Ұстанымы - жаңашылдық

Ұстанымы - жаңашылдық

Еліміздегі жоғары оқу орындары арасында көш бастап тұрған университеттердің бірі – Сулейман Демирель Университеті. Отандық ғылымның дамуына орасан зор үлес қосып келе жатқан білім шаңырағы туралы толығырақ тарқата түсуді жөн санадық.

Ағылшын тілінде білім беретін алғашқы оқу орындарының бірі

Білім берудегі озық технологиялар мен инновациялық идеяларға, жаңалықтарға ашық, сұранысы жоғары түлектер шығаруды көздейтін Сулейман Демирель атындағы Университетке биыл 27 жыл толды. Ең алғаш 1996 жылы Алматы қаласындағы Орбита ықшамауданында білім беру бағдарламасымен шағын ғимараттан бастау алған білім ордасы бүгінгі таңда, Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы 14 гектарлық алаңда заманауи талаптарға сай 46 мың шаршы метрлік кампус пен 20 000 шаршы метрлік жатақханасымен 8000-нан аса білімгерге білікті 430-ға жуық профессорлық оқытушы құрамымен білім беруде. Университет құрамында 4 факультет пен Мультидисциплинарлық және Үздіксіз білім беру орталықтары жұмыс істейді. Атап айтқанда, Инженерлік және жаратылыстану ғылымдары факультеті, Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультеті, Педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультеті студенттер үшін қызмет көрсетіп келеді.

2021 жылдан бастап Педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультетінде бес жаңа мамандық ашылды. Нақтыласақ, Педагогика және психология, Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, Бастауышта оқыту педагогикасы, Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану, Тарих (педагогика) білім беру бағдарламалары ашылды.

Ағылшын тілінде білім беретін алғашқы университеттердің бірі болып табылатын мекемемізде қазіргі уақытта 56 білім беру бағдарламасы бар, атап айтқанда 28 бакалавриат бағдарламасы, 21 магистрлік бағдарлама және 7 докторлық бағдарлама. СДУ-да үш тілді білім беру жүйесі жұмыс істейді, соған сәйкес оның білім беру бағдарламаларының 82% -ағылшын тілінде, 18% – қазақ, орыс тілерінде оқытылады.

Білімгерлер толықтай European Credit Transfer and Accumulation System – Кредиттерді аудару және жинақтаудың еуропалық жүйесі арқылы дәріс алуда.

Профессорлық-оқытушы құрамы – еліміз бен шетелдің белді оқу орындарын бітірген өз істерінің мамандары болып табылады. Жалпы саны 430, оның ішінде 20% ғылым кандидаты, 36% PhD докторы жұмыс істейді.

Ғылымның шамшырағы – кітапхана

Университеттің маңызды бөлімдерінің бірі болып табылатын СДУ ғылыми кітапханасы 1996 жылы университетпен бірге ашылған. Ғылыми кітапхананың миссиясы Университет қызметкерлері мен студенттерінің кітапханалық-ақпараттық ресурстарға сапалы және тиімді қолжетімділігін қамтамасыз ету, сонымен қатар зерттеушілерге ғылыми зерттеулерде электронды деректер базасымен жұмыс істеу бойынша сапалы қызметтерді көрсету болып табылады.

Университет ашылғаннан бастап Ғылыми кітапхана қазақ, ағылшын, орыс тілдеріндегі ғылыми және әдеби 400 000-нан астам басылымға қол жеткізе алды. Кітапхана қоры – студент үшін мол азық әрі студенттің ізденуі үшін негізгі білім алатын орын. Бұл орайда кампусымызда қазір студенттердің білім алуы үшін кітапхана қызметі толыққанды қамтамасыз етілген. Үш қабатты кітапхана LCC жүйесі бойынша жұмыс істейді.

Сондай-ақ кітаптарды алу, тарату, оқырмандарға жеткізу қызметінде соңғы заманауи ақпараттық технологиялар қол¬да¬нысқа енгізілген. Ғылыми кітапханадағы жұмыс жүйесі толығымен автоматтандырылған. Сонымен қатар электронды кітап қоры да толықтырылып, шетелдің ең озық кітапхана қорларымен жұмыс істейтін онлайн жүйесі ойлас¬тырыл¬ған. Мысалы, ғылым жолына түскен студентерге оқулықтар қажет болса, бұл кітаптарды онлайн кітапханалар арқылы сұраныс жасап алдыртамыз. Кітапхана қорымызда құнды жазбалар да, қолжетімсіз кітаптар да жеткілікті.

Қонақ үй үлгісіндегі студенттер үйі кампусымыздың территориясында, оқу ғимаратынан 30 метр қашықтықта орналасқан. Студенттер үйінің жанында шетелден келген қонақтар мен оқытушыларға арналған қонақ бөлмелері жұмыс істейді. Студенттеріміз бен қонақтарымыз футбол, воллейбол, баскетбол алаңдарын қолдана алады. 24 сағат жұмыс істейтін қауіпсіздік қызметі кампустағы қызметкерлер, студенттеріміз бен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Студенттер үйінің негізгі мақсаты – күнделікті өмірде ыңғайлы қызмет, ауызбіршілік пен өзара достық қарым-қатынас орнату арқылы жастардың еңбек пен білімге құштарлығын ояту. Бұл факторлар елімізді түрлі салада халықаралық деңгейде дамытатын азаматтарды тәрбиелеуде аса маңызды. Біздің басты приоритетіміз – студент. Жауапкершілігіміз студенттеріміздің күнделікті тіршілігіне қолайлы жағдай жасау, ыстық тамақпен қамтамасыз ету, қажетті психологилық көмек көрсету, спорт пен салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Бәсекеге қабілетті білім ордасы

