Болашаққа баспалдақ балабақшадан басталады

1
9310

Балабақшаның ел болашағы мақсатындағы маңыздылығы айқын. Әсіресе, қазіргідей күн сайын қарыштап дамыған қоғамда бүлдіршін шақтан заман ағымына ілесе алатындай қабілетті жеке тұлға болып қалыптасуға бөбектердің балабақшада бейімделетіні анық. Жақсы өмір сүруге талпыныс, ортаға икемділік, салауатты өмір салтына дағдылану, міне, мұның барлығын бала мектепке дейінгі білім ұйымдарының қабырғасында жүріп үйренуі тиіс.

 Үйде тәрбиеленген бала­лардың барлығы бірдей ба­лабақшадағыдай жан-жақты тәлім-тағылым алуға мүмкіндігі бола бермейтіні ақиқат немесе көп нәрсені еркелікке жеңдіруі ғажап емес. Бұл тұрғыда бүгінгі балабақша ұжымына қойылар талап жоғары.
Қызылорда қаласында «Балапан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысына тоқтала кетейік. Елбасы балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамтамасыз ету мақсатында «Балапан» бағдарламасы арқылы 2020 жылға дейін балабақшамен толық қамту міндетін қойып отыр.
Қазір қалада 108 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 11 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Биылғы жаңа оқу жылында қалада 5 жаңа білім ордасы, 7 балабақша және 2 шағын орталық пайдалануға берілді. Қалалықтардың балабақшаға сұранысын қамтамасыз ету үшін жыл басынан бері 290 орынды құрайтын барлығы 3 бұрынғы балабақша ғимараттары қайтарып алынды. Наурыз елдімекенінде 140 орындық, «Қызылжарма» ауылында 280 орындық балабақшалардың құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін 3 жеке балабақша пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, биылғы осы бағытта жасалған жұмыстар қорытындысымен жыл соңына дейін балалардың 73 пайызы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамтылады.
Жақында қала орталығындағы «Шұғыла» мөлтек ауданында ашылған жаңа балабақшаның ішіне енбей-ақ сырт келбетінен бүгінгі таңдағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жүктеліп отырған міндет ауқымды екенін аңғаруға болады. 320 орындық «Шұғыла-2» балабақшасының ашылу салтанатына келушілер көп болды. Өте жоғары талғаммен салынған ғимараттың алғашқы іс-шарасы да жоғары деңгейде өткеніне сол жерде жиналған қауым түгелдей куә болып, ризашылықтарын білдіріп жатты.
Іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова өңірдегі балалардың балабақшамен қамтылуына үлес қосқан құрылтайшыларға алғысын жеткізіп, аталған шаңырақтың сәбилердің шаттығына бөленуіне тілек білдіріп, балабақша құрылтайшысы, облыстық мәслихат депутаты Сейітқали Алшынбаевты облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапаттады. Ал Қазақстан Республикасы Парламентінің сенат депутаты М.Мұхамедов өз сөзінде С.Алшынбаевтың балабақша салу тарихы туралы естелік айта кетті. Сөйтсе, екеуі шетелге барғанда керемет бір ғимаратты көріп, Сейітқали сол ғимаратқа қызықса керек. «Осындай ғимаратты Қызылордаға қалай апарсам болады» деген ой туындап тұрғанын да жасырмапты. Сонда серіктесі: «Істің ең ізгісі – бала тәрбиесі. Егер Қызылордада осындай ғимарат салғың келсе, бала тәрбиелеу ісіне арнаған абзал болар еді – деп кеңес беріпті кәсіпкердің серіктес досы М.Мұхамедов. Содан бері ашық сарғылт жасыл түс Сейтқалидың брендіне айналды» – деді ол.
Жалпы, жиын барысында игі іске ұйытқы болып жүрген облыстық мәслихат депутаты Сейітқали Алшынбаевтың елге сыйлы азамат екендігі тілге тиек етіліп, жұртшылықтың жаудырған алғыстары молынан төгілді.
