Көрерменнің көзайымына айналған театр

Ы.Алтынсарин  атындағы  АрқМПИ  студенттері  теориялық  білім  алумен  ғана  шектеліп қалмай, қоғамдық  өмірге  белсене  араласып  келеді. Кейінгі  кездегі көптеген  әдеби-мәдени  іс-шараларда  жалынды  жастар шоғыры  жүргенін  байқаған  боларсыз ?! Институтта  біраз  жылдан  бері  ф,ғ.к.,доцент,айтыскер  ақын Айбек  Қалиев  жетекшілік  ететін Міржақып  Дулатов  атындағы  әдеби - мәдени  бірлестік  жемісті де  жеңісті  қызмет  атқарып  келеді. Бұл  бірлестік  он  бағытта  жұмыс  жасайды. Дарынды  студенттердің  барлығын  мүшелікке  алып, әрбір  бағыт  бойынша  бөлініп қызмет атқарады. Осы  бірлестік  ішінен  былтырғы  жылы  «Руханият»  драмалық  театр  үйірмесі  құрылып, өнерлі  студенттер  актерлік  қырларымен  танылып,қала  халқына  Мұхтар  Шахановтың  «Танакөз»  поэмасы  желісі  бойынша  үлкен  сахналық  көрініс  қойып, өнер  сүйер  қауымға  кеңінен  таныс болды.   Студенттік  театр  осы  аптада Әлімбек  Оразымбектің  «Бір  түп алма ағашы» атты  драмасын  көрермен  қауымға ұсынды.  Драмада  бір  отбасының  күнделікті  өмірі  мен  бір-біріне  деген  сыйласымдығы  мен қарым-қатынасы, ауыр да  қасіретті  трагедиялық  образ арқылы  сахналанды. Драманың қоюшы  режиссёрі  әрі  басты  рөлді  сомдаған  Арқалық  қазақ  жасөспірімдер  театрының  актері  Нұрлан  Байшин. Ананың  рөлін  асқан  шеберлікпен  орындаған  ҚБ-21 тобының  студенті  Балғабай  Қыдыркүл, мүгедек  кенже  ұлының  рөлін  аянышты  әрі  барша  көрерменнің  жанарынан  еріксіз  жас  шығартқан  ҚБ-11 тобының  студенті Төремұратов Талғат, шақпа  тілдің  шешені, кірпияз  қыздың  рөлін  жоғары  деңгейде  орындаған  ҚБ-41 тобының  студенті  Әбдікереева  Гүлжанат, қу да көңілді  күйеу  баланың  рөлін сомдаған  әрі  осы  театрдың  жетекшісі   ҚБ-21 тобының  студенті  Жетібай  Көбей,  баянсыз  бейшара әйелдің  рөлін  ҚБ-21  тобының  студенті  Қамбар  Жанна,  сорлы да  жуас, күшік күйеудің  рөлін  МДО-11 тобының  студенті  Аманбай  Жансерік, көрші әйелдің  рөлін  ҚБ-11 тобының  студенті  Базарбаева  Жанат  сомдады. Көрермендер  арасында  үлкені де жасы да бар. Залда  ине  шаншыр  орын жоқ. Драманың басынан  аяғына  дейін   түрегеліп  тұрып  тамашалағандарда болды. Педагогикалық  мамандықтың  тәлімгерлері  кәсіби  шыңдалған  әртістер  секілді  киелі  сахнада  өздерін  еркін  ұстап, жоғары  деңгейде  сапалы  өнер көрсетті. Студенттік  театрдың  жас  актерлеріне  қаламыздың  зиялы  азаматы  Мираш қажы, мәслихат  хатшысы  Нақан  Шалдыбайұлы, институт  ректоры  Сейітбек  Бекенұлы  ақ  тілектерін  білдіріп, екінші  қойылымдарының  сәтті  өткенін  айтып, өнерлі  студенттерге  әрқашан  қолдау  білдіретіндігін  жеткізді.  «Руханият»  театры  ұжымының    алдағы  уақыттарда  көптеген  тамаша  қойылымдарына  куәгер  боласыздар! Өнерлі  де  талапшыл  жастарға  тек  шығармашылық  табыс  тілейміз, театрларыңыздың  ғұмыры  ұзағынан  болсын! «Руханият»  театры- көрерменді  әр  кезеңде  қуантып, көкірек  шөлін  басып, халыққа  рухани  азық  сыйлайтына  сеніңіз.  

Елдос  ТОҚТАРБАЙ,

М.Дулатов  атындағы  әдеби-мәдени бірлестіктің  төрағасы.