Дәстүрге айналған қылғыма қонақтар

 

Әлмисақтан бергі әр елдің  өзіндік  салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өзіне тән ұлттық бояуы,менталитеті бар. Жапон елін тәртіпті десек, қытай елін еңбекқор, заңға қатал деп жатамыз.Ал өзімізді қандай дегенде қонақжай деген сөз аузыңнан ытқып шыға келеді. «Бірлігіміз жарасқан» атты саясатты ысырып тастағанның өзінде,қазақ елі кешеден кеңпейіл,дархан халық. Қонағын құдайындай сыйлаған халық. Тіпті қазақ атамыз қонақтарын арнайы,құдайы тағы да бірнеше түрге бөліп те қойған.Арнайы қонақ қазіргі таңда өз мәнін жоғалтпағанмен, қалың бетонмен қапталып, болат есікпен бой жасырып,темір терезеден телмірген бұл қаланың  «Кто там? » деген сауалына  «құдайы қонақпын» деп жауап бергеніңіз  әбестік болар.Тағы бір қонақ түрі - қылғыма қонақ.Міне, бүгінгі талқы, осы заманның қылғыма қонақтары жайында болмақ. Қылғыма қонақ  анықтамасында ауыл ішіндегі  түтіні түзу шыққан үйді торып, құлқынын тойдыру үшін қолына тигенін жалмай беретін , ар-ұятты белге буған тойымсыз, елеусіз қонақ дегенге саяды. Ал бүгінгі заманның қылғыма қонақтарыауыл ішіндегі  түтіні түзу шыққан үйді емес, әуезді күйді күмбірлететін, әуелеген әуенін алты қырдан астырта  дүңгірлететін,көкке жалын сипатқан зәулім күмбез іспеттес мейрамханалардың мекендеушісіне айналды.Қонақ қатарлы костюм-шалбарын киіп барса,400-500 кісілік   мейрамханаларда кім-кімді танып жатыр дейсің. Кешегі Қожанасырды шапанына қарап сыйлаған халық,бүгінде сол халық.Киімі жарқырап тұрса, беделді біреу ғой деп төрден де орын ұсынып жатады.Әйтсе де, кейбір елеусіз қонақтардың көзінен, өзінің сүреңсіз өмірінен бір сәт арылып, ән тыңдап, би билеп  шадыман ортаға қызыға қарағанын аңғарып қаласың. Қайсібір той-томалақтың иелері қонақтың  аражігін анықтап қойғанмен, ақ дастархан қуанышқа жайылғасын  дәм-ауыз тисін деп мейірбандылық танытады.Алайда, мейірбандылықтың иесі атанған қылқыма қонақтар шектен тыс еркінсіп кетіп,  той шырқының бұзылуына өз үлестерін де тигізіп жатады.Ауа-райын көруге ғана  арналған  ТВК телеарнасы қылғыма қонақтарға үлкен жәрдемші екен.«Құттықтаулар» айдары болғанда  мерекенің қайда өтетінін, қандай мереке екенін қағаздарына жазып алып,бағыттарын оп-оңай айқындап алады. Қылғыма қонақтар ТВК телеарнасынан  тек қана құттықтаулар ғана емес,естіртулерді,ас берулердің  қандай қатымханада болатынын да құлақтан тыс қалдырмайды. Әрине, ас беріп жатқан кезде ас беруші келген адамның кеудесінен итермей  барлығын да дастархан басына шақыратыны әмбеге аян.Бірақта, айта кететін дүние, осындай шақта әйел адамдардың сөмкелері жиі ұрланып жатқан көріністерге куә боласың. Асқа шақырған соң ел қатарлы тамақ ішкенмен қатар, құнды заттарды көзден ғайып қылатындары – өте қорқынышты жағдаят, жат қылық. Жаны жайсаң, пейілі дархан  қазақ халқын төрткүл дүние қонақжай  деп таниды.Қазақ халқының қонақжайлылық қасиеті қай заманда да шетелдік саяхатшылар мен ғалымдарды қатты таң қалдырғаны тарихта жазылып қалғаны ақиқат. Қонақ келсе астындағы жалғыз атын сойып беретін, қонақ болса қойдан жуас болатын ұлтпыз. Олай болса, тіліміздің өзі де ақсаңдап  бара жатқан заманда, қазақылығымыздың белгісіндей болған  қонақжайлығымызға да сызат түсіріп алмайық, ағайын. Әйтсе де, бір кредит алып той жасап, екінші кредитпен  оны өтеп жатқан қазағымыз үшін  қылғыма қонақтың дастарханға ортақтас болғаны  құтын қашырып, дәулетін шайқалтып кетпейді.Керісінше, той жасап арқа-жарқа болған  той иесі үлкен мақсатын орындаса, бұларда өз кішкентай мақсаттарына жетеді.Ештеңе етпес, әрі кетсе арына дақ түсіреді.Өйткені, бүгінгі заманның нағыз қылғыма қонақтары  олар емес. Нағыз қылғыма қонақтар - билікте. Алашымның қазынасына қол сұққан   Мұхтар Әблязов, Виктор Храпуновтар қылғыма қонақ емей кімдер? Тойда тост сөйлеген қонақ тәрізді бір бар болып, жоқ болып кеткен, қазағымның тамағын қомағайлана жеп алып, табағын теуіп кеткен ағаларымыздың  жанында тойда жүрген қылғыма қонақтар көзімізге періштедей көрініп кететінін несін жасырайық.

Рүстем Мұхаметрахимов

Семей қаласы