Мектеп директоры Алмас Қайыпов: Мен жасымнан педагог болғым келді

Мектеп директоры Алмас Қайыпов: Мен жасымнан педагог болғым келді

Қай саланы таңдасам да, сол саланың үздігі боламын деп шештім

-Алмас, алдымен өмір жолыңмен қысқаша таныстырып өтсең.

-Мен 2007 жылы Шымкент қаласының іргесіндегі 1-Бадам ауылында туып-өскенмін. Отбасындағы он алтыншы баламын. Анам төрт рет егіз туған адам. Кәзір 6 ұл, 6 қыз бармыз. Әкем 2009-жылы, анам 2019-жылы өмірден өтті.

Ауылдағы №100-ші жалпы орта мектепті бітірдім. Шымкенттегі М.Әуезов атындағы университетті «педагог-ұйымдастырушы» мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіріп шықтым. Кәзір мектептерде «педагог-ұйымдастырушы» деген штат бар, ол өзінің арнайы жоспарына сәйкес, мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасармен бірлесе жұмыс істейді, түрлі мерекелік, басқа да, о.і. мәдени шараларды ұйымдастыру жұмысына жауап береді. Бұл сұраныстан пайда болған мамандық. Әр іс-шараға сценарий қалай жазылады, оның шығыны қалай есептеледі, т.т. бәрін біз университетте оқып, үйрендік.

-Мерекелік шара болса, музыка аспаптарында ойнай білу де шарт қой?

-Әрине. Көреген Дастан деген кісіден домбырада, Махмұт Орынбаев деген азаматтан аккердеонда ойнап үйрендім. Қобызда да ойнаймын.

Мен университет бітірген соң №88-мектепке аға тәлімгер болып жұмысқа орналастым. Домбыра үйірмесіне жетекшілік еттім. Мен жоғары кластарда оқып жүргенде тарих пәнінен олимпиадаларға жыл сайын қатыстым. Белсенді болдым. Мақсатқа тек еңбек жеткізетінін түсіндім. Ол кезде Сайрам ауданына қараймыз. Ауданда, аймақта жеңіп келеміз-дағы, облысқа келгенде өте алмай қала береміз – қазақ-түрік лицейі (кәзір инновациялық білім лицейі деп аталады) бәйгенің алдын бермейді. Содан бір күні облыстық білім басқармасының бастығы Балқия Көмекбаеваға шағым айтып, өзімше әділдік қуып барғаным бар...

-Мүмкін, жаңылысармын, бірақ өз басым 623 жыл империя болып, жарты әлемді жаншып, билеп-төстеген түріктердің, тіпті, кімнің болғанда да, қазаққа шын жаны ашиды дегеніне сене алмаймын. Саясатта, Черчилль айтпақшы, дос болмайды, тек мүдде ғана болады. Қазақтың досы қазақ қана! Басқа түгілі орыс патшасы 1-Петр де айтқан: «Орыстың досы – әскері мен флоты!»

Ал, Балқия апайың шағымыңа, наразылығыңа не деп жауап қайтарды?

-Ол кісі маған істің дәл мен ойлағандай әділетсіз өтпейтінін түсіндірді... Ол әңгіме маған үлкен ынта сыйлады. Мен бұрынғыдан да ынталана дайындалатын болдым. Дәл сол күні болашақта қай саланы таңдасам да, сол саланың үздігі болуға міндеттедім өзімді.

- Мектепке директор болсам деген ой басыңа қашан келді?

-Тәлімгерлік жұмысым, балаларға бағыт-бағдар беру, ұлттық құндылықтарды олардың бойына сіңіру менің өзіне ұнағандықтан барымды салдым. Директорымыз маған сенім артып, жұмысыма қанағаттанып, мақтап, қолдау көрсетіп, ынталандырып отырды. Сөйтіп жүргенде (айтпақшы, ол кезде екі балам бар мен «жас отбасы» деген бағдарлама бойынша екі бөлмелі пәтер алған-тұғынмын) үйімнің алдындағы НЗМ-да (назарбаев зияткерлік мектебі) музыкалық көркемдік жетекші деген қызметке байқау жарияланған екен. Мен соған қатысып, жеңіске жеттім. Содан үш жыл сол мектепте істедім. Ол жерде тәрбие жұмысы өте жақсы жолға қойылған. Оқушылар сағат 8-ден 17-ге дейін мектепте болады. Қаладағы №65 мектептің директоры, абыройы асқақ, атақты Қатира Қыдырбаева апайым мені жиналыстарда көрсе, өзінің мектебіне шақырып жүрді. Үлкен балам сол кісінің мектебінде оқитын. Екінші ұлым да 65-мектепке барған соң, мені апайдың ұсынысын қабыл алып, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары болып бардым.

Мен қолында бір жыл жұмыс істеген Қатира Кәдірбаева 2019 жылы өмірден өткен соң, оның орнына орынбасары Айгүл Әбдіуәлиқызы отырды.

-Иә, ол кісіні өзіміз танымасақ та, оқушыларды таңертең құшағын жайып қарсы алатыны ел ішінде аңыз болып тараған...

-Ол апайымыз денсаулығына байланысты қызметтен бас тартқан соң, мен директор міндетін атқарушы болып тағайындалдым Бір жылдан соң ол кісі де бақилық болды. Екі жылдан кейін мектеп директорының орнына байқау жарияланғанда мен де бағымды сынап көрдім. Жолым болды. Ұжым қолдады. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Тестте мен 100 баллдан 79 балл жинадым. Оның сұрақтары қиын еді, бір біріне өте ұқсас болатын. Одан өткендерді мектептің «қамқоршылық кеңесі» күтіп тұрды. Одан да өткендеріміз қалалық «қоғамдық кеңестің» сынағына қатыстық. Мен бірауыздан қолдау таптым-дағы, қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мені директор етіп тағайындау туралы 2021 жылы 24-ақпанда бұйрыққа қол қойды.

-Кәзір мектептегі ер және әйел мұғалымдардың арасалмағы қандай?

-Ерлер әлі де аз. Бүгін таңда біздегі 278 ұстаздың 29 ер адам. Марқұм Қатира апайымыз жұмысқа балл қоятын байқау арқылы қабылдаудың жақсы үлгісін жасап беріп кеткен. Біз сонымен жұмыс істейміз. Жалақы көбейіп жатыр, жігіттер де енді мектепке келе бастайтын шығар. Ұстаздардың жалақысы көбеюімен қатар, былтыр «Мұғалымдар мәртебесі туралы» заң қабылдануына байланысты олардың мәртебесі де көтерілді. Бұл мамандыққа грантқа түсу үшін бұрын 60 балл жеткілікті болса, кәзір ол 70, 80 баллға дейін өсті.

-Бүгінгі таңдағы мектептің алдында тұрған ең үлкен мәселе қандай?

-Ол – функционалды сауаттылық. Бұл – дегеніміз, біліміңді күнделікті өмірмен байланыстырып, соған қолданып, пайдаланып үйрену. Білімді осы бағытта беруге басымдық берілген.

-Жақсы екен. Ал, бұрынғыдай, аттестатпен бірге қандай да бір жұмысшы мамандығын игеріп шығу мәселесінің жағдайы қандай?

-Жалпы білім беру жайлы аттесттат қана бере аламыз.

-Онда 11-жылдан, келешекте 12-жылдан соң мектеп бітірген 18-дегі зіңгіттей жігіт пен бұлаңдаған бойжеткен өзге түгілі өз басын да асыра алмайды ғой? Шынына келсек, біз олардың ертерек отбасы құруына жағдай жасауымыз керек қой. Университеттерде жатақхананың бәрі отбасылық болуы тиіс. Ең мықты махаббат – ең алғашқы махаббат! Кәзір олар институт бітірсе де, жұмыссыздық пен баспананың жоқтығын салдарынан сеңдей соғылысып, бойдақтар қатарын көбейтіп жүр. Әсіресе, қыздарға обал. Министліктерден кешке сатырлаған «кәрі қыздар» шығып жатқанын көргенде жүрегің ауырады...

-Менің өзім 19-жасымда, 2-курста үйлендім, кәзір бес перзентім бар.

-Міне, бәрі сен секілді ерте үйленуіне мемлекет жағдай жасауы тиіс. 35-жаста 5 емес, 7-8 балалы болып, бұл мәселе оларда түпкілікті шешілген болуы тиіс!

Мектептен шет тілін оқушы неше жыл оқиды және толық игеріп шыға ма?

-2-сыныптан. Игере алады. 5-сыныптан бастаса да. Тек ынта болсын деңіз. Мектептің бағдарламасы өте жақсы кәзір.

Жапония – шет ел емес, шет әлем...

-Дүние жүзінде ең қатты дамыған ел – Жапония. Олардың дамығаны сонша, олар өзіне керек білімнің бәрін өз тіліне аударып отырады. Ағылшын тіліне табынбайды. Американың долларына сыйынбайды. Тіпті Жапония долларды керек те етпейді... Мектебінде оқушылардың арасында «байдың баласы, кедейдің» қызы» дегендей теңсіздік жоқ екенін, мектептің еденін, дәретханасын оқушылар өздері жуып, тап-таза етіп ұстайтынын кәзір бәріміз білеміз.

Білім беру саласы дамыған екінші ел Финляндия болып тұр бүгінде. Енді осы елдерден біз не үйреніп, нені қабылдап жатырмыз? Үйреніп жатырмыз ба өзі?..

-Тамаша сұрақ. Жапонияда балаға жақсы білім, өнегелі тәрбие беру – ең басты ұлттық басымдылық, ұлттық құндылық болып саналады. Әрбір(!) баланың тәрбиесіне бүкіл жапон халқы тұтас атсалысады. Көшеден кішкентай баланы біреу өткізіп жатса, қарсы бетте басқа бір жапон әлгі баланы күтіп тұрады.

