ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚАДІРІН ҚАНДАСТАРЫМЫЗ ҚАТТЫ БАҒАЛАЙДЫ

Ақтолқын Құлсариева, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, философия ғылымының докторы, профессор:

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚАДІРІН ШЕТТЕН КЕЛГЕН ҚАНДАСТАРЫМЫЗ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАЙДЫ

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДЕ ЖАЛТАҚТЫҚ ТАНЫТПАУЫМЫЗ КЕРЕК

Ақтолқын Тұрлыхан­қызы, өзіңіздің «Тәуелсіз Қазақстан идеясы – Жерұйық Қазақстан» атты мақалаңызда «Біздің ұлттық идеямыз да, ұлттық идеологиямыз да биік азаматтық құндылықтарға негізделген ұлттық келісім рухы негізінде құралып, тәуелсіздік құндылығын ұлықтауы тиіс» деген екенсіз. Жалпы бүгінгі күні басты байлығымыз – Тәуелсіздігімізді жеткілікті дәрежеде бағалай алып жүрміз бе? – «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп атам қазақ бекер айтпаған ғой, пенде адам әлдененің бағасын тек соны жоғалтқанда түсінеді ғой. Бірақ ондайдың бетін аулақ қылсын! Меніңше шет жақтан келген қандастарымыз осы жердің төл тұрғындарымен салыстырғанда, тәуелсіздік бақытын, тәуелсіздік беріп отырған қыруар мүм­кіншіліктерді әлдеқайда қатты сезінеді деп ойлаймын. Кейде біз әлі тәуелсіздіктің бағасын түсіне алмай жүрміз бе  деп күмәнданатыным да рас, әсіресе, руханият саласында – тіл, діл тұрғысынан алғанда. Кеңес заманын көбірек аң­сайтын буын арасында Тәуел­сіздікке қатысты кереғар көз­­қарастар, алып-қашты әң­гімелер, әзіл-оспақ жүруі мүм­кін. Бірақ Тәуелсіздікте дүниеге келген ұрпақты жанұя­сын­дағы кеңес заманының көзін көргендер бұзбаса, оларда Тәуелсіздік туралы еш күмән жоқ. Өйткені олар Тәуелсіздік алғалы неден ұттық, неден ұтылдық демейді алдыңғылары сияқты. Олар үшін барлық болмыс тәуелсіздікпен байланысты, міне мәселе осында. Оларда «Мен қазақпын» деген мақтаныш сезім өте мықты. Олар ешкімге дес бермейді, бет қараттырмайды. «Әр заманның өз Мұсасы бар» деп Мәуләнә айтпақшы, жаһұдилердің бойындағы құлдық сана сипаттарын болдырмаймын деп, құлдық көрген соңғысы көз жұмғанша, оларды Мұса пайғамбар қырық жыл шөл далада айдап жүрді емес пе? Әпсана ма? Әпсана. Бірақ әр әпсананың артында адамзаттың жүріп өткен жолындағы үлкен тәжірибе даналығы жатыр емес пе?! Астарлы әпсана тәуелсіздік алғаннан соң барлық салада отарсыздану шараларының қажеттігін білдіреді. Бодан санадан ұлттық, мемлекетшілдік санаға жетудегі жол тым ұзақ болмағаны дұрыс еді. Бірақ көршілестеріміз­бен салыстырғанда, сол жолда біз­дің кешеуілдеп келе жат­қанымыздың түрлі себебі бар. Ең бастысы, Ресейге қатысты, елімізде орыс хал­қы­ның санының көптігіне бай­ланысты деп болжаймын. Оның үстіне, тіл, ақпараттық орта тұрғысынан да орысқа тәуел­ділігіміз байқалады. – Ұлтты қалыптас­ты­ратын негізгі факторлардың қатарында тіл, дін, діл мі­нез-құлық, дүниетанымы, құндылықтары, салт-дәс­түр, әдет-ғұрпы және т.б. бар екендігі белгілі. Бірақ елімізде әсіресе осы аталған факторлардың аясында мәселе көп туындап жатады. Сонда бұл біздің толыққанды ұлт ретінде ұйыса алмағандығымыздың көрінісі ме? – Қиын тиетін сұрақ екен. Толыққанды ұлт ретінде ұйысу үшін біршама уақыт керектігі мәлім. Кеңестік идеологияның орнын ештеңе баса алмастай көріп, оның үстіне, «жан қайғы ма, мал қайғы ма» демекші, алдыңғы орынға мал қайғысы шығып кеткен өтпелі заманда, әрине, елдің күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз ету керек болған кезде бәрінен баз кешкеніміз бар. Қоғамдық-экономикалық күрделі өзгерістер аясында