Дариға Назарбаева: «Білім жүйесіне бөлінген жүз миллиардтан аса мемлекет қаржысы қайда кетті?!»

08032012123323ҚР Парламент депутаттары электронды білім жүйесін қатаң қадағалауға көшті. Енді ҚР Білім Министрлігін жан-жақты тексеру күтіп тұр. Депутаттар тексеру ісіне қаржы полициясы, прокуратура және есеп комиссиялары жұмылдырылу керек деп есептейді. Халық қалаулыларының айтуынша, бұл тексеру Білім саласы бұрынғы басшылығының қазақстандық мектептердің дамуына құрылған бағдарламаны дұрыс қолданбауына орай емес, мемлекеттік бюджеттен білім саласына құйылған бірнеше миллиард теңгенің жоғалуына тікелей байланысты жүргізілмек. «Е-learning» деп аталатын жаңа бағдарлама электронды білім жүйесіндегі  жаңа  жүйе болып саналады. Осы жүйенің енгізілу барысын толыққанды тексеру керек. Өйткені, аталған жобаны іске қосуда мемлекеттің жүз миллиардтан аса қаржысы жұмсалған. Бұл қомақты қаражат түгел аталған жобаны барлық қазақстандық мектептерге енгізуге жұмсалғанына күмән бар. Жаңа жүйе бойынша жаңа ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, ауылдағы мектеп оқушыларына қала оқушыларымен тең дәрежеде білім беру мақсат етілген. Арнайы тексерулер нәтижелері көрсеткендей, Қазақстанның кейбір аймақтарындағы мектептерге тіпті ғаламтор желілерінің сымдары жүргізілмеген. Бұл үлкен шығын қайта орнына келе қоймас. Дегенмен, депутаттар тексеру аяқталғанша, аталған жаңа жобаны іске асыруды тоқтата тұру керек деп шешті. Бұл мәселе жөнінде сөз алған Парламент  Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени дамуы жөніндегі комитеттің төрайымы Дариға Назарбаева. «Басталған істің қалай жүзеге асқанына көз жеткізбейінше, бұл қаржыландыруды тоқтата тұрған жөн. Меніңше, прокуратура, қаржы полициясы Білім саласын мұқият тексеру керек. Ақша қайда кетті? Мемлекет қаржысына сатып алынған қымбат компьютерлердің бағасы неліктен оның қызметіне сай емес?!», – деді.