«Біздің заманымыздың Дон-Жуаны» немесе ұстаз деген ұлық атқа кім лайық?

«Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді?» Қазақ даналығы Газетке түркістандық оқырмандардан арыз түсті. Ұстаздың үстінен. Оның ішінде көп жылдар бойы мектеп директоры болып істеген адамның үстінен. «...2010 жылғы қыркүйек айында қалалық білім бөлімінің шешімімен мектеп директорларын ротация жасау деген желеумен біз қызмет ететін Майшай Әбенова атындағы орта мектепте 17 жылдан астам басшылық жасаған И.Исатаевтың орнына осыған дейін бірнеше мектептің әрқайсысында 4-5 жылдан артық отырмай, басшылық қызметте болған, өз сөзімен айтқанда, «шешесі директор етіп туған» Тауасар Мұстафаев директор болып келді». Осы бір сөйлемнің өзі-ақ көп нәрседен хабардар етіп тұрған жоқ па? Әрмен қарай жаңа директордың 17 жылдай оқу ісінің меңгерушісі болып істеген Ерғали Аймырзаевты қызметінен кетуге мәжбүрлегені, мұғалім жұмысқа түрлі себеппен келмей қалғанда басқа мұғалімнің сабақ өтуі тоқтатылғаны, оның орнына сабақ өтілмеген сағаттың ақшасын директордың өзі алып отырғаны, одан бөлек өзге де келеңсіз көп ісі жайлы жазылған. «...Ақша алу мен беру ісі біздің оңтүстік өңірі үшін таңсық емес екенін білеміз. Сорақы тірлік осы соңғы кезде болды. Мектеп директоры қаладағы аса қадірлі шаңырақтың біріне келін болып түскен Н.Н.-мен (оның аты-жөнін көрсетпеуді жөн көрдік – ред.) жақын қарым-қатынасқа түскені елге мәлім болды. Осыған байланысты мұғалім келіншек жұмыстан шығып, екі жас ажырасып кетті. Пайғамбар жасына келгенде өз балаларынан жас келінмен жақындасуын қалай бағалауға болады?» 7 сәуір күні Түркістан қаласының прокуроры А.Пашаевтың атына жазылған Е.Аймырзаев пен Ж.Әмірдің осы арызына уақтылы жауап 24 сәуір күні беріледі. Онда да прокуратура қызметкері Х.Юнусов мектепке барып тұрып, арыз берушілермен жолықпай, директордың айтуымен шектеліп, орысша айтқанда, «отписка» жауап жазады. Оған прокурор мырза өзі қол қояды. Бұған қанағаттанбаған, арыздан соң мектеп директоры тарапынан қатаң қысымға ұшыраған Ж.Әмір енді Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің, облыстық білім департаменті бастығының және облыс прокурорының атына қайтадан арыз жазуға мәжбүр. Түркістан – Мехико, Мәскеу секілді ондаған миллион адам тұратын мегаполис емес. Қаланың бір шетіндегі оқиға ертең-ақ екінші шетіне жетеді. Қаланың халқы бірін-бірі таниды десек те асыра айтқандық емес. Сол тұрғыдан келгенде жемқорлықтан гөрі – бұл шынында да тек оңтүстік қана емес, бүкіл елдің «еті үйренген» кесел – ұстаз атын жамылып жүрген жанның «серілік ерлігі» жаға ұстатар жаман әдет деуге тиіспіз. Жоғарыда аталған мұғалиманың ата-енелері жас отаудың шаңырағын ортасына түсірген Т.Мұстафаевтың үстіне арыз беруге одан қорыққан-үріккенінен емес, өздерінің елге сыйлы есімін құрметтегеннен ғана іркіліп отырған көрінеді. Мұғалімдер қазір директор мырзаның мектептегі мұғалім келіншектер арасынан «жаңа пассия» тауып алғанын айтады. Шынында да, өскелең ұрпаққа қандай «үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие» көрсетіп жүргені бір өзіне ғана аян директордың айылын жимағаны арызды тексеруге қандай көзқараста болғанынан-ақ айқын емес пе? Юлий Цезарь «сіздің әйеліңіздің көңілдесі бар» деген өсекті естіген бойда, ешқандай тексеру-тергеуге салмай-ақ, сол сәтте «Цезарьдың әйелі жайлы ешкімде тіпті күдік тумауы тиіс!» деп, патшайыммен ажырасып кетеді. Ал біздің заманымыздың Дон-Жуандары не істейді? «Менікі ұят болыпты-ау, абыройыма дақ түсетін болды-ау, ел-жұрттың бетіне енді қалай қараймын?» деп, тәубеге келіп, кеш те болса жаман жолдан шығайын деудің орнына, «шамаларың келсе мені шауып алыңдар» дегендей өршелене түседі. Екі аяқты адам тұрмақ, төрт аяқты аң – қасқырдың өзі мекен еткен жерінің айналасындағы елдің қорасына түспейді ешқашан! Біреудің отанының бұзылуына себепкер болса әйелдерді ғана емес, еркектерді де шу асау аттың құйрығына байлап, «тас боран» жасап немесе ұзын ағаш қазыққа отырғызып өлтіру жазасына бұйыратын қайран қазақтың қатал да әділ заңдары-ай! «Адам азды, дәстүр тозды» деп осыны айтса керек... Біз осы мақалаға тиісті орындар уақтылы жауап береді деп үміттенеміз. Қалай болғанда да бетінің арын белбеуге түйіп алатын адамдар ұстаз деген ұлық атқа лайық емес деп білгендіктен, бұл мәселе әкімшілік органдары арқылы болсын, сот арқылы болсын, қашан оң шешімін тапқанша қадағалауда ұстайтын боламыз. Өмірзақ АҚЖІГІТ