ҰБТ ойын ба, білім бе? Әлде, ұлтты бұзатын тәсіл ме?

Құмарлыққа салынған адамдар казино, карта ойнайды, білген айласын тапқан адамдар ұтады, ал білмейтін адамдар ұтылады. Оған қызығып барғандар түбінде мал-мүлкінен, астындағы тұлпарынан айрылып, сорлап қалады.  Өз-өзіне қол жұмсауғада барады. Қарап тұрсақ, ҰБТ құмарлық ойынның бірге туған егізі сияқты. Неге десеңіздер айтайық... Қазір бала автоматтық жүйеге ауысып кеткен сияқты. Алдында жүздеген ҰБТ сұрақтары жаттаған бала жауап береді, жаттамаған бала «Тисе терекке, Тимесе бұтаққа» деп кез-келген жауапты белгілей салады, бағы ашылса жоғарғы оқуға түсіп кетеді, ал бағы ашылмай қалған бала жылап, көңіліне мұң түсіп қалады. Кейбір балалар шыдай алмай өз-өзіне қол жұмсайды. Онда бұл қандай білім? Білімді бала өз-өзіне қол жұмсай ма? Қандай данышпанның ойына келген осы  ҰБТ деген нәрсе? Бұл тұнып тұрған ойын ғой... Біздер айына екі рет сынама ҰБТ тапсырамыз... ҰБТ-ға арнайы кітапша бар, соған біздер белгілейміз... Бірақ ол кітапша тегін емес, өзіміз сатып аламыз... Біздер айына үш жүз алпыс бес теңгеге екі кітапша сатып алсақ он екі айда сегіз мың теңгеге әр бала кітапша сатып алады екен... Қосымша тест сұрақтарына байланысты неше түрлі шпоргалка, шың т.б кітаптар сатып аламыз... Оған қоймай аудан мұғалімдері келіп ДОСТАР деген дайындық сабақтарын өткізеді... ДОСТАР былай қарасақ  дос деген қамқорлықтың, мейрімділіктің, жанашырлықтың белгісі... Бірақ біздің ДОСТАР деген орталығымыз мүлде басқа мағына береді. Ең алдымен ата-аналарды, балаларды жинап жиналыс өткізеді. Біздің орталығымыз сіздің балаларыңыз жоғарғы бал алсын деп қамқорлық жасауға келіп отыр. Бізде мұғалімдер мықты, жоғарғы білімдері бар дейді. Сонда біздің мұғалімдер ақымақ па, ештене білмей ме, оқымаған ба, түсінбедім... Бізге ДОСТАР орталығымыз жанашырлық танытамыз,  ата-ананы, баланы ойлаймыз дейді. Бірақ жылына 77  мың теңге алады! Жанаршырлығы, қамқорлығы осы ма? Бұл тұнып тұрған халықты қанау! Мейлі, бай адамдар ебін тауып ол ақшаны төйлейді, ал кедей, қалтасында көк тиыны жоқ жандар қайтеді, қайтіп ол ақшаны табады? Шын қамқор болса, неге тегін өткізбейді? Әр ата-ананың ҰБТ- ға бола жылына екі жүз мың теңге, одан да көп ақшасы шығады. Бұл ақшалар кімнің құлқынына кетіп жатыр? Бұл ҰБТ деген бизнес, құмарлық ойын.  Біздер өйтіп білім алмаймыз... Бұрынғы ұлы адамдар білім жайлы көптеген ұлағатты сөздер айтқан.  Мысалы,  Ыбырай Алтынсарин " Кел, балалар, оқылық" деп айтқан. "Кел, балалар, жаттайық" деп айтқан жоқ!  Ұлы Ленин: "Оқы, оқы және оқы" деген, "жатта, жатта және жатта" деп айтқан жоқ! Яғни жаттанды білім білім емес. Білім деген инемен құдық қазғандай үлкен ізденіс, өмірге деген қызығушылық. Білім деген кітап, кітап деген құдірет, рух... Кітапты қолымен ұстап оқып, жүрекпен сезініп, бойына сіңірсен ғана білім... Қазіргі жастар тесттан бас алмай жаттап, кітап оқымай өмірден шеттеп қалады. Кітап оқымаған адам ой ойлаудан да қалады. Түбінде сол балаларымыз ойсыз, санасыз, рухсыз, білімсіз, надан адам болса, кімнен көреміз? Он жеті, он сегізге келіп, өмірді енді ұғынып келе жатқан балаларды қинап тест жаттатқызып қойған дұрыс па? Жоқ, дұрыс емес!  Өмірдің мәнін енді түсініп келе жатқан балаға басынан сипап, ақыл айтып, өмірде дұрыс жолға түсіруіміз керек, әдеби кітап оқытуымыз керек. Қазір ешкім қиналып, кітап оқығысы келмейді немесе тест жаттаудан уақыты жоқ. Өз әдебиетін, өз тарихын білмейтін қазақтын ұл- қыздарын өсіріп жатырмыз.  Абайдың жолынан тәрбие алып өскен қазақ едік ғой! Қазір біз кімнен тәрбие алып жатырмыз? ҰБТ-ма? ҰБТ-ны біздер жоғарғы оқуға түсу үшін жаттаймыз, басқа ҰБТ-ның еш қажеті жоқ! Бірақ неге қазіргі балалардың, ата-аналардың ойы жоғарғы оқу? Неге біз міндетті түрде заңгер,  прокурор болуымыз керек? Сонда бәріміз бастық болып кетсек, кім етікші, солдат, ауыл шарушылығы маманы болады? Нанды кім табады, астықты кім өндіреді, отанды кім қорғайды? Қазір қара жұмыс істегенге намыстанамыз! Бірақ бұл жалған намыс. «Есектін құйрығын жусаң да, мал тап» деп, ұлы Абайдың өзі айтқан жоқ па?. ҰБТ-ұлтты бұзатын тәсіл. Мағынасыз жүз сұрақты жаттатқанша, Мұқағалидың бір жырын жаттатқан мың  артық. ҰБТ деген ұсақ нәрсе болып көрінер, бірақ сол ұсақ нәрседен қазағымның жастары надан жастар болып қалуы мүмкін! Тағы айтамын ҰБТ-ұлтты бұзатын тәсіл!!! Қазағым, ойланайық, оянайық! Кейбір жандар мына біреу не сандырақтап тұр деп айтатын шығар... Бірақ бұлай жалғаса берсе, менің сандырағым келуі мүмкін!  

Нұрлан ЕРЛАН

Қадырғали Жалайыр атындағы

№6 орта мектебінің 11 “Б” сынып оқушысы

 Шеңгелді ауылы

Іле ауданы, Алматы облысы