Керексіз қағазбастылық қазақстандық оқытушыларды шырмауыққа шырмап тастаған
2013 ж. 29 қараша
3346
2
Әуесбайдың Қанаты журналистика саласында таныс есім. Журналист ұзақ жыл «Қазақстан» арнасының жаңалықтар хабарында өзекті репортаждары мен «Қазақстан. Менің елім», «Апта.КЗ», «Өзекжарды», «Алаң» бағдарламалары арқылы танылды. Тәжірибеде ысылған маман біраз жылдан бері журналистикадан студенттерге дәріс оқып жүр. Бүгінде Қанат Британияның Норвич қаласындағы Шығыс Англия университетінде «Болашақ» бағдарламасы аясында білімін шыңдап жүр. Жуырда Елбасының қатысуымен Астанада өтетін «Болашақ» стипендиаттарының дәстүрлі форумы қарсаңында біз Қанатпен британдық білім, ғылым ерекшеліктері турасында әңгімелестік.
Кейіпкер туралы дерек: «Болашақ» халықаралық Президент стипендиясының иегері, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия Ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің доценті, Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, «Серпер» жастар сыйлығының иегері.
– Қазақстанның Болондық жүйеге өткендігі белгілі. Оған біраз жыл да болды. Кредиттік жүйе деген батыстан келгендігін ескерсек, біз осы жүйені қаншалықты меңгердік деп ойлайсыз?
– Сауалыңызға рахмет. Бірден айта кетерім, мен бұл сұхбатқа отандық білім саласын зерттеуш іретінде емес, білім-ғылымдағы үрдістерді сырттай байқап жүрген журналист ретінде жауап берсем деп ем. Өйткені, бұл өте күрделі, ауқымы кең тақырып. Ал жалпысында білім саласындағы бұл реформаның нәтижесін кемінде 10 жылдан кейін айтуға болады. Өйткені, дәл осы уақытта университет бітірген маман қызметке тұрып, өз біліктілігін көрсете бастайды. Ал Қазақстанның Болон процесіне қосылғанына небәрі 3 жыл. Ендеше білім беру жүйемізді батыстық үлгіге сәйкестендіруді көздейтін Болон процесінің нәтижесін аз дегенде 2023 жылы ғана айтуға болады. Менің білерім тек кез келген өтпелі кезең, реформа «сырқатсыз» өтпейді. Қазіргі Қазақстан студенттері тұтастай реформа, өтпелі кезең заманында білім алып жатқасын өзбасым оларға тек «бекем болсын» деуден артық ештеңе дей алмаймын. Дейтұрғанмен, Қазақстан Еуропа білім беру қауымдастығының толыққанды мүшесі болған Орталық Азиядағы бірінші мемлекет екенін ескеру керек. Ал бірінші бастау қашан да оңай болмаған. Өз басым Болон процессіне қатысты ұстанымымды бұл жүйені айыптаушы емес, әліптің артын бағушы ретінде қарастырамын. Ал қаншалықты меңгердік дегенге келер болсақ, мен меңгеру үстіндеміз деп айтар едім. Бір ғана мысал. Кредиттік білім беру жүйесі әр студенттің өзін индивид ретінде сезініп, дәрістерді өз қалауынша таңдауды көздейді. Біз Англияға ең алғаш келгенде, әрбір оқытушы студенттер алдына келіп, кіріспе дәріс өткізді. Онда әр лектор «егер менің сабағыма қатыссаңдар, мына тақырыптар бойынша білім аласыңдар» деп қызықтыра бастайды. Студенттер құдды, бір лекторларды «сатып алушы» сияқты. Яғни, кредиттік технологияның бұл талабы Британияда барынша сақталады. Қазақстанмен айырмашылығы да сонда. Біздің елде студенттердің пәндерді таңдауы тек сөз жүзінде ғана. Іс жүзінде студент ол сабақты оқығысы келе ме, келмей ме? Онымен әзірге, ешкім санасып жатқан жоқ. Өйткені, «студенттер бір оқытушыны таңдай берсе, басқа оқытушыларға сағат жетпей қалады» деген ішкі себебі бар. Содан келіп, кейде студент өзі таңдауы тиіс элективті пәндерді сыртынан деканаттан біреулердің таңдатып жібергенін бірақ біледі. Бірақ бұл уақытша келеңсіздік деп сенейік.
– Жақында білім және ғылым министрлігі Қазақстандағы ЖОО-ның автономды жұмыс істейтіндігін мәлімдеді. Ал Батыс осы жүйе бойынша шәкірт оқытып келеді емес пе? Осы мәселе жөнінде не айтасыз?