Балабақша құрылтайшысы С.Алшынбаев та сөз алып бүлдіршіндерге арналған киелі ордада болашақтың тірегі болар өскелең ұрпақтың дамыған қоғамға сай тәрбиеленуіне негізделген жұмыстар жүретініне сенім білдірді. Лента қию рәсімінен соң балабақша ғимаратына енер тұста «төбеден жауған» тәтті шашулар көп болды.
Ғимарат іші кең, жарық, таза, соңғы үлгіде заман талабына сәйкес жабдықталған. Әрбір топтың қазақша нақышта аталуы оларға ерекше ажар беріп тұрғандай. Балабақша ішін тәрбиешілердің сары түсті бірыңғай формалары да ерекше көріктендіріп тұр. Балдырғандарды қарсы алатын, ойнайтын, тамақтанатын, жуынатын, демалатын орындар, бәрі-бәрі өте жоғары үйлесімділікпен жарасым тапқан. Екінші қабат жоғарғы топ бүлдіршіндеріне лайықталып орналастырылған. Олардың бір мезгіл сабаққа әзірленуіне қажетті құрал-жабдықтармен де қамтамасыз етілген екен. Кіреберіс фойе ой дамытатын шахмат ойынын үйренетін бұрышқа арналған болып шықты. Қысқасы, балалардың тәрбиеленетін ордасы «жұмақтай» екен деген теңеуге лайықты көрінеді. Бұл «Сымбат ойл» ЖШС-нің директоры, “Білім меценаты” атанған Сейітқали Алшынбаевтың ашып отырған екінші балабақшасы. Осыған дейін кәсіпкер 350 орындық балабақша ашып, онда 89 тұрғынды тұрақты жұмыс көзімен қамтамасыз еткен болатын. «Шұғыла-2» балабақшасында 109 жаңа жұмыс орны ашылып, сонымен қатар, кәсіпкер қызметкерлерді тегін тамақпен, жұмысқа тегін қатынау жағдайымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл жеңілдік қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуда үлкен қадам. Әрине, кәсіпкердің өз пайдасын ғана ойлап қоймай, қызметкерлерінің жағдайын жақсартуға бағытталған қадам жасауы азаматтық іс.
Балабақша балаларға арналған орталық іспеттес. Балдырғандар әсем безендірілген ғимаратта, жайлы жағдайда өскелең ұрпақты жан-жақты дамытуға көңіл бөлетін білікті мамандардан дәріс алады. Мектепке дейінгі білім беру ұйымында көптеген үйірмелер, спорт, хореография мәжіліс залдары, сондай-ақ, бассейн және қызметкерлер демалатын орын да қарастырылғандығын жеткізді С.Бегманұлы. Жаңа үлгідегі «Шұғыла-2» балабақшасын ашу үшін «Сымбат ойл» ЖШС-нің директоры Сейтқали Бегманұлы «Альянс банк» АҚ-нан несие рәсімдеп, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несиесінің пайыздық үстемесін 6 пайызға төмендетіпті. Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттің қолдауымен қазіргі таңда жаңа бизнес жобаларды жүзеге асырып қана қоймай қаражатымызды үнемдеу арқылы жобаны модернизациялап отырмыз – дейді ол. Кім-кімнің де бауыр еті баласына барлық жақсылықты арнаудан аянбайтыны заңдылық. Ендеше, ел болашағы бүлдіршіндер үшін мүмкін игіліктерді орнатуға күш салған С.Бегманұлының жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленуі артықтық етпейтіні сөзсіз.
Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының қоғамның қай саласына болмасын оң ықпалын тигізуі аталған бағыттағы жұмыстардың тиісті үдеден шыға білгендігінің көрінісі.

                                                                                                                                                                                                                     Раушан СӘДУОВА
                                                                                                                                                                                                                         өз тілшіміз,
Қызылорда облысы

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз