«Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау кезіндегі психологиялық факторы»
Дүниежүзілік денсаулық сақтау мекемелерінің мәліметіне сүйенер болсақ, жыл сайын әлемде өз-өзіне қол салудан 1 млн адам қайтыс болады екен. Жыл сайын осындай жолмен адамдардың өмірден өтуі өлтіріп кету және әскери қақтығыстағы көрсеткіштен де жоғары болып отыр. Өкінішке орай, бүгінде суицид «жасарып» келеді. Өзіне қол салу 15-34 жас аралағында кездесетін өлімнің себебі болып отыр. 15-24 жастағы бойжеткен мен бозбалалар ішінде суицид «№2» қылмыскер болып саналады. 14-24 жастағылардың 30 пайызында өзіне қол салу туралы ой туындайды екен. Жасөспірімдердің 6 және қыздардың 10 пайызы суицидтік қадамға барады. Қылмыстық істерге байланысты талдау және кәмелеттік жасқа толмағандардың өзіне қол салуының мән-жайын тексеру нәтижесі осындай өлімнің 62 пайызы отбасылық кикілжіңде, сәтсіздікке, үлкендер жағынан көрсетілген әлімжеттіктен қорқуға, бірқатар мұғалімдердің ожырлығына, ұстаздар, оқушылар, достар арасында кездесетін шиеленістерге байланысты екенін көрсетті.
Осыған байланысты Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалы Жастар қанатының ұйымдастыруымен «Жастар мен жасөспірімдер арасындағы суицид пен қауіпті іс-әрекеттің алдын алу» тақырыбында облыстық семинар болып өтті.
Семинарға қалалық білім беру бөлімі бойынша орта мектептер мен кәсіби-техникалық колледждерінің психологтары және әлеуметтік педагогтар қатысты.
Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің педагог-психологі Рабай Күнайым семинар барысында «Өмір мен тағдыр өзектес» тақырыбында жасөспірімдер арасында кез-келген жағдайдағы қауіпті іс-әрекеттің алдын алу бағытындағы психопрофилактикалық жұмыстарға тоқталып, жастар бойында «Өмір», «Өмірдің мән-мағынасы» туралы түсінік жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын айтып өзінің іс-тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ сөз кезегінде бір жақты түсіндіру, баяндаумен шектелмей, қатысушылардың барлығына ортақ сұрақ тастап, тренинг, релаксациялық жұмыстарын жүргізді. Сөз соңында бірлік пен көзқарасымыздың арасы алшақтамай жастарды жат ағым көшіне ілестірмеудің ең тиімді жолдарын бірлесе шешудің жолы – біріккен іс-әрекет деп аяқтады.
Сонымен қатар, облыстық психиатриялық жүйке тамырлары ауруханасының психологі Ақмарал Шарипова қазіргі таңда 8 ай ішінде жастар мен жасөспірімдер арасында Атырау облысы бойынша өз-өзіне қол жұмсау әрекеті төменгі пайызын құрап отырғандығын атап өтті.
Шараның ұйымдастырушысы партияның Жастар қанатының жетекшісі Руслан Хамза аталған облыстық семинарға қатысушыларға бүгінгі жастар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік әрекеттің алдын алу жұмыстарын одан әрі жүргізу керектігін және әр адам баласын қауіптен аман алып қалуға белсенділік танытуға шақырды.
«Ақ жол» ҚДП-сы
Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметі