Қолдан келді, қоныштан бастық...

    Өткен жылы Есеп комитеті Білім және ғылым министрлігінің 18 миллиард теңгеден астам қаржыны желге ұшырғанын анықтады. Ал, биыл, алдын ала мәліметтерге сәйкес, 35 миллиард теңге сомасында заңбұзушылықтар әшкереленіп отыр. Соңғы екі жылда ғылымды қаржыландыру 2,3 есе өсті. Алайда, бұл нақты нәтижелерге әкелген жоқ. Өйткені, мемлекет бөліп отырған миллиардтаған ақша тиімсіз пайдаланылуда. Биыл ғылымның дамуына 50 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа Ғылым жөніндегі комитет бақылау орнатып, иелік жасап отыр. Комитетті басқаратын министрліктің құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алулар департаментінің бұрынғы директоры Нұрлан Ыбырайым. Ол кім? Көлденең көк атты ма? Жоғарыдан зорлықпен тағайындалған адам ба? Жоқ, ол – министрдің өз адамы. Жоғары ғылыми мүмкіндікке ие ЖОО-лар мен ҒЗИ-лардың көпшілігі өлместің күнін көруде. Ал, кейбір жекеменшік және қоғамдық құрылымдар гүлдене түсуде. Мәселен, дүйім жұртқа танымал «ҚР Ұлттық инженерлік ғылымдар академиясы» деген аты дардай қоғамдық ұйым өзінің мүдделес ғылыми ұйымдарымен (Механика және математика ҒЗИ, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ және басқалар) бірге миллиардтаған теңгелердің жобаларын ұтып алыпты. Олардың жұмысы атүсті жүргізіліп, ал, тапсыратын есебін құрастырып-толтыруға ғалымдар сырттан тартылады екен. Бірде-бір жоғарытехнологиялық өнім немесе жасақтау жасалған да жоқ, экономиканың нақты секторына ендірілген де жоқ, дейді білетін жұрт. Ал, осы Инженерлік акаде­мия­ның президенті кім деңіз? Ол – қазіргі министр Бақытжан Жұмағұловтың өзі. Атамыз қа-зақ дөп айтқан ғой қашан да. «Қазаншының өз еркі – қайдан құлақ шығарса...» немесе «Мұр-ның барда – бір сіңбір!» дейді мұндайда... Тәуелсіз сарапшылар Ұлттық ғылыми кеңестің жұмысы сидаң кеңселік сипатқа бөлен­генін айтады. Министрлік бас­шылығы өз ғылыми-зерт­теу институттарының (ҒЗИ) мүдделерін қорғап, өз ғалым­дарының жобаларын алға тартатын көрінеді. Кеңес хаттамалары талай рет қайта хатталып, өзгерістерге ұшырайды екен. Және де жобаларды іріктеу үдерісі сырт көзден таса, жасырын өтетін көрінеді. Әрине, бұл ғалымдарды қапаландырып, ашындырып, жоғары билікке сенімсіздік тудырады және ғылыми ортаны дүрліктірмей қоймайды. Ғалымдардың шетелдік және отандық сарапшылардың жоғары бағасына ие болған жобаларының көбі қаржыландырылуға жібе­рілмейді екен. Болашағы зор, еліміздің экономикасына қажет жобалар мен жасақтауларды ақшаға жарытпайды, тіпті, қаржыландырылмай қоюы жиі кездеседі, дейді білетіндер. Сөйтіп, Елбасы құрған ғылымды қаржыландырудың аса прогрессивті үлгісі адам танымастай өзгеріске ұшырап отыр. 2010 жылдан бері кандидаттық және докторлық жұмыстар жабылып қалса да, бұл осы уақытқа дейін ғылыми атақтарды заңдас­тыруға бөгет болып отырған жоқ кө­рінеді. Ғылыми кадрларды дайындау сапасының да күрт төмендегені көзге ұрады. PhD-докторантура жүйесі