Қазақ тобында оқитын студенттердің обалына қалмайық
Осыдан бірнеше жыл бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында Алматы студенттерінің Қазақстан Республикасының Президентіне және премьер-министрі мен парламентіне арналған Ашық хат жарияланған-ды. Бұл хатта Алматының жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақ жастары: «... қазақ бөлімдерінде оқитын студенттердің сапалы білім алуында тап болатын кедергілердің бірі – қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу құралдарының жетіспеушілігі. Студенттердің мұң-мұқтажына құлақ асып, қазақ тіліндегі сапалы оқулықтар мен оқу құралдарды шығаруға қол ұшын берсеңіз деген тілектеміз» – деп жазған еді.
1997 жылы шілде айында қабылданған «Қазақстан Республикасының тіл тұралы» Заңының 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп анық көрсетілген. Содан, тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан асып кетсе де, қазақ
тілінде шығатын оқулықтар жайында «Қазақ университеті» баспасынан басқа, жүйелі түрде ешкандай баспа араласып жатқан жоқ. Тек соңғы жылдары профессор Р.Алшанов басқарған Қазақстан Республикасы жоғарғы оқу орындарының қауымдастығы бұл істі қолға алып жатыр.
Қазақ еліне мемлекеттік тілдегі оқулықтардың керектігі және оның маңызын сонау ХХ ғасырдың басында Алашорда қайраткерлері білген. Олардың ұлт-азаттық күресу жолындағы бірінші мақсаты халықты оқу-ағарту және ғылым-білім үйрету жөнінде қазақ даласында ұлттық мектептерді ашу және қазақ тілінде оқулықтарды жазу болды. Осыған ерекше назар аударып, 1922 жылы Мағжан Жұмабаев «Педагогика», 1923 жылы Жүсіпбек Аймауытов «Психология», Міржақып Дулатов «Есеп құралын» жазды. Бірақ, зұлмат заман қазақ тілінің ғала-
мат талантты тұлғаларын құртып тынды.
Бұған қоса қазақ халқын өз тарихи жадынан, тарихи рухынан айыру үшін, кеңес өкіметі қазақ әліпбиін 1929 жылы латынға, 1940 жылы кириллицаға ауыстырды. Сөйтіп біздің түп тамырымызға балта шабылды. Сонымен қатар, біз тым еліктегіш халықпыз ғой – кеңес өкіметі кезінде орыс тілін үйренеміз деп біраз шапқыладық. Соның нәтижесінен қазақ өз тілін жоғалтып ала жаздады.
Жалпы, оқу-білім жүйесінде жақсы оқулық – қолғанат. Ол мектепте болсын немесе жоғары оқу орындарында болсын оқушыға да, мұғалімге де тиімді.
Студент мұғалімнің айтқанынан ала -алмаған тиісті мағлұматтарын оқулықтан алады. Жақсы жазылған оқулық кәсіби білімнен басқа, студенттің парасаты мен ой–өрісін кеңейтеді, оның дүниетанымын өсіреді, тиісті тағылым береді және кітаптан елеулі қорытынды шығарады. Атақты орыс педагогы К.Ушинский: «Оқулық – оқушының өз бетімен жұмыс жасайтын құралы» деп нақты бағасын берген .
Оқулықтың тілі түсінікті, мазмұны терең болуы тиіс. Профессор Омар Сыздыков айтқандай: « Оқулық – студенттің бағдаршамы, ұстаздың көмекшісі, білім және тәрбие құралы». Авторлардың қоғамға сай жаңа оқулық жазу үшін ең алдымен ізденіс пен көп еңбектенуі қажет. Мектеп болсын, жоғары оқу орындары болсын сапалы оқулықтарды шығару мемлекеттік іс болғандықтан, оны жазатын авторлар алаңсыз еңбек ету үшін мол мүмкіндік беріп, оларға жағдай жасау керек. Осы мәселені ретіне келтіру үшін бүкіл республика бойынша оқулықтар мен оқу құралдарды бір орталықтан жасалуы тиіс. Бұл мәселені дер кезінде қолға алмасақ, қазақ бөлімінде оқып жүрген студенттердің білім сапасының жоғарылауы екі талай.
