Түркістанда мектеп директорының «Дон-жуан» атануы дәрежеге айналған ба? немесе ұсталмаса болды, ұры емес пе...

Біз газетіміздің биылғы жылғы 18-санында Түркістан қаласының іргесіндегі Яссы ауылындағы мектеп директоры Т.Мұстафаевтың ұжым басшылығы тұрмақ, ұстаздық атқа лайық емес қылығы туралы жазған едік. Пайғамбар жасына келген адамның көлденең ақша табу мақ­сатында қызмет бабын пайдаланып, түрлі айла-амалға баратындығы, ең сорақысы өзінің қол астындағы реңді қыз-келіншектерді жыныстық қатынасқа баруға мәжбүрлейтіні туралы, соның салдарынан аталған мектепте жұмыс істеген бір мұға­лиманың отбасының ойран болғаны, ұятқа өртенген оның өз еркімен жұмыстан шығып кеткені, осыған байланысты мұғалімдерден түскен арыз-шағым жайлы сөз қозғап едік. Одан бері біраз уақыт өтсе де ия Түркістан аудандық оқу бөлімінен (Р.Сапарова), ия Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасынан (А.Елшиева) жауап алған жоқпыз. Оның себебі бұл мекемелердің жедел түрде істің анық-қанығына жету үшін құзырлы комиссия құрып, ұстаздармен, ата-аналармен, оқу­шылармен, және өзге тиісті адамдармен сөйлесіп, жан-жақты талдау жасаудың, соған сәйкес қорытынды жасаудың орнына жауырды жаба тоқып, абыройдан, ар мен ұяттан жұрдай болған «Дон-Жуан дирек­торды» қызғыштай қорып, соның сөзін сөйлеп отырғанында болса керек. Р.Сапарова ханымның не үшін қорғаштайтыны түсінікті болса керек... Ал, облыстық білім басқарма­сының бастығы Альбина Елшиева ханым болса тіпті аудандағы мекеме­лердің теріс ісіне шағымдана барған Жансая Әмірге: «Мектеп ауданға бағынады, «жалғыздың үні шықпас» деген, сен бір өзің не істей аласың, одан да мектептегі басқа да мұға­лім­дарді қатарыңа алып әрекет жаса­сайшы» депті. Біздің Оңтүстік-Ба­тыс өңірдегі өкіліміз, білікті заңгер Жаңабек Әбішевтің көзінше. Орыс­тың «спасение утопающих – дело рук самих утопающих» де­генінің керін келтірген. Жас мұ­ғалім: «Мен өз құқығымды қорғайын деп күресіп жүрмін, неге ол үшін жаныма басқа жандарды жинауға тиіспін?!» деп жауап беріпті. Дұрыс айтады! Ж.Әмір: «Жалғыз емеспін, менің жаныма жалау бо­латын мекеме» деп үміт артып барды емес пе? Сонда ең болмаса аудан әкімінің алдына мұндай сорақы іске барып отырған басшының жеке мә­се­лесін қарау туралы сөз айтуға да жа­ра­май­тын болса облыстық басқарма не үшін отыр? Ата-бабаларымыз әйелге көшті де басқартпайды екен. Бүгін біз бүкіл жас ұрпақтың тағдырын әйелдер­дің мойнына артып қойдық. Сол об­лыста соңғы он жылда жаңылыспасақ әйел мұғалималар үлесі 80 пайыздан түспей отыр. Ол – білім беру мәселесі дейік. Біздің айтып отырғанымыз тәрбие мәселесі ғой. «Тәрбиесіз білім беру – қарақшыға қанжар ұстатқан­мен бірдей» деген Әл-Фараби баба­мыздың сөзін білмейтін мектеп бас­шысы жоқ шығар. Мұстафаевтай Құдайдан қорқып, адамнан ұялмайтын «Дон-жуан директорлар» басшы боп жүр­генде жас ұрпақтың қандай тәрбие алып жатқаны бұл басшылардың жа­нына батпайтын болғаны ма сонда? Жоқ әлде, «ұсталмаған – ұры емес» деп, айылын жимайтын жандардың қашан фото немесе бейнетаспа айғағы қолға түскенінше алақанын жайып, дәрменсіз күйде отыра бере ме екен? Ежелгі Римнің императоры Юлий Цезарь «менің әйелім туралы күдік те тумауы керек!» деп, зайыбының сыр­ты­нан сөз ергені үшін ғана ажырасып кеткен. Сол Түркістан қаласында – рухани астанамыз аталатын қалада – жоғарыдағыдай ұстаз деп ауызға алу­ға адам арланатындардың сал­да­рынан сауналарда, мейманханаларда жап-жас қазақ қыздарының қараң­ғыны қойып, күндіз де «түнгі көбелек» боп толып жүргендерінен хабардар болар, басшы ханымдар мен мырзалар. Оның солай екеніне көз жеткізу ешқандай да қиындық туғызбайды... Біздің басылым ҚР Бас прокура­турасына жолданған арыз-шағым­дарды қадағалауына алатынын, осы мақалаға Түркістан қаласының әкімі мен аты аталған басшы ханымдардан нақты жауап хат күтетінін тағы бір рет елдің қаперіне салады. Өмірзақ АҚЖІГІТ