ХХІ ҒАСЫР – БІЛІМДІЛЕР ҒАСЫРЫ

Серік Пірәлиев, профессор: ЖАҺАНДАНУҒА ЖҰТЫЛЫП КЕТПЕУ ҮШІН БІЗГЕ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІ КҮШЕЙТУ ҚАЖЕТ – Құрметті Серік Жайлауұлы, өзі­ңіз басқарып отырған қазақ жо­ғары білімінің қара шаңы­рағы үшін бұл оқу жылының ерек­ше­лігі неде? – Елбасымыздың 5-қыркүйекте Астанадағы Назарбаев университе­тін­де оқыған «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты интерак­тивті дәрісі үстіміздегі оқу жылына жаңа серпін берген бағдарламалық құжат болды де­сем асыра айтқандығым емес. Нұр­сұлтан Әбішұлы ел өміріндегі бүкіл әлеуметтік мәселелер ішінде бі­лім беру саласына ерекше ден қойып отырғаны баршамызға белгілі. Биыл Лондонда өткен жазғы Олимпиадалық ойындар кезінде Елбасымыздың Кем­бридж уни­верситетінде болып, оның жұ­мысы­мен танысуы, профессор-оқы­тушыларымен кездесуі, оның білім беру ісіне ерекше көңіл бөлуі, оның отандық білімді жаңа сатыға көтерсем деген арман-аңсарының көрінісі. Пре­зи­дентіміздің биылғы «Қазақ­станның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 40 қадам» еңбегінде білім беру саласын түбегейлі жақсарту мәселесі айрықша сөз бол­ға­ны тағы да осы сөзіміздің дәлелі. Өйт­кені, ХХІ-ғасыр білімділер ғасыры дей­тін болсақ, бұл ғасырда біздің бі­лімі­міз де шырқау көкке көтерілуі тиіс. Әлем­дік инновациялық технология­ларды игергенде ғана біз өркениетті озық ел­дердің қатарына қосыламыз. Прези­денті­міздің «Білім – ғылым – ин­нова­ция» бірлігін қамтамасыз етуді ұсынып отырғаны бекер емес. Бүкіл оқу үдері­сінде осы үш саланы бір-бірі­мен тығыз ұштастырғанда ғана еңбегі­міз нәти­же­лі болмақ. – Елбасымыз Н.Назарбаевтың ұзақ мерзімге арналған «Қазақстан – 2030» стратегиясы мен Үкіметтің елі­міз­де білім беруді дамытудың кезең-кезең­ге арналған бағдарламаларының бас­ты мақсаты, негізгі өзегі – Қазақ­стан­­да білім беруді халықаралық стан­­дарт­тарға сәйкестендіріп, әлемдік білім кеңістігіне енгізу болып табы­ла­тыны белгілі. Өзіңіз басқарып отыр­ған қара шаңырақ жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­ги­калық университетін әлемдік уни­вер­ситеттер қатарына қосу үшін бү­гінде қандай нақты қадамдар жаса­лып келеді? – Елбасының «Қазақстан – 2030» стратегиясы мен Үкіметтің Қазақ­станда білім беруді дамытудың кезең-кезеңге арналған бағдарламаларының мақсаты да ортақ. Ол Қазақстандық бі­лім беру жүйесін әлемдік стандарт­тар­ға сәйкестендіру, отандық диплом­ды барлық елдерге мойындату. Біз осы үрдістен кейін қалмау үшін білім беру саласын жаңаша ұйымдастыруға атса­лысып келеміз. 2011жылдың ақпан айын­да университетіміз МС ИСО 9001: 2008 сапа саласындағы халықара­лық стандарттарының талаптарына сапа менеджмент жүйесінің жыл сайынғы сәйкестігін табысты растады. Сапа менеджменті жүйесінің қайта сер­тификатталуы өткізіліп, білім беру бағдарламасының салалары кеңей­тіл­ді. Оқу орны әлемдік рейтингтік ұйым­дарға ену үшін жүйелі түрде жұмыс атқаруда. Атап айтқанда: Шанхай ұйымы, «Web Metrics» Рейтингі, «QS World University» Рейтингі, «Times Hig­her Raurings NEACT» (Тайвань ғы­лыми-зерттеу белсендігінің рейтингі) ұйымдарына мүше болып отырмыз. Нә­­ти­­жесінде «Web Metrics» рейтингі­сін­де әлемнің ең үздік 1200 универси­теті арасында 6830 орынға ие болып, еліміздегі ұлттық университеттер ара­сында бірінші орынға тұрақтадық. Бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық университеті әлем­нің 98 университетімен белсенді түрде ынтымақтаса қызмет атқаруда және өзара ынтымақтастықты дамыту мен күшейтуге арналған әртүрлі іс-шара­лар­ды жүзеге асыруда. Германияның жоғары оқу орындарымен жоғары кәсіби деңгейлі ұлттық кадрлар даяр­лау және студенттер мен магистрант­тарды өзара тиімді алмасу ісін жолға қою үшін екі жақты ынтымақтастыққа қол қойдық. Бүгінде Фрайбург, Ланд­суд, Оснабрюк қолданбалы ғылымдар университеттерімен, Венгрияның Кун­пук университетімен тығыз байла­ныста жұмыс істеп келеді. Жыл сайын 8-9 келісім-шартқа қол қойылуда. 2007 жылдан бері Халықаралық уни­верситеттер ассоциациясына (JAU), Еуропаның халықаралық білім беру ассоциациясына (EAJE), Еуропа­ның университеттері ассоциациясы Психологиялық дамуының Еуропалық қоғамына, инновацияны пайдалану жөніндегі дүниежүзілік универси­тет­тер желісіне, саяси зерттеулер бойын­ша Еуропалық Консорциумға мүше болып отыр. Бүгінде қос дипломды бағдарлама бойынша белсенді жұмыс атқарып ке­ле­міз. Бұл бағдарлама бойынша кәсіп­тік мамандықтар үшін Братиславадағы Я.Каменский Университетімен, Мәс­кеу мемлекеттік педагогикалық уни­вер­си­тетімен, Литвадағы Миколас Ро­мерис атындағы университетпен, Украинаның М.Драгоманов атындағы педагогикалық университетімен, Ресейдегі Жоғары кәсіптік білімнің федералды мемлекеттік Білім беру ме­ке­месі «Сібір федералдық универси­теті­мен», Франциядағы Тулуз универ­ситетімен, Испанияның Сантьяго де Компостел университетімен келісім-шартқа қол қойылды. Бұл шарт бойын­ша біздің студенттеріміз сол оқу орын­дарында бірнеше ай оқып, солардың да, біздің де дипломдарымызды алып шығады. Оқытушылар және студенттер ал­масу Үкіметтік келісімдер аясында және серіктес университеттермен екі жақты келісім-шарттары арқылы іске асырылады. Қазіргі кезде Қытайдың Ханьшань педагогикалық және Корея­ның Квандонг университетімен сту­дент­тер алмасудамыз. Жыл сайын 2-курс магистранттары шетелдерге тағылымдамаларға жібері­леді. Олар Польша, Литва, Ресей, Бол­га­рия, Украина жоғары оқу орында­рын­­да ғылыми-зерттеу тағылым­дама­сынан өтті. Оларға 2008 жылы – 58, 2009 жылы – 78, 2010 жылы – 78, 2011 жылы – 80 магистрант жібердік. – Оқу ісінде қандай инновациялық жаңалықтарды атап өтер едіңіз? – Жоғарыда атап өткенімдей, ха­лық­ара­лық байланыстарды нығайта отырып, білім берудің әлемдік иннова­ция­­лық технологияларын игеру үстін­деміз. Әр факультет, әрбір мамандық жаңа инновациялар бойынша жұмыс жүргізуде. Кешегі аптада ғана Герма­ния­ның ДААД ұйымымен келісім бойын­ша олардың бірнеше профес­соры келіп, шет тілдерін, атап айтқанда, ағылшын, неміс, орыс тілдерін оқыту проблемалары бойынша біздің универ­ситетте семинар өткізіп, үш күн бойы тәжірибелерімен бөлісті, студенттер алдында дәріс оқыды. 