Ұстаз беделі болмаса...

«Барлық күш – білімде». Бұған ешкімнің таласы жоқ болса керек. Білім нәрімен сусындаған өскелең ұрпақ ғана болашағымыздың жарқын кепілі болмақ. Халқымыз қай кезеңде де ел ертеңі деп, жастарға сенім білдіріп, үкілі үмітін соларға артқан. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың өзі «Қазақстан-2050» стра­тегиясы қалыптасқан мемле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ал кейінгі толқын жастарға айтарым: Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер. Біздің бүгінгі атқарып жат­қан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда. Сендер тәуелсіз Қазақ елінің перзенттерісіңдер. Тәуелсіз елде туып, тәуелсіз елде тәрбие алдыңдар. Сендердің азат ойла-рың мен кемел білімдерің – елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш», – деген болатын. Ал, осындай білімді ұр­пақты тәрбиелеу жолында ұстаздардың етер еңбегі ұшан-теңіз екені айтпаса да түсінікті. Қоғамымызда білім беру жолындағы басты тұлға болып табылатын мұғалімнің мәртебесін көтеру мақсатында ілкімді істердің атқарылып келе жатқанын тілге тиек еткеніміз жөн. Мұндай игі шараларға мемлекет тарапынан лайықты көңіл бөлініп келе жатқанын да айтуға тиіспіз. Орталықтан шалғайда орналасқан ауыл мектебінің ұстаздары болсақ та, мұғалімдік мамандықтың беделін көтеруге  бағытталған мемлекеттің әрбір қадамы мен қамқорлығын сезініп келеміз. Білім және ғылым министрлігі жоғары санаттағы сапалы педагогтарды қолдап-қуаттау жолында жүйелі жұмыстардың атқарылуына ұйытқы болып келеді. Мемлекеттің игі бастамасын қолдап қуаттап, толығымен жүзеге асырудың орнына, жергілікті жерлерде ұстаз еңбегін әділ бағаламай, бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол берілетіндігін жасырып қалуға болмас. Мәселен, жуырда ғана Батыс Қазақстан облысы, Те­ректі ауданында өткен «Үздік педагог» байқауында орын алған әділетсіздіктер білім беру жолында тер төгіп келе жатқан ұстаз еңбегін бағаламау болып табылатындығы анық. Егер қоғамда ұстаз беделі болмаса, жас ұрпақ кімнен өнеге алады? Жақын арада зейнеткерлікке шыққалы отырсам да, мектеп директорының қолқалауымен аталмыш байқауға қатысуға келісім бердім. Өйткені, ұс­таздық қызметімдегі тәжі­рибем нұсқаудағы байқау талаптарына толығымен жауап беретін еді. Теректі ауданы бойынша 13 ұстаз нұсқауда көрсетілген талаптар бойынша педаго­гикалық қызметтегі іс-тәжі­рибемізді ортаға салдық. Байқау шартына сәйкес оқу­шылар мен тәрбиеленушілер жетістіктерінің оң серпінде көрсетілген педагогикалық қызметінің  жоғары нәти­желілігі, мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі, педагогикалық тәжірибесін жинақтау және тарату туралы мәліметтерді қоса отырып, педагогикалық қызметін өзіндік талдауы, оның кәсіби шеберлігін және жеке тұлғасын бағалау, сонымен қатар, ұстаздардың өңірлердегі, республикадағы білім беруді дамытудағы үлесі сарапқа салынды. Мұғалім ретінде «Ақжайық» жалпы орта білім беру мектебінің білім сапасы бойынша алдыңғы шептен көрінуіне өз үлесімді қосып келемін. Байқау шарты бойынша 2008 жылдан бергі ұстаздық еңбек жолымдағы жеткен жетістіктерімді тілге тиек етер болсам, 2007-2008 оқу жылында республикалық М.Мақатаев оқуынан шәкіртім Айнұр Баяшева бас жүлдені еншілесе, 2008 жылы гуманитарлық бағыт бойынша әдебиет пәнін таңдаған 8 оқушымның 7-еуі бірдей мемлекеттік гранттың иегері атанды. Ал, 2010 жылы шәкіртім Әсемгүл Заменова мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, өзгелерден оқ бойы озық шықты. Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша 2010 жылғы мектеп бітіруші түлектер (менің шәкірттерім) білім көрсеткіші негізінде аудан бойынша 4-орынды иеленді. 