Ал, ана тілі туралы айтсақ, Алланың адам баласына баға
жетпес берген сыйы – тіл, сондықтан тілдің адамға тән, оның адамдық бітім-болмысын қалыптастыратын, оны айғақтайтын құндылықтардың бірі болып саналады. Тіл адамды өзінің ата-анасымен, ата-бабаларымен, ағайын-туысқан, достармен және көрші –қолаңымен арақатынас жасайтын,сол арқылы өзінің ұлтымен тығыз байланыстырып тұратын ғасырлар бойы атадан балаға жалғасып келе жаткан қасиетті мұра. Халықты ұлт ретінде біріктіретін, ізгілендіретін, яғни адамгершілік қасиетін арттыратын, рухтандыратын, шабыттандыратын, дем беретін де, ұлттық мәдениеттің басын құрайтын да – ең алдымен ана тілі. Басқасының барлығы – дәстүрлі әдет-ғұрып,ғылым, білім және т.б. осыдан шығады. Ұлттық тілі болмаса, қалғандары ойдағыдай және жеткілікті деңгейде бола алмайды. Өйткені ғылым,білім, ұлттық идея және т.б. тек дамыған ұлттың тілі арқылы жүзеге асады.
Ұлттық болмысымызды және ұлттық тілді сақтау үшін және қазақ тілінің тұғырын көтеру үшін, біз ғылымның әр саласын, соның ішінде геологияға және географияға қатысты ғылыми салаларын міндетті түрде мемлекеттік тілде дамытуымыз қажет. Алайда, ғылым саласында, яғни ғылыми-зерттеу жүргізу барысында тек бір тілмен шектелуге болмайды. Өйткені басқа тілдерде шыққан құжаттардан көптеген соңғы табыстарға сәйкес мәліметтерді алуға болады. Сонымен қатар кез-келген дамыған елдің ұлттық мәдениеті жеке адамның ішкі дүниесіне үйлесіп адамға жаңа өріс ашып, көптеген жаңа таным беріп, оны рухани жағынан байытады және мәдени деңгейін көтереді. Сондықтан тіл үйренуден ешкім де ұтпаса ұтылмайды. Ата-бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл» деп бекер айтпаған. Өз халқының тілін жақсы игеріп бағалайтын адам қанша тіл үйренсе де оларды халқының игілігіне пайдаланып, өз елінің қарқынды дамуына үлесін қосады.
Осыны ескере отырып Ғалым Бақыткерейұлы «Жас қазақ үні» газетінде жарияланған мақаласында: «Өзге тілді үйрену арқылы сол халықтың жетістіктерін меңгеріп, оларды өз халқының игілігіне жаратуға тырысады. Өзге тілді үйрену арқылы сол халықтың жоғары құндылықтарын бойына сіңіре отырып өз халқын да рухани байытуға ұмтылады. Сол тіл арқылы ол өзі де табыстарға жетіп, әрі халқына да пайда әкеліп, еліне қызмет етеді» – деп жазады. (Жас қазақ үні, 12.03.2011-18.03.2011)
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жақсы педагог-ғалым болу үшін бірнеше тілді білу қажет. Алғашқысы, әрине, өзіміздің ана тілі – яғни қазақ тілі, одан кейін зерттеу тақырыбына байланысты деректі тіл болады. Қазақ тілі мен орыс тілін білген адам географияға және геологияға қатысты оқулық және оқу құралдарын жазады. Алайда, қазіргі жаһандану заманына сай оқулықты жазу барысында, әлемге кең таралған тілдердің бірі және қазіргі заманғы геоақпараттық мәліметтеріне бай ағылшын тілінде жазылған ғылыми құжаттармен танысу қажет. Онсыз оқулық толық болмайды.
Оқу жылының басында, яғни 2011 жылының күзінде, мемлекеттік тілде жазылған «Неотектоника» атты оқу құралы (авторлар: С.Құсайынов, Д.Боранқұлова,
Р. Бексейітова) «Қазак университеті» баспасында жарық көрді. Кітапты жазу барысында геологияның неотектоника саласындағы әлемдік ғылым мен білімнің жетістіктерін қазақшалау арқылы біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесін негізгі мақсат етіп қойдық. Бұл оқулық құралы қазақ тілін мемлекеттік тіл тұғырына орнықтырып биіктету, тектоника және неотектоника ғылыми салаларында ғылым тілін қалыптастыру мақсатында жазылған еңбек. Мемлекеттік тілде жазылған бұл кітәп жас оқырмандардың жаратылыстану ғылымына, соның ішінде геология және неотектоника салаларына деген ынта-
ықыласының арта түсуіне өз септігін тигізеді деп үміттенеміз. Кі-
тапқа енген ғылыми терминдер мен ұғымдар және әртүрлі сөйлемдер мен сөз тіркестер мүмкіндігінше жеңілдетіліп мейлінше қарапайым түрде берілген. Қазақ тілінің ойды оралымды беруге икемділігін,оның география және геология ғылымы салаларында қолданылып жүрген терминдермен ұғым-түсініктердің бояуы мен мән-мағынасын дәл беруге мейлінше қабілетті тіл екендігінің, сөздік қорының бай екендігінің осы еңбекті жазу барысында тағы да бір аңғардық.