2009-2010 оқу жылынан бастап біз бакалавриаттың «Физика», «Информатика», «Халық­ара­лық қатынастар, мамандықтарын ағылшынша оқытып келеміз. Халық­ара­лық ақпараттық технология терең игерілуде. – Өзіңіздің тың ұсынысыңызбен университеттегі тәрбие жұмысы сапа­лық тұрғыдан жаңа тәлімгерлік жүйе­ге көшкенінен хабардармыз. Бұл жүйе қандай оң өзгерістер алып кел­ді? – Студент университет қабырға­сынан сапалы білім алып шығуы үшін ол тәрбиелі болуы керек. Тәрбиені түземей, жастардың санасына сапалы білім сіңіру екі талай. Сондықтан мен рек­тор болып келген күннен бастап, тәр­бие жұмысын бірінші кезекке қойып отырмын. Кеңестік кезеңде қа­лып­тасқан үлгі бойынша осы кезге дейін жоғары оқу орындарында кура­торлық тәрбие пайдаланылып келгені белгілі. Яғни белгілі бір оқу тобына бір мұғалім куратор болып тағайындалып, ал осы топты тәрбиелеуге міндетте­ле­тін. Аптасына тәрбие сағатына бір ғана сағат уақыт бөлінеді. Айтыңызшы, осы 1 ғана сағатта бір мұғалім оқу тобын­да­ғы 20-25 студентті қалай тәрбиелемек? Осы аз уақытта ол әр баланың жүрегіне жол таба ала ма? Сондықтан біз кура­тор жүйесінің орнына тәрбие жетек­шісін енгіздік. Анықтап айтар болсақ университеттің әрбір профессор-оқы­тушысына, тіпті әрбір қызметкеріне 5-10 студенттен бекітіп бердік. Осы тәрбие жетекшісі әр студентпен жеке-жеке жұмыс істейді, яғни сабақ үлгері­мін қадағалайды, сабақтан тыс уақы­тында қайда баратынын, немен айна­лы­сатынын, тіпті отбасылық жағ­дайы­на дейін біліп, әр баланың ата-анасы­мен хабарласып отырады. Міне, бұл жүйе қазір өзін-өзі ақтап отыр. Бұл тәжірибе еліміздегі барлық жоғары оқу орындарына енгізілсе құба-құп. – Бүгінде оқу орындарында білім беру стандарттарын жетілдіру мақ­сатымен «Білім мазмұны және жа­ңарт­па технологиялар» ғылыми-зерт­теу институты жұмыс істейді. Осы және басқа да ғылыми-зерттеу орта­лық­тарының жүйелі жұмыстары мен жеткен жетістіктері туралы оқырман қауым біле отырса. – Мен Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық университетіне кел­ген күннен бастап оқу орнының құрылымын жаңарту, уақыт талабына сай жаңа құрылымдар ашу мәселесін қолға алдым. Жаңа ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары ашыл­ды. Соның бірі – сіз айтып отырған Инновациялық технологиялар және білім беру мазмұны ғылыми-зерттеу институты. Оның басты мақсаты – жоғары оқу орындарындағы білімнің ғылыми-теориялық тұжырымдамасын дайындау, инновациялық білім беру тех­но­логияларын құру. Қазірдің өзінде бұл салада көптеген жұмыс атқарылды. Сондай-ақ Әдебиеттану және тіл білімі ғылыми-зерттеу институтын аштық. Ол филология саласында іргелі зерттеулер жүргізу және үйлестіру, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша оқу-әдістемелік