– Жоғары оқу орындарының автономдылығы бұл Болон процесінің басты критерийлерінің бірі-тұғын. Біздің білім және ғылым министрлігі еуропалық білім беру стандартының сол талабын орындауға қазір кірісіп жатыр. Жасырары жоқ, мұның алдында оқу орындарының дербестік мәселесі кешеуілдеп келгені рас. Оны бұрынғы министр Бақытжан Жұмағұловтың автономдылыққа қатысты қарсы ұстанымынан да аңдауға болатын. Парадокс сонда, министрліктің бұрынғы басшысы бір тараптан Қазақстанның Болон процесіне енуін құптағандай болса да, автономдылыққа келгенде бүйрек бұра қойғанын байқамадық. Неге? деген сұрақтың дәл жауабын бере алмасам да, бәрі түсінікті сияқты. Университет, институттарға түбегейлі «тәуелсіздік» берер болса, әрқайсы «өз бетімен» кетіп, министрлікке мүлде «бағынбай кетуі» мүмкін ғой. Яки, мұндай жағдайда министрлік оқу орындарына ықпал ету тетігінен айырылып қалады. Қызықтың көкесі сонда болады. Осыдан аз уақыт бұрын докторлық диссертациясындағы плагиаттық туралы айыпталған Германияның білім министрі Анетта Шафанды Генрих Гейне атындағы университет ғылыми дәрежесінен айырғаны есте. Ақыры плагиаттығы әшкере болған министр қызметінен кетуге мәжбүр болды. Ал барлық қызметі білім және ғылым министрлігіне байланған Қазақстан жағдайында университеттің министрді ғылыми дәрежесінен айыруы әзірге тек «өзі отырған бұтақты кескенмен» бірдей, тиісінше ертегідей елестейді. Десе де, Болон процесі бекіткен «Университеттердің Ұлы хартиясы» аталған құжатқа сәйкес университеттер толықтай саяси және экономикалық биліктен тәуелсіз жұмыс істеуі керек. Ал биліктің вертикальдығы қалыптасқан Қазақстанда әзірге оқу орындарын басқарудағы вертикальділікті енгізуді ұсыну өте батыл бастама деп ойлаймын. Тағы бір мысал айтайын, бір кездері елімізде PhD докторларын дайындау қолға алына бастағанда докторанттың ғылыми дәрежесін университет өзі бекітетін. Бұл да жоғары оқу орны автономиясының бір сипаты еді. Кейінгі жылдары бұл құзыретті білім және ғылым министрлігі өзіне алды. Ал мұның өзі Болон процесі стандарттарына қайшы екені бесенеден белгілі. Бірақ бұл кереғарлық та уақыт өте түзелеріне сенімім мол.
– Шетелде жүрсіз. Өзіңіздің оқу-зерттеу бағытыңыз жайлы аз-кем айта кетсеңіз?
– «Болашақ» бағдарламасы аясындағы ғылыми-педагогикалық тағылымдама екі бағытты көздейді. Біріншісі, өз салаң бойынша оқыту әдістемесін үйрену болса, екіншісі, зерттеу жұмысы. Мен осының екеуіне де ықылас қойдым. Өз салам журналистика болғасын, медиа оның ішінде “social media marketing” (SMM), яки әлеуметтік медианың маркетингін зерттеуге ден қойдым. Бұл сала Қазақстан тұрмақ, көрші Ресейдің өзінде әлі кенже дамыған. Тіпті, орыс тілінде тиісті әдебиеттердің өзі жоққа тән. Қазақстанда осы салада жүрген аз ғана адамды білемін. Мәселен, «Vox populi»порталының жетекшісі Әлішер Елікбаев. Әлеуметтік медиа маркетингінің маңызын қысқаша түсіндіре кетсем, бұл тауарды әлеуметтік желілер арқылы танытып, соның жаппай саудаға өтіп кетуіне септесу. Тіпті, бұл жерде тек тауар емес, адамды да әлеуметтік желілер арқылы барынша танымал етуге болады. Бұрындары егер газет, телеарна, радио арқылы тауарға жарнама жасап, танымал етуге болатын болса, қазіргі таңда бұл әлеуметтік желілер. Яғни, бүгінде фейсбук, туиттер, ЛинкедИн желілерінде неғұрлым көп оқырман және ютюбта көп көрермен жинай алған пайдаланушы ғана өз өнімін көбірек өткізе алады. Әрине, мұндай маркетинг оңай болып көрінуі мүмкін. Бірақ фейсбукке сурет салып, астына жазба қалдыруды медиа маркетингкке жатқыза салу қате. Мұндағы маркетинг сөзі аясына өз аудиторияңды дұрыс анықтай біліп, оны зерттей біліп, қоғамға олардың сұраныстарын қанағаттандыратын постылар жазуға дейін бәрі сиып кетеді. SMM-ды жақсы игеру үшін онымен мақсатты түрде бірнеше жылдар бойы айналысу керек. Өзімнің мақсатым осы SMM-ды барынша пән ретінде оқытуды игеріп, оралған соң, оқу бағдарламасына енгізуге күш салсам деймін.
