Ізгілік ізі

images (1)11

Түркі баласының тәбәрігі – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішкі күмбезінің кенересінде араб тілінде мынадай сөздер бар: «Уақыт деген әмірші, әр адамды әрқалай тәубәсына келтірер»...

«Тәубә» сөзінің балама­сы – шүкіршілік, ынсап, ұстамдылық. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді атамыз қазақ. Тәубәні түсіну, ұстамды ұстау да екінің бірінің қолынан келмейді.

...Тағдырдың өзі перзенттің үлкені – қаршадай қызға тәубәнің дәмін тым ерте татқызды. Артынан ерген алты іні, бір сіңлісінің қамқоршысы әрі қорғаны, ақылшысы һәм қолқанаты болған тұңғыш немере ардақты атасы мен аяулы әжесінің мейірім-шуағына бөленіп, тәлім-тәрбиесіне қанықты.

Мірәз атасы табиғат тылсымдарын терең таныған, аспан жұлдыздарының қимылдарын жіті бақылап, ауа- райының құбылмалы қасиеттерін дәл болжайтын, көптің көңілін тапқан, қайымның ықыласына бөленген абы­ройлы ақсақал еді.

Құдайдың құдыретімен, әкесінің аты затына сайма-сай-тын. «Ұлы Отан соғысы» деп аталған қан майдан, қасап кезеңнің куәгер әкесі Төре ақсақал ел тарихын терең білетін шежірешіл, сырлы сөзі мірдің оғындай, өр мінезі сексеуілдің шоғындай, болмысы ашық- жарқын, мінезі мәмлешіл, кеудесі қазыналы, қадірменді қария болды. Сірә, тегіне тартпас төл болмайды, ұлт ұрпағын ұлықтаған үлгілі ұстаз Аягүл Төреқызындағы Елбасымен еркін сөйлесетін ерлік мінез Төре қарияның қастерлі қасиетінің сарқыты болар... Аягүлдің анасы Зухра апамыз адал жар, аяулы ана, ибалы келін, ина­батты абысын ғана емес, бай мінез, қарапайым қадірімен күллі «әулеттің анасы» атанған көргені көп, өресі биік жан болатын.

Б а л а л ы қ б а л д ә у р е н і қ а р т Қаратаудың етегіндегі Билікөлдің маңында белгі-бедерсіз өте шығып, ес жиып, етек жинаған Аягүлдің аңсаған арманы ақ халатты аб­зал жан – дәрігер болу еді. Бірақ, «Жазмыштан – озмыш жоқ» екен, 1966 жылы 10 жылдық мектептің 11 жылдыққа ауысуына байланысты бір жылда осы екі жылдың түлектері де қатар мектеп тәмамдап, жоғарғы оқу орындарындағы талапкерлердің саны ескі есеге көбейіп кетті де, бәсеке өте жоғары, талап аса қатаң болды. Ал, химия пәні «негізгі пән» санала­тын медицина институтының «Емдеу факультетіне» түсетін қыз балалардың санының 20 пайыздан аспау керектігі туралы шектеу қойған арнайы нұсқау тағы бар-тын. Сөйтіп, кез-келген басқа бір жылы «4» деген тәуір бағасымен топ бастауға лайық білімі бекем, та­лабы биік Аягүлдің аяғы тағдырдың тәлкегімен «тегіс жерде сүрінді» деуге болады.

Әйткенмен, үміті мол, сенімі нық жігерлі жас қыздың көңілі пәсейіп, жігері жасыған жоқ. Туған топырағына оралып, балабақшаға тәрбиешілікке орналасты. Сол-ақ екен «Бала тілі – бал» бүлдіршіндердің күнәдан пәк, қардан ақ таңғажайып таза әлемі жас аруды еріксіз елітіп ала жөнелді.

Келесі көктемде әкесі: «Қызым, бауырларың тым жас, анаңның науқасы да жиі мазалап жүр. Іргеміздегі Жам­был қаласында пединститут ашылып жатыр екен, ұстаз болу – ауыр соқпақ болғанымен, абырой-беделі да аз емес кәсіп. Ұрпақ тәрбиесі – болашақ аналардың қолында. Қыз балаға лайықтысы тәлім-тәрбие саласы ма деймін», – деп, ақыл қосып, ақ бата­сын берді. «Іштей дәрігерлікке көңілім ауып, жүрегім бұрып тұрса да, анамның денсаулығы мен бауырларымның жағдайын ойлап, әке сөзін жерге та­стамадым» деген Аягүл атадан – өсиет, анадан – қасиет жиған көргенді перзент екендігін көрсетті.

...»Шәкірт болып көрмеген, ұстаз болып жарытпас» демекші, ең алдымен, Аягүл талапшыл өрен, тәлімді шәкірт бола білді. Білім-ілімге құштарлығы мен ерен еңбекқорлығы өзгелерді тәнті етті. Бағына қарай 1971 жылы ұстаздық жолға түрен салған жас маманға пара­сат-пайымы терең, білім-білігі жоғары, жан-дүниесі мен қадір-қасиеті өнеге Сайлаухан Слямханов сынды басшы мен бастауыш сыныптардың майтал­ман мұғалімі Светлана Насырқызымен қатар жүріп, қызмет ету бұйырды. Иісі мұсылманның мүбәрәк пайғамбары Мұхаммедтің (с.ә.с.): «Ілім үйреніп,одан соң оны басқаларға үйретпеу – мол дүние жиып, оны керегіне жа­ратпай, көміп қойғанмен бірдей» дегені бар. Ал, Сайлаухан Слямха­нов, Светлана Насырқызы, Алдамжар Сыздықов, Мамыт Айтжанов сияқты сырбаз ұстаз, текті тәлімгерлерден жас мұғалім адалдық, тазалық, жауапкершілік, төзімділік, ұстамдылық, көркем мінез, сөйлесу мәдениеті, сөз бен істің бірлігі, жаңалыққа құмарлық, ұстаздық ұмсын т.с.с. толып жатқан адами құндылықтарды бойына сіңірді.

Түлеп ұшқан алтын ұясына қиясын аңсаған қырандай қайтып қону – бір есептен, екінің бірінің маңдайына жазылар сәттілік болмағанымен, екінші жағынан, салмағы батпан жауапкершілік еді. Дәрігерлік бала ар­маны – ұстаздық ұлы мұратқа ұласқан жас мұғалім мұңайған жоқ, қайта жігерін қайрап, қатая түсті. Күн сай­ын адамдармен араласып, балалар­мен біте қайнасу – адамның бір сәт те босаңсуына жол бермейді. Күллі өмірін ұстаздыққа арнаған адамның жүйкесі жез темірдей, сабыры салқын мұздай, мейірімі телегей-теңіздей бо­луы керек. Бүгін қазақ елі ұстаздарының көрегенді көшбасшысы Аягүл Төреқызы ел біліп, Елбасы бағалаған теккен төр, еткен еңбегі турасында: «Ғұмырлық табыстарымның алтын арқауы – адалдық болды. Кәсібіме, отбасыма, отаныма, ата-анама, бауырларым мен достарыма, туған жерім мен ұстаз- әріптестеріме адалдық – мені әрқашан адастармай, тура жол, сара соқпақтарға бастады» – дейді ерекше тебіреніп....

Ұлттың болашағы – тәрбиеде екендігі талассыз. Терең тамырлы та­рихымызда көргені мен түйгені мол ата-әжелеріміз саналы ұрпақ, салиқалы өрісін кейінгіге мирас еткен. Қазақ қай заманда да тәлім-тәжірибеге айрықша мән беріп, бала тәрбиесін ана құрсағынан, тал бесіктен бастаған. От­басы мен ұстаз – жас адамның тұлғалық қалыптасуының күретамыры. Әр дәуірдің өз ерекшелігі мен қиыншылығы болады.