құралдарын дайындау мә­се­лелерімен айналысады. Психология ғылыми-зерттеу институты да жаңа құрылымдардың бірі. Ол қазіргі жағ­дайда білім беру үдерісінің барысында студенттерді психологиялық қамта­ма­сыз етудің көп деңгейлік интеграция­лық жүйесін құрумен шұғылданады. Қолданбалы физика және математика ғылыми-зерттеу институтының қыз­меті де жаңаша құрылған. Сонымен бірге бізде кейінгі жылдары «Абайта­ну», «Тұлғатану», «Этнокөркем мәде­ниет», мамандарға деген қажеттілікті зерттеу орталығы, Превентивті суи­цид­танудың ғылыми-техникалық зертханасы, География және экология ғылыми-практикалық орталығы құ­рыл­ды. Болашақта біз оқу орнымызды Ғылыми-зерттеу университетіне ай­нал­дырамыз десек осы зерттеу меке­ме­лерінің бәрі де керек. АБАЙ РУХАНИЯТЫНА ЖАҢА ЗАМАН ТҰРҒЫСЫНАН ҚАРАУ ҚАЖЕТ – Ұлы Абай есімін иемденген киелі оқу ордасындағы «Абай­тану» ғылы­ми-зерттеу орталығына ерекше тоқта­лып өтсеңіз. – «Абайтану» орталығын құрудағы бірінші мақсат – заман талабына сай жаңа танымдағы, соны бағыттағы ғы­лы­ми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, екінші мақсат – университеттің бар­лық факультеттерінде Абайдың «То­лық адам» іліміне негізделген жаңа оқу­лық пен тың идеяға қол артқан бағ­дарлама арқылы дәріс оқып, семинар сабақта­рын өткізу арқылы жастардың Абай әлемін тануына қол жеткізу. Бірінші талап бойынша «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы өзі өмірге келген үш жылда 13 монографиялық зерттеу еңбектері мен оқулықтарын жариялап үлгерді. Орта мектептерге ар­налған 5 оқулықты «Сөйлейтін қа­лам» деп ата­латын инновациялық тех­но­логия бо­йын­ша Токиода бастырып шығардық. Сондай-ақ осы аз ғана уақыт­та Абайға байланысты 120-дан астам ғылыми-зерттеу мақалалар жа­рия­лап үлгердік. Қазірдің өзінде үш көлемді моногра­фиялық еңбек баспада жатыр. «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деген хакім Абайдың жұмба­ғын шешу мәселесі де ойшыл ақынның толық адам ілімі мен жантану ілімінде жатыр. Екінші мақсат тұрғысынан алды­мыз­ға қойылған міндет бойынша «Абай­тану» оқулығы мен жаңа таным тұр­ғысынан жазылған бағдарлама сту­денттердің қолына тиді. Бұл оқулық, негізінен, Абайдың «Толық адам» ілімін насихаттау арқылы жастар сана­сына адамгершілік негіздерін сіңіруді мақсат тұтады. Бүгінде Абай руханиятына жаңа заман тұрғысынан қарау қажет. Олай болса, «Абайтану» орталығы осы үшін қызмет ететін болады. – Оқу орнында «Ұлттық тәрбие» ка­федрасын ашып, осы пәнді оқу үр­дісіне енгізгендеріңізді білеміз. Осы туралы айта кетсеңіз. – Бүгін жедел қарқынмен өршіп келе жатқан жаһандану үрдісі ұлттар­дың ұлттық ерекшеліктерін құрдымға кетіріп, өз үстемдігін жүргізуде. Жа­һан­дану барысында батыс мәдениеті­нің басымдық танытуы жергілікті халықтың байырғы ұлттық сипатының жоғалуына ықпал етері сөзсіз. – Жаһанданудың дүлей толқынына жұтылып кетпеу үшін бізге ұлттық тәрбиені күшейту қажет. Әрбір жеке адам әуелі өзінің белгілі бір ұлттың