Жаңа бағдарлама - жаңа жетістікке бастамақ
2019 ж. 22 шілде
2074
0
Білім саласында жаңашылдық бүгінгі заман талабы екендігі сөзсіз. Бұл тұрғыда жаңа бағдарлама халық игілігіне қызмет етері анық. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2019 жылдың соңына дейін Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасының бекітілетіндігін айтты.
Премьер-Министрдің айтуынша, жаңа мемлекеттік бағдарлама негізінде үш ауысымды мектептер мәселесі шешімін таппақ. Жалпы саны 500 мектеп тұрғызу жоспарланған болса, оның ішінде 100-ден астам мектеп жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен салынады деп күтілуде.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім алу қызметін де барлық балалардың пайдалануына мүмкіндіктер жасалмақ. Бұл бағытта, мемлекеттік жеке кәсіпкерлік механизмі бойынша 3 мыңға жуық жаңа балабақша ашылмақ.
2021 жылы мектептерде, колледждер мен ЖОО толығымен жаңа оқыту бағдарламасына көшіп, жаңа серпінмен жүйелі жұмыс істемек. Сондай-ақ, орта білім саласын жоғары деңгейде дамыту ісі де жолға қойылмақ.
Атап айтқанда, шағын мектептерде білім беру сапасын жақсартуға, ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты жоюға ерекше көңіл бөлінбек.
Үкімет басшысы техникалық білім беруді экономика қажеттіліктеріне бағыттау үшін колледждерді трансформациялау керектігін және жұмыс берушілердің сенімгерлік басқаруына беру жұмыстарын қолға алу қажеттігі тілге тиек етілді.
Орта кәсіптік білім беру жүйесінде де айтарлықтай жаңалықтар қолға алынған. Атап айтқанда, еліміздің 390 колледжіне халықаралық WorldSkills стандарттары мен модульдік бағдарламалары енгізіліп, жаңа талапқа сай жұмыс жүргізілмек. Сонымен қатар, колледждер жүйесін нарық талабына қарай оңтайландырмақ. Білім алу барысында студенттерге мейлінше жағдай жасалмақ. Яғни, 2022 жылдың соңына қарай жатақхана орнымен қамтамасыз ету үшін 75 мың орын қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Ал биылғы жылдың өзінде 8 мыңы қолдануға берілмек.
Жалпы отандық білім саласы жаңа жүйелер арқылы жаңа қадамға аяқ баспақ. Бұл тұрғыда, ғылым саласында оның тиімділігін арттыру үшін ғылымды қаржыландыру мен басқарудың жаңартылған жүйесі енгізілмек. Бұл жүйе бөлінетін қаражаттың ашықтығын және тиімділігін көрсету арқылы салада орын алатын жемқорлықтың жолына тосқауыл қойылмақ.
Атап айтқанда, білім саласындағы оң өзгерістер мен игі бастамалардың барлығы халық иглігіне қалтқысыз қызмет етпек.
Г.Бақытжанқызы
qazaquni.kz