенін алға тартушылар бар. «Сіздердің айтып отырған ақылдарыңыздың бәрі қазақ топырағынан шыққан дүние емес. Батыстың ана елінен бір, мына елінен тағы бірін көшіріп алып, сонымен, қазақ менталитетін ескермей, балабақшадан бастап, мектеп пен қоғамға тықпалағыңыз келеді. Сананы улайсыздар. Бұдан түк те шықпайды. Сіздер айтқан көрсеткіш – сол тықпалаудың нәтижесі. «Ата-анамыз қарсы» дейсіз, сауалнамада «оңтүстіктің мұғалімдері бұған тіпті дұрыс қарамады» деп қорытасыздар, сонда сіз қайдан шықтыңыз өзі, сол кісілерге ақыл айтатындай? Сіздің бойыңызда ұлттық тәрбие бар ма, өзі?» – деп төтесінен кетті депутат Алдан Смайыл. Бұл ретте депутат бір кездері валеология пәні елімізде он шақты жыл бойы оқытылғанын, соның нәтижесі бүгінгі кері көрсеткіштерге ұласқанын алға тартады. Тоқтала кететін жайт – дәл осы Алдан Смайыл бастаған депутаттар тобы валеология пәніне осыдан үш жыл бұрын тоқсауыл қойылған болатын. Депутаттың пікірінше, әлгі валеология пәні жыныстық қатынастардан жастарды сақтандырудың орнына керісінше соған итермеледі.
Өз кезегінде депутат Жұматай Әлиев те жыныстық тәрбиеге қатысты ақпараттық қолжетімділікті 16-жасқа дейін төмендетуге қарсылық танытты. «Оны 16-ға төмендету үшін алдымен неке жасын да 16-ға дейін, тіпті 14 жасқа дейін төмендетелік. Сонда ғана келісуге болады. Сонда ғана біз жыныстық тәрбие туралы айтуға барамыз. Әйтпесе бірін көтеріп, екіншісін төмендету тіпті ақылға қонымсыз. Өз қолымызбен жыныстық тәрбиеге жол беріп, оның нәтижесінен қағатын біз кімбіз сонда?», – дейді ол.
Алдан СМАЙЫЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қазақтың ұлттық тәрбиесін мектеп жасынан, балабақшадан бастап дұрыс сіңіре оқытсақ, бізге валеология да, басқа пәннің де түкке қажеті жоқ. Халықтың діңі болатын дәстүрді неге зерттемейміз, Батыстың тәсіліне мойын соза бергенше. Елдің өзегін түсінбей тұрып, басқа жұрттың тәжірибесін сіңіру – ұрпақ алдындағы қылмыс. Мектепте мұндайға жол беруге болмайды. Қоғамдағы кері көрсеткішке кінәнің бәрін жыныстық тәрбиенің болмауына тіреу – түбірімен қате. Валеология секілді пәнді мектепке қайта апарудың түкке қажеті жоқ. Ондайды енгізу үшін бұны ,ең алдымен, ұлттық тәрбиемен, ұлттық менталитетпен, ұлттық педагогикамен байланыстыру керек. Жалаң еуропалық форманы қазақ арасына себудің залалы зор. Сондықтан мұны тоқтатыңыздар.
Жұматай ӘЛИЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қытай «бір отбасы – бір бала» саясатынан бас тартып жатыр. Испания түсік жасатуға мүлдем тыйым салатын заң жобалауда. Ал бізде ше? Тәуелсіз ақпараттар бойынша 3 млн әйел түсік жасатады. Жарайды, жасатсын, ал одан кейінгі әйелдің бала туу қабілеті сақтала ма? Мәселе – сонда. Ал біз мынадай дүние енгізсек, түсік жасатудың көкесін сонда көреміз. Оңтүстік Қазақстан облысында ата-аналар да, мұғалімдер де қарсы деп мына халықаралық сарапшылар өздері айтады. Ал біз бұны қабылдасақ, оларға қай бетімізбен қараймыз? Мен де мүлдем қарсымын.
Гүлмира ИСІМБАЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Кеше дінтанудың сағатын арттырайық дедік, бүгін жыныстық тәрбиені ұсынып отырмыз. Бәлкім, мен бұл мәселелерді жүрегіме жақын қабылдайтын шығармын, дегенмен кейде «мектептен аулағырақ жүріңіздерші» деп айтқым келеді. Мектепке енгізсек, бәрі түзеліп кетеді деген көзқарас қайдан пайда болды, өзі? Ол енгізген дүниені кім жүргізеді, онымен кім айналысады? Мұнда ешкімнің шаруасы да жоқ. Мен бір кездері дінтану пәнін енгізуге түбегейлі қарсы болдым. Өйткені бізде дінтанудан бірде-бір маман болған жоқ еді. Ал біз аса нәзік мәселені еш дайындықсыз мұғалімдердің мойнына жүктедік. Ал мынадай тәрбиені балаларға кім тәптіштеп, кім санаға дұрыс сіңіріп айтып бере алады. Мүлдем бұлыңғыр. Бұл мәселемен айналысатын маман болмай, оны енгізудің еш қажеттілігі жоқ. Ақыр аяғы оқушының миын ботқаға айналдырып, соған сынақ жасауды доғарайықшы.
"Алаш айнасы"