Латынға көшу - орыс тілін өшіру, қазақ тілін өсіру

Соңғы кездері латын һарпінің айналасында біршама пікір таластардың өршіп бара жатуы заңдылық деп қабылдауымыз шарт. Расында ойлағанымыздың түп төркіні түбінде ұлтымыздың рухани тәуелсіздігі. Бір әріптес орыс ұлтының өкілінен латынға көшуге қатысты ойын білім едім. Ол бірден қарсылығын білдіріп, ағынан жарылды. Меніңше, бұдан еліміздегі қазақтан кейінгі саны басым орыс ұлтының пікірі мен күйі осындай деп топшылай беруге негіз бар. Себебі, орыс ұлтының бірден-бір өкілі мейлі, сарапшылық салада болсын, латынға өту керек дегенді әлі айтқан емес. Неге? Себебі, ресми тілдің де, оның алфавиті кириллицаның да үстемдігі тұрған жерде, орыстың үстемдігі келіссеңіз де келіспесеңіз де, басымдығын барлық салада жоймайды?! Мынаған қарайық, Латын һарпіне көшкен Әзірбайжан, Түркменстан, Өзбекстан елдерінің Конституцияларында мемлекеттік тіл әзірбайжан тілі, түркмен тілі, өзбек тілі деп жазылған да, ал латынға көшпеген Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан елдерінің Конституцияларында мемлекеттік тілмен қатар ресми тіл орыс тілі деп тайға таңба басқандай ырқынан жібермей жазылып тұр. Осыдан барып, есі дұрыс көкірегі ояу, бүгінгісі мен кешегісін ойлайтындарға айтарым, бізге шын мәнінде уақыт ұттырмайтын тәуелсіз қадамдар керек пе, әлде латынға «ал, міне көштік» дегенде, оның  онсыз да онжылдықтар қиыншылықтарын өткеріп, бірақ есін тез жиып даму жолына түсіп кететін қадамдар керек пе?! Осы ретте, айтарым, мына конституциядағы ресми тіл деген ұғым жас ұрпақтың сүйегіне сүйелдей болып бара жатыр. Оны қарапайым күнделікті кеңселерге, консалтинг, холдинг, агенттіктерге, қаржы құрылымдарында дұрыс қызметте өспей жүрген қаракөздеріміздің өздерінен көруге болады. Қаншама есіктердің жабылуы, ол жердегі қазақ тілінің жоқтығы, мемлекеттік тілде іс жүргізудің жүрмейтіндігінен. Осыдан барып, амалы құрыған буынның қызмет көрсету, күзет, ақыры ауылға димпломмен кетуге мәжбүр болғанының себебі, тек дипломды сатып алғандығында ғана емес екендігі анық. Яғни, тілдік фактордың әсері, өркені тасымай отырған ұрпағымыздың әлеуметтік саладағы проблемаларына ұштасуына, бір тілдің, бір алфавиттің айналасындағы күрмеуі шешілмеген мәселеден туындап отыр. Ендеше, Елбасы көтерген осы жолғы бастаманы - латын һарпіне көшудің ауылын алыс қылмай, жүйелі, салмақты, есептелген қадамдармен басуымыз абзал. Я, латынға өткен жағдайда бесінші сыныптың баласы түсінбес, төртінші сыныптың баласы һаріпті жаттауға ниеттенер, үшінші сыныптың баласы шала- шарпы үйренер, екінші сыныптың баласы жаттап алар. Ал бірінші сыныптікі толығымен ана тілін тәуелсіз һарпінен бастап, ойын тәуелсіз жеткізіп, артқа алаңдамас мінезге салынар,  ұлттың шынайы иесі болады ғой! Өйткені, һарпі орыстікі емес, тілі өзінікі, болмысы еркін, рухы жалындар. Міне, біздің күтер нәтижеміз де осы соңғысы болмақ. Сондықтан, латынға өткен ұлттың Конситуциясында ресми тілдің табиғи заңдылығымен жойылуы, бір ғана мемлекеттік тілдің орнауы осылай жүреді. Біздің күткен нәтижелі мақсатымыз да осы... Имандылықта «әуелі ниет, сосын парызыңды орындауға асық» деп насихаттайды. Мен осы ұғымды барша ағайынға латын һарпіне көшудегі әуелі бір ұстанымдағы ниетімізді түзейік, сосын ұрпақ алдындағы парызымды орындауға асығайық дер едім.  

Мақсат ЖАҚАУ

«АҚ ЖОЛ» ҚДП

Алматы қалалық филиалы

төрағасының орынбасары, саясаттанушы