-...Иә, биік таудағы бір ауылда тұратын жалғыз оқушының мектепке барып-келуі үшін сол ауыл мен қала арасына кішкентай пойыз күніне екі рет қатынайтыны жайлы киноролик те бар...

- Ең басты ұлтттық ұстаным мынау: «Жапон баласын оқыту, тәрбиелеу, оны дамыту арқылы біз Жапонияны дамытамыз!» Алдыңғы орында – тәрбие. Фараби айтқан: «Тәрбиесіз берілген білім – қарақшының қолына қанжар ұстату» қағидасын ұмытпау.

-Ту, не деген теңдессіз ұстаным!

-Білім мен тәрбиенің өзі жапонның ұлттық құндылықтарына негізделген. Ал, Финляндияға келсек, оның дамуының себебі басқаша, ол елде сіз жемқорлықты көрмейсіз. Білім де, тәрбие де ол елде өзара сенімге негізделген. Біздегідей қатал тәртіп, сабақ оқыту, тапсырма беру, қадағалау жоқ.

-Бізде қалай, бізде?..

-Өз мектебім жайлы айтар болсам, бізде барлық білім мен тәрбие ісі мектеп басшылыққа алатын құжаттар аясында жүзеге асады. Ол қандай құжат десеңіз, ол - «мектептің миссиясы». Ол миссияға жалпы адамзаттық құндылықтар мен ұлттық құндылықтар негізінде бәсекеге қабылетті, білімді, зерделі тұлға қалыптастыру кіреді. Ұлттық құндылықтарға жататындар: Қазақстандық патриотымыз, өмір бойы білім алу, еңбек және шығармашылық.

Оқушыларымыз осы идеямызға сай болып шығып жатыр ма? Пайымдаймыз. Бастауыш мектепте білім алған бала қандай болып қалыптасуы керек? 5-ші, 6-ші, 7-ші сыныпта орта буынның қандай дағдыларын дамытуымыз керек? 8-шіден 11-шіге дейінгі аралықта баланың моделі қандай болып қалаптасатынына қатты мән береміз. Ол кезде бұл іске тек мұғалымдар ғана емес, ата-аналар да, мектептің өзін-өзі басқару ұйымы, бәрі-бәрі атсалысады.

Былтыр мектеп бітірген 211 оқушымыздың 11-і шетелдік жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алса, 10 оқушымыз «Алтын белгі», 19 оқушымыз «үздік куәліктің» иесі болды. Олар футболдан қала мектептерінің арасында жеңімпаз атанып, 20 млн.теңге жүлдеге мектепке автобус сатып әперді. Шахматтан 2-орынды, баскетболдан 3-орынды иеленді.

Бір оқушымыз халықаралық ғылыми байқауда 3-орын алды. Республикалық ғылыми жобаларда 24 оқушымыз, бастауыш сыныптар арасынан 28 оқушымыз жүлдегер атанды.

Мектебімізде 4 бағытта: шығармашылық, техникалық, пәндік және спорттық 49 үйірме жұмыс істейді. Мектепте берілетін негізгі білімді – инвариативті сабақта беретін болсақ, оны пысықтап, тереңдете түсу үшін қосымша вариативті сабақ та өткіземіз. Одан кейін де тағы екі сабақ өтеміз.

1251 орындық мектебімізде 4200-ге жуық бала оқыды. Қасымыздағы жекеменшік мектептермен келісе отырып, 700-дей оқушыны соларға жібердік. Бала санын 3983-ке, одан 3605-ке, одан 3402-ге, одан кейін 3184-ке түсірдік, ең ақырында бүгін 3039 оқушы білім алып жатыр. 600 орындық қосымша ғимара салынып жатыр. Ол біткен соң 3700 баламен екі ауысымда жұмыс істей баламыз. Бір ауысымға ауысатын болсақ 1851 баланы оқыта алатын боламыз. Бізден оқушылар басқа мектепке кеткісі келмейді...

Былтырғы және биылғы оқу жылында 8 кабинет толық жабдықталды. Осы оқу жылында 29 панельді тақта аламыз.

-Тестілеуден қашан құтыламыз?

-Кәзір тестілеудің түрі өзгерді. Бұрын тек нұсқаларды жаттайтын болсақ, кәзір сауаттылық басты көрсеткіш.

-Математика, физика, химиядан есеп шығарыла ма?

-Шығарылады.

-Онда неге «тестілеу» деп аталады?

-«Емтихан» деп өзгертілетін шығар... Балаларды ҰБТ-ға даярлау бүгін мүлде басқаша.

-Мен үшін, жалғыз мен үшін емес, әрине, маңызды сұрақ: Бастауыш сыныптарды бітірген балдырғандар «Батырлар жырындағы» Алпамыстың, Қобландының, Ер Тарғынның, ертектегі Ер Төстіктің кім екенін анықтап айтып бере ала ма?

-Бере алады, оған күмәніңіз болмасын.

Сұхбаттасқан Өмірзақ Ақжігіт

П.С. Орда бұзар 35-жастағы Алмасты партияластары Шымкент қалалық мәслихатына депутаттыққа ұсыныпты. Алға, Алмас!