мү­шесі екенін іштей терең сезініп, жалпы адамзаттық қоғамға лайық өз орнын белгілеуі тиіс. Өйткені осы заманда біз­дің ұлттық бітім-болмысымызды, ұлттық ойлау машығымызды, ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап қалу аса ма­ңызды. Сондықтан біз үш жылдан бері университетте «Ұлттық тәрбиені» арнайы пән ретінде оқытып келеміз. Бұл сабақта студенттер ұлттық салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптары­мыз­ды, ұлттық мәдениетімізді, ерекшелік­тері­мізді, ұлттық тәрбиенің этикалық-эстетикалық құндылықтарын, діни тәрбиені, діл, тіл, адамгершілік мәселе­лерін түбегейлі оқып үйренуде. – Серік Жайлауұлы, Сіз ҚазҰПУ-дың ректоры қызметіне келмес бұрын Қазақ мемлекеттік қыздар педагоги­ка­­лық университетін, Яссауи атын­дағы Халықаралық Қазақ-түрік уни­верси­тетін басқардыңыз. Қайсысы жаны­ңызға жақын? – Әрине, өзіме сеніп тапсырылған оқу орындары болғандықтан мен бұ­ларды бір-бірінен бөліп қарамаймын. Әр оқу орнының менің өмірімде өзін­дік орны бар. Әуелі мен Қазақ мемле­кет­тік қыздар педагогикалық универ­си­тетінің тізгінін қолыма ұстағанда, тә­жірибем аздау болғаны рас. Оқу орнының қазанында қайнай жүріп, тәжірибе жинақтадым. Ал, Яссауи атын­дағы Халықаралық Қазақ-түрік университетіне басшылық еткен жылдарымда өзімнің бүкіл қабілет-қарымымды, білімім мен білігімді жұм­сай отырып, оқу орнын түлетуге аян­бай атсалыстым, тәжірибем бұрынғы­дан да молайды. Екі оқу орнынан жи­нақтаған рухани қазыналарым Қазақ­стандағы тұңғыш жоғары оқу орны қазақ білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне келгенде, маған үлкен демеу болды. «Қанша жыл өмір сүрсең, сонша жыл үйренесің» деп орыс аға­йын­дар айтқандай, осында еңбек ете жүріп әлі де үйренудемін десем асыра айтқандығым емес. ӘЛЕМДІК БІЛІМ БЕРУ КЕҢІСТІГІНЕ ЕНЕМІЗ ДЕСЕК, ҰБТ-ДАН БАС ТАРТА АЛМАЙМЫЗ – Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі талапкерлерді жыл сайын әбігерге салып жатады. ҰҚК-нің тым қатаң тек­серуі, қисынсыз сұрақтардың бе­рі­луі талапкерлерді де, ата-аналарды да қажытып жібергендей. Жалпы, өзіңіздің осы жүйеге деген көзқара­сы­ңыз қандай? – Біз әлемдік білім беру кеңістігіне енеміз десек, тест жүйесінен бас тарта алмаймыз. Ол әлемдік тәжірибеден өт­кен жүйе. Біздің білім беру саламыз да тест өткізуден жыл сайын тәжірибе жинап келеді. «Көш жүре түзелер» де­гендей, әлі-ақ бұл жүйе кемшіліктен арылатынына күмәнім жоқ. ҰБТ-ға мем­лекеттік қауіпсіздік органдарының ара­ласуы керек-ақ. Бірақ биылғы ҰБТ ке­зінде асыра сілтеу болғаны шын. Бұл жө­нінде Министрдің өзі тиісті шаралар қолданып, халыққа жауабын берген бо­латын. Ендеше, алдағы емтихан ке­зінде асыра сілтеу болмайды деп ой­лай­мын. – Оқу ақысының жылдан-жылға қымбаттауының салдарынан талай қазақ баласы білімнің биігіне қол соза алмай қалып қоюда. Сіз мұны заңдылық деп ұғасыз ба, жоқ әлде қандай да бір шара қарастыру қажет деп есептейсіз бе? – Біз бүгін нарықтық қатынастар заманында өмір сүріп