Ең реформашыл министрліктің қарызға батуы
2013 ж. 25 қараша
1325
0
Еліміздегі ең реформашыл министрлік мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқарып, күнделік, айлық, жылдық жоспарды, журнал мен табельді электронды жүйеге көшіріп, еліміздегі бүкіл ұстаздардың ауырын жеңілдетіп, «қағанағын қақ, сағанағын сақ қыламыз» деген болатын. Сондай-ақ электронды оқулықтар электронды форматта болады деп сендірген еді. Аталмыш жүйені ел Президенті құптап, ел қамбасынан 30 млрд теңге қаражат та қарастырылды. Білім ордаларын электронды жүйеге көшіру «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясына жүктелді. Алайда ауылдарды былай қойғанда, қалалардағы білім ошақтарында тәлім-тәрбие беріп жүрген ұстаз қауымының электронды жүйеге қарық болғаны шамалы.
Жалпы, білім ошақтарын электронды жүйеге өткізу жайлы әңгіме Б.Жұмағұлов тұсында басталған болатын. Тіпті министрлік мамандары «баланың күнделікті бағасы ата-анасына sмs хат арқылы жіберіліп тұрады, үй тапсырмасын қадағалау әлеуметтік желі арқылы жүргізіледі, кез келген қажетті оқулықты, ондағы тақырыпты оқушы тырнақ ұшын компьютер түймешесіне тигізу арқылы бір сәтте тауып алады, мұғалімдерді қағазбастылықтан біржолата құтқарамыз» деп айтқан болатын. Сол мақсатқа жету үшін ақша да бөлінді, алайда жүйенің аяғына жем түсіп, шабандап қалды. Өйткені біздің елдегі білім саласы мұндай бәйгеге дайын емес болып шыққан.
Мұрат ӘБЕНОВ, Білім және ғылым министрлігінің экс вице-министрі:
– Жүйені жүзеге асыру бойынша барлық облыстарда проблема жетіп-артылады. Биылғы жылы 570 білім ошағы электронды жүйеге қосылуы тиіс болса, қазіргі таңда олардың тек 40-ы ғана жүйеге қосылған. Олардың өзі толық емес. Жүйедегі басты функцияның бірі – электронды оқулықтар енгізу. Яғни оқушы қажет кезде сабақта, үйде онлайн режимінде оқулықпен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болуы керек. Алайда біз тексеру жүргізген бес аймақтың бірде-бірінде электронды оқулық енгізілмегені белгілі болды. Бағдарламаны орнатушы компания мамандары электронды оқулықтардың жүктелгенін айтып, мектептерде білікті маман жоқтығын алға тартып, ақталмақ болды. Алайда компания мамандарын шақыртып, бағдарламаны қосқызғанымызда, өздері қажет оқулықты таба алмады. Бірақ сол бағдарлама үшін қыруар қаржы жұмсалып жатыр. Жалпы, жобаны жүзеге асыруға 30 млрд теңге қарастырылған. Компьютерлік техникалар мен қосалқы жабдықтар жоғары бағамен сатып алынған. Мысалы, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясының құжаттарында бір мектепке 200 антивирус бағдарламасы сатып алынғандығы және келесі жылы олардың қайта жаңартылуына 500 млн теңге жұмсалатыны көрсетілген. Қай мектепте сонша компьютер бар? Қарапайым журналды, кестені қарау үшін бағдарламаның ашылуын 10-15 минут күтіп отырасыз. Бағдарлама өте баяу жұмыс істейді.
Білім министрлігі мамандары «жауапты компания жүктелген міндетті орындай алмай отыр» десе, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясы «біз бар жұмысты жоспар бойынша жасап келеміз» деп айтқанынан танбай, жаз айында келіспеушілік қылаң берген болатын. Осылайша орындаушылардың жұмысына көңілі толмаған Білім және ғылым министрлігі сапасыз жұмысқа ақша төлеуден бас тартқан. Нақты айтқанда, атқарылған жұмыс үшін төленуі тиіс 15 млрд теңгенің алғашқы 5 млрд тенгесі төленіп, қалған 10 млрд теңгесі төленбей отыр.
Дау қайта жалғасты
Жазда бастау алған келіспеушілік күзде дауға ұласты. «Білім және ғылым министрлігінен атқарған жұмыс үшін ақшамызды ала алмай отырмыз» деген компания басшылығы «егер Білім және ғылым министрлігі мәселені шешпесе, онда сотқа жүгінеміз» деп отыр. Алайда министрлік қалған қаржыны төлей алуы екіталай, өйткені білім ошақтарында электронды жүйе енгізуге қарастырылған қаржының 10 млрд теңгесі 2013-2015 жылдарға арналған бюджетті нақтылау кезінде алынып тасталған.
Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, BILIM MEDIA GROUP ЖШС директоры:
– Жүйені жүзеге асыру үшін 500-ден астам маман тартылды. Барлық жұмыстар жоспар бойынша жүргізілді. Алайда биылға деп бөлінген қаржының қысқартылуы келісімшартты бұзуға әкеледі. Оның үстіне, біздің компанияға қарайтын бірқатар ұйымдар банкротқа ұшырауы мүмкін. Бұл мәселені сотқа жүгінбей-ақ, министрлікпен келісімге келу арқылы шешеміз деп үміттенемін.
Білім және ғылым министрлігі болса, e-learning бағдарламасына бөлінген бюджет қаржысының қысқаруына байланысты берешегімізді төлей алмай отырмыз» деп ақталуда. Сондықтан компаниямен арадағы келісімді бұзбақ. Ал тапсырысты орындаушылар «биыл 500-ден астам мектепке компьютер және интернет кіргізіп, жаңа жобамен жұмыс істеудің әдісін үйретіп қойып едік» деп дауға билік айтсын деп мәжіліс депутаттарына жүгінген. Бір қызығы, миллиардтаған қаржы жұмсалып жасалған бұл жобаны оның авторлары Мәжіліс қабырғасына келіп, e-learning-тің балаға не беретінін түсіндіре алмай састы. Ал халық қалаулылары, тіпті жүйе енгізілген күннің өзінде онымен жұмыс істейтін мамандардың жоғын айтып отыр.
Дариға НАЗАРБАЕВА, Мәжіліс депутаты:
– Көптеген мектептер ғаламторға қосылмаған. Ал e-learningе-пен жұмыс істейтін маман жоқ. Білім министрлігі жаңа жобаны қолға алғанда, оны оқушыға үйрететін мұғалімнің керек екенін ескермеген. Бір сөзбен айтқанда, орта білім беру саласы, жалпы, бұл бағдарламаны қабылдауға дайын емес.
Даудың немен бітерін уақыт көрсете жатар. Ал қазірге белгілісі – Білім және ғылым министрлігінің жұмыс істейтін маманы жоқ жүйені енгізбек болып, қаржы шашып, дауға шатылғаны. Ендігі жерде желге ұшқан қаржы мен авторларының өздері түсінбейтін жоба үшін кім жауап беруі тиіс?!
Қалдар КӨМЕКБАЕВ
"Алаш айнасы" газеті