жетілдірілмей, дамымай қалды дейді сарапшылар. Елімізден ойлы бастардың ауып кетуі орны толмас сипат алғаны жасырын емес. Ғалымдар ғылымнан кетіп, шетелге көшуде, жобалар жабылуда. Әсіресе, бұл инженерлік-техникалық мамандарға қатысты көрінеді. Білетін адамдардың айтуынша, Жұмағұлов министр орынтағына отырысымен-ақ, министрліктің басшылық құрамын толығымен дерлік ауыстырып тастапты. Ол білім және ғылым жүйесінің бар­лық деңгейінде жеке өзіне жақындығын һәм адалдығын танытқан адамдарды қойып, лауазымды қызметтерге тағайын­даған көрінеді. Көңіліне жақпай­тындарды шеттеткен. Ол басқарған уақыт ішінде еліміздегі жоғары оқу орын­дарының (ЖОО) көпшілігінде ректорлар, проректорлар және декандар екі мәрте ауысып үлгерген екен. Облыстық және аудандық деңгейдегі білім басшылары, колледждер мен лицейлердің директорлары тек жоғары жақтың ғана нұсқауымен тағайындалады екен. Министрлік облыстық білім департаменттерінің қызметіне араласу мақсатында аймақтарда білім саласына бақылау жөніндегі комитеттің өкілдіктерін құруға ұсыныс білдірген екен. Министр Жұмағұловтың бұл ұсынысы – Мемлекет басшысының би­лікті барлық деңгейде орта­лықсыздандыру туралы нұс­қауына қайшы келмей ме?.. Ұлттық университеттерде министр өз бетінше ректорларды ауыс­тыра алмайды (ол – Елбасының құзырында). Сондықтан, ол жеке өзіне адалдығын білдірген адамдарды проректорлыққа тағайын­дап, құрамы министр­ліктің өкілдерінен – айрықша сенім­ді адамдарынан тұратын бақы­лау кеңестерін құрған көрінеді. Еліміздің жетекші универ­ситеттеріндегі бақылау кеңес­терінің құрамына министр­дің өзі де кіреді екен. Іс жүзінде, ол жоғары оқу орындарындағы бар­лық мәселелерді министрдің тек өзі ғана шешіп, барлығына бақылау жасап отыр, дейді сарапшылар. Педагогикалық мамандарды қайта даярлау және кәсіби дәрежесін көтеру одан бетер нашарлаған. Жылдар бойы сынақтан өтіп, еліміз бойынша тармақталып тараған бұл жүйе біржола күйреді. Облыстық мамандарды қайта даярлау және кәсіби дәрежесін көтеру инс-титуттары жабылды. Олардың орнына Білім және ғылым министрлігінің «Өрлеу» Ұлттық кәсіби дәрежені көтеру орталығы атты бір ғана мекеме құрылды, бұл – әлемдік озық үлгілердің тәжірибесіне қайшы келеді. Аталмыш орталықты басқаруға зейнеттегі адам қойылды. Ол да – министрдің өзі қойған адам. Білетін адамдардың айтуынша, білім нысандарына күрделі құрылыс пен жөндеуге, құрал-жабдықтарды жеткізуге және қызмет көрсетуге министрлік пен оған бағынышты мекемелер өткізетін тендерлерді қандай компанияларға беруді министрдің жеке өзі шешеді екен. Тендер алып, өз міндеттемелерін орындамайтын министрліктің басшылығына жақын бірнеше құрылыс фирмасы бар көрінеді. Осының салдарынан құрылыс нысандары аяқталмай, «сақал­ды» құрылыстарға айналуда. Құ-рылыс нысандары өз мезгілінде өткізілмегендіктен, Білім және ғылым министрлігі оларды аяқтау үшін бюджеттен қосымша қаржы талап етеді екен. Есепсіз баюдың епті жол­дарының бірі – оқулықтар шығару, халықаралық және республикалық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу. Осы мақсаттарға бөлінетін жүздеген миллиондар қайда кетіп жатыр? Одан өзге, ел танып-білмейтін компаниялар білім және ғылым ұйымдарына сапасы күмән тудыратын кеңсе тауарларын, компьютерлерді, жиһаздарды, ғылыми жабдықтарды және т.