Ақша жинаудан жалыққан мұғалімдер директордың кетуін талап етуде

mekАлматы іргесіндегі Қошмамбет ауылында бүгін мектеп мұғалімдері сабақты қойып наразылыққа шықты. Ұстаздар ақша жинаудан мезі болдық деп отыр. Айтуларынша, қыркүйек айында жаңа директор келгелі жарытып жалақы алудан қалған. Онсыз да мардымсыз ақшаның жартысын түрлі сылтаумен директор қайта жинап алады екен. Ашуға мінген ұстаздар тіпті құлқыны кең басшының әрекетін жасырын камераға да түсіріп алыпты.

Қошмамбеттің құтын қашырған шуға тегінде даудан басын алшақ ала жүретін ұстаздар себеп. Жүздеген баланың сауатын ашып жүрген жандар қайткенде басшының бабын табамыз деп әбігер. Қыркүйекте тағайындалған жаңа директор тірнектеп жиған табысымызға қырғидай тиді деп наразы. Бас-аяғы 72 мұғалім қайтіп бала бағамыз деп емес, қайткенде ақша табамыз деп әуре. Кенже Халықова, мектеп мұғалімі: Істемейміз емес, істеп жатырмыз. Сабақтарымызды беріп жатырмыз. Бірақ мына ақшадан біз шаршадық. Газетке жинау.  Жол...ана  кітапханаға әкеледі кітапты, соны жинаңдар дейді. Біз шаршадық. Қаржыдан қысылып басшысына да қосшысына да сұс көрсеткен ұстаздар мұнда ұзақ тұрақтап қалмайды екен. Анарбек Ерқараев,мектеп мұғалімі: Ақша бермейміз десеңіз сіздің сағатыңыз қысқартылады. Сіз 8-9 сағатпен жұмыс істей алмайсыз. Сіз 18 000 теңгемен жұмыс істей аласыз ба? Амалсыз ақша берген ұстаздар мен директордың арасында делдал болған жандар да қажып біткен. Тоқтамайтын бопсадан бастарын арашаламақ болған олар жасырын камераға жүгініпті. Сөзсіз-ақ ұғынықты мұндағысы... Өйткені өзім деп алғаннан кейін ұрыссам да өзім деп ұрысамын. Жақсы сөз айтсам да, өзім деп айтамын. Өйткені алған кадрімді жерге тастамауым керек қой. Өз кадрлерін көзінің қарашығындай қоритын директор аз-кем амандық сұрасқан соң көліктен шығып жөніне кетті. Тілшілермен дидарласқанда да ақша жинайтынын жасырмады. Анар Болымбетова,мектеп директоры: Жинайды деген сөзін жоққа шығара алмаймын. Но бірақ енді керек тиісті мүдделерден шығу үшін мен жинадым. –Бірақ мүдделерді айтпайсыз? -Мүдделерін айта алмаймын. Осылайша жұмбақ күйінде қалған жайттың жай-жапсарын жайып салуы тиіс аудандық білім бөлімі болса бүгін мәселенің ақ-қарасын ашып айтудан бас тартты. Құты қашқан Қошмамбет мектебіндегі директор мен ұстаздардың ұстанған ұстанымы бүгінде бәз-баяғы қалпында қалды. Басы ауырмағанның балтыры сыздамағанмен шаруасы жоқтың кері келіп тұр. Егер бүгін бас көтерген басқосудан соң да түйткілдің түйіні тарқамаса 70-тен астам ұстаз үшбу хаттарын арқалап бас қаладағы басшылардың табалдырығын тоздырмақ.
 "КТК" арнасы