Сенаторлар орыс тілді мектептерде бірқатар пәнді қазақ тілінде оқытуды ұсынды
2013 ж. 26 қыркүйек
6783
6
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының отырыс барысында Қуаныш Айтаханов ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің атына жолдаған депутаттық сауалында орыс тілді мектептерде Қазақстан тарихы, география, өлкетану пәндерін қазақ тілінде оқытуды ұсынды, деп хабарлайды BNews.kz.
"Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95%-ы қазақ тілін білуі тиіс деген міндет қойды. Мемлекеттік тілді оқып, үйрену балабақшалар мен мектептерден басталады. Бұл бағытта республикада бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мектеп оқушыларының 63%-дан астамы қазақ тілінде оқиды, 30 мыңнан астам өзге ұлт өкілері қазақ сыныптарында оқиды. Билығы оқу жылынан бастап барлық мектептерде қазақ тілінде жүргізілетін Өлкетану, Алаштану, Абайтану курстары енгізілді", - деген сенатор тіл мәселесін шешудің негізгі тетігі іске қосылмай келеді деп есептейді.
Депутат мемлекеттік тілге деген ынта, қажеттілікті іске асыру керек екендігін атап өтті. "Бүгінде Үкіметтен бастап, билік тізгінен ұстап отырған басшылар, мемлекеттік қызметшілер міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі керек деген қағида басшылыққа алынбайды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғаныменен, мемлекеттік органдардың есігін сығалап, кіре алмай, кірсе де төрге шыға алмай жүр. Мемлекеттік тіл мемлекеттік дәрежеде талап етілмегендіктен көп азаматтар қазақ тілінің болашағына сеніңкіремейді. Сондықтан, оны үйренуге ынталанбайды, балалар орыс тілді мектептерінде оқытады. Бүгінде қазақ балаларының 37%-ы орыс мектептерінде оқуы - соның айғағы", - деп тоқталды Айтаханов.Халық қалаулысы қалалардағы қазақ тілінде оқытатын мектептер саны аз, яғни 15%-ды құрайтынын айта келе, кейбір өңірлерде балалардың өзге тілдерде білім алуға мәжбүр болып отырғандығын қадап айтты.
"Еліміздің кейбір өңірлерінде қазақ тілінде оқиытатын мектептердің жоқтығынан 161 бала өзбек тілінде, 101 үйғыр тілінде оқуға мәжбүр. Өз елінде тұрып өзінің ана тілінде оқуға мүмкіншіліктің болмауын қалай түсінуге болады? Қазақ балаларының қазақша оқуын қамтамасыз ету мәселесімен Үкіметтен бастап жергілікті атқарушы органдар тиянақты айналысып, ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қазақ мектептерінің мәртебесі мен әлеуетін көтеру, материалдық-техникалық базасын нығайту, мұғалімдер біліктілігін арттыру бағыттарында қосымша шаралар атқаруы тиіс. Еліміздегі 10 мыңға жуық балалар үйінде тәрбиеленетіндердің көпшілігі орыс тілді азаматтар болғандықтан және оқу процесі көп балалар үйінде орыс тілінде жүргізілгендіктен, балалалардың көпшілігі мемлекеттік тілді білмеді", - деп толықтырды сенатор. Депутат балалар үйлердіндегі оқу үдерісін қазақ тілінде жүргізіп, онда мемлекеттік тілді білетін тәрбиешілер жұмыс істеулері қажет деп есептейтінін жеткізді. "Орыс тілді мектептерде қазақ тілінен дәріс беретін ұстаздар жетіспейді, олардың сапасы төмен. Бұл аздай Білім және ғылым министрлігінің 2012 жылғы 8-қарашасындағы №500 бұйрығымен бекітілген жаңа оқу жопарында қазақ тілді емес мектептердегі қазақ тілінің апталық оқу жүктемелері азайтылып, қазақ тілі пәнінің сағаты бастауыш сыныптарда 133 сағатқа немесе 28%-ға, жоғары сыныптарда 340 сағатқа немесе 40%-ға қысқартылған. Бұл тіптен түсініксіз. Өзге тілді мектептерде мемлекеттік тіл толық меңгеріп шығудың ең пәрменді тетігі, бірден-бір жолы қазақ тілінен тест тапсыру қорытындысын жоғарғы оқу орындарына түсу кезінде міндетті түрде есепке алу керектігі айдай анық болса да, бұл мәселе көптен бері шешімін таппай келеді", - дейді ол. Сенатор мемлекетік тілді меңгеру мақсатында орыс тілді мектептерде Қазақстан тарихы, география, өлкетану пәндерін қазақ тілінде оқытуды енгізу қажет деген ұсынысын ортаға салды. "Бұл тәжірибе қазір Назарбаев зияткерлік мектептерінде, қазақ-түрік лиецйлерінде бар. Бұл курстар қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтіп, өзге ұлт балаларының халқымыздың мәдениеті мен тарихына қызығушылығын арттырып, әлеуметтік-эконоикалық фактілер мен құбылыстарды қазақ тілінде танып білуге, талдап-қорытуға қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді", - деп түсіндіріп өтті ол.Қуаныш Айтаханов бұл ұсыныстың қазақ тілін оқып-үйренуге, меңгеруге жағдай жасап, Елбасының мемлекеттік тіл туралы қойған міндеттерін атқаруға үлкен үлес қосады, деп ойлайтыны айта келе, Үкімет басшысынан бұл мәселелер бойынша тиісті шешімнің қабылдап, тапсырма беруін өтінді. Bnews.kz