отырғанымыз өзіңізге де белгілі. Ал нарық заңы – қа­тал заң. Сондықтан ақылы медицина­лық қызмет көрсету, ақылы оқудан еш­қайда кете алмаймыз. Оқу орын­дары профессор-оқытушыларды ұстап тұру, оларды жалақымен қамтамасыз ету үшін және материалдық-техни­калық базаны нығайту үшін ақылы қызметке жүгінеді. Бұл – заңдылық. Меніңше, мемлекет тарапынан үлкен қаржы керек, қолдау керек. – Жоғары оқу орындарында сынақ тапсыру кезінде пара алу сияқты ке­леңсіз құбылыстар жиі орын алып жатады. Сіздерде осы жемқорлық, парақорлыққа қарсы қандай шаралар қолданылуда? – Сұрағыңыз орынды. Бүгінде елі­мізде парақорлық пен жемқорлыққа қарсы табанды күрес жүргізілуде. Бұл жөнінде арнаулы Заң да қабылданған. Үкімет талабына сәйкес біз де жемқор­лық­тың алдын-алу, дер кезінде оған тосқауыл қою үшін тиісті шараларды жүзеге асырудамыз. Сыбайлас жем­қор­лықпен күрес жөнінде арнаулы ко­миссия жұмыс істейді. Ғылыми ке­ңес пен ректорат мәжілістерінде бұл мәселені арнайы талқылап та жатыр­мыз. Әрбір оқу ғимаратына ректордың почта жәшігін қойып, сенім телефонын орнатқанбыз. Студенттер парақорлық, жемқорлықтың кез-келген фактісін бізге жасқанбай хабарлай алады. – Қазіргі таңда түрлі діни ағымдар жастардың санасын улап, сергелдеңге салуда. Университет қабырғасында студенттерді діни экстремизм қаупі­нен сақтандыру шараларына қанша­лықты мән беріледі? – Бүгінде елімізде әртүрлі діни ағым­дардың, секталардың белең алып тұрғаны анық. Қаншама жастар со­лардың қатарына қосылып жатыр. Сондықтан оларды бөтен діндердің ықпалынан сақтап қалу баршамыздың міндетіміз. Осыған байланысты біз жоғарыда айтылған «Ұлттық тәрбие» сабағында діни тәрбиені де қамтып отырмыз. Оған қоса «Дінтану» да оқу үдерісіне енгізілуде. Арнайы оқулық, оқу құралдары жазылды. Бұл еңбектер діндердің ара қатынасын айқындап, жастарды тура жолға бастайтыны анық. Сонымен бірге студенттермен «Сектадан сақтан» тақырыбында ашық дәрістер, дөңгелек үстелдер, дін қызметкерлерімен кездесулер өткізіп тұрамыз. Мұндай нақтылы іс-шаралар­дың нәтижелі боларына сенімім мол. – Ұлтшылсыз ба, жоқ әлде ұлт жан­­дысыз ба? – «Ұлтшылдық» және «ұлтжанды­лық» деген терминдерді бір-бірімен шатыстырмау керек. «Ұлтшылдық» қай заманда да қатерлі нәрсе. Ал ұлт­жан­дылық өз ұлтын сүю, өз ұлтының жанашыры, отанының патриоты болу деген сөз. Мен өзімді ұлтжанды аза­матпын деп ашық айта аламын. – Сөз соңында бүгінгі жастарға де­ген тілегіңізді білсек... – Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің болашағы. Ел мен жердің, мемлекеті­міздің тірегі, тәуелсіздігіміздің қорға­ны. Сондықтан жастарымыз жалқау­лыққа салынбай, жақсы оқып, әлемдік білім қайнарларынан, ғылым жетістік­терінен сусындаған, бәсекеге қабілетті маман болып, ел үшін қызмет ететін, өзінің тілін, дінін, ділін, салт-дәстүрін, қазақы қалпын сақтайтын ұлтжанды, отаншыл, елшіл азаматтар болып өссе деп тілеймін. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбатты жүргізген Гүлмира САДЫҚОВА