«Ақ жол» партиясы қазақ тілінде мектеп бітірушілердің заңдық құқықтарын қорғайды.

 

Қазақ мектептері түлектерінің заңды мүдделерін көздейтін ережелерді        жедел қабылдау қажет.

«Ақ жол» партиясы қазақ тілінде мектеп бітірушілердің заңдық құқықтарын қорғайды. Бұл туралы «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев ҚР Білім және ғылым министрі Б.Т. Жұмағұловтың атына жіберген хатта мәлімдеді. Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясына Астана қаласындағы № 48 мектеп-лицейінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Ж.Т.Үрбісіновадан арыз түсті. Қазақ-Британ Техникалық университетінде геология және пайдалы қазбаларды барлау мамандығы бойынша білім алмақ болған талапкер құжаттарды осында тапсырған. Аталған жоо-да бұл мамандық бойынша оқу тек орыс тілінде жүретіндіктен, ол мектепте қазақ тілінде оқығанына қарамастан білім алуды орыс тілінде жалғастыруға келісімін берген. Алайда ҚБТУ-нің қабылдау комиссиясы талапкердің мектепте мемлекеттік тілде оқып және ҰБТ-ді мемлекеттік тілде тапсыруына байланысты мұндай шешімнің мүмкін еместігіне меңзеген. «Білім туралы» Заңның 35-бабының 1-тармағына сәйкес жоғары білімді жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімі бар азаматтар алады. Азаматтың конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар.  Өз кезегінде, ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 111 қаулысымен бекітілген,  жоғары білім берудің кәсіби оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік ережелеріне сәйкес, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына түсуші тұлғаларды қабылдау олардың өтініштері бойынша ұлттық бірыңғай тестілеудің (әрі қарай - ҰБТ) немесе кешенді тестілеу нәтижелері бойынша берілген сертификат баллдарына сәйкес конкурстық негізде жүргізілетіні белгіленген. Аталған нормативтік құқықтық актілермен құжаттарды қабылдаудан бас тарту бойынша басқа қосымша талаптар көрсетілмеген. Осылайша,  көрсетілген жағдайда Ж.Т.Үрбісінованың жоғары білім алуға деген құқығының бұзылып отырғаны анық. Сонымен қатар, оның мектепті мемлекеттік тілде бітіруіне және ҰБТ-ді мемлекеттік тілде тапсыруына қарамастан, талапкерді оқыту тілі принципі бойынша кемсітушілік белгілері орын алып отыр. Сондай-ақ, Азат Перуашев министрдің назарын «Ақ жол» ҚДП-ның парламенттік фракциясы мүшелерінің 2012 жылғы 19 маусымдағы депутаттық сауалына аударды. Онда оқыту тілі бойынша мемлекеттік гранттарды үлестірудегі теңгерілмеген жағдай туралы мәселе көтерілген болатын. Сол кезде ақжолдық депутаттар қазақ мектептерінің түлектеріне қатысты үйлесімсіздікке нақты мысалдар келтіре отырып, талапкерлердің мектепті бітіру тіліне қарамастан, тек қана көрсетілген білімдерінің нәтижелері бойынша гранттарды үлестіруге көшуді ұсынған. Қазақ мектептері түлектерінің заңды мүдделерін көздейтін ережелерді жедел әзірлеп, қабылдаудың қажеттігін айтқан. Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты А.Перуашев сонда айтылғандарды қайтадан ұсынатынын мәлімдей отырып, Үрбісіноваға қатысты нақты жағдайда дарынды баланың құқығын қорғауды және көтеріліп отырған мәселенің дұрыс шешілуіне жәрдемдесуді сұрайды. «Ақ жол» партиясы сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген жас ұрпақты тәрбиелеу ісін Қазақстанның ұлттық тарихына, қазақ тіліне құрметпен қарау бағытында жүргізуді жалғастыра беретін болады.

 Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз-қызметі,

2012 ж. 31 шілде 

www.qazaquni.kz