Мағжан сенген жастар сергелдеңге түсті

1
1943

      Қолжетімді баспананың – арман, дипломмен жұмыстың – жалған болғаны ма?..

Оқу мен отбасын қатар алып жүру – бұғанасы қатпаған студент түгілі, оң-солын танып білген жандар үшін де ауыр тиері сөзсіз. Оның үстіне, биліктің дүниені даурықтырып, уәде еткен қолжетімді баспанасы мен дипломмен ауылға жұмысқа орналасуының өзі де сағымға айналуға жақын сияқты…

Бүгінгі биліктің сөзі мен ісінің арақашықтығы – ат шаптырым. Жасыратыны жоқ, жастарды баспаналы ету мен жұмыспен қамту – қазіргі өкіметке алынбас қамалға айналды. Осынау мәселелердің жыл сайын парламентте талқыға түскені болмаса, шын мәнісінде, қатып-семген сірескен сең қозғалар емес.
Студент отбасыларының бүгінгі мәселелері көп жағдайда көлеңкеде қалуда. «Ел ертеңі – жастардың қолында» деуден жалығар емеспіз, бірақ, жастарға, оның ішінде, студент отбасыларына қажетті мөлшерде көмек көрсетілмеуде.
Бірінші кезекте, жас отбасыларын қолжетімді баспананың болмауы қинаса, екіншіден – жұмыссыздық дендеп барады. Мәселен, бүгінгі күні ресми деректер бойынша, Алматы қаласындағы пәтердің бір шаршы метрі 3668,6 АҚШ долларына тең. Орта есеппен алғанда, 1 бөлмелі пәтердің иесі атануың үшін, қалтаңда кемінде 50 мың жасыл қағазың басылып жатылуы керек. Айына 15 мың теңге шәкіртақы алатын студентте ондай ақша қайдан болады?.. Тырнақтап жинағанның өзінде бүкіл ғұмыры жетпесі бесенеден белгілі.
Анар есімді жас келіншек отағасы Еркін екеуі ҚазҰУ-нің 3 курсында оқиды екен. Осыдан 2 жыл бұрын арман қалаға білім қуып келіп танысып, өткен жазда шаңырақ көтерген. Анар да, Еркін де қазақтың қарапайым, қоңыртөбел отбасынан шыққан балалары. Асып-тасып жатқан ештеңелері жоқ. Ел қатарлы қолы бірге жетсе, бірге жетпей дәурендерін сүріп жатыр.
«Әрине, проблемалар шаш етектен. «Шаңырақ көтердік» деген атымыз болмаса, басымызда тұрақты баспанамыз жоқ. Күйеуімнің 15 мың теңге шәкіртақысы қай жыртығымызды жамауға жетеді дейсіз. Әйтеуір, оқудан тыс, түнгі жұмыс істейміз. Шүкір, қазір университеттің тегін жатаханасында тұрып жатырмыз. Бір жылдан кейін де бұл тегін орынмен қоштасуға тура келеді. Үй мәселесі ең маңызды проблема болып тұр» – дейді Анар.
Отағасы Еркін де өз ойын жасырып қалмады: «Менің мамандығым – экономист. 2 жыл бұрын ҰБТ-і жақсы тапсырып, грант ұтып алған болатынмын. Жұбайым екеуімізге сабақтан тыс түнгі жұмысқа шығып, қосымша пұл табуға тура келеді. Осы күні оқудағы үлгерімім де пәсеңси бастады. Өзім бір мекемеде кешкі күзетте істеймін. Алатын айлығым 30-40 мың теңге көлемінде. Біздің бүгінгі қоғамда студенттерге арналған жұмыс орындары жоқтың қасы. Одан қалды, барған жеріңнің барлығы дерлік еңбек тәжірибеңді сұрайды. Оқып жүрген студентте тәжірибе қайдан болсын. Ертеңгі күні диплом алғаннан кейін осы проблема алдымыздан тағы да кесе көлденеңдеп шыға ма деп қорқамын…»
«Соңғы жылдары дипломы бар, бірақ» жұмыссыз жүрген студенттердің қарасы көбейіп барады. Осы мәселені тездетіп қолға алайық. Әсіресе, Қазақстанда сирек кездесетін мамандық иелерін бірінші кезекте жұмыспен қамтылуына жағдай жасауымыз керек» – деп, Білім және ғылым министрлігінің бастама көтергеніне жылға жақындаса да, баяғы жартас – бір жартас…
Берілген уәж, айтылған сөз – жақтан суырылған жерінде қалды. Жуық арада шиеленіскен түйіннің тарқатылар түрі жоқ. Бұрынғы бабаларымыз: «Елемеген бұта – көз шығарады» дегенді бекер айтпаса керек, жастардың бұл әлеуметтік мәселелері қозып, іс насырға шаппай тұрғанда, алдын-ала қамданған абзал болады.
Соңғы жылдары елімізде отбасын құрушылардың саны айтарлықтай өсіп келеді. ҚР статистикалық агенттігінің 2012 жылғы есебі бойынша, бір жыл ішінде 164 681 отбасы өз алдына жеке шаңырақ көтерген. Бұл, осыдан, 5 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,13 есеге артық. Алайда, жыл өтпей жатып, шамамен, 48 513 жас некенің ақ жолына дақ түсуде.
Соңғы жылдары отау тігушілер санының айтарлықтай өсуімен қатар ажырасулардың да көрсеткіші төмендер емес. Бүгінде бұл көрініс 2007 жылғы есеппен салыстырғанда, 1,34 есе көп.
Отбасын құрушы қазақстандықтардың басым көпшілігінің жас-шамасы 20-24 жас аралығын қамтиды. Яғни, дені жоғарғы оқу орнында білім алып жүрген студенттер. Ажырасу үрдістері де осы кезеңде отау тіккендердің қатарынан көптеп көрініс табуда. Әлеуметтік сауалнаманың қорытындысы бойынша, студент отбасылары ошақтарының ойрандалуына бастарында тұрақты баспаналарының болмауы, материалдық жағдайдың қиындығы және сәбидің оқуға кедергі жасауы сияқты мәселелер себеп болуда.
«Үйі жоқтың – күйі де жоқ» дейтін мәтел – шыққан күндей шындық. Мағжандар сенген жастардың жағдайы жасалмаса, қазақ ұлты санының да, сапасының да құлдырары сөзсіз. «Отан – қуат, отбасы – шуақ» дейді дана халқымыз, сондықтан, қуатты елге айналуымыз үшін – шуақты отбасылар күрт көбеюге тиіс.

Дарын АМАНКЕЛДІҰЛЫ

 

 

 

1 Пікір

  1. Үйді айтамыз, аман болса баларымыз не бір үйді салар, ал бірақ соған қалай қол жеткізе алады. дипломдарын алып сенделіп жүрген жастар қаншама?жұмыс болмас ол қалай үш жыл еңбек өтілін растауы керек, мелекеттікқызметке тесті тағы бар, «көкесі» болмаса ол да жоқ.қиуы кетіп бара жатқан дүние.жастар асылып өліп жатыр, статистиканы білмедім анығын, тек Арқалық, Торғай аймағында өзіне қол салғандар саны соңғы тамыз айында 4 оқиға.Жоғары білімді маман ұлым үйге оралғанша «көзіміз төртеу, ойымыз бесеу» болатын болды.қорқатын болдым.өнеркәсіп технологы маманы қәзір жекедегі элеваторларға керегі жоқ екен, өйткені элеватор жабдықтары ескі, оны тәжірбиесі мол адамда атқара беретін көрінеді.сонда кімге не керек, білімді жастар ауылдан кетпегенде қайтеді.жауап жоқ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз