Сауатсыз қыз Астана әкімдігіне кір келтірді...

Өткенде Қазақ теледидарының ардагер журналисі Баян Балтабайқызы мемлекеттік қызмет туралы бейнематериал түсіргісі келді ме, әлде басқадай себептермен бе, әйтеуір Астана қаласының әкімдігіне хат жолдапты.
 Содан, хатқа жауап келмегендіктен, бір апта өткен соң әкімдікке телефон шалса, желінің екінші басында өзін Ішкі саясат бөлімінің қызметкерімін деп таныстырған Айнагүл атты бойжеткен: «Я не понимаю по казахски», — деп шаңқ-шаңқ етеді дейді. Сол себепті, қазақша түсінбегендіктен, осы хат бойынша шешім шығару үшін әрі қарай сатылап жібермегенін жеткізген.Қаршадай баланың тасыраң мінезіне ашуланған Баян Балтабайқызы әлі де болса сабырлылық сақтап: «А вы в курсе что, гос. язык — казахский, а русский язык это для межнационального общения. Наш канал уже год транслируется только на гос. языке»,– деп уәж айтпақ болған екен, шолжаң қыз: «Да кому вы нужны кроме казахов...» — деп жауап қайтарып тұр дейді. Сонымен қоймай: «У нас два государственных языка» және «не учите меня»-мен тағы бірдеңелерді айтып-айтып тастапты. Бұл жөнінде Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың блогына Қайрат Сарыбалта деген азамат 24 қаңтар күні хат жазады. Осыған орай әкімдіктен мынадай жауап келген (сөзбе-сөз): «Қайрат Сарыбалта, сіздің ақпаратыңыз бойынша жүргізілген тиісті қызметтік тексеруден кейін үндеуіңізде көрсетілген мәселенің расында орын алғаны анықталды. Алайда Баян Балтабайқызымен телефон арқылы тілдескен Айнагүл есімді қыз Ішкі саясат бөлімінде емес, баспасөз қызметінде штаттан тыс қызметкер ретінде жұмыс жасайды. Аталған қызметкерге ауызша ескерту жасалып, алдағы уақытта осы тектес жағдай тағы да орын алса, жұмыстан шығарылатыны түсіндірілді». Әлемде 200-ден астам мемлекет бар. Олардың қай-қайсысының да Үкіметі мен Жоғарғы заң шығару органы, жергілікті атқарушы билігі өз тілінде сөйлейді. Демократиясы дамыған Батыс пен АҚШ-ты былай қойғанда, кешегі құдайы көршілеріміз, посткеңестік елдердің бәрінде мемлекеттік тілге деген құрмет күшті. Мемлекеттік мекемелердегі құжаттау ісі мемлекеттік тілде жүргізілуі қай ел үшін де заң. Қайсы мемлекеттерде болсын Тіл заңын бұзғандарға қатаң жаза қолданылады. Басқасын айтпай-ақ, Латвияда латыш тілінің құқын бұзғандарға 400-1000 долларға дейін айыппұл салынады. Соның арқасында заң бұзушылардан бюджетке бәленбай мыңдаған доллар өндіріп алады екен. Тіпті, титулды ұлт саны 40 пайыздың ар жақ-бер жағындағы Малайзия, Латвия, Эстония, 50 пайызға да жетпейтін Иран сияқты елдерде де құжат айналымы тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Өзінің мемлекеттігін құрметтейтін елдерде тіл заңын бұзған мемлекеттік шенеунік немесе лауазымды иесі заң алдында жауапқа тартылады. Бұл талап Қазақстанда неге басқаша болуы керек? Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие екені рас болса, онда мемлекеттіліктің бір нышаны – тіл нормаларын бұзған тұлға қатаң жазалануы тиіс. Сондықтан мемлекеттік тілге қатысты заң нормаларын бұзған, мемлекеттік қызметкерлердің моралдық кейпіне нұқсан келтірген Айнагүлдің басынан сипап, ескерту жасап қана қоймай, жұмыстан кетіргені өзгелерге анағұрлым сабақ болар еді.

Дәулетқали Асауов

Қазақстан-Заман

*Тақырып өзгертілді