Интернаттағы қыз өлiмi жұмбақ күйiнде қалды... Ал директор жалған мәлiмет жолдапты

                                                                     * Интернет пен интернат

2012 жылы ақпан айында Шардара қаласындағы №3 дарынды балаларға арналған мектеп интернаттың 10-сынып оқушысы өзiне қол жұмсап, қайтыс болғандығы жөнiнде фактiлер тiркелген. Көнекөз қариялар “аурудың жер бетiне шыққан заманы болды, бұрын мұндай ауруды көрмек түгiлi естiмеппiз” дегендерiн талай естiдiк. Жер бетiнде көбейiп, талай жанды жалмап жатқан көп аурудың бiрi – суицид(өзiне-өзi қол жұмсау). Бұрындары суицидтен ересектер қайтыс болса қазiргi таңда аурудың бұл түрi де жасарып, тiптi жастар мен мектеп оқушыларының да ауырғанын көрiп жүрмiз. Қолда бар мәлiметтерге сүйенсек суицидпен қайтыс болғандардың 2 % денсаулығы нашарлаған-дар, 3 % күн көрiсi төмендеп, қаржы тапшылығына ұшырағандар, 1,4 % өмiр сүруi ауырлағандар, 6 % спирттi iшiмдiкке бой алдырғандар, 18 % жанұясындағы кикiлжiң әсер еткендер, 18 % рухани азғындау салдарынан, 19 % қылмыс жасап, жалтарудың жолын iздегендер екен. Өзiне қол жұмсағандардың 41 %-ның неден болатындығы ғалымдарға жұмбақ күйiнде қалып отырған көрiнедi. Суицидтен қайтыс болғандар бiздiң Шардара ауданында да кездесуде. Олардың арасында кәмелетке жасы толмағандар мен мектеп оқушыларының болуы жантүршiгерлiк оқиға. Олардың қуанышы мен қызығы көп, балдай тәттi бұл өмiрмен қоштасуына не әсер еттi? Ол – жұмбақ. 2011 жылы Алатау батыр ауылынан бiр оқушы, 2012 жылы ақпан айында Шардара қаласындағы №3 дарынды балаларға арналған мектеп интернаттың 10-сынып оқушысы өзiне қол жұмсап, қайтыс болғандығы жөнiнде фактiлер тiркелген. Мектеп оқушыларының арасында суицидтi болдырмау, оның алдын алу мақсатында қандай iс-шаралар атқарылып жатқандығын зерделеу мақсатында аудандық бiлiм бөлiмi мен Шардара қаласындағы облыстық бiлiм басқармасына қарасты №3 дарынды балаларға арналған мектеп интернатқа мәлiметтер сұратып, хат жолдадық. Мәлiметтерге сенсек аудан мектептерiнде суицидтiң алдын алу мақсатында көптеген iс-шаралар өткенi көрiнiп тұр. Өткен iс шараларға психолог та, дәрiгер де полиция қызметкерi де, дiн өкiлдерi де қатысқан. №3 мектеп интернат жолдаған анықтамада бiршама алдын алу iс-шаралардың өткендiгiн көрсетiптi. Өткен шараларды iшiнара тексердiк. Анықтамада 2011 жылдың қараша айының 23-i күнi дәрiгер психологтың қатысуында, 2012 жылдың 18 қаңтарында дiн өкiлдерiнiң қатысуында суицидтiң алдын алуға бағытталған дөңгелек стол отырысы, кездесулер өттi дептi. Бiз iшiнара тексерген осы екi iс-шара интернатта өтпептi. Iс шараға дәрiгер де, дiн өкiлдерi де қатыспапты. Жалған мәлiмет неге керек болды? Оны директор Г.Қасымбекованың өзi бiлер. Суицидтiң алдын алуға арналған iс-шараларда оқушыларды өмiр сүруге құштарландыратын жұмыстың жоқтығы таң қалдырды. Өз-өзiне қол салудың алдын алу мақсатында “Қарым-қатынас құруды үйренейiк” деген тақырыпта әңгiме өткiзiптi. Кiммен, қандай қарым қатынас? Бұл жерде суицидке қатысты мәселе көре алмадық. Естiген құлақта жазық жоқ. Қыз бала қайтыс болатын күнi мектеп директоры Г.Қасымбекова оған шашын жинап жүру жөнiнде қатаң талап қойыпты десе, бiреулер директордың талап қоюға құқығы бар деп жүрген көрiнедi. Дегенмен, интернаттағы қыз өлiмi жұмбақ күйiнде қалған секiлдi.

“Өскен өңiр–ақпарат“.

                                                                                                Шардара ауданы,

                                                                 Оңтүстік Қазақстан облысы