Білім министрлігінде 200 млн теңгеден астам ақша ұрланды

Доллары наваломҚаржы полициясы ҚР Білім және ғылым министрлігінде 200 млн теңгеден астам бюджет қаражатының ұрлануын анықтады деп хабарлайды Қазақстан жаңалықтары ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"2013 жылғы 18 қыркүйекте Астана қаласы бойынша Қаржы полициясы департаменті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты 2012 жылы Шығыс-Қазақстан облысында балалар-жастар қозғалысын дамытуға бөлінген 10 млн теңгеге жуық бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады", - делінген хабарламада. Ведомствоның мәліметінше, бюджет қаражаты атқарылмаған жұмыстарды қабылдау актілеріне қол қойып, ақшалай қаражатты "Заманауи әлеуметтік технологиялар" қоғамдық қорына аудару арқылы ұрланған. "2013 жылғы 4 қарашада ҚР Білім және ғылым министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты 10 млн теңгеге жуық мемлекет қаражатын ұрлау фактісі бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Ақшалай қаражат 2012 жылы Алматы қаласында балалар-жастар қозғалысын дамытуға бағытталған іс-шараларды өткізу жұмыстарының жалған актілерін пайдалану жолымен ұрланған", - деп атап көрсетілген хабарламада. Сонымен қатар 2012 жылы Алматы облысында балалар-жастар қозғалысын дамытуға бөлінген 14 млн теңге бюджет қаражатын ұрлау фактісі анықталды. Бұл дерек бойынша 2013 жылғы 6 қарашада ҚР Білім және ғылым министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оларға аталған бюджет қаражатын атқарылған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою арқылы ұрлады деген күдік тағылуда. Одан бөлек қаржы полициясы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің "Биотехнологиялардың ұлттық орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынының есеп-шоттарынан 169 млн.теңгенің ұрлануын анықтады. 2013 жылғы 27 қыркүйекте аталған қаражат банк-клиент жүйесін пайдалану арқылы "Bioengineering group" және "Шукур" ЖШС-нің шоттарына құрал-жабдыққа төлем ретінде заңсыз аударылған.

Бұл факт бойынша 1 қазанда Астана қаласы бойынша Қаржы полициясы департаменті қылмыстық іс қозғады. "Бүгінгі күні аталған қылмыстарды жасауға қатысы бар лауазымды тұлғалар анықталуда",-деп қорытындыланған хабарламада.

nur.kz