б. жеткізіп отырады екен. 2012 жылы «Әдіғұл» ЖШС қазақ және орыс тілдерінде шы­ғатын «Класс time» республи­калық газеті ашылғанын жұрт біле бермейді. Мейлі ғой, ашса ашсын, бірақ, оған жазылу ерікті-еріксіз түрде жүргізілетін көрінеді. ЖОО-ларды, білім және ғылым мекемелерін аталмыш басылымға миллиондаған теңге бөлуге мәж-бүрлейді екен. Министрліктің колледж тү-лектеріне арналған ЖОО-ларға түсу үшін талапкерлерді кешенді тестілеу туралы өткен жылғы шұ-ғыл шешімі – үлкен әлеуметтік дүрбелең туғызып, тұрғындардың ашу-ызасын келтіргенін құлағы түрік жұрт біледі. Өкініштісі, тестілеу табалдырығынан аттап баса алмаған он мыңдаған колледж түлектері жоғары оқу орындарына түсе алмады. Обал-ақ. Олардың көпшілігі жұмыссыздардың және тәуекелшіл топтардың қатарын толтыруда. Оның үстіне, министр мем­лекеттік ЖОО-лардың жанын­дағы колледждерге талапкер қабылдауға тыйым салып, оларды ЖШС ретінде қайта тіркеуге өкім шығарыпты. Бұл колледждер жекешелендіру нысандарына айналып, жеке адамдардың қолына өтіп кетуі әбден мүмкін көрінеді. Елімізде ҰБТ өткізу жылдар бойы дау-дамай мен жанжалдарға толы болды. Министрліктің нұсқауымен ҰБТ-ның 154 бабын «глушилкалармен» жабдық­талғанын жұрт біледі. Әлбетте, «глушилкаларды» қолдану қалың бұқараның, ата-аналардың және оқушылардың ашу-ызасын тудырмай қоймады. Сон-дай-ақ, мемлекеттік университеттерге түсудің 70 баллдық төменгі деңгейін енгізу кезінде талапкерлерді қабылдау ерекшеліктері және мамандықтардың талап етілуі ескерілмеді. Нәтижесінде, аг-рарлық және гуманитарлық-педагогикалық бағыттағы ЖОО-ларға ақылы ғана емес, гранттық негізде де оқуға түсетіндердің саны күрт кеміп қалыпты. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі министрдің қызметі Мемлекет басшысы қойған мін-деттерді орындауға орасан зор нұқсан келтіріп жатқан көрінеді. Министрліктің жұмысы формалды және атүсті сипатқа ие болыпты. Ол ғылыми-әдістемелік негізге сүйенбейді екен, әрі бі-лім және ғылым дамуының нормативті-құқықтық базасы жетілдірілмеген дейді. P.S. Осыдан үш жыл бұрын Елбасы өзінің партиядағы үзеңгілесі («Нұр Отан» ХДП төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары) Бақытжан Жұмағұловқа білім және ғылым министрінің орынтағын сеніп тапсырған еді. Ол осы маңызды саладағы бірегей мемлекеттік саясатты қалыптастыруға жауапты болатын. Содан бері оның тірлігін қорытындылайтын мезгіл де әбден пісіп-жетілгендей. Өкінішті – нәтижесі көңіл көншітпейді. Тоқетері: министр мемлекеттің білім және ғылымның бәсекеге қабілетті, тиімді һәм заманауи жүйесін жасау саясатына селкеу түсірген сияқты... Жангелді АСАН zet1962@mail.ru