мұндай жағдай талай мемлекеттің басынан өтті ғой. Қазіргі шақта идеология қазақстандық қоғамды бір тудың астына жинап, ортақ азаматтық бірлестікке басбіріктіруші императив болуы тиіс шығар. Бұл тұста идеологияны сонау марксистік тұрғыдан қарастырғандағы қандай да бір таптық әлде партиялық мүддені көздеу жолы деп емес, біртұтас қоғам құраудың тарихи-мәдени тәсілі деп қабылдаған жөн. – Француздар «бiздiң мә­дениетiмiз бәрiнен мықты, біз ең мәдениеттi халықпыз» деп өздерін жоғары бағалап жатады. Ал біздің мәдениетіміз қандай деңгейде? Өзгелерге еліктейміз деп артта қалып қой­ған жоқпыз ба? Мәде­ниеттанушы ғалым ретінде ұлт мәдениетіне сипаттама беріп өтсеңіз... – Жалпы менің ұстанымым – бір мәдениет екінші мәдениеттен артық та, кем де емес, тек ол – Басқа, Өзге. Ал мәдениеттің тех­ника-технологиялық даму сатысы ретіндегі өркениетке келер болсақ, онда – рас, біздің ин­дустриалдық өндіріс қаза­нында, содан туындап жатқан – урбанизация, азаматтық қоғам қазанында қайнамағанымыз көрініп тұрады. Кілтипан соның салдарынан дер едім. Аграрлық ауыл күйін кешкенімізге тарихи тағдырымызды кінәлай салу оңай жұмыс, ал қазір ерік өзімізде ғой... Неге қазақтардың көпшілігі техникалық маман­дық­тарға сырт қарайды, неге екінің бірі заңгер болғысы келеді? Дағды ма, қабілеттілік пе, күнкөріс қамы ма? Бәрі өте тығыз байланысты, күрмеуі бір дүниелер ғой... Ұлттық мәдениетке сипат беретін болсақ, ол – модернизацияны басынан өткеріп отырған ұлы дала көшпелі мәдениетінің жұрнағы. – Қазіргі таңда қоғамда қызу пікірталас туғызып жат­қан латын әліпбиіне көшуге ұлт патриоттарының біразы ұлтқа төнген қауіп деп қар­сылық білдіруде. Осы тұста елді екіге бөліп, қазақ тілін тұқыртып отырған – орыс ки­риллицасының отарынан құтылудан қауіптенуге қандай негіз бар? – Латын әліпбиіне көшуден қауіптеніп отырғандар үшін қандай да бір негіз бар сияқты көрінер, бірақ біз олардың сол күдігін сейілтуге жұмыс жасауымыз қажет. Қазақта «шешінген судан тайынбас» деген жігерліліктің керемет жолын көрсететін сөз бар. Тәуелсіздік толқынына сүңгіп жүрген біздер үшін судан қорқатын кез кетті ғой деп ойлаймын. Оның үстіне, біздің елімізде  бір әліпбиден екінші әліпбиге көшудің  бір емес, екі бірдей тәжірибесі болған. Мәселен, 1926 жылы араб  графикасынан латын әліпбиіне небәрі 20 күннің ішінде өтсек, латын әліпбиінен кириллицаға көшу 1937-1940 жылдар аралығында жүзеге асқан. Өз тәуелсіздіктерін алған­нан кейін кирилицадан латынға көшкен  Өзбекстан, Түркмен­стан, Әзірбайжан және басқа да елдердің  тәжірибесі тұр. Сол тәжірибенің оңы мен солын саралап барып кіріскелі отыр­ғанымызда, әрі қазақ саны 70 пайызды өңгеріп тұрған тұста тым жалтақтық таныту дұрыс емес деп білемін. – Елбасымыз Н.Ә.Назар­баев­тың «Қазақ­стан-2050» стра­тегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси ба­ғыты» атты Қа­зақстан халқына Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деп атап көрсетті. Латын әліпбиіне көшуде ұлтымыздың ұтатын тұстарына кеңірек тоқталып өтсеңіз... – Латын әліпбиіне кө­шудің әлемдік өркениет  жетістіктеріне, түркі әлемімен жақындасуға бастар жол екендігі де саяси салмақты дүниелер болғанымен, ең бастысы – әлгінде айтқан отар­сыздануға қатысты. Біз өркениетті елдер қатарына қосыламыз, әлемге өзімізді мойындатамыз деп отырған тұста бұл да бір оң әрекет деп білемін. Себебі, латын әрпі жаһандану графикасына айналғалы қанша! Бұл арада өркениетті әлем тілі – ағылшын әліпбиінің негізі латын әліпбиі екендігін де естен шығармау керек. Әлемдік нарыққа шығу үшін, әлемнің түкпір-түкпіріндегі тұтынушыға ұғынықты болу үшін латын жазуы қолданылады. Латынға көшкенімізде, ұтатын тұстарымыз тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңба­лайтын әріптердің қысқаруын да, соның нәтижесінде басы артық таңбаларға қатысты ережелердің қысқаруын да, қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқы­лы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жол­дар ашылатындығын да жат­қызуға болады. – Латын әліпбиін қол­данысқа енгізуде қандай кедергілер бар? – Алынбастай үлкен ке­дергілер жоқ. Негізінен, осы мәселеге байланысты халықтың ниеті түзу болса қиындықтарды жеңіл  шешуге болады. Аға буын өкілдеріне сәл күрделі көрінуі күтулі дүние. Осы тұста психологиялық факторды да ескергеніміз жөн.

ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕ ЖҮЙЕСІН ЖАҢҒЫРТУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗДЫҢ БІРІ

Ақтолқын ханым, өзіңіз қызмет атқарып жүрген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Ұлы Еуропалық университеттер одағына (Magna Charta Universitatum) қосылғандығын білеміз. Жалпы ғылым және білім беру саласындағы ха­лықара­лық стандарттарға жауап беретін университеттердің және әлемнің алдыңғы қатарлы білім беру және ғылыми орталықтарының қатарына енген оқу ордасының білім беру саласында бүгінгі күні қандай жаңаша бетбұрыстар бар? – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситеті 1928 жылы құрылған қазақ жеріндегі тұңғыш университет қой. Демек, оның Қазақстандағы білім орда­ларының қара шаңы­рағы деп аталуына толық негіз бар. Бәрі де осында басталды деуге болады – Қазақстанның уни­верситеттерінің тарихы, инс­ти­тутционалданған қазақ пе­да­го­гикалық ғылымының тарихы.... Адами капитал негізі мықтап қалану үшін мектеп жасынан басталатын тиянақты да жүйелі жұмыс қажет. Осы тұста, әрине, біздің университеттің атына сай атқаратын шаруасы да, алатын жауапкершілігі де жоғары. Өйткені университетке қатысты көп айтылып жүрген бір сөзді мен мектепке қатысты өңдеп: «мектеп дегеніміз болашақты даярлайтын машина ғой!» дер едім. ҚазҰПУ ұжымы университет қабырғасында уақыт талабына сай жоғары білікті маман ғана емес, ең бастысы – ұлтын, елін-жерін сүйетін, соған қызмет етуге даяр патриот тұлға даярлайтын педагогтарды түрлі тезден өткізеді. Университетіміздің болашақ ұстаздар даярлау ісіндегі жаңашылдықтарының бірі – оларға «Ұлттық тәрбие» пәнінен арнайы сабақтар өткізу. Ол да болса ҚазҰПУ-дың атына заты сай екендігін, яғни мәдени мұрамыздың сүбелі бөлігі – ұлттық тәлім-тәрбие жүйесін жаңғырту жолында екендігін көрсетеді деп білемін. Қазақстанның жаһандық саясатты сырт бақылаушы ғана емес, оған белсенді араласушы болуын діттеген Елбасының өресі биік мақсаттарын жүзеге асыру барысына да университет шама-шарқынша өз үлесін қосып келеді. ҚазҰПУ бүгінде әлемнің ірі-ірі деген 120 шақты университеттерімен тығыз серіктестік, ынтымақтастық қатынас орнатқан. Өздеріңізге белгілі, Қа­зақстан Республикасының халықаралық білім беру на­рығына енуі отандық білім беру жүйесінде бірқатар өз­герістерді талап етіп отыр. Нарық заңдары күрделі де қатал болып келеді. Мұнда мық­ты, бәсекеге қабілетті уни­верситеттің ғана болашағы жарқын болады. Сондықтан университет басшылығының алдына қойып отырған мақсаты тек Қазақстан көлемінде ғана емес, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті университет атану және сапалы маман шығару болып табылады. Бұл – университетке абырой әперетін, сонымен бірге, үлкен жауапкершілік пен міндеттер жүктейтін шара десек, артық айтпаған болармыз. Әрине, білім беру ортасы заман талабына икемделген, оқу бағдарламалары халықаралық білім беру кеңістігінде мойындалған, академиялық еркіндік қағидаларына арқа сүйеген университет қана бола­шаққа нық қадам баса алады. Бұл ғасыр ақпарат ғасыры екендігін, ақпараттың жылдам ескіретіндігін есепке алар болсақ, тұлғаның тұрақты түрде ізденіп отыру керектігі айқын. Ал ол үшін ұстаз-оқытушылардың жаңа ақпараттық технологияларды ұтымды қолдана білуі шарт. Алайда, бұл да жеткіліксіз, себебі мамандардың біліктілігін тұрақты түрде көтеруді қолға алмай, мамандар арасында пікір еркіндігін, өзара ақпарат алмасу жолдарын қамтамасыз етпестен, яғни тұлғаның еркін дамуына жағдай жасамай, кадрлардың шыңдалуына жол ашпай, заманауи маман дайындау қиынға соғатындығы айқын. – Қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы саналатын Абай атындағы ҚазҰПУ-дың соңғы уақытта жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы оқырман қауым біле отырса... – Өткен жылы ҚазҰПУ тұң­ғыш рет жоғары оқу орын­да­рының халықаралық рейтин­гінде додаға түсіп, бірден «QS World University Rankings» агенттігі жүргізген зерттеулер нәтижесінде әлемдегі үздік университеттердің 600-дігінен табылды. Бұл да бізді болашақ жеңістерге ынталандырып отыр. Оған қоса, университет үстіміздегі жылдың қараша айын­да өзінің жаратылыстанулық-техникалық саладағы 2 білім беру бағдарламасын неміс халықаралық аккредитациялық орталығы ASIIN-де сыннан өткізбекші. Ол дегеніміз – ҚазҰПУ-дың білім бағдарла­маларының әлемдік деңгейге сәйкестігін растау болып табылады. Таяуда ғана мемлекеттік аттестациядан сүрінбей өттік, республикалық рейтингте алдыңғы орынға шықтық. Кемел маман дайындау тек қана әлемдік ақпараттық жүйелерден сусындаған, жаһандану заманында адас­пай жол таба алатын тұлға қалыптастыру арқылы жүзеге асуы мүмкін. Бұл жағдайда университетімізде шет тілінде оқытатын мамандықтардың ашылуына жағдай жасауы­мыз керек. Елбасымыздың көтеріп жүрген үш тұғырлы тіл мәселесі мүмкіндіктері кең және өзіне тиісті ақпаратты алғашқы қайнар көзден оқи алатын мамандар дайындауға бағытталған. Осы мақсатты жүзеге асыру – университет үшін үлкен сын болмақшы. Себебі, соңғы уақыттарда жиі көтеріліп жүрген академиялық ұтқырлық мәселесін тілдік компетенциясы жоқ мамандармен жүзеге асыру мүмкін емес. Шетелдік әріптестермен тең дәрежеде жұмыс істей алатын, халықаралық ақпарат көздерінен нәр татқан мамандарды дайындау арқылы ғана біз алдымызда тұрған мақсаттарға еркін, дербес түрде жете алатын, бәсекеге қабілетті ұлтқа айнала аламыз. Сондай-ақ, университетте мамандықтар мен оқу бағ­дар­ламаларын шетелдік оқу орындарының тәжірибесін ескере отырып жаңарту, оның негізгі талаптарын әріптес университеттердің жоспарларымен сәйкестендіру жұмысы да атқарылып жатыр. Биылғы оқу жылында әріптестеріміз – АҚШ, Ұлыбритания, Литва, Германия, Польша, Түркияның университеттерімен бірлесе отырып, педагогикалық бағыт­тағы 21 мамандық бойынша жаңа оқу бағдарламаларын дайындадық. Болон үдерісінің жоғары оқу орындарының алдына қойып отырған маңызды мәселелері­нің бірі – академиялық еркін­дік­тің көрсеткіші болып табылатын пән таңдау мүмкіндігін енгізу. Биыл алғаш рет пәндерге тіркелу оқытушылардың ара­сындағы бәсекелестік пен пән презентацияларының не­гізінде жүзеге асырылуы жолға қойылып отыр. Бұл біздің профессор-оқытушы құ­рамға заман талабына сай оқу бағдарламаларын, студенттердің талабын қанағаттандыратын ғылыми базаны жаңартуды, пәндердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды талап етеді. Бұл жаңалық белгілі дәрежеде қарсылық тудырып жатыр десек көп айтқандық болмас. Бірақ мұнда оқытушылар мына бір нәрсені түсінуі керек. Студент сабақ мазмұнына, берілетін білімге қанағаттанбайтын болса, университеттің болашағы да болмайды. Сондықтан университет өз қызметінде сапалық деңгейді арттыруға басты назар аударуы тиіс. Академиялық процестегі біздің негізгі әріптесіміз студент екендігін естен шығармаған дұрыс. Сондықтан тек студенттің академиялық еркіндікке деген құқығын жүзеге асыру арқылы ғана біз өзіміздің нарықтық заман талабына икемделе алатынымызды түсінуіміз керек. Істелген жұмыс аз емес, бірақ алда бұдан да көлемді жұмыстар күтіп тұр. – Шетелдермен тығыз қарым-қатынас жасап жүрген ғалым ретінде не айтасыз, өзге ел­дерден үйренер тұсымыз қайсы? – Жақсылықты өмір бойы үйренсек те көптік етпес... Жалпы айтқанда, дамыған елдерде болып келген кез келген адам мемлекеттің өз азаматтарына жағдай жасауға қатты тырысатындығын байқап, «бәрі де адам игілігіне жасалған» деп таң қалады. Ол ұран емес, нақты жағдай болуы тиіс. Атап айтсақ, университет ғалымына деген сенім мен құрмет, оған берілген академиялық еркіндік. Онда мектебі қалыптасқан ірі ғалымдар қазақшалағанда «ханға сәлем бермейді». Шет елде ғылыми-ұйым­дас­­­тырушылық жұмыс жақсы жолға қойылған – ла­бо­раториялық жаб­дықталу деңгейі, қаражат­тан­дыру деңгейі жоғары, өз ғылыми қызығушылығы бо­йынша ғалымның кез келген елдегі, жердегі семинар-конференцияларға қиналмай бару мүмкіншілігі анық, профессор ғалымдарға жақсы жұмыс жағдайы жасалған – аптасына 9-10 сағат сабақ береді де қалған уақытында ғылыммен айналысады, әр профессордың жайлы да жабдықты кабинеті бар... Sabbatical – басқа елге ғылыми ізденісі бойынша бару үшін немесе кітап жазып шығу үшін 1 жыл көлемінде берілетін міндетті шығармашылық демалыс тағы бар, tenurе-track – «өмірбақилық» профессорлығы тағы бар... Жарияланымдық белсен­ділік – нақтылап айтсақ, әлемдік деңгейдегі рецензияланатын әрі сілтемелері көп ғылыми журналдарда жариялану іргелі зерттеулердің сапалық көрсеткіші болып отыр. Ғалымның жасаған жұмысына деген ғылыми көпшіліктің назары, әлемдік ғылыми трендтерге қатысты-қатыссыздығы содан белгілі болады. Осы жағын біздің енді-енді қолға алып келе жатқандығымыз белгілі. Оған ешкімді кінәлауға да болмайды, өйткені біз бұған дейін басқа саяси, ақпараттық кеңістікте болдық. Біздегі жауапкершіліктің аздығы, уақытты үнемдемеу, қойылған мақсаттардың нақтылығының жеткіліксіздігі әлі де болса «әттеген-ай» дегізеді ғой. Жоғары кәсібилік, қойылған міндеттерді дер кезінде шешу сынды заманауи менеджерлік қасиет, сыни көзқарас пен ғылыми талғамның қалыптасуы – өте маңызды процесс. – Ақтолқын Тұрлыханқызы, осы тұста еліміздегі ғылым мен білім дамуына оң ықпал етуі тиіс әрі кедергі келтіріп отырған факторларды атап көрсетсеңіз... – Ғалым ретінде ғылым саласын жетілдіруде іргелі істер көптеп жасалып жатқандығын айтқым келеді. Расында, солай демегенде, не дерсіз – Ғылым және білім министрі Б. Жұмағұловтың айтуынша, 2011 жылы ғылымды қаржы­ландыру көлемі 26,8 млрд. теңгені құраса, 2012 жылы ол екі еселеніпті. Демек, қара­жат­тандыру көлемі өскен. 2015 жылға қарай ғылымға ке­тетін шығыстар Ішкі жалпы өнімнің 1 пайызын, ал 2020 жылы 1,5 пайызын құрай­тын­дығы жоспарланып отырса, бұл үлкен жетістік деп қуану керек. Материалдық жағы түзеле бастаған тұста ғалымдар қарап қалмас деген үміт бар.

