Отандық педагогтар қатары кәсіби мамандармен толықты
2019 ж. 13 шілде
2963
0
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің биылғы түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті. Оқу орнының алаңында өткен дәстүрлі жиынға университет ұжымы, бітірушілер мен олардың ата-аналары қатысты.
Педагогикалық білім мен ғылымның қыр-сырын жете меңгеріп, кәсіби маман иесі атанып, үлкен өмірге жолдама алғандар қатарында Жаратылыстану, Әлеуметтік-гуманитарлық, Өнер және мәдениет, Педагогика және психология, Физика-математика, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеттерінің түлектері бар.
Биыл Қыздар университетін бакалавриат бойынша 1683, магистратура бойынша 215 және докторантура бойынша 6 түлек аяқтап отыр.
Салтанатты рәсімнің ресми бөлімінде университет ректоры Гаухар Алдамбергенова құттықтау сөз сөйледі.
Оқу орнының басшысы түлектердің алдында тұрған басты міндет – университеттен алған білімдерін тәжірибемен ұштастыра отырып, еңбек нарығында бәсекелестік қабілеті жоғары кәсіби тұлға болу екендігін атап өтті.
Сонымен қатар, университет ректоры бір топ бітірушіге дипломды салтанатты жағдайда табыстады. Әнмен әспеттеліп, күймен көмкерілген салтанатты кеш аясында көпшілік алдында түлектер атынан оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенділік көрсеткен бітірушілер сахнаға шығып, университет ұжымына алғысын білдірді.
Жиын барысында университет басшылары мен факультет декандары бітірушілерге диплом табыстады. Жиын соңы өнер жұлдыздарының гала-концертіне ұласты.
Айта кетейік, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Орта Азия аймағында мұндай оқу орны жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі сөнбесін дейік» деген ұлағатты сөзі 75 жылға жуық тарихы бар университеттің өзіндік ерекшелігі мен маңызын айғақтап тұрғандай. Университеттің 6 факультетіндегі 27 кафедра бакалавриат бойынша – 42, магистратура бойынша – 23 және PhD докторантура бойынша – 4 мамандық негізінде мұғалім даярлайды. Сондай-ақ, 20 мамандық бойынша қашықтықтан оқыту технологиясын пайдаланып, білім алады. Бүгінде оқу орнында жалпы саны 7 мыңға жуық студент, магистранттар мен докторанттар оқиды. Оларға 55 ғылым докторы, 230-дан астам ғылым кандидаты мен 90-ға жуық PhD докторы мен ғылым магистрі дәріс береді. Университеттің 38 ұстазы «Қазақстан Республикасының Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері.
Жандар АСАН
qazaquni.kz