«Ақ жол» партиясы қазақ мектептері түлектерінің құқығын қорғады

      «Ақ жол» партиясы тегін жоғары білім алуға деген қазақ мектептері түлектерінің құқығын қорғады: мектепті мемлекеттік тілде тәмамдаған талапкер Жанна Үрбісінованы ҚБТУ-не қабылдады. Еске сала кетейік, осы жылдың шілде айының соңында «Ақ жол» партиясына Астана қаласындағы №48 мектеп-гимназиясының түлегі, «Алтын белгі» иегері Жанна Үрбісіновадан арыз түскен болатын. Талапкер білім ордасын мемлекеттік тілде тәмамдаған. Геология және пайдалы қазбаларды барлау мамандығы бойынша білім алғысы келген қазақ мектебінің түлегі құжаттарын Қазақ-Британ Техникалық университетіне тапсырған. Алайда, аталған ЖОО-нда осы мамандық бойынша білім алу тек орыс тілінде жүретіндігі анықталыпты. Таңдау мүмкіндігі болмағандықтан Жанна Үрбісінова аталған ЖОО-нда орыс тілінде білім алуды жалғастыруға келісімін берген. Алайда ҚБТУ-нің қабылдау комиссиясы мәліметтердің электронды базасы мұндай сәйкессіздіктерді қамтымайтындығын және осыған байланысты оқуға түсудің мүмкін еместігін айтқан. Осыған орай Азат Перуашев талапкер құқығының бұзылуы туралы ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың атына хат жолдаған еді. «Аталған жағдайда жоғары білім алуға деген Жанна Үрбісінованың құқығының бұзылып отырғаны анық. Сонымен қатар, оның мектепті мемлекеттік тілде бітіруіне және ҰБТ-ді мемлекеттік тілде тапсыруына қарамастан, талапкерді оқыту тілі принципі бойынша кемсітушілік белгілері орын алып отыр», - деп хатта аталып өтілді. Оқыту тілі бойынша мемлекеттік гранттарды үлестірудегі теңгерілмеген жағдай мәселесін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Ақ жол» партиясының фракциясы осы жылдың 19 маусымындағы депутаттық сауалында көтерген болатын.  Сол кезде ақжолдық депутаттар қазақ мектептерінің түлектеріне қатысты үйлесімсіздікке нақты мысалдар келтіре отырып, талапкерлердің мектепті бітіру тіліне қарамастан, тек қана көрсетілген білімдерінің нәтижелері бойынша гранттарды үлестіруге көшуді ұсынған. Және қазақ мектептері түлектерінің заңды мүдделерін көздейтін ережелерді жедел әзірлеп, қабылдаудың қажеттігін айтқан. Екі-үш күн турасында «Ақ жол» партиясының атына қазақ мектептерінің түлектерінен құралған ҚБТУ-нің бір топ талапкерінен хат келді. Хатта көрсетілгендей, А.Перуашевтің хатының нәтижесінде білім ордаларын қазақ тілінде тәмамдаған аталған ЖОО-на түсуші талапкерлер мектептегі оқыту тіліне қарамастан ҰБТ нәтижелері бойынша таңдаған мамандықтарына оқуға түсуге мүмкіндік алған. «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашевпен телефон арқылы болған әңгімеде Жанна Үрбісінованың ата-анасы көрсетілген көмек үшін алғыстарын білдірді және қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғау жолында ақжолдықтарға сәттілік тіледі. «Ақ жол» партиясы сайлаушылардың хаттары бойынша жұмысын жалғастыруда.

2012 жылғы 12 тамыз, Қазақстанның «Ақ жол»                                                                                                                                           Демократиялық партиясының баспасөз қызметі