БАР АСЫЛДЫ ШЕТЕЛДЕН ІЗДЕМЕҢДЕР

                    Рас, шетелде білім алудың пайдасы бар. Шетелден білі алып келген адамның әлеуметтік жағдайы жақсы болатынына ешкім уәж айта алмайды. 1993 жылдың 5 қарашасынан бастап, Елбасының қаулысымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалғалы бері мыңдаған ұл-қыздарымыз дамыған 38 мемлекетте білім алып қайтты. «Болашақ» стипендиясы қызметте табысты өсудің, түлектердің кәсіби мамандануының кепілі іспеттес. Осы бағдарламаның арқасында көптеген түлектер мемлекеттік қызметтерде, халықаралық ұйымдарда, акционерлік құрылымдарда жауапты жұмыстар атқаруда. Жерлестеріміз алғашында, 1994 жылдары 14 елде білімін шыңдаса, қазіргі таңда, әлемнің 38 елінің алдыңғы қатарлы 650 оқу орнында оқып жүр. Жыл өткен сайын талап та, тілек те, қолдау да, сонымен қатар, қызмет ұсынған елдер саны да артуда. Алайда, тілек білдіріп, бағы жанып, шетелге аттанған ұл-қыздарымыздың мінез-құлқы өзгеріске ұшырауда. Әсіресе, қыздарымыздың. Олар сабақтан тыс уақытын қалай өткізіп жүр екен? Бір Аллаға аян. «Үйдегі» қыздардың қылығы ойландырмай қоймай отырғанда, алысқа білім іздеп кеткен қыздардың халі нешік, «қызым – үйде, қылығы – түзденің» керін келтіріп жүрген жоқ па? Осындай ойдың тууына себеп – ел арасында кең тараған «шетелге кеткен қыздарымыз басым көпшілігі шетелдіктерге тұрмысқа шығуға құмар» немесе «кейбіреулері жат жұртта жағымсыз қылықтармен айналысып, кім көрінгеннің қолжаулығына айналған» деген сұмдықтың шетін құлағымыз естіп қалып жүр. Шетелге білім іздеп кеткен жастар шетінен сол жақта қалып қоюды көздемесе де, көбінесе қыздарымыз, ретін тауып, шетелдікке тұрмысқа шығып, тұрақтап қалуды мақсат ететіні өтірік емес. Өзге елдің талантты баласының ақыл-ойы мен білім кенін өздеріне пайдалану үшін, сол кенді өз игіліктеріне жұмсап, қалауынша қызмет еткізу үшін қайтсе де өз елдерінде қалдыруға жанталасатындар қаншама! Дүкеннен зат сатып алғандай, басынан білімі ағып тұрған балаларды көргенде, оларды қызықтырып алып қалу да онша қиындық тудырмайды. «Шетелде оқиды» дегенді мәртебе санайтын аңқау қандастар жыртылып артылады. Әке-шешесінің дәулетінің бір өлшемі санайтындықтан, үлде мен бүлдеге оранып, еркін өскен кейбір еркетотайлардың ол жақта да ешнәрседен тайынбайтынының соңы қайғылы оқиғаларды тудырып отыр. 2011 жылы 12 қараша күні сонау Австралияда 22 жастағы Сағынай Батырханованы өз күйеуі пышақтап кетті деген суық хабар жетті. Өзі үш ай алдын қыз баланы босанғаны белгілі болды. Сол елде Таиланд азаматымен азаматтық некеде тұрып жатқан. Сәбиді сол елдің әлеуметтік қызметі қамқорлығына алыпты. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі күдікті Асқар Әбдірахмановтың қолға түскенін мәлімдеді. Қазір ол қамауда. Кінәсін мойындаған. Жерлесіміз Сағынай Батырханова Автралияның Гриффит университетінде «Болашақ» бағдарламасымен бірінші курста оқыған. Ол Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауылында 1989 жылы туылған. Таяуда интернет беттерінде Малайзияда оқитын тағы бір қазақ қызы некесіз бала туып, шарананы қоқыс жәшігіне тастаған қылмысы әшкереленіп, құқық қорғау орнының қызметкерлеріне ұсталды деген ақпарат таратылды. Ата-анасы байғұс бүкіл бала-шаға тұрып жатқан үйді кепілдікке қойып, бар жиған-тергенін қалтасына салып беріп, «үміт артқан көзінің қарашығын» өркениетті елдерден оқып, үйреніп, өрісі кең болып қайтсын деген игі тілекпен аттандырғанда, бәрінің бірдей сол сенім мен үміті ақталды ма? Осыдан 5-6 жыл бұрын АҚШ елінде болған Әсел Әбдіғаппарованың ісін ел-жұрт ұмыта қойған жоқ. Ол америкалық жігітпен азаматтық некеде тұрған. Жігіті қасындағы жолдасымен бірге аялдамада өз бетінше автобус күтіп тұрған әйелді көлікке мінгізіп, қонақүйге апарып зорлап, қылғындырып өлтірген. Сол кезде күйеуіне дүкеннен күрек сатып әкеп беріп, көміп жатқанда қасында қарап тұрғаны, яғни қылмыстық іске қатысқаны үшін Америка заңы бойынша Әсел өлім жазасына кесілген болатын. Соңынан, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің араласуымен, әупірімдеп жүріп қырық жылға әрең шегерілді. Әселдің ағылшын тілін дұрыс білмейтіндігінен АҚШ әділет орындары тарапынан сотта көп әділетсіздіктерге жол берілгендігі анықталды. Кейіннен белгілі болғандай, халықаралық білім бағдарламасы бойынша АҚШ-қа Әсел емес, туған інісі Әсет емтихан тапсырған, Әсет оқуы керек болатын. Сапарға аттанатын кезде Әсетің қолы сынып, оның орнына отбасының келісімі бойынша, Америкаға оқуға Әсел кетеді. Ал Әселдің ол жақтағы тағдыры анау болды... Қыздар шетелге барып өзінің қара басын алып жүре алмаса, белгілі бір дәрежеде Қазақстан туралы «шындық» қалыптасады. Ұяты мен намысы елге тиеді. Онсыз да Қазақстанның халықаралық білім беру орталығының басынан қатал сынақ өтуде. «Борат» атты фильмді көрген олар біз туралы жақсы ойламайтыны анық. 2008 жылдың 14 желтоқсан күні Мәскеу қаласында 18 жастағы 1 курс студенті Ерлан Әйтімов И. М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінде оқып жүрген кезінде скинхедтер қолынан аяусыз ажал құшқан болатын. Тағы міне, айдың-күннің аманында 26 маусым 2011 жылы кешқұрым, тап сол университеттің 4 курс студенті Ернар Әлиевті баскесерлер пышақтап өлтіріп кеткен. Амал қанша, тұратын жеріне 20 метрдей жетпей көз жұмған. Екі күннен кейін Ернар дипломдық жұмысын қорғап, Алматыға оралғалы отырған. 2011 жылғы мәлімет бойынша, И. М. Губкин атындағы университетте 240 қазақстандық оқитындығы жарияланған. Ресей университеттеріндегі қалған қазақ балаларының тағдыры мен қауіпсіздігі қалай болмақ? Өкінішке қарай, ресми орындардан «Ресей үкіметінің басқа да шаруасы басынан асып жатыр, шетелдік студенттердің қауіпсіздігі үшін күресетін жағдайда емес» делінген хабар келген. Осы бес мысалдың өзі-ақ алаңдатарлық жағдайға негіз болады. Сондықтан, «Болашақ» деп есіл-дерті шетелге бару, біреу бірдеңе пісіріп қойғандай, қаралай лепіріп жүргендердің құлағына алтын сырға. Бар асылды шетелден іздеудің қажеті жоқ. Өз елімізде де білім беру жүйесі ешқандай елден кем емес, мықты оқу орындары баршылық. Ойланайық, ағайын... Жұмамұрат ШӘМШІ