– Сіз оқып жатқан университет оқытушылары жайлы айта кетсеңіз? Оқытушылардың қызметі қалай бағаланады?
– Британияның профессорлары 50% оқытушылықпен айналысса, қалған 50% жұмысын зерттеуге арнайтыны үлгі аларлық. Яғни, бұл зерттеудің аясына түрлі мақсаттық зерттеулер, мақала шығару, ғылыми еңбек, оқулық, кітап жазу кіреді. Ол үшін ағылшындық профессорларға арнайы уақыт та бөлінген. Қазақстанға келер болсақ, біздегі ғалым-оқытушылардың зерттеумен айналысуға көп уақыты бола бермейді. Себебі, қарапайым. Көбірек жалақы алу үшін мұғалімдер оқу жүктемесін асыра алып, дәріс беруден қолы тимей әуреленіп жүреді. Одан қалды, керексіз қағазбастылық та қазақстандық оқытушыны шырмауықша шырмап тастаған. Оған толып жатқан кездесу, концерттерге жөн-жосықсыз студенттерді босату да оқытушыны негізгі жұмысынан бөлетіні жасырын емес. Ғалымдардың ғылымнан алшақ кеткені туралы Елбасы 2011 жылғы жыл сайынғы жолдауында да айтқан. Яғни, президенттің сөзіне сәйкес, ғылым кандидаттарының 60-тан тек біреуі, ал докторлардың 37-сінің тек біреуі ғана ғылыммен айналысқан екен. Ал мен оқитын университетте мүлдем өзгеше. Медиа саласы болғасын мұнда университет оқытушылары тек академикалық білім беретін теоретиктер ғана емес, тәжірибе жүзінде ысылған, медиа саласында жұмыс істеген мамандар да сабақ береді. Оқытушыларды бағалау мақсатында рейтингкке де жіті мән беріледі. Ұстаздардың жалақысы да студенттердің бағалауына сәйкес төленеді. Яки, неғұрлым көп рейтинг жинаған оқытушының тиісінше айлығы да жоғары. Одан бөлек, кураторлар, яғни тьюторлар әр студенттің қалауынша жеке-жеке кездесу өткізіп, оқу барысы, қай ұстаздың сабағы қалай, қай пәнді игеру қиынға соғуда деген сияқты тақырыптарда әңгімелеседі. Мұны «тьюториалс» деп атайды. Сондай-ақ, студенттермен бірге «housekeeping» өткізіледі. Бұл куратордың өз студенттерімен кездесіп, оқу барысы және алда келе жатқан қоғамдық-мәдени шараларды талқылап, ақылдасып-кеңесуі.Оған қоса, әр елдің бұқаралық ақпарат құралдары туралы да кеңінен осы жерде талқыланады. Одан өзге айта кетері, барлық дәріс тек проектор арқылы презентация ретінде өткізіледі. Ұзынсонар парақтан дәріс оқып отыратын оқытушылардың заманы келмеске кеткен. Барлық дәріс міндетті түрде «айтсаң ұмытып кетемін, көрсетсең есіме сақтап алам, кірістірсең үйреніп аламын» деген қағидатқа сәйкес өтеді. Тағы бір ерекшелігі, дәріске бармай қалсаң, барлық материалды университеттің сайтындағы порталдан алуға болады. Одан қоса, сабаққа қатысты барлық материал, пайдалы әдебиеттер, студенттердің университеттік поштасына жіберіліп отырады. Барлық қоғамдық шаралар туралы да студенттер пошта арқылы құлағдар болып отырады. Оған студенттің қатысу-қатыспауы да өз еркі. Оқытушылардан бөлек, Британ университеттерінің өлкетану шараларына белсенділік танытып, ел-жерді көрсету мақсатында туристік компаниялармен жақсы жұмыс істейтінін байқадық. Яғни, шетелдік студенттер мұнда келгенде «қайда барам» дегенмен бас ауыртпайды. Университет туристік компаниямен бірлесіп, Британияның көзайым, көрікті жерлеріне, түрлі тарихи қамал, сарайларды көрсету үшін түрлі турлар ұйымдастырады. Қазақстан университеттерінде болса қалыс қалған сала осы туризм дер едім.
Әңгімелескен
Сейілбек Асан
Алматы-Норвич