ЖАҢА ЗАМАН ЖАҢА ЗОРЛЫҚ ТҮРІН АЛЫП КЕЛДІ, ОЛ – АҚПАРАТТЫҚ ЗОРЛЫҚ

– Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева «Суицидтің себебі – ҰБТ» деп мәлімдеп отыр. Білім және ғылым саласының білікті маманы ретінде жыл сайын талапкерлерді ты­ғырыққа тіреп қоятын ҰБТ туралы не айтасыз? – Суицид мәселесі өте күрделі мәселе, бұған жалғыз ҰБТ кінәлі емес. Рас, біздер жасөспі­рімдердің өзіне өзі қол жұм­сауы­нан Шығыс Еуропа және ТМД елдері арасында алды­мызға жан салмай тұр­мыз. 2010 жылы біз бірінші үштікті аяқтап тұрған едік, 2012 жылы алға жылжыппыз. Үрейлі жағдай. Әлемдік денсаулық қорғау ұйымының жіктемесі бойынша әлем елдері үш топқа бөлінген: азаматтарының өзіне өзі қол жұмсауы жоғары, орташа және төмен елдер тобы. Бір өкінішітісі, біз өзіне өзі қол жұмсауы жоғары елдер тобына жатамыз. Жастық шақ – албырт шақ, өмірдің байыбына бара бермейтін желөкпе кезең ғой. Алғашқы сезімдер, алғашқы сүйініш пен күйініштер, сағы сынбаған жастықтың беті қайтқандағы дәрменсіздігі... Бұл тұста ата-ана тәрбиесі, діни, рухани жол көрсетушіліктің ақсап тұрғандығы, бәрі-бәрі қатар тұр деп ойлаймын. Бала­ларының бойын мате­риалдық құн­дылықтарға батырып қо­йып, жан дүниесіне сәуле шаша білмеген ата-әжелер, әке-аналар. Тек мектеп пен өз басының рейтингін ойлаған ұстаздар.... Ертелі-кеш зорлық-зомбылық, кесапат дүниелер көрсетумен әлек теледидар... Жалпы қоғамды меңдеген немқұрайдылық... Өмірді қию оңай емес, ендеше, соған бастаған себептер де кешенді. – ҰБТ төңірегінде туын­даған мәселелерді қандай жолдармен шешуге болады? – Тек өркениеттілікке шақыра отырып, тек алдын алу шараларын қарастыра отырып шешуге болады деп ойлаймын. Демек, ҰБТ алдында түрлі социологиялық зерттеулер жүргізу арқылы бітіруші түлектер арасындағы көңіл-күйді анықтап, атаулы да нақты жұмыстар жүргізілсе, дұрыс болар еді. Мектеп мұғалімдерімен де, ата-аналарымен де, білікті психолог мамандар тренингтер өткізгені жөн. Оған қоса, қоғамдағы діни қызығушылықтың артып отырғанын ескеріп, оның рухани әлеуетін пайдаланса да жарасады. Өйткені ешбір дәстүрлі дін өзіне қол жұмсауды дұрыс деп білмейді. ҰБТ өткізу барысында да беймазалыққа бастайтын жағдайларды болдыртпау тұрғысынан нақты ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізілгені жөн. – Оқу ақысының жылдан-жылға қымбаттауының салдарынан талай қазақ баласы жоғары білім алуға қол жеткізе алмай жүр. Сіздіңше бұған қандай да бір шара қарастыру қажет пе? – Жоғары оқу орны мықтының мықтысы ғана қол жеткізе алатын дүние ғой әу бастан. Екінің бірі әл-Фараби емес қой. Рас, қазіргі ақпараттық, барлығына қолжетімділік заманында университеттік білім саласы да демократияланды. Десек те, ғылым-білімге ыңғайы бардың да, жоқтың да беталды оқуға түскенінен не пайда?! Бәрі оқымысты болу міндетті емес, кәсібін жетік меңгерген, техниканың құлағында ойнайтын жандар табыс таппайды деп кім айтты? Сондықтан жоғары