Әйткенмен, қай заманның деңгейінен қарасақ та, жағадан алып, төске шабуға әзір тұрғандай көрінетін жастарымыздың тәрбие- тәлімі ақсағандай көрінеді. Сондықтан, ұстаздықтың тұңғыш күнінен бастап-ақ жас мұғалім Аягүл Миразова ғұмырлықбасты мақсатын мықтап белгілеп алды, ол – талапшылдық. Арада жарты ғасырға жуық уақыт өткенде ұстаздар төрайымының: «Талапшылмын, бірақ қатаң сөгіс беріп, қаралап та көрмеппін. Қайта сол талаптың өзін тең дәрежеде сөйлесіп-ой бөлісіп, сырласа отырып қоямын» – дегені бар...

Расында, зая кетпеген еңбек рахатының дәмі тым тәтті болады екен. Қиындықтардан қорықпау, қателікті көре білу, кемшіліктерді түзету, сын­ды қабылдай алу, өз-өзіңді қорғау, ақиқаттан қаймықпау, баланы шы­найы сүю, әр оқушыға туған анасындай қарап, әрбірін танып, есімін жатқа білу, жеткіншектің өнерлі өрісіне дем беру, білім сайыстарына баптап-рухтанды­рып, жүректеріне сенім орнату, ата- аналармен туғандай туысыңдай қоян- қолтық араласу т.с.с. толып жатқан қасиеттерді бойға сіңіру де, ғұмырыңа серік ету де орасан еңбекпен бірге, кіршіксіз ғазиз жүректің болуын талап етеді.

Білімді де білікті ұстаз – қашанда сирек. Ал, жақсы мұғалім, тәлімді тәрбиеші әрі ұқыпты ұйымдастырушы болса, алынбайтын қамал қалмайды. Аягүлдің ұстаздық жолын таңдағанына тура 20 жыл өткенде, яки, 1991 жылы Алматыда жаңадан ашылған қазақ мектебіне директор болуға ұсыныс түсті. Бұл білім шаңырағын тәуелсіздіктіңалғашқы аласапыран жылдарында талантты өнер тарланы Асқар Тоқпанов пен қоғам қайраткері Жүніс Ыбыра­ев талай табалдырықты тоздырып жүріп, қазақ мектебі етіп ашқызып еді. Ғасырға жуық тарихы бар білім ошағы әбден ескіріп, мейлінше тозған екен. Алғашында небәрі 300-ге жетпейтін оқушы болды. Жөні түзу парта мен тақта да жоқ. Мектеп ұзақ жылдар күрделі жөндеу көрмеген, үшінші қабаты түгелдей темір төсектерге лықа толған.

Дегенмен, балалар саны жылдан- жылға көбейіп, қызығушылығы артқан ата-аналар да шама-шарқы келгенше мектепке көмек көрсетті. Қазақ: «Бай болсаң – халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауыңа найзаң тисін» дейді, «Көп түкірсе – көл» бо­лып, жаңа білім ордасы әупірімдеп жүріп, «аяғынан тік тұрып» кетті. Білім ұясының тарихы сегізжылдық мектеп­тен бастау алып, бүгінде жан-жақты салалық гимназияға дейін өсті. Тіпті, Алматыдағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназиясы – алматылық әрбір оқушының білім нәрімен сусындауды армандайтын білім ордасына айналды. Оқушылар санының көбеюі себепті бірнеше ғимарат ауыстыруға тура келді.

Атақты мектептің, білікті басшының атына қанық еліміздегі әлеуметтік саланың майталманы, сол кезеңдегі Алматы қаласының әкімі, ұлтымыздың ұлағатты ұлы Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов қайсар қамқорлық, шы­найы жанашырлық танытып, мектептің маңынан бос жер телімдерін тауып, қосымша мектеп тұрғызуға пәрмен берді. Ойлары орасан, сөзі сұңғыла Шалкиіз жыраудың:

«Соқса бір жілік сындырған,

Көк қоянның қос

құлағын тұндырған,

Көгілдірдің жез қанатын

сындырған,

Тегеурінді болат темірдің

Тегеуріні өзіңсің!

Айдынды көлге қал шауып

Тоғызын соғып ұшырған

Қу сұлтаны саһарсың,

Саһарыңа сайлап қаусырған

Боз сұңқарым өзіңсің!» – деп жырлағаны бар...