2013 жылы «Жайық тол­қы­ны» атты өлкетану фести­ва­лінде екі оқушым да өздерінің білімділігімен алға шығып, 1-орынды иеленіп, «Жас ақын», «Жас жазушы» атанды. Кезінде өзім тәлім берген шәкірттерім бүгінде респуб­ликамыздың түкпір-түкпірінде журналист, қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі ма­­ман­дықтары бойынша қыз­мет атқарып, абырой биі­гінен көрініп келеді. Респуб­ликалық, облыстық деңгейдегі «Тәрбие құралы», «Ұстаз», «Ауыл мек-тебі», «Мектептегі сынып­тан тыс жұмыстар», «Қа­зақ тілі мен әдебиеті» атты ғылыми-әдістемелік жур­нал­дарда жарық көрген мақалала­рымның шәкірттерге берері мол деп ойлаймын. Тек ғана оқушыларға ғана емес ауыл жұртшылығына әдемі әсер сыйлайтын, әрі рухани серпіліс беретін түрлі кездесулерді ұйымдастырып, облысымызға, ауданымызға белгілі ақын-жазушылармен өткізген жылы жүздесулеріміз ауыл жұртшылығының жадында сақтаулы болса керек. Шәкірттерімнің көңілі­нен шыға білгендігім болса керек, олардың республикалық «Егемен Қазақстан», «Ақ желкен», «Ұлан», облыстық «Орал өңірі», «Жайық үні», аудандық «Теректі жаңалығы» атты басылымдарда алғысқа толы мақалаларын толассыз жариялап келе жатқандығы да. Жеткен жетістіктерімнің бәрін санамалаудың қажеті жоқ шығар, бірақ осы уақытқа дейінгі оқушыларды білімділікке баулу жолындағы еселі еңбегім еленбей қалған жоқ. 2008 жылы Білім және ғылым министрлігі, 2010 жылы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті арнайы Құрмет грамоталарымен марапаттады. Айтып айтпай не керек, байқауға қатыстық. Осы ша­раға қазылық еткен қазы­лар алқасының төрайымы Светлана Шүкірова сайыс аяқталмай жатып асығыс шығып кетті. Не үшін? Бұл жағы байқау қатысушыларына да көрермендерге де беймәлім. Былтырғы жылдың соңында республикалық «Халық сөзі» газетінде менің «Шүкірованың құқайы өтті» атты аудандық білім беру бөлімі басшысының былық-шылықтарын аяусыз әшкерелеген мақалам жария­ланған болатын. Сол жолы «балтыры оңбай қанаған» Шү­кірова ханым өткен күннің өкпесін әлі күнге дейін кеу­де­сіне тұмар қып тағып жүргені анық еді. Ендеше дәл бүгінгі байқауда маған жүлденің бұйырмайтыны анық еді. Байқау қорытындысын жариялаған қазылар алқасы­ның мүшелері – Жанаргүл Ермек­қалиқызы,  Зарипа Айтжанқызы және Светлана Шәтесқызы бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, барлығы бірауыздан менің мақтауымды асырып, еңбегіме ерекше тоқталып өтті. «Бақсам – бақа екен» демекші, мақтау сөзден алқа таққан қазылар алқасы, көптің көзінше күмпитіп, шашбауымды көтергенімен, көрер көзге жүлдені өзгелерге еншілеп берді. Әрине, бұл жерде жүлделі орындарды қанжығасына байлаған әріп­тес­терімнің еңбегін жоққа шығарудан аулақпын. «Әділқазылық» еткен қазылар алқасының әділеттің ақ жолынан аттап, талай жылғы ақ-адал еңбегімді ескерусіз қалдырғанына қайран қалдым. Байқау шарттарының бар-лық өлшемдеріне толық жауап беріп тұрғанына қарамастан, еңбегімнің нақты қандай кем-шін тұстары бар екендігін сұра-ғанымда «Сіздің папкаңыз дұрыс жасақталмаған» деген жауап алдым. Егер педагог біткеннің талай жылғы төккен тер, еткен еңбегі, шабытты шығармашылығы, өрелі өнері, жан-жақты білімі мен білігі тек сан-цифрымен сірескен, папкалар мен құжаттар арқылы өлшенетін болса, онда мұндай байқауларды өткізудің қажеті қаншалықты? Бұл мақаланы жазғанда «жау кеткен соң қылышымды тасқа шауып» отырғаным жоқ. Мен үшін сұрап алған жүлденің құны да көк тиын. Бәйге бермеді екен деп ұстаздық ғұмырымда қол жеткізген жетістіктерім ортайып қалмасы да белгілі. Шәкірттерін білім нәрімен сусындат­қан ұлағатты ұстаз, білікті маман екенім ұжымыма аян. Әйтсе де, бүгін менің жолымды кесіп, көрер көзге көпе-көрнеу қиянат қылған қазымыр қазы­лар ертең желкілдеп өсіп келе жат­қан талай жауқазын жастың тағдырына балта шабады ма деп алаң­даймын. Мемлекет ерекше көңіл бөліп отырған осындай берері мол игі шараларда өз біліктілігін көрсеткен дарынды педагогтардың ауыл, ауданнан аса алмай, қанаты қайрылып қайраңда қала беретіні ғана өкінішті... Қазиза РАХМЕТОВА, Ақжайық жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі  Теректі ауданы, Батыс Қазақстан облысы