Жаңа білім министрі Сәрінжіпов жоспарын іске асыра ала ма?!

20130902183620Білім және ғылым министрлігінің жа­ңа басшысы Аслан Сәрінжіпов отан­дық білім беру саласын жа­ңа­­­ша дамытуды көздейді. «Ба­ла­­­бақшалардың санын барынша арт­тырсам, мектептерде білім бе­рудің жаңа стандартын ен­гіз­сем» дейді. Сосын министр мем­ле­кеттік университеттерді жаппай же­ке­меншікке көшіргісі келетін тәрізді. Жә­не бір қызығы, өз қазақшасы ке­ремет бол­ма­са да, министр қазақ ті­ліндегі білім беру ошақтарының са­нын арттыруға мүд­делі. Үкіметтің ке­шегі отырысында су жаңа министр ре­тін­де алғаш рет баян­дама жасаған Аслан Сәрінжіпов алдағы жоспарлары туралы кеңінен баяндаған болатын. Білімді министрдің экономика ғылымдарының ма­маны екені баяндамасынан бірден байқалады. Айталық, Аслан Сәрінжіпов отандық білім мен ғы­лым­ды дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған ба­сым бағыттарын демографиялық өсімнің не­гі­зінде айқындап шыққан. «Себебі бала туу көр­сет­кіші білім беру жүйесінің дамуына айтарлықтай әсер етеді», – дейді ол. Несі бар, бұрын айтыла бер­мейтін әрі көңілге қонымды-ақ жайт. Сонымен, ста­тистикаға сенсек, Қазақстандағы бала туу көр­сет­кіші тек 2020 жылға қарай ғана тұрақты межеге жетеді. Сондықтан мектепке дейінгі және бастауыш сыныпқа баратын балдырғандардың саны да арта тү­седі. Министрдің айтуынша, бұл көрсеткіш 2025 жыл­да бірқалыпты бола бастайды. Орта білім, яғни мек­теп жасындағы балалар қатары да көбейеді. Ал кол­ледж бен университетке баратын жастардың са­ны қазірдің өзінде азайып келеді екен. «Бұл –90-ы жылдары болған демографиялық тоқыраудың сал­да­ры. Ондай жағдай сол 2020 жылға дейін сақ­та­лады. Одан кейінгі уақытта колледж бен уни­вер­ситетке түсетін жастардың саны артады», – дейді Ас­лан Сәрінжіпов. Міне, Білім және ғылым ми­нистрлігінің жаңа басшысы отандық білім беру са­ла­сын осындай экономикалық болжамды де­рек­терге сүйене отырып дамытуды көздейді. Атап айтқанда, 2016 жылға қарай бүлдіршіндердің 80 пайызы балабақшаға баруы тиіс. Ол үшін мектепке дейінгі ұйымдардың саны 10 мыңға жетуі керек. Осы салада министрлік барлық бағ­дар­ламалардың 30 пайызын жаңартып, жоғары білімі бар педагогтерді барынша арттырмақ­қа тырысады. Айта кетерлігі, қазір ондай мамандардың саны 30 пайыз­ға да жетпейді. Орта білім беру саласын дамытуға қатысты министрдің футуристік көзқа­ра­сын да байқап қалдық. Оның ойынша, бүгін­де оқушыларды іс жүзінде жоқ ма­ман­дықтарға үйрету керек. Иә, иә, таң­дан­баңыз,  жоқ маман­дық деген де болады. «Қазір техно­ло­гиялар жыл сайын жаңарып тұрады. Сондық­тан болашақта біз білмейтін мамандықтар­дың болаты­нын ескеріп, балаларды соған қарай да­йын­дау қажет», – дейді Аслан Сәрін­жіпов. Осы тұста шу еткен  журналистер­дің «Ол қандай мамандықтар?» деген сұрағына министрдің: «Мен тіпті соны өзім де білмеймін», – деп жауап бергені бар. Әйтсе де біз түсінген бір мәселе бар: бүгінде мектеп оқушылары ғаламтор және тағы басқа жаңа технологиялардың арқа­сында өз білімдерін барынша шыңдауы тиіс. Мұғалімдер де мұндай жаңашыл­дық­қа барынша қолғабыс жасауы қажет. Сөй­тіп, келешекте «біз білмейтін» маман­дықтар шыға алған жағдайда жастар соған бірден бейімделіп кетуі шарт. Министр Аслан Сәрін­жіповтің айтуынша, 2015 жылға дейін бар­лық мектептер жаңа стандарттың негізінде білім беретін болады. Соның арқасында жалпы орта білім беру жүйесін жаңарту жоспарланып отыр. Осыған орай,  Ұлттық бірыңғай тестілеудің мазмұны да өзгереді. Алайда, ең алдымен, қала мен ауыл мектептерінің білім беру деңгейін теңестіру керек. Ондай теңгерімділік болмаса, білімсіз жастардың қатары арта түседі. Бұдан бөлек, министр Сәрінжіпов кәсіптік-техникалық