Геология ғылымы бүкіл өндірістің тамыры. Ол мемлекеттің дамуына, әсіресе, Қазақстан елінің алға басуына үлкен әсер ететін ғылым. Шынын айтсақ, нақ осы геологияның арқасында және жер асты байлығы арқылы, Қазақстан Республикасы бүгінгі таңда әлемдік экономикаға кеңінен танымал болып отыр. Ал, неотектоника геология саласының бірі бола тұра, жердің қыртысын, оның сілкінуі мен құрылысын және оларға байланысты пайдалы қазбаларын зерттейтін ғылыми бағыт. Осы мәселелердің бәрін мүмкіншілігіміз келгенше пән ретінде бір жүйеге топтастырып, бар жиған-тергенімізді оқырмандармызға үсынып отырмыз. Бұл еңбек неотектоника саласындағы көп жылдар бойы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде жазылды. Сонымен қатар, қазіргі талаптарға сай көптеген қажетті ғылыми мәліметтерді Қазақстан аумағындағы неотектоникаға қатысты жаңа құжаттарды жинақтаумен және қорытындылаумен ғана шектеліп қоймай, шетелдегі орыс, ағылшын, неміс және қытай тілінде жарық көрген әдебиеттердегі мәліметтерді авторлардың өздері қазақшаға аударып , сараптау сүзгісінен және ой елегінен өткізіп, қайта өңдеп қолданды.
Кітаптың қысқаша мазмұны туралы айтсақ бұл еңбекте неотектоника туралы жалпы түсінік, неотектоникалық қозғалыстардың түрлері, олардың жіктемесі, неотектоникалық қозғалыстарды зерттеу әдістері, олардың табиғаты және ерекшеліктері қарастырылған. Неотектоникалық карталардың құрастырылу әдістері және Қазақстан аумағында-
ғы неотектоникалық қозғалыстардың қысқаша сипаттамасы берілген. Қазіргі тектоникалық қозғалыстарға байланысты бүгінгі таңда жиі болып жатқан жер сілкіну құбылыстары, олардың географиялық таралу заңдылықтары сипатталған. Неотектоникалық мәліметтердің практикалық мақсатында қолданылуы және литосфералық тақталар тектоникасы (Жаңа жаһандық тектоникасы) туралы қысқаша мәліметтер кітаптың соңында келтірілген. Неотектоника және геоморфологияға қатысты аталымдардың орысша-қазақша сөз тізбегі кітаптың соңында енгізілді.Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері және өркениетті ел дәрежесіне қол созған кезімізде ғылым мен техниканың қанат жайып өскен уақытында ғылымның әр саласында соның ішінде геология мен география салаларында әр түрлі сөздіктерге сұраныс арта түсті. Бүгінгі таңда бүкіл мемлекеттік тілдегі бұқаралық ақпарат құралдары, мектептерде және жоғарғы оқу орындарында оқылатын сабақтардың бәрі ана тілінің жүйеленген сөздіктеріне сүйене отырып жасалуы қажет.
Бұл еңбек жоғарғы оқу орындарында оқып жүрген студенттерге, оқытушыларға және ғылыми қызметкерлерге арналған.
Қорытындылай келе, қазақ тобында оқитын студенттердің обалына қалмайық. Оларға терең де, түбегейлі білім алу үшін ғылымның әр саласынан мемлекеттік тілде шыққан сапалы оқулықтар мен оқу құралы қажет және жеткілікті болуы шарт. Мемлекеттік тілдегі оқулықтар мен оқу құралына сусындаған жастар әлемдік білім мен ғылымға өз ой-пікірін қосып, оның көшбасында болады.
Сейітқожа Құсайынов,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры,
«Білім сардары» сыйлығының лауреаты