Иманғали Нұрғалиұлының тікелей ықпалымен мектептің құрылысы 2005 жылы толық бітіп, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда оқушылар сапалы білім алуымен қатар, дене тәрбиесімен де, жеткіншекке қажетті барлық тәлім алу салаларымен жоғарғы өркениетті деңгейде алаңсыз шұғылдана алады.

Терең білім, сау болмыс, таза түйсік – ұлттық рухани асыл қасиеттерді бойына сіңірумен ұштасса ғана, ке­лешек күнгейлі болмақ. Ешқашан мәймөңкелеуді білмейтін, өткір пікірін тура тілмен кесіп айтатын ұлықты ұстаз, мерейлі мұғалім Аягүл Төреқызының әрбір сөз, парасатты пайымы еріксіз ұйытады: Аягүл Төреқызы бірде: «Бала» деген өсіп келе жатқан жас шыбық. Шыбық қисық кетіп қалса, оны түзетіп, күтіп-баптасаңыз, желкілдеп, түзу өседі. Егер «қой, бұл шыбық өсіп, жемісін жегізбес» деп, қолды бір сілтесеңіз, сол күйі қисайып өсіп, бір күні тамы­рымен опырылып құлайды. Орыстың ұлы ақыны В.В.Маяковский: «Жа­сында торай болғаннан – үлкейгенде шошқа шығады» деген...» десе, келесі бірде: «Оқушыны кім көрінгеннің тәрбиелеуіне жол бермеуіміз керек. Қазір ұстаздық – диплом алу үшін ғана оқитын «қолжетімді» оқуға ай­налды. Оқушы – ұстаздыққа адасып келген адамның қолында емес, өз ісінің маманының қолында тәрбиеленсе ғана жақсы ұрпақ болып шығады. Жас мамандардың біліміне, білгірлігіне аса мән берілмей кетті. Ұстаз болу үшін білімді болу аз. Баланы жанын­дай жақсы көретін, оқушысымен бірге шаттанып, шәкіртімен бірге тұнжырайтын, бойындағы бүкіл білім нәрін шығармашылықпен дамытып, шәкірттеріне бере білетін мұғалімдер керек» деп төтесінен тура тартты, ал, тағы бірде: «Бүгінде ұстаз мәртебесінің қадірі қашыңқырап тұр. Ұстаздың мәртебесін көтеруге мемлекет жауап­ты, ал, өзінің мәртебесінің көтерілуіне әр ұстаздың өзі жауапты. Біз білім саласына қанша жерден реформа жасайық, тұйыққа тірелген іс білікті мамансыз ілгері баспайды» дейді де, сосын, ақиқаттың ақ бұлағын аямай ағытады: алдымен, «Оқулықтар шығару ісі «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Бұдан оқушы зар­дап шекті. Оқулықтардың арасында байланыс жоқ. Қолданылып жүрген оқулықтардың 64 пайызы талапқа сай емес. Бұл мәселені мемлекеттік тұрғыдан қадағалау керек», деді, со­дан кейін: « Әйел адам өмірге сәби әкеліп, жақсылап тәрбиелесе, басты міндетін орындағаны дер едім. Қыз баланың сырттан гөрі, үйдің ішінің сәнін кіргізгені дұрыс қой. Еркекпен тайталасып, қызметке таласу дұрыс емес. Рас, іскерлік, ақылдылық, білімділік жағынан алғыр әйелдер баршылық. Бірақ, көп емес. Сондықтан, ер адамдардың оқ бойы озып тұрғаны жарасымды. Меніңше, оң-солын танымаған жасты, әсіресе, қыз баланы шетел асыру қате. Ең алдымен, елімізде бес жылдық жоғары оқу орнын бітіріп, ұлтық құндылықтарды бойына сіңіріп, ел мен жер қадірін ұғынып, еліміздің тілін, дінін, ділін түсінген соң, шетелгеоқуға барса ғана өзге елдің жетістігін алып, еліне оралады» деп бір түйді, әрі қарай: «Ұрпақ үшін ең басты керек нәрсе – ата-аналық жылылық. Ата- ананың бала алдындағы басты парызы әрі міндеті – киіндіріп-ішіндіруден де бұрын, дұрыс тәрбие беруі. Ал, мен үшін басты марапат – ата-ана мен оқушының алғысы. Бұлар маған кеудеме таққан орденнен де қымбат» деп ағынан жа­рылды, ақырында: «Ертеңін ойлайтын мемлекет – мұғалім мен дәрігерді даярлаудың сапасына қатты көңіл бөлуі керек. Оларсыз жаны таза, дені сау, сауатты ұрпағы бар мемлекет құру мүмкін емес. Ешқашан бәріне жеттік, болдық, толдық деп қарамауымыз керек. Еліміздің көркеюіне, өсуіне, да­муына еңбегімізді барынша сіңіруіміз керек. Мектепке тарыдай болып кірген бүлдіршін – қажетті білімін алып, таудай болып шықса екен дейміз... Алайда, «қазақ мектептерінде білім беру сапасы нашар» деген қасаң көзқарастан ары­латын уақыт әлдеқашан жетті. Керек десеңіз, кем-кетікті 90 жылдан асқан тарихы бар орыс мектептерінен де көп кездестіруге болады. Сондықтан, мемлекет азаматтарына талапты қатты қоюы керек. Қазақ тілінде ғана сөйлейтіндерді басшы қылсақ, бұл жүйе тез іске асады» т.с.с.