білімді бір жапырақ қағаз диплом үшін емес, нағыз нан тауып жерлік мүмкіндік беретін кәсіп үшін алған жөн деп білемін. –Жастарға аға буын өкілдері тарапынан жиі сын айтылып жатады. Бүгінгі жастар сіздің көңіліңізден шыға ма? Оларға қандай қасиет жетіспейді? –Жастардың жастығы олар­дың әрі құдіреті, әрі қателігі. Ересектерге қай заманда болмасын жастар бір қызықтау болып көрінеді, өздері ондай болмағандай болып көрінеді. Ол солай болуы тиіс те! Өйтпесе несі жас, несі ересек?! Дей тұрғанмен, «бұл ән, бұ­­рынғы әннен өзгерек» демекші, қазіргі заман жастары өзгеше. Олар алдыңғы буын сияқты өз ата-аналарына ақпараттық тәуел­ділік танытпайды. Қазір жастар мен ересектер әртүрлі ақпараттық кеңістікте өмір сүреді. Бүгінгі қоғамды қорша­ған ақпараттық шындық адамзатты 70-80 жылдары қоршаған шындықтан мүлдем бөлек екендігі анық. Ол виртуалды шындық туындатқан ғайып болмысқа байланысты. Бүгінгінің мәдениетіндегі компьютерлендіру үрдісі адамсыз технологиялар негізін салып, ақпарат қоғам өмірінің маңызды элементі болып, оның барлық саласына тікелей әсер етіп отыр. Компьютерлік технологиялар жетістігінің арқасында адамда жаңа «өмір сүру» кеңістігі (көзбояу болса-дағы) – киберкеңістік пайда болды. Желілік қауымдастық ретіндегі Интернет – Ға­ламтор бүгінде жастардың ең бірінші тәрбиешісіне айналып отыр. Ал Интернетте тек қана оң мағыналы ақпарат таратылатындығына ешкім де кепілдік бере алмайды. Мысалы қазірде әлемде 12 000-дай экстремистік сайттар бар көрінеді, соның 350-і орыстілді болса керек. Экстремизм дегенде ортанқол көпшілік тек дінге қатысты, соның ішінде, көбіне исламға қатысты ұйым­дасқан топтар әрекетін еске алады. Бірақ заңға қарсы, Конс­титуцияға қарсы әрекеттің барлығын да экстремистік деп бағалауға хақымыз бар. Жаңа заман жаңа зор­лық түрін алып келді, ол – ақпараттық зорлық. Мысалы, қазақстандықтар 80% ақпаратты орыстілді сайттардан алады. Сонда біздің мемлекетіміздің рухани дербестігі, қауіпсіздігі қайда қалмақ?! Әлі де болса, біздің ақпараттану деңгейіміздің төмендігі (желіде шамамен азаматтардың 20%-ы ғана бар) белгілі бір мағынада игілік болып тұр. Өйткені интернетті қылмыстық топтардың өз қара басының пайдасына жаратуы – үлкен әлемдік мәселе. Өкінішке орай, онымен күресетін норма­тивтік-құқықтық негіз де жоқ. Болған күннің өзінде, ғаламтор да бір, сусымалы сынап та бір. Сондықтан бүгінгі күні жастардың бұрыс жолға беттеуіне ғаламтордың тигізіп отырған ықпалы зор. Сол себепті де жастар, қай кезде де «жақсыны үйреніп, жаманнан жиренуді» жолға қойса, жөн болар еді. Жастар қоғамның барынша белсенді бөлігі ретінде инновацияға және жаңа төлтума идеяларды жүзеге асыруға бейім, жоғары кәсіпкерлік әлеуетке ие топ. Бұл жекелей алғанда, жастар ортасында өз ісін ашуға құлшыныстың кең таралуы және кәсіпкер болу қабілетінің оң бағалануы арқылы көрініс табады. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