Университетіміз Қазақстандық рейтингтік агенттіктерінің көрсеткіші бойынша жоғары орындарға ие. Мәселен, биыл СДУ Webometrics рейтингісі бойынша үздік ондыққа кірді. Қазақстанның 129 университеті қатысқан Webometrics халықаралық рейтингісінің қорытындысы бойынша СДУ 8-орын алды. Webometrics Ranking of World Universities-2023 әлемдік үздік білім беру мекемелері веб-сайттарының халықаралық рейтингісінде ЖОО зерттеуші ғалымдарының Scopus және Google Scholar ғылыми метрикалық жүйелеріндегі жарияланымдары ескерілді. Жоғары оқу орындарының ең үлкен академиялық Webometrics Ranking мақсаты – университет беретін білімнің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету. Айта кетейік, Ranking Web редакторлары – метрикаға негізделген бағалауда айтарлықтай тәжірибесі бар әлемдік деңгейдегі қоғамдық зерттеу мекемелерінде жұмыс істейтін ғалымдар.

2020 жылғы ҚР ҰКП «Атамекен» рейтингінің нәтижелері бойынша Университет алғашқы 10 жоғарғы оқу орындарының ішіне кіріп, 6 орынды иеленді. Ақпараттық технологиялар бағдары бойынша үшінші, шетел тілі НААР рейтингі бойынша қатысқан 54 жоғарғы оқу орнының ішінде 14 орынға ие болды.

Сондай-ақ, Университет Халықаралық Impact Rankings, QS EECA (Emerging Europe and Central Asia) сияқты рейтингтерге белсене қатысып, жоғары көрсеткіштерге жетуді алдына мақсат қойып отыр.

Университет үшін білім беру сапасын стандарттарға сәйкес жоғары көрсеткіштерге теңестіру өте маңызды. Осыған орай, Сулейман Демирель атындағы Университет мекемесі Аккредитация және Рейтинг Тәуелсіз Агенттігінің сараптамасынан жүйелі түрде өтеді.

СДУ-дің профессорлық-оқытушы құрамы мен студенттері бизнеспен серіктестік бағытында жұмыс істейді. Ол жобаларды университетіміздің Технопаркі арқылы жүзеге асыруға барлық мүмкіндік жасалынған.

Барлық түлектеріміз қолданатын SDUConnect арнайы қосымшасына 2000 нан астам адам тіркеліп, кәсіби даму, білім алу, байланыс, жұмыс іздеу туралы жаңалықтар мен пікір алмасып отырады.

Интернационализация – стратегиялық дамудың негізгі бағыты

Университетіміздің стратегиялық дамуының негізгі бағыттарының бірі – Интернационализация. Бұл бағыт бойынша бүгінге дейін Университетке шетелдік топ менеджерлер тартылып, профессорлық-оқытушылық құрамның қатарына шетелдік мамандар тартылды. Жыл сайын жүзге жуық білімгеріміз Мобильдік ұтқырлық саясатымен шетелде білім мен тәжірибе алмасып келді.

Қазіргі күні университет факультеттерінде Орта Азия, Африка, Қытай, Ресей. Моңғолия сияқты елдерден 200-ге жуық шетелдік студент білім алуда.

30 мемлекеттегі 100-ге жуық университетпен ынтымақтастық меморандум жасалып бүгінгі таңда академиялық ұтқырлық, тәжірибе алмасу бойынша бірлескен жобалар атқарылуда. Бұдан бөлек, университетіміз ERASMUS жобалары бойынша Педагогика және Инженерия бағытында жұмыс істейді.

Сондай-ақ, Сулейман Демирель атындағы Университет еліміздің барлық аймағындағы білімді де алғыр жастарға 4 жылдық саны 297 оқу гранттары мен жеңілдіктер бөліп отыр. Осымен тоғызыншы жыл қатарынан өткізіліп отырған олимпиадаға еліміздің барлық облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында бір уақытта өткізілетін болады. Биыл да өз жалғасын тапқан игі бастама арқылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі мектеп пен колледж түлектерін арнайы SPT олимпиадасы арқылы іріктеп, озық шыққан жастарға жалпы саны 297-ге тең жеңілдіктер мен гранттар ұсынады.

Айта кетейік, SPT (SDU Proficiency test) – Сулейман Демирель Университеті ұйымдастыратын Қазақстанның барлық мектеп пен колледж түлектеріне арналған. Негізгі мақсаты – талапкерлерге болашақта мамандық таңдауға көмектесу және түрлі деңгейдегі грант пен жеңілдік беру арқылы қолдау көрсету. Олимпиада да әрбір оқушы таңдаған бағыты бойынша (Физика, География, Химия-биология, Ағылшын тілі, Әдебиет, АҚҚ, Биология, Тарих, Информатика) өз білімін көрсете отырып, СДУ-дің ішкі гранты мен жеңілдіктеріне ие бола алады.

СДУ болашақта өз ісінің әлемдік деңгейдегі шеберіне айналатын түлектерге ең жақсы білім алу ортасын қалыптастыру арқылы дамуды мақсат тұтады. Біздің құндылықтар адамзат өмірін, экономиканы жақсартуға, ұлтына қызмет етуге дайын жаңашыл, өз саласында кәсіби біліктілігі жоғары мамандарын тәрбиелеу мен білім беруге негізделеді.

Еңлік ЕРБОЛҚЫЗЫ

qazaquni.kz