...2008 жылдың 15 желтоқсанында ақ түйенің қарыны жарылды. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойған Елбасы еңбек ұжымдары мен оқу орында­ры өкілдерінің: «Бұл атақты тұңғыш алуға Өзіңіз лайықтысыз» деген ұсыныстарына алғысын айтып, «Бәріміз де ұстаздан өсіп-өндік» деген ақтайлақ ниетпен осынау мәртебелі атақты Алма­ты қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназиясының ди­ректоры Аягүл Төреқызы Миразоваға өз қолымен тапсырып, ұлықты ұстаздың туған күніне ғажайып сыйлық жасады. Сол бір қайталанбас қымбат сәттерде Аягүл Төреқызы ерекше тебіренді: «Алғаш Елбасының қолын алып, сәлем бергенімде қатты толқыдым. Ол кісінің менің өмірбаянымды бес саусағындай білетініне таң қалдым. Бұл атақтың тек маған ғана емес, еліміздің бүкіл ұстаздар қауымына берілгенін, оны әр ұстаз көзінің қарашығындай сақтап, осы атаққа лайық қызмет етуі қажет екенін түсіндім. Арқаның алтын төсіндегі әсем Астананың негізін қалаған Елбасының қолынан награда алған күн – менің өмірімдегі ең ұмытылмайтын бақытты сәттердің бірі».

Тілі қуатты, жырлары жуақты, үркер ұмсынды Үмбетей жыраудың:

«Батыры ханға сай болды,

Елің жалпақ бай болды,

Қыс қыстауы тау болды,

Жаз жайлауы көл болды,

Салқын сары бел болды,

Елге лайық ер болды,

Сары-Арқа деп таңданып

Өзге жұрт аңсар жай болды» – дейтініндей, дегбірі дүлей, әсері әсем шақтар еді-ау...

Білім саласында 43 жыл, №159 гимназияда директор болып қызмет атқарғанына 22 жыл толған ұлағатты ұстаз Аягүл Төреқызы өзінің өмірлік қосағы – техника ғылымдарының док­торы, профессор Жұмабай Байнатов екеуі Өркендей алтын ұл, Айнұр мен Балнұр сынды жауһардай қыздарымен бірге балдан тәтті төрт немере тәрбиелеп отыр.

Батыр білекті, жолбарыс жүректі Бауыржан Момышұлы атамыз : «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» депті. Сөз жоқ, еркін қазақтың білім саласының салиқалы соқпағында Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендері мен «Білім беру ісінің үздігі», «Ыбырай Алтын­сарин», «Республикаға еңбегі сіңген қызметкер» медалдарының иегері, Алматыдағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның директоры, адал жар, аяулы ана, жанашыр дос, сыр­лас құрбы, балажан әже, үлгілі ұстаз, еліміздің мәртебелі бас мұғалімі Аягүл Төреқызы Миразованың ізгілікті ізі сай­рап жатыр...

Мыңжан БАЙЖАНИН