білім беру саласында педагог мамандардың тең жартысын қайта даярлаудан өткізуді де көздеп жүр. Оның пайымынша, бұның нәтижесінде отандық техник мамандарға деген сұра­ныс артуы тиіс. Сосын жоғары оқу орын­дары жаппай жекеменшікке көшуі мүмкін. Ми­нистрдің пайымынша, университеттер­ді мемлекет меншігінен шығару арқылы жоғары оқу орындары арасындағы бәсе­ке­лестікті күшейтуге болады. «Біз қазақ тілін дамыту ісіне ерекше ден қоятын боламыз. Болашақта қазақ тілінде сабақ беретін оқу орындары көбейеді. Ондай балабақшалар 2000-ға, мектептер 4000-ға, ал колледждердің саны 150-ге дейін жететін болады», – дейді қазақшасы «онша емес» министр Сәрінжіпов. Алайда білім беру жүйесін жаңартудан бұрын, отандық экономиканың маңызды салаларына қажетті мамандықтар әлі де жоқ. Жанар АЙТЖАНОВА, экономикалық интеграция істері министрі: – Болашақта бізге халықаралық сауда саласындағы мамандар қажет болады. Қазір­дің өзінде Кедендік одақ пен Еура­зия­лық экономикалық кеңістік аясында ондай мамандар тапшы. Ал Дүниежүзілік сауда ұйы­мы­­­на кіргеннен кейін оларға деген сұра­ныс екі есе артады. Негізі, бүгінде халық­ара­лық сауда саласындағы мамандарды даярлау бойынша Назарбаев университеті­мен тиісті келісім бар. Осы жұмысты жылдам­дат­сақ дұрыс болар еді. Біз болсақ өз тара­пымыздан барынша көмек беруге даярмыз. Мәселен, Эконо­мика министрлігі жанында сауда сая­сатын дамыту орталығы бар. Соның негізінде сан алуан білім беру шараларын өткізуге болады. Төтенше жағдайлар министрі Влади­мир Божко өрт сөндірушілер сияқты ма­ман­дарды даярлайтын оқу орындарын ашу қажет деп санайды. Спорт және дене­шы­нықтыру агенттігінің басшысы Ерлан Қо­жағапановты ауыл мектептерін қажетті спорт­тық құрал-жабдықтармен қамтама­сыз ету мәселесі мазалайды. Ал кейбір ше­неуніктердің «Бо­ла­шақ» бағдарламасына көңілі толмайды. Тіпті қызды-қыздымен ғарышкер ағамыз  «атал­ған стипендияның түлектері аудитория­да емес, сыраханада отырып ағылшын тілін меңгереді» дегенді айтып қалды. Талғат МҰСАБАЕВ, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы: – Бүгінде отандық ғарыш саласында еңбек етіп жатқан мамандардың басым бөлігі кеңестік жүйенің түлектері. Олар­дың ішінде Мәскеу авиациялық институты сияқ­ты ресей­лік жоғары оқу орындарын тамам­даған мамандар да бар. Соңғы кез­де бізге «Болашақ» түлектері келе бастады. Біз оларды жұмысқа алып жатырмыз. Бір­ақ бәрін емес. Себебі бізге, ашығын айтсақ, бака­лавр мамандарын тықпалап жатады. Олар­дың білім деңгейі төмен. Біздің сала­мыз­ға кем дегенде магистрлар керек. Ал сыра­ха­нада отырып ағылшын тілін үй­рен­ген адам­нан кәсіби маман шығады деп айта алмай­мын. «Болашақ­тың» да түр-түрі бар. Сон­дық­тан біз білімі бар түлектерді аламыз. Олардың өзі көп емес. Премьер-министр Серік Ахметов бол­са инновациялар арқылы отандық білім беру саласын жетілдіру мәселесіне ерекше на­зар аударды. «Әрине, ол жұмыс, ең алды­мен, педагогтерге, олардың кәсіби да­йын­дығына тікелей байланысты. Оған мем­лекеттік және жергілікті орган­дар­дың бір­лескен жұмысы да қажет. Онсыз білім беру жүйесін жаңарту мүмкін емес», – деп атап көрсетті Серік Ахметов. Аслан Сәрінжіпов экономика ғылымының кандидаты атағымен қатар, жоғары білім беруді әкімшілендіру бойынша АҚШ-тың Пенсиль­ва­ния университетінің докторы дәрежесіне ие. Демек, жаңа министр нақ өз саласы бойынша келіп отыр. Ал оның осы уақытқа дейін Назар­­ба­ев университетінде еңбек еткенін ескерсек, алдағы уақытта оған отандық білім беру саласын жаңарту жұмысы қиынға соқпауы тиіс. Себебі сол жұмыстың барлығы беделді Назарбаев  университеті арқылы бүкіл жүйеге таралуы шарт. Әуелгі мақсат та осылай емес пе еді? Ендеше, іске сәт!

 Арман Асқар