Бүлдіршіндерді сорақы тілімен кімдер уландырмақшы?

3
2162

 

Мен – қазақ тілі оқытушысымын. Отыз жылға жуық Ташкентте қазақ мектебінде жұмыс істедім. Сондай-ақ, қазақ мектептері үшін оқулықтар шығару жұмыстарына 10 жыл бойы ат салыстым. 4 оқулықты өзбек тілінен қазақ тіліне аудардым. Қазақ тілі оқулықтарының авторы болдым.
Осы жұмыстарды атқара жүріп, бір әдетті бойыма дарытып алыппын. Кітап, газет, не журналдағы грамматикалық, пунктуациялық қателіктерді тез байқап қоямын.
Азаматтық ала алмаған соң жұмысқа орналаса алмадым. Уақытым көп болғандықтан газет-журналдар, кітап сатып алып тұрамын.
Жақында «Арзан» супермар­кетінен кітаптарды қарап тұрып, бір кітапшаға көзім түсті. Кітапшаның сыртындағы жазу: «Сану 10 оңға дейін». Бұл қандай кітап деп қолыма алып қарасам, 2-3 жасар балаларға арналған кітапша екен. Мақсаты балаларға санауды үйрету болса керек. Кітапты сатып алдым. 280 теңге тұрады екен. 21 беттен тұратын кітапшада қате деген толып жатыр. Олар төмендегідей.
Мұқабасының өзінде мына­дай қателіктер бар:
1.«Санау» деген сөзді «сану» деп қате жазған.
2. «Онға дейін» болу керек, «оңға дейін» деп қате жазған.
3. 10 цифрының бұл жерге қажеті жоқ.
4. «Онға дейін санау» болу керек, ол жерде «санау онға дейін» деп жазылған.
5. «22 суреттер» деп жазылған, ол жерге көптік жалғауы қажет емес.
Ал, сыртындағы сөздерге адам түсініп болмайды:
1. «Сол» деген сілтеу есімдігі керек емес.
2. «Мықты» деген сөз артық.
3. «22 әрбір сурет» деудің орнына «22 кітапша» деген.
4. «Қоршаған» деген сөз «қоршағаң» болып қате жазылған.
5. «Тақырыптағы» деген сөз «тақы­рыппағы» болып қате жазылған.
6. Мына бір сөйлемді толығымен келтірейін: «Әдеби көркем басылым мектепке дейінгі бала-шағаларының топтамасы 22 суреттер». Не деген сауатсыздық, бала-шағасы несі?
7. «Ересектер балаларға оқу керек»: бұл сөйлемнен нені ұқтыңыз, «ресек» деген қандай жаңа сөз?
8. «Бір күтеміз туралы экологияда және денсаулықта» деген сөйлемнің мағынасын кім түсіндіріп береді?
Сонда бұл қандай кітап?
Сатушыдан сұрасам, ол: «Бұл кітаптар Ресейден келеді, Қазақстан мұндай әдемі кітаптарды шығара алмайды ғой», – деп жауап берді.
10 парақтан, 20 сөзден тұратын бұл кітапшада 13 қате бар. Мұндай «әдемі» кітаптарды шығаруға кімдер жауапты? «Жас бүлдіршіндерді ана тілінің уызымен ауыздандырамыз» деп шырылдап жүрсек, оларды солақай тірлігімен, сорақы тілімен кімдер уландырмақшы? Бұл сұраққа кім жауап береді?

Мүкәррам ТЕМІРБАЕВА

 

3 ПІКІРЛЕР

  1. Темірбаева замандасымыз дүрыс айтады. сырттан оқулықтар әкелуді тоқтату керек.Бізде жасай алмайды,қазақша кітаптар жоқтың қасы, қазақшамыз нашар деген әңгімені қою керек.Замандасымыз сияқты көзге шұқып көрсету керек.Қазіргі күні жеткіншектерге арналған кітаптар жоқ емес бар, оны көбейтуіміз керек.

  2. Сонда бұл қандай кітап?
    Сатушыдан сұрасам, ол: «Бұл кітаптар Ресейден келеді, Қазақстан мұндай әдемі кітаптарды шығара алмайды ғой», – деп жауап берді.
    10 парақтан, 20 сөзден тұратын бұл кітапшада 13 қате бар. Мұндай «әдемі» кітаптарды шығаруға кімдер жауапты? «Жас бүлдіршіндерді ана тілінің уызымен ауыздандырамыз» деп шырылдап жүрсек, оларды солақай тірлігімен, сорақы тілімен кімдер уландырмақшы? Бұл сұраққа кім жауап береді?

  3. Білім саласы – ел болашағын айқындайтын аса жауапты сала. Ендеше оқулық, қосымша оқулық, хрестоматиялар, көмекші құралдар, тіл ұстарту кітапшалары, т. б., тіпті, жұмыс дәптері болсын, барлығы бір орталықта талқыланып, мақұлданып барып баспадан шығаруға рұқсат берілуі керек. Әйтпесе, ақшасы бар, тамыр-танысы бар, аздаған сауаты бар кез-келген жазғыш коммерциялық мақсатта балаларымызды көрсоқыр ететін кітаптарды шығаруды тоқтатпайды! Еліміздегі әр мектептің оқушылары әртүрлі баспадан шыққан кітаптардан білім алуы да – асқан сорақылық, сұмдық қателік! Бір елде тек бір мазмұндағы